Елімізде жуықта ғана жүз жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілген қазақтың ұлы ақыны Қасым Аманжолов бір кездері: Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап. Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде, Көрпеңді мен жатармын қырда қымтап, деп жазған екен. Жастық шақ адам өмірінің ең қызықты да, қайрат-жігерге толы керемет кезеңі. Біздің елімізде ресми түрде адам өмірінің жастық шағы деп 14 пен 29 жас аралығындағы кезең саналады. Еліміздегі жүзеге асырылу үстіндегі жастар саясаты осы кезең аралығындағы жастарға қатысты қолданылады. Жалпы, жастар саясатын жүргізу кез келген ел үшін жеңіл емес. Өйткені, жастар саясатын жүргізудің шығындары мол, әрі ол шығындар бірден қайта қоймайды. Бірақ соған қарамастан, өз болашағын ойлаған кез келген ел осы мәселемен шұғылдануы тиісті. Өйткені, өмірде күнде айтылатындағыдай, жастар дегеніміз – ел ертеңі. Бүгінгі жастарымыздың ой өрісінің қалыптасуы, оқу мен еңбекке деген ынтасы, азаматтық және патриоттық сезімдері, адамгершілік қасиеті ертеңгі күні ел тағдырын айқындайтын болады. Әлемде кез келген ел жастар мәселесімен шұғылдануы тиісті дедік. Бірақ соған қарамастан, нақ осы мәселемен мемлекет деңгейінде айналысатын елдер әлемде өте санаулы екен. Көптеген елдердің өз жастарына мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасауына мүмкіндіктері жоқ. Енді бір елдерде қоғамдық құрылыс, оның менталитеттік деңгейі басқаша құрылған. Мәселен, Америкада әлі күнге дейін жастар туралы мемлекеттік саясат жоқ. Бұл қоғамда жастар көбінесе жекеменшік қорларға, соның ішінде қайырымдылық, демеушілік қорларына үміт артады. Бұл елде мұндай қорлар түрі көптеп саналады. Әлемде жастар саясатымен мемлекеттік деңгейде белсене шұғылданатын ел қайсы десек, сарапшылардың айтуынша, ең алдымен Германияны еске аламыз. Мұнда жастардың тәрбиеленуіне, білім алуына, емделуіне және басқа да әлеуметтік жағдайларының көрсетілетін заңда белгіленген тиісті қамқорлықтары бар. Жастар мәселесімен мемлекеттік тұрғыда айналыса бастаған елдердің бірі – біздің Қазақстан болып табылады. Статистикалық деректерге қарағанда, Қазақстандағы 14 пен 29 жас арасындағы жастар саны 4,5 миллионнан асып жығылады. Яғни, ел тұрғындарының 28 пайызын жастар құрайды. Соның ішінде елімізде 800 мыңға тарта студенттер бар. Ауылдағы жастар саны 2 миллионнан асады. Қаладағы жастар саны 2,5 миллионнан асады. Соңғы жылдары ауыл жастарының көпшілігі мектеп бітіргеннен кейін жұмыс іздеп қалаларға келе бастады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін ауылдарға бармай, көбінесе өздерінің оқыған қалаларында қалып қойып жатады. Сөйтіп, қаладағы жастар саны барған сайын басымдыққа ие болып келеді. Ал жастар дегеніміз, қоғамның ең белсенді тобы. Сөзге де қызатын, түрлі шақыруларға да бой ұратын солар. Сондықтан, әрбір жас өмірде өз қабілетіне сай дұрыс білім алып, жақсы отбасын құру үшін жастар жөніндегі мемлекеттік саясаттың болуы өте орынды деп түсінеміз. Енді осы жастар мәселесі туралы мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының қысқаша тарихын баяндай кететін болсақ, 1991 жылы, яғни, ел Тәуелсіздігінің елең-алаң шағында «Жастар туралы және мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленген болатын. Мұнан кейін ел өмірінде жүрген үлкен өзгерістерге байланысты 2004 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Осы бойынша мемлекеттің жастарға қатысты жүргізетін істерінің стратегиялық желісін айқындайтын жаңа тұжырымдамада өмірге келді. 