Эпидемиологиясы. Инфекция көзі науқас адам. Берілу механизмі аэрогенді, таралу жолдары ауа-тамшылы.
Патогенезі. Паратұмау вирусы жоғарғы тыныс жолдарының кілегей қабатына еніп, эпителиалды жасушаларға шоғырланып, осы жерде көбейіп, қабыну үдерістерін тудырады. Паратұмау вирусы әсіресе мұрын және кеңірдектің кілегей қабатына төзімді болғандықтан, бұл жерде қабыну үдерісі айқын болып, гиперемия және ісінумен сипатталады. Кейіннен эпителиалды клеткалардың қалдық заттары қанға түсіп, айқын емес улану белгілері байқалады.
Клиникасы. Жасырын кезеңі 2-7 күн, орташа есеппен 3-4 күн. Ауру біртіндеп басталады. Алғашта бастың ауырсынуы, әлсіздік. Дене қызуы субфебрилды немесе аздап көтерілуі мүмкін. Катаралды белгілер паратұмауда аурудың бірінші күндерінен бастап айқын білінеді. Дөрекі құрғақ жөтел, тамағы ауырсынады, мұрыннан су ағады, мұрыны бітеді. Мұрыннан алдымен шырышты бөлініс болады, сосын шырышты-іріңді бөлініс. Аңқаны қарағанда, иіндердің, жұмсақ таңтайдың, жұтқыншақтың артқы қабырғасының, шырышты қабаттары, қызарады, ісінеді кейде лакуналарда іріңді экссудутивті бөлініс болуы мүмкін. Паратұмаудың асқынуы көмейдің тарылуына (стеноз) алып келеді.
Күтім ерекшеліктері. (Тұмауды қара).
Емі. 1. Режим (барлық қызба кезеңінде төсектік).
2.Тұмаумен ауырған науқастарға өте көп мөлшерде сұйықтық (шай, шырындар, морс), № 4 үстел диетасын барлық қызба кезеңінде сақтау керек, және де витаминдерге бай жеміс-жидектер ұсынылады.
3. Этиотропты ем: вирусқа қарсы препараттар - ремантадин арнайы схемамен беріледі, 1-ші күні 100 мг-нан күніне 3 рет, 2-3-ші күні 100 мг-нан күніне 2рет, 4-5-ші күні 100 мг-нан күніне 1 рет. Айқын интоксикация болған кезде тұмауға қарсы гамма-глобулин немесе қалыпты адам иммуноглобулині ( б.е 5,0 мл-ден 3-5 күн бойы)
4. Патогенетикалық. Ауыр ағымында дезинтоксикациялық ем жүргізіледі. Көрсеткіштер бойынша гемодез, реополиглюкин, альбумин ерітінділері.
5. Симптоматикалық ем. Қызба болған кезде қызбаны түсіруші препараттар парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, анальгин тағайындалады.
Аденовирусты инфекция – жоғарғы тыныс жолдарының, көздің, ішектің кілегей қабаттарын және лимфоидты тіндердің зақымдалуымен сипатталатын жұқпалы ауру.
Этиологиясы.Құрамында ДНҚ-ы бар вирус. Қазіргі кезде адамнан аденовирустың 32 серотипі бөлінген. Көбінесе ауру аденовирустың 3,4,7,14 және 21 серотиптерімен шақырылады. Кейбір аденовирустың серотиптері гасторэнтеритті тудырады. Аденовирустар сыртқы ортаға төзімсіз, бірақ бөлме температурасында 2 аптаға дейін сақталына алады. Дезинфекциялық ерітінділерге сезімтал.