32.Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси өмірін демократияландыру. Саяси партиялар мен партиялық жүйелердің дамуы. Көппартиялық жүйеге өтумен республика халықтарының мақсат-мүдделерін, талап-тілектерін жүзеге асыру жолында қызмет жасаған саяси партиялар қалыптасты. Жаңадан құрылған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру, саяси әр алуандық, халықтың әр түрлі әлеуметтік топтарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу мақсатында кеңінен қызмет жасады. 1990 ж. 1 наурызға қарай республикада 100-ге жуық қоғамдық ұйым қызмет істеп тұрды.
1991 жылы тамыз айында Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Оған КОКП Орталық Комитетінің кейбір жетекшілері қатысты. Мұның өзі партияның, оның басшы органдарының беделін түсірді. Бұл жағдай Қазақстан Компартиясының жұмысына теріс әсерін тигізді. Сөйтіп, 1991 жылғы қыркүйек айында өткен республика Компартиясының төтенше съезінде оның қызметі тоқтатылды. Өзін Компартияның ісін жалғастырушымыз деп санайтын Қазақстан социалистік партиясы құрылды. Оның құрамында сол кезде 50-60 мың мүшесі болды. 1992 жылы наурызда Қазақстан социалистік партиясының кезекті съезі өтті. Съезд республикадағы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдай және партияның таяудағы міндеттері, партияның бағдарламасы мен жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты мәселелерді талқылады.
Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың алдында тек демократиялық жолмен, Конституция талабына сай қызмет ету мақсаты қойылды. Олар парламенттік партияларға айналу, сайлаушылардың көп дауысына ие болу үшін күрес жүргізді. Бұл саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек құқықтық жағдайда өзара түсінісу, келісу арқылы байланыс жасап отыруға тырысты.
Қайта құру жағдайында Қазақстанның қоғамдық ұйымдарында да сапалық жаңа өзгерістер іске асты. 1991 жылы қазан айында Қазақстан комсомолының кезектен тыс ХҮІІІ съезі болып өтті. Съезд делегаттары республика комсомолын Қазақстанның жастар одағына ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Оның алдында республика жастарының құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті қойылды.
Қоғамдық-саяси қозғалыстардың ішінен «Азат» (1990 ж. 1 шілде), «Поколение» (1992 ж. 24 қараша), «Лад» (1993 ж. мамыр), «Азамат» азаматтық қозғалысы (1996 ж. 20 сәуір) кең көлемді қызметімен ерекшеленді. Қазақстанда қоғамдық бірлестіктердің қалыптасуының келесі кезеңінде Қазақстанның либералдық қозғалысы (1997 ж. мамыр), «Қазақстанның болашағы үшін» (1998 ж. ақпан) жастар қозғалысы, «Қазақстан – 2030 үшін» (1998 ж. 6 қазан) қоғамдық қозғалысы, «Өрлеу» (1998), «Ақ жол» қоғамдық қозғалыстары (1998), Қазақстанның демократиялық таңдауы қоғамдық бірлестігі (2002), т.б. құрылды. 1989-1994 ж. аяғында Қазақстанда 500-ге жуық қоғамдық бірлестік ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. 1998 ж. олардың саны 1500-ден асты, ал 2001 жылдың аяғына қарай елде 1700-ден астам ресми тіркеуден өткен қоғамдық бірлестік қызмет жасады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін елде көппартиялық жүйе қалыптасты. Қазақстанның социал-демократиялық партиясы (1990 ж. 26 мамыр), Қазақстанның социалистік партиясы (1991 ж. 7 қыркүйек), Қазақстан халық конгресі партиясы (1991 ж. 5 қазан), Қазақстанның республикалық («Азат») партиясы (1991 ж. 4 қыркүйек, 1999 ж. 29 мамырда «Алаш» ұлттық партиясы болып өзгерді), Қазақстан коммунистік партиясы (1991 ж. қазан), Қазақстан халық бірлігі партиясы (1993 ж. 6 ақпан), Қазақстан халықтық-кооперативтер партиясы (1994 ж. 15 желтоқсан), Қазақстан дәуірлеу партиясы (1995 ж. 27 қаңтар), Қазақстанның демократиялық партиясы (1995 ж. 1 шілде), Республикалық еңбек саяси партиясы (1995 ж. 18 қыркүйек), т.б. құрылды.
Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) және «Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) Заңдарында қамтамасыз етілді. Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалық «Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар), «Азамат» демократиялық партиясы (1999 ж. 27 наурыз), Қазақстан әйелдерінің демократиялық паартиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының партиясы (2000 ж. 1 шілде) құрылды. 2002 жылдың 2-ші жартысында Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың құқықтары мен міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді, саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен қатынастары реттелді. Көппартиялық институтының пайда болуы елде азаматтық қоғам орнатудың маңызды белгілерінің бірі. Бұл қоғамның саяси жүйесінің тиімділігін, елде демократияның орныққанын, саяси құқықтардың қамтамасыз етілгенін дәлелдейді. 2002 ж. елімізде 16 партия тіркелді.
«Саяси партиялар туралы» Заңға 2002 ж. өзгертулер енгізілуіне байланысты, 2003 ж. Қазақстанның азаматтық партиясы, Қазақстанның аграрлық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, Республикалық «Отан» саяси партиясы, Қазақстан патриоттарының партиясы, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы қайта тіркеуден өтті.
Қазақстандағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер әлеуметтік әділдік, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам, ұлтаралық және азаматтық келісім орнатуға жәрдемдесіп, Қазақстанның тұрақты дамуына, өзекті қоғамдық мәселелердің шешілуіне үлесін қосып келеді. Саяси партиялардың көпшілігі Республика президентінің алған бағытын, оның жүргізіп отырған саясатын жақтайтындар болып саналады.
Қазақстанның тәуелсіздікке қол жетуімен қазақ халқының рухани өмірінде жаңа мәдени процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының даңғыл жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды.