Аммиактың физикалық және химиялық қасиеттері. Аммиак – түссіз, өткір иісті газ. Судың бір көлемінде 700 көлем аммиак ериді. Аммиак ауадан екі есеге жуық жеңіл. Аммиактың судағы ерітіндісі аммиак суы немесе мүсәтір спирті деп аталады. Аммиактың молекуласы үш бұрышты пирамида тәрізді.
Аммиактың молекуласы қалыпты жағдайда тұрақты, берік, әжептәуір активтігі бар молекулалар қатарына жатады. Аммиактың химиялық қасиеттерін үш түрлі реакцияларға топтастырып көрсетуге болады:
қосып алу
тотығу
құрамындағы сутегі басқа заттарға ауысу реакциялары.
Суда еріген кезде аммиак сумен әрекеттеседі. Судағы ерітіндісі сілтілік орта көрсетеді. Аммиактың судағы ерітіндісі немесе аммоний гидроксиді әлсіз негіздерге тән барлық қасиеттерді көрсетеді.
Химиялық реакциялар кезінде аммиак тотықсыздандырғыштық қасиет көрсетеді. Өйткені аммиактағы азот атомы өзінің -3 тең ең төменгі тотығу дәрежесін көрсетеді.
Күшті металеместер аммиакты азотқа дейін тотықтырады. Платина катализаторы қатысында оттек аммиакты азот (ІІ) оксидіне дейін тотықтырады. Қыздырғанда аммиак кейбір металдарды олардың оксидтерінен тотықсыздандырады да, өзі азотқа дейін тотығады.
Аммиак қышқылдармен оңай реакцияласып аммоний тұздарын түзеді. Аммиактың судағы ерітіндісі немесе аммоний гидроксиді басқа негіздер сияқты қышқылдармен, қышқылдық оксидтермен, тұздармен әрекеттеседі.