: Қазіргі уақытта Қазақстан Бүкіл әлемдік банктің жіктеуі бойынша, кірісі орта деңгейден жоғары елдердің тобына жатады. Тұрмыс сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстырсақ, соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың ақшалай табысы орта есеппен 5 есе өсті; орташа айлық жалақы 6 есеге жуық өсті; ең төменгі жалақы 25 есе өсті; ең төмен жалақы мөлшері 25 есе; зейнетақының орташа айлық мөлшері 4,6 есе артты.
2006 жылғы мамырдағы жұмыссыздық деңгейі 7,7 % мөлшерінде қалыптасты (2005 жылғы мамырда – 8,2 %). Мемлекеттің 2005 жылы тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне бөлінген шығыстары 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 еседен астам өсті.
: 1867 – 1868 жылдардағы реформалар
Түркістан және Дала өлкелерін басқару үшін тәжірибе ретінде жүргізілген бұл реформалар Уақытша ереже деп аталды. Ресей өнеркәсібі үшін Қазақстан бай шикізат көзі және тауар өткізетін рынок болды. Қазақстанның байлығын Ресейге толық тәуелді ету үшін патша үкіметі Қазақстандағы өзінің өкімет билігін нығайтуды көздеді. Осыған байланысты қазақ даласында жүргізілген әкімшілік-басқару реформалары сот, оқу-ағарту, алым-салық, жер, т.б. мәселелерді қамтыды. 19 ғасырдың 60-жылдарына дейін Қазақстанда ел басқарудың бірыңғай жүйесі болмады. Осыған сәйкес 1867 жылы Жетісу, Сырдария облыстары жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторының қарауына берілді. 1868 жылы Орынбор генерал-губернаторлығына қарайтын Орал, Торғай облыстары, Батыс Сібір (Дала) генерал-губернаторлығына қарайтын Ақмола, Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді
Кеңес дәуірі
1918 — 1940 жылдары
Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік қатынастарда түбiрлi өзгерiстер жүзеге асырылды. Барлық жердi мемлекет меншiгiне алу, помещиктер жерлерiн тәркiлеу, жердi шаруаларға тегiн беру туралы декрет жарияланды. Кеңестiк дәуiрдiң алғашқы кезеңдерiнде өндiрiс құрал-жабдықтарын мемлекеттік меншiгiне айналдыру, қоғамдастыру iсiне басшылық жасау мақсатымен социалистік мемлекеттік органдар, оның iшiнде халық шаруашылық органдары құрылды. Банктер, iрi өнеркәсiп орындары, көлiк, т.б. шаруашылықтың шешушi салалары мемлекет меншiгiне көштi. Сөйтiп, өндiрiс құрал-жабдығына социалдық меншiктi орнату, халық шаруашылығын жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық шаруашылығы кешенiнiң бiр бөлiгi ретiнде өркендету, т.б. негiздерiнде социалдық экономикалық жүйесi қалыптаса бастады. Қазақ өлкесiнде өндiрiс құрал-жабдықтарын мемлекет меншiгiне алу, жердi тәркiлеу үдерiсi саяси, экономикалық, әлеуметтік өзiндiк ерекшелiктерге байланысты 20-жылдардың бас кезiне дейiн созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық шаруашылығының барлық салалары бойынша мемлекет меншiгiне алынған кәсiпорындар саны 1 мыңға жуықтады. Олардың iшiнде iрiлерi: Қазақ (қырғыз) кен өнеркәсiбi акционерлік қоғамы, Кендi Алтай кәсiпорындары, Екiбастұз көмiр кендерi, Спасск мыс қорыту зауыты, Атбасар мыс кенiнiң зауыттары мен кенiштерi, Қарағанды мен Байқоңыр кендерi, Орал — Жем өңiрiнiң мұнай кәсiпшiлiктерi.
Қазақ халқы Азамат соғысына (1918 — 1920) жаппай қатыспағанымен, ерiксiз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жерi ақтар мен қызылдардың майдан шебiне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлiк майданы, “Азық-түлiк армиясының” және “Соғыс коммунизм саясатының” шабуылы салдарынан халық үркiншiлiк кезеңдi бастан кешiрдi. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейiнгi кезеңде Қазақстанда күйзелген халық шаруашылығын Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негiзiнде шаруашылықтарды қалпына келтiру жұмыстары өрiстетiлдi. Ең алдымен, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң маңызды түрлерiн өндiрудi Қазан төңкерiсiне дейiнгi деңгейге жеткiзу көзделдi. Жер-су, т.б. реформалар жүргiзiлдi. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемлекеттік-аумақтық жiгi межелендi. Қазақстанның аумағы 2,7 млн. км2 болып белгiлендi, халқы 5,4 млн. адамға жеттi. 1926 — 1928 жылдары қазақ ауылдарында 1370 мың гектар шабындық, 1250 гектар егiндiк жер қайта бөлiндi. 1927 — 1928 жылдары республикада халық шаруашылығын қалпына келтiру аяқталып, өнеркәсiптi индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңiне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлiмi Кеңес мемлекетiнiң экономикалық дамуындағы ең басты мақсат – индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиiс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсiптен мүлдем алшақтатты (қ. Ұжымдық шаруашылық). Iрi социалистік егiн шаруашылығын құруға ұмтылу “тәрбиелiк маңызға” ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемiнде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдерiс 1925 — 32 ж. ел басқарған Ф.И. Голощекиннiң арандатушылық тәжiрибесiне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бiрi байларды тәркiлеу болды. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сiлтеу болмасын” деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезiнде қазақтардың малы тiгерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейiн Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетiнiң басқа аймақтарындағы “кулактардың жер аударылатын” мекенiне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргiзiлiп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркiлендi. Мұның арты күнкөрiстiк iшiп-жемiнен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезiндегi “ақтабан шұбырындымен” салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мың адамға, яки бүкiл қазақ халқының 40%-на жеттi. 1 010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкiметтiң солақай белсендiлiкпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негiзгi азық-түлiк қоры болып табылатын дәстүрлi мал шаруашылығы қатты күйзелiске ұшырады. Малшы көшпендiлердi сәтсiз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тидi.
