4-ші дәрістің тақырыбы: Каспий маңы синеклизасы Шығыс Еуропа (Орыс) көне платформасының құрамдас бөлігі ретінде



бет1/2
Дата28.08.2024
өлшемі20,87 Kb.
#203759
  1   2

4-ші дәрістің тақырыбы: Каспий маңы синеклизасы Шығыс Еуропа (Орыс) көне платформасының құрамдас бөлігі ретінде.

Мазмұны. Синеклиза – аздап қана сопақшаланған немесе теңөлшемділікпен сипатталатын, көлденеңі жүздеген км-мен өлшенетін (ауқымы 60-100 мың км2) теріс мағыналы (ойысқан) платформалық құрылым, яғни көне платформалық тақтаның құрамдас бөлігі. Синеклизаның беткі бөлігі қалыңдығы кем дегенде 3-5 км-ге жететін (кейде 10-20 км-ге дейін жетеді), мүлдем қатпарланбаған немесе азын-аулақ дәрежеде ғана деформацияланған шөгінді, сирегірек жанартаутекті (эффузиялық) таужыныстармен көмкеріліп жатады. Синеклизаның қимасы платформалық құрылымның құрамдас бөлігі ретінде қашан да екі құрылымдық қабаттан тұрады, олардың төменгісі «кристалдық іргетас», беткі бөлігі «платформалық тыс» деп аталады.


Каспий маңы синеклизасының геологиялық болмысы жоғарыда келтірілген анықтамаға толығымен сәйкес келеді, сондықтан бұл тектоникалық құрылым Шығыс Еуропа көне платформасына тиесілі Орыс тақтасының құрамдас бөлігі ретінде қаралады.
Каспий маңы синеклизасы республикамыздың батыс өңірінде орналасқан, ол өзінің географиялық орны тұрғысынан «Каспий маңы ойысы» деген түсінікке сәйкес келеді. Синеклизаның солтүстік-батыс және солтүстік бөліктері Ресей Федерациясының аумағында, алайда оның басым бөлігі байырғы қазақ жерінде. Синеклизаның шекаралары былайша жүргізіледі: батысында – Волгогад флексурасы, солтүстігінде – Жданов және Елек флексуралары, шығысында – Мұғалжар (Орал) қатпарлы жүйесінің батыс шекарасы ретінде қаралатын Сақмар-Көкпекті терең жарылымы, оңтүстікшығысында – Оңтүстік Ембі терең жарылымы, ал оңтүстігінде – Солтүстік Каспий-Астрахань терең жарылымы.
Синеклизаның көлденең қимасы, кез келген көне платформа тақтасының қимасы сияқты, екі құрылымдық қабаттан – кристалдық іргетастан және платформалық тыстан – түрады. Синеклизаның кристалдық іргетасы қарқынды қатпарланған, әр түрлі дәрежеде метаморфтық өзгерістерге ұшыраған карелия және байкал қатпарлығына тиесілі кешендерден құралған, ал платформалық тыс рөлін метаморфтанбаған, салыстырмалы түрде алғанда нашар қатпарланған негізінен шөгінді түзілімдердің қатқабаттарынан тұрады. Соңғыларының геологиялық көнелігі рифейден (соңғы протерозойдан) кайнозойға дейінгі аралықты қамтиды.
Синеклизаның кристалдық іргетасы, шөгінді тыс қабаты астында біршама терең жатуына байланысты, нашар зерттелген. Алайда, геофизикалық зерттеулер нәтижесінде, синеклизаның солтүстік-шығыс бөлігінде оның кристалдық іргетасы өзінің құрылысы мен құрамы жағынан бүкіл Орыс тақтасының іргетасына ұқсас екндігі, орталық бөлігінде көне мұхиттың шет-пұшпақтары ұшырасатындығы, ал оңтүстік