4.3жауабы. Қазақ қайраткерлерінің индустрияландыруға байланысты пікірлері. Қазақстанды индустрияландырудың ерекшеліктері.
Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес және партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерешелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни “уклонистер” деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.
Өнеркәсіп құрылысын жүргізудің карқынды түрде өсуі жұмыс күшінің тапшылығына алып келді. Құрылыс нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз ету және жұмысшы қазақтарды үйретуге бөлінетін қаражатты үнемдеу мақсатында биліктегілер елдің жұмыссыздық шарпыған батыс аудандарынан жұмысшылар тартты. 1931 - 1940 жылдары республикаға 559 мың жұмысшы келді. Жұмыс күшін толықтырудың тағы бір қайнар көзі арнайы қоныс аударылғандар: орталык аймақтар мен Сібірдің кулакқа жатқызылып, дүние-мүлкі тәркіленген шаруалары болды. Республика комсомолы жетекшілерінің бірі, ұлттық бағыт ұстанған қазақ зиялысы - Смағүл Сәдуақасов республикаға елдің басқа аудандарынан «бос» жұмысшы қолын жаппай қоныстандыруға қарсы шықты. Ол өзінің 1928 жылы «Большевик» журналына (№1 саны) жариялаған «Ұлттар және ұлт адамдары» деген мақаласында индустрияландыру туралы ұстанымдарын ашып жазды. Жұмысшылардың, әсіресе жеткіліксіз маманданған жұмысшылардың елеулі бөлігін ұжымдастырудың нәтижесінде күйзелген деревнялар мен ауылдардың шаруалары құрады. Еңбек өнімділігі күрт төмендеп, зауыттарда тәртіп сақталмай, маманданған еуропалық нәсілді жұмысшылар және маманданбаған қазақ жұмысшылары арасында қақтығыстар болып тұрды. Мамандық шеберлігі еуропалық нәсілді жұмысшылармен тең дәрежеде болған жағдайда да жергілікті жұмысшыларға төмен жалақы берілді, медициналық көмек көрсетілмеді т. с. с. Республикаға мамандар сырттан өкелінді, кадрлар тұрақсыздығы орын алды. Индустриялық саясатты жүзеге асыру барысында Қазақстанға ерекше мән берілді. Бай табиғи қорлардың болуы республикада ірі индустриялды база құруға мүмкіндік беріп, жұмыс күші сырттан - Ресей және Украинаның орталық аймақтарынан әкелінді. Қазақтар көшпелілер мен малшылар ретінде болашақ «социалистік Қазақстан» жүйесіне үйлесе алмады.
Достарыңызбен бөлісу: |