2008 жылдың 1 шілдесінде ҚР Президенітінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Президенті қасындағы Жастар саясаты жөніндегі» кеңес құрылды. Бұл кеңес осы мәселе жөніндегі істерді үйлестіруге, жастарға тиісті көмек-қолдаулар көрсетуге бағытталған жұмыстарды өз құзыретінің шеңберінде жүргізіп келеді деп айтуға болады. Қазақстандағы жастар туралы мемлекеттік саясат олардың мүдделері мен талап-тілектерін айқындауға, денсаулықтарын қорғап, дамытуға, адамгершілік және рухани дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, жастардың құқығы мен бостандығын жүзеге асыруға, жастардың проблемаларын шешу мәселесін жүйелі және кешенді жолға қоюға, мемлекеттік саясатты жасаған кезде осы іске жастардың өзінің тікелей қатысуын қамтамасыз етуге қарай бағытталып отыр. Осы саясатқа байланысты қазіргі күні біздің елімізде жастардың тегін орта білім алуына, жоғары оқу орнына түскен кезде мемлекеттік гранттарды пайдалануына, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдің жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыстар негізінде тегін білім алуына, өз біліміне сәйкес қызметке орналасуларына, мемлекеттен тұрғын үй салу үшін тегін жер телімін алуына, ауылға жұмысқа барған кезде мемлекет есебінен бір реттік көтерме жәрдем алуына, еңбек етулеріне, спортпен шұғылдануларына, мемлекет белгілеген заңдарға сәйкес тегін емделулеріне және Қазақстан Республикасының азаматтары пайдаланатын басқа да жеңілдіктерге ие болуларына құқығы бар. Бұл құқықтардың олардың өміріне тигізіп отырған пайдасы үлкен деп айтуға әбден болады. Сонда қарап отырсаңыз, Қазақстан мемлекеті әрбір сәбиге ол екі-үш жасқа толып, бала бақшаға орналасқан тұстан бастап, атжалын тартып мінер азамат жасына жеткенге дейінгі аралықта өзінің қамқорлығын көрсетеді екен. Осы қамқорлықтың нәтижесінде қазіргі күні жастарымыз заманға сай білім алып, дүниежүзін аралап, көздері ерте ашылып келеді. Мұның сыртында, олардың білім сапасын нығайту мақсатында интеллектуалдық мектептер жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл мектептерде көптеген пәндер қазірдің өзінде ағылшын және басқа да шетел тілдерінде жүреді. Осы үшін елімізге шет елдерден көптеген тәжірибелі оқытушылар шақырылып отыр. Мұның сыртында Астанада Назарбаев Университеті жұмыс істей бастады. Оның білім беру деңгейі шет елдің озық оқу орындарынан ешбір кем түспейтін болады. Өйткені, бұл оқу орны қазіргі күннің өзінде білім берудің халықаралық стандарттарының озық үлгісі бойынша құрылып отыр. Еліміздің экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты және мемлекеттің қуаты күшейе түсуіне байланысты қазіргі күні көптеген ата-аналар өз беттерімен де балаларын шет елдерде оқыта бастады. Сөйтіп, Қазақстан жастарының алдынан олардың ата-аналары бұрын көрмеген жаңа мүмкіндіктердің есігі ашылып келеді. Осы ретте, елімізде жүргізілетін мемлекеттік саясат барша жастарға ортақ екендігін, оның аясынан ешкімнің тысқары қалмауы қажет екендігін атап көрсетпекпіз. Әзірге өкінішке орай мектеп бітіріп шыққан әрбір жастың болашақ өмірге бет алысындағы тұрмыс жағдайы, білім жағдайы тең болмай отыр. Білімді мектептен дұрыс алып шыққан жастар ары қарата оны сәтті жалғастырып, өмірден өз орындарын тауып кетіп те жатыр. Жалпы, көп мәселе адамның өзіне байланысты болатындығы ақиқат. Өйткені, даналық сөздерде айтылғанындай, «әр адам – өз тағдырының иесі». Өмір атты күрмеулі жол еш уақытта қайта қайталанбайтындықтан және әр адамның өмірі өз ерекшеліктеріне толы болатындықтан, оның толқынында дұрыс жүзіп шығу осы күнге дейін жауабы табылмаған аса күрделі мәселе. Демек, әр адам өз өмірінің, өз тағдырының иесі ретінде оны дұрыс өткізуге қарай бейімделуі, икемделуі қажет. Адам қоғамдық ортада өмір сүретін болғандықтан, алдына дұрыс мақсат қойып талпынған жастарға қолдаушы табылмай тұрмайды. Сондықтан бір рет қана берілетін өмірді неғұрлым мәнді өткізу үшін әрбір жастың ізденімпаз, талапты болғанына не жетсін. «Талапты ерге нұр жауар» деп айтпап па еді қазақ атамыз. Дегенмен, біздің бүгінгі өміріміз бәсеке, күреске толы болғандықтан ол өмірде жол тауып кету де оңай еместігін бәріміз жақсы сезінеміз. Қазақстанда