63. САУАТТЫ ЖАЗУҒА ҮЙРЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тіліміздегі жазылуы айтылуынан өзгеше құлын, жұлын, күрек, басшы т.б.с.с. сөздері тек есту дағдысына сүйеніп, жазуға болмайды. Көбіне оларды салыстыру жолымен талдаудың жәрдемі тиеді. Сондай-ақ –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе сұраулықтарын етістіктің болымсыз түрімен, мен, бен, пен шылауларын септік жалғауларымен салыстырып байқаудың да маңызы күшті. Сөздердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін, теріс жазылуынан мағына бұзылатынын, айтайын деген ойдың күңгірт, екі жақты болып шығатынын балаларға ережені түсіндіргенде де, жаттығулар жүргізгенде де, олардың жазуларындағы қателерді түзеткенде көрсетіп, түсіндіріп отырудың пайдасы көп (Тұзшы – тұщы, барма-бар ма т.б.).
Сөйтіп, сауатты жазуға үйрену үшін аналогия, салыстыру, талдау, жинақтау, жалпылау, нақтылау сияқты ой операцияларының іске асуы ең маңызды шарт болып табылады.
Әрине, сауатты жазуға үйренуде қол қозғалысы арқылы қабылдау мен елестетудің алатын орны ерекше екені белгілі. Көп оқитын тіпті ережені тамаша білетін оқушы да қолдың дағдылануынсыз жазуда қатені көп жібереді және жазуының ұсқыны да тартымсыз болады. Сондықтан әсіресе бастауыш класс балалары үшін танымның есту, айту, тыңдау, көру және қолын қозғау арқылы қалыптасатын функцияларын жүйелі түрде үйреніп, алғашқы кездің өзінде-ақ жақсы естіп, тыңдай алып, дыбыстық құрамға ойша тәртіппен талдау жасай алып, іштерінен қайталау т.б. сияқты тәжірибелер жинақтаудың маңызы орасан зор болатынын естен шығармауға тиіспіз.
Сөйтіп, жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, оқушылардың сауатты жазуға үйрету үшін ескерілетін жағдайларды топтап көрсететін болсақ, олар төмендегідей:
Мұғалім жазылатын сөздің немесе сөйлемнің мағынасын, мәнін оқушының түсінетіндігіне әбден көзі жеткеннен кейін барып жаздыруға тиіс (оқушы кейде мағынасына жете түсінбегендіктен қате жібереді).
Сөзді дұрыс айтуға, ұқыпты жазуға, жазғандарына ой жүгіртуге бағыт беріп, қатемен жұмыс ұйымдастырады.
Үнемі талдау жасау: түбірлес сөздер табу, сөз тіркестері арқылы сөйлем құрастыру, ұқсастығы мен айырмашылығын салыстыру – мұның барлығы оқушының ойлауын арттырып, материалды меңгеруге жағдай жасайды.
Дыбыстық талдау, сөз құрамына жаттығу, сөз табының қызметі, синтаксистік талдаулар іске асырылып, сөйлеуге үйрету жұмыстарымен байланыстырыла жүргізіледі. Арнаулы орфографиялық жаттығулар (көшіру, диктант) тіл дамыту жаттығулары мен (мазмұндама мен шығарма) кезек жүргізіледі.
Сөздік жұмыс үздіксіз жүргізіліп отырады. Әр оқушының жазудан да басқа әлсіз жақтары болады (кей сөздерден қате жіберу т.б.) Мұғалім ондай балалармен сөздік жұмысын жеке жүргізеді.
Сауатты жазу дағдысын қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі – орфографиялық қате, сөйлеу қателерін болдырмау үшін алдын ала жинақтау, талдау жұмысы.
Белгілі бір жағдайға дағдылану біраз уақыт жаттығуды қажет ететіні сияқты, сауатты жазуға жаттығу дағдысы да көп қайталауды, жаттығуды талап етеді. Сондықтан өтілгеніне біраз уақыт болған материалдарды жүйелі түрде еске түсіріп отыру пайдалы.
|
|