Тұзасты мегакешені, өз кезегінде, екі құрылымдық қабатқа жіктеледі. Төменгі қабат эйфелге дейінгі құрылымдық қабат (эйфель – орталық девонның төменгі жікқабаты), ал жоғарғысы эйфель-артин құрылымдық қабаты (артин – төменгі пермнің жоғарыдан санағанда екінші жікқабаты) деп аталады. Тұзасты мегакешенінің эйфелге дейінгі құрылымдық қабаты ұзақ уақыттар бойына жинақталған түзілімдер қатқабатын біріктіреді, яғни бұл қатқабаттың түзілуі рифейден (жоғарғы протерозойдан) бастап палеозой эрасының ортаңғы девон дәуірінің эйфель ғасырына дейін жалғасқан (R+V+€+O+S+D1+D2ef). Бұл кешен ернеулік құрылымдарда құмдытақтатасты түзілімдерден, ал синеклизаның орталық бөлігінде негізінен саздардан құралған. Бұл түзілімдердің жалпы қалыңдығы бірнеше км-мен өлшенеді, олар синеклизаның солтүстік ернеулік бөлігінде кейбір терең ұңғымалар көмегімен орта есеппен 5000 м тереңдікте аршылған. Эйфельартин құрылымдық қабатының заттық құрамы әр түрлі шөгінді таужыныстардан – аргиллиттерден, карбонаттардан (әктастар мен доломиттерден), ірі түйірлі терригендік түзілімдерден тұрады. Бұл қиманың девонға қатысты бөлігінің қалыңдығы 1,5-2 км-ден аспайды, алайда төменгі пермдік бөлігі біршама қалың – 3 км-ге жетеді. Соңғылары карбонаттысульфатты, карбонатты-терригендік және терригендік шөгінділерден құралған.
Тұзды мегакешен ангидриттердің, доломиттердің, калий тұздарының және терригендік таужыныстардың қабатшалары мен линзаларын кіріктіретін ас тұзы қатқабатынан құралған. Қимадағы терригендік сульфатты-карбонатты таужыныстардың рөлі синеклизаның ернеулік белдемдерінде біршама жоғары, ал оның орта тұсында мегакешен таза тұздардан құралған десе де болады (негізінен ас тұзы, калий тұздары шектеулі дәрежеде дамыған). Бұл мегакешен қатқабатының геологиялық көнелігі алғашқы пермнің кунгур ғасырына сәйкес келеді. Арнаулы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, тұзды қатқабаттың алғашқы қалыңдығы 5 км шамасында болғанға ұқсайды, алайда тұз тектоникасының (тұздың өзін көмкеріп жатқан таужыныстар қатқабатының салмағынан туындаған кернеулер нәтижесінде жоғары қарай саумалдана көтерілуі, яки «ағуы») әсерінен тұз күмбездері және күмбезаралық ойысымдар қалыптасқан. Мұның нәтижесінде тұз күмбездері аумағында тұзды қатқабаттың қалыңдығы 10 км-ге дейін артса, күмбезаралық ойысымдарда алғашқы қалыңдық бірте-бірте жұқара отырып, сүйірлене тамамдалып кеткен.
Тұзүсті мегакешені соңғы пермнен бастап кайнозой эрасына дейін түзіліп үлгерген таужыныстар қимасын құрайды. Бұл мегакешен қимасының заттық құрамы синеклиза ауқымында бірыңғай тұрақты түрде сақталады десе де болады және бұл түзілімдер қимасы теңіздердің жағалаулық өңірлерлерінде, континенттердің лагуналарында (тоғандарында) түзілген шөгінділерден құралған. Мегакешен жоғарғы пермь, триас, юра, бор, палеоген және неоген түзілімдерінен құралған, төрттік түзілімдер аракідік жұқа желек түрінде ғана ұшырасады. Бұл мегакешен түзілімдерінің қимасы, жалпы алғанда, төмендегідей: Р2 – ангидриттер, гипс, құмтастар, әксаздар, құмдар, алевролиттер; Т – құмды-малтатасты және сазды қатқабаттар, құмды-сазды таужыныстар, әктастар, сазды әктастар, әксаздар; І – кесекті терригендік, құмды-сазды таужыныстар, әктастар, сазды әктастар, әксаздар; К1 – негізінен терригендік түзілімдер, ал К2 –көбінесе карбонатты түзілімдер; Р – бірыңғай сазды-әксазды қатқабат; N – сазды-әксазды және құмды қатқабат. Тұзүсті мегакешенінің қалыңдығы өзгермелі болып келеді, мұның басты себебі – тұз тектоникасының әсері. Күмбезаралық белдемдерде тұзүсті кешенінің қалыңдығы кейде 15 км-ге жетеді. Керісінше, тұз күмбездерінің төбесіне сәйкес келетін өңірлерде бұл көрсеткіш бірнеше км-ге, тіпті жүздеген м-ге дейін азаяды.
Каспий маңы синеклизасының ең негізгі минералдық шикізаты көмірсутектер екендігі даусыз. Мұнай, газ және конденсат кенорындары тұзүсті түзілімдерінде де, тұзасты шөгінділерінде де ұшырасады. Синеклиза ауқымында бор шикізатының біршама ірі кенорындары бар (Индер және Сатимола кенорындары), ас тұзы мен калий тұздарының кенорындары да ұшырасады (Индер, Элтон, Басқұншақ т.с.с.).
Бақылау сұрақтары.
1. Каспий маңы синеклизасының шекараларын атаңыз және картадан көрсетіңіз. Оның құрылысы, негізгі құрылымдық қабаттары не айта аласыз? Синеклизаның тектоникалық табиғаты жөнінде ғалымдар арасында қандайқандай пікірлер бар?
2. Каспий маңы синеклизасының платформалық тысына тиесілі негізгі кешендерді атаңыз, олардың ерекшеліктері қандай?
3. Каспий маңы синеклизасына тиесілі басты-басты пайдалы қазбаларды атаңыз.
4. Каспий маңы синеклизасының қандай қатқабаттары мұнай мен газ кенорындарына мейілінше перспективалы?
5. Каспий маңы синеклизасының кристалдық іргетас беті қандай тереңдіктерде орналасқан? Аталған беттің тереңдігі тұрғысынан бұл синеклиза құрылысы неге ұқсайды?
6. Каспий маңы синеклизасының платформалық тысына тиесілі тұзасты кешені қандай құрылымдық қабаттарды біріктіреді?
7. Каспий маңы синеклизасының платформалық тысының тұзды мегакешені қандай таужыныстардан тұрады, олардың геологиялық көнегігі және қалыңдығы қандай?
8. Синеклизаның платформалық тысының тұзүсті мегакешенін сипаттап беріңіз (оны құрайтын таужыныстардың көнелігі, құрамы, таралу ерекшеліктері).