жастар туралы мемлекеттік саясат осы үшін жүргізіледі. Ол саясат жастардың білім алуына, еңбекке орналасуына барынша көмектесуге негізделген. Мемлекет қуаты артқан сайын бұл саясаттың пәрменділігі де арта түсуде. Мәселен, соңғы бір-екі жылдың аясында елімізде халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы әзірленді. Бұл стратегияда көбінесе жастардың жұмысқа орналасуына артықшылықтар жасалады. Мәселен, бір жас азамат ауылды жерде екі қолға бір күрек таба алмай қиналып жүр дейік. Міне, осындай жұмыс іздеуші жас мемлекеттік органдарға барып тіркеліп, өз жағдайын айтатын болса, ондай жас мемлекеттік саясат аясынан тысқары қалмайды. Мемлекеттік орган өкілдері оның мұнан кейінгі өміріне әсер ететіндей қолдау шараларының мүмкіндіктерін көрсетеді. Соның бірін таңдап, тиісті келісім-шартқа отырып, қимыл-әрекет жасауға болады. Ондай жасқа бірінші кезекте өмірде сұранысы бар мамандықтарға бейімделуіне, яғни даярлықтан өтуіне мемлекеттік тұрғыда тегін көмектер көрсетіле бастайды. Жақсы дамып келе жатқан өңірлерге барып жұмысқа орналасуының жолдары көрсетіледі және соған жағдай жасалады. Мұның өзі үлкен көмек емес пе, ағайын? Біздің елімізде жастарға байланысты мемлекеттік саясат ауық-ауық қайта қаралып, жақсарту жолдарына қарай алға басып келеді. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытында жаңа тұжырымдамалар мен заңдар да қабылданып жатыр және ол заңдар уақыт өткен сайын жетілдіру үстінде. Мәселен, жуықта ғана Үкімет отырысында «Мемлекеттің жастар саясаты бойынша қабылданған заңдарға жаңа түзетулер енгізу» жөніндегі мәселе арнайы қаралды. Ол түзетулер жастарға деген қамқорлықты одан әрі күшейте түсуге қарай бағытталып отыр. Ол қандай жаңалықтар? Жаңа заң жобасы бойынша бірінші кезекте жоғары оқу орнында оқитын студенттердің тұрғын алаңмен қамтамасыз етілуін одан әрі жақсарту және күндізгі бөлімде оқитын студенттерді жеңілдікті жолақы билеттерімен қамту мәселесі қарастырылған. Осы уақытқа дейін мұндай құқық барлық жерде бірдей берілмей келгендігі белгілі. Енді осы заң аясында бұл мәселе жалпыға ортақ тәртіпке айналуы тиіс. Сонымен қоса, жаңа заң жобасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын бекітуді елімізде тұңғыш рет заң аясында жүзеге асыру қарастырылған. Тағы бір жаңалық осы заң жобасы бойынша жастардың және жастар мәселесімен шұғылданатын үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталықтары құрылатын болады. Бұл орталықтар жергілікті органдардың шешімімен коммерциялық емес ұйым деңгейінде құрылады да, жастарға ақыл-кеңес беру, ақпараттық, ұйымдық қолдау көрсету мәселелерімен шұғылданатын болады. Жаңа заң жобасында студенттік кеңестерді, мүдделестер клубтарын дамыту жөнінде жаңа баптар қарастырылған. Жастардың волонтерлік, патриоттық, спорттық, техникалық клубтарын ұйымдастыру мәселесінде де мемлекеттік қолдауларды арттыра түсу көзделініп отыр. Сонымен еліміздегі жастар саясаты экономикамыз дамып, мемлекет қуаты артқан сайын жаңа мазмұнмен толығып, барған сайын жүйелі жолға түсіп келеді. Бұл мәселелердің шешім табуы арнайы мемлекеттік органдарға жүктеліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жастарына жасалатын мемлекеттік қолдау шаралары басқа елдерден артық болмаса, кем болмайды деп есептейміз. Осы ретте айта кететін ендігі бір мәселе, жастарға қатысты қоғамдық ортаның да қозғалысы қажет. Елімізде қалыптасып отырған кәсіпкерлік орта, іскерлер әлемі бұл мәселеге белсенді түрде араласып, көптеген өркениетті елдердегі секілді жастарға жәрдемдесу бағытында өздерінің демеушілік, қайырымдылық қорларын құрып, жастарды қолдарынан жетектейтіндей, білім алуларына, еңбекке орналасуларына септестігін тигізетіндей әрекеттер жасап жатса, құба-құп болар еді. Жастар өздері өмір сүрген қоғамға риза болып өсуі үшін бұл мәселенің де маңызы зор деп есептейміз