Эссе
Экологиялық мәдениет
Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған өмірлік тәжірибесі мен табиғат құбылыстарын терең білуінің арқасында қазақи экологиялық мәдениет қалыптасқан еді. Ол ырым-тыйым, мақал-мәтелдер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Ағаш тамырымен мықты, адам дос-жаранымен мықты», «Жерді босқа шұқыма, ағашты босқа сындырма», «Құс қонбаған көл жетім, тыңдалмаған сөз жетім» деген нақыл сөздер ата-бабамыздың табиғатқа қамқорлығын білдіреді. Ал қазіргі еліміздің экологиялық мәдениеті қай шамада? Бұл сауалға жауап іздеп көрейік.
Әл-Фараби «Табиғатта барлығы математикалық дәлдікпен орналасқан, егер орнынан біреуі жылжыса, онда тепе-теңдік бұзылады» деп дәл айтқан. Ертеректе Қытайда күріштен мол өнім алу үшін оны мен қоректенетін торғайды аяусыз қырады. Келесі жылдары зиянкес жәндіктер көбейіп, күріш бұрынғыдан да аз өнім береді. Ақыры қытай үкіметі Германиядан бірнеше вагон торғай сатып алуға мәжбүр болады.
Соның бір айғағы – Арал трагедиясы. Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстанда күріш плантацияларын өсіру үшін Сырдария, Амудария өзендерін бөгеп, күріш даласында миллиондаған тонна су жібереді. Нәтижесінде, Арал теңізі құрғап, табанындағы теңіз тұзы айналасына қауіп төндіріп отыр. Қ.Мырза Әлінің «Аралым» өлеңінде автор теңіздің аянышты халін суреттейді:
Көк дауыл жеккен,
Кемелер шөккен,
Жағада құм борайды, құм борайды.
Адам – табиғаттың бір бөлшегі. Бірақ ғылым мен техника дамыған сайын адамзаттың сұранысы өсу үстінде. Жер асты байлықтарын қопарып алу, батпақты жерлерді құрғату, ормандарды кесу, суды көп пайдалану табиғатқа үлкен зиянын тигізіп отыр. Сонымен бірге, өндіріс қалдықтарын өзен-көлдерге төгіп, аң-құстарды аяусыз қыруда. Жыл сайын мұхит суына 10 млн тонна мұнай төгіліп, тіршілік ортасына қауіп төндіреді. Ал 11-сыныпта оқыған Ғ.Мүсіреповтің «Қасқырды атқан қайсысы?» әңгімесінде үш аңшы қасқырды атамын деп, өздерінен көмек күткен елікті байқамай атып алады. Осы сияқты қаншама браконьер жануарларды қырып жатыр?
Міне, осындай адам қолымен жасалатын озбырлықты азайту үшін экологиялық ұйымдар, қорлар құрылуда. Егер адамдар «Қызыл кітапқа» енген аң-құстар, балықтарды жойса, айыппұл төлеу, бас еркінен айыру жазалары бар. Зиянды өндіріс қалдықтарын шығарушы компанияларға да ірі мөлшерде айыппұл салынады. Қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу қолға алынып жатыр. Еліміз қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді 2030 жылдарға қарай 40%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Табиғат – адамзаттың мекені. Сондықтан жас ұрпақты табиғатты қамқорлауға үйретуіміз қажет. Оларға экологиялық білім берудің негізі мақсаты – табиғатқа деген жауапкершілік қатынасты қамтамасыз ету.
334 сөз
Достарыңызбен бөлісу: |