1941-1945 жылдары
2-дүниежүзілік соғыс жылдары (1941—45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттiрмейтiн және бiр-бiрiмен байланысты мiндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшiрiлген өнеркәсiп орындарын қабылдау, оларды тиiстi жерлерге тездетiп орналастыру, өнiм өндiрудi кiдiрiссiз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейiмдеу, өндiрiс қуаттарын үнемi арттыру, майданды барлық керектi заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелердi ойдағыдай шештi. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшiрiлген 250 кәсiпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшiрiлген және жаңадан салынған зауыттар мен фабрикаларды iске қосу нәтижесiнде жұмыс iстеп тұрған негiзгi қорлардың өндiрiстiк қуаты бiршама артты. Жаңа өнеркәсiп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндiру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндiру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т.б. Мата, жүн иiру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жемiс-консервi, темекi және шай өлшейтiн өндiрiстер жұмыс iстедi. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Қазақ металлургия зауыты, Текелi полиметалл комбинаты, Қарағанды көмiр шахталары, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерi, Гурьев (қазiргi Атырау) мұнай айыру зауыты, кен байыту фабрикалары, кенiштер, Қаратау кен-химия комбинаты, электр станциялары, жеңiл және тамақ өнеркәсiбi орындары, жүздеген км темір жол желiлерi iске қосылды. Түстi металлургия өнiмдерiнiң маңызы артты, мыс өнiмдерiн өндiру 1,5 есе өстi. Қазақстан ел қорғанысына аса қажеттi қорғасын беретiн негiзгi базаға айналды
1946-1959 жылдары
Көлiк пен байланыс жүйесiн дамыту жөнiнде қыруар жұмыстар жүргiзiлдi. Республика аумағында темір жолдың пайдалану ұзындығы 1631 км-ге, жүк тасымалы 5,7 млн. т-ға жеттi. Уралды көмiрмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы — Ақмола (Астана) темір жол желiсi қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) — Қандағаш, Жамбыл (Тараз) — Шолақтау темір жол желiлерi пайдалануға берiлдi. Күрделi құрылыс көлемi ұлғайды.
2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделi қаржы игерiлсе, 4 жарым жыл iшiнде (1941 — 1946) 981 млн. сом игерiлдi. Соғыстан кейiнгi бесжылдықтарда (1946 — 1960) Қазақстан экономикасы бейбiт жағдайға көшiрiлiп, қандай да болсын халық шаруашылығы мәселелерiн шеше алатын, одақтың негiзгi ауыл шаруашылығы базаларының бiрiне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсiптiң соғысқа дейiнгi дәрежесiне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық шаруашылығының өзгешелiгi сонда, ол қалпына келтiру кезеңiне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндiрiс негiзiнде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикiзат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлiк, асыл тұқымды мал, т.б. жөнелтiп тұрды
1960-1985 жылдары
Жалпы КСРО-да халық шаруашылығын бiртұтас кешенге айналдыру бағдарламасы жасалып, одақтас республикалардың экономикасын жалпы одақтық көлемде орталықтандырылған басқарумен ұштастыру, республикалар арасындағы еңбек бөлiнiсiн тереңдету көзделдi. Осыған орай республикада өнеркәсiптiк өндiрiстi аумақтық жағынан ұйымдастырып, аймақтардағы өндiргiш күштердi кешендi түрде дамытуға ден қойылды. Сан алуан табиғи байлықтарды қарқынды түрде халық шаруашылығы айналымына қосу, өндiрiс құрал-жабдықтары өндiрiсiн басымырақ дамыту, республиканың жергiлiктi жағдайлары мен ерекшелiктерiн ескере отырып жалпы одақтық және аймақтық мүдделерге сай келетiн өнiмдер өндiруге мамандандыру мiндетi алға қойылды. 1985 жылы республиканың қоғамдық, жалпы өнiмi 1960 жылмен салыстырғанда 3,9 есе артты
1986-1991 жылдар
Қазақстан экономикасында, басқа одақтас республикалардағы сияқты, нарықтық қатынастар орнай бастады, әр түрлi кооперативтер, жеке меншiк фирмалар мен шағын кәсiпорындар пайда болды. 80-жылдардың аяғына қарай орталықтың республиканы бақылауының әлсiреуi салдарынан, шет елдермен тiкелей экономика және сауда байланыстарын орнатуға мүмкiндiк туды. Қазақстан бұрын да өз өнiмдерiн шетке шығарып отырған, оның 97%-ы шикiзаттар, материалдар мен жартылай шикiзаттар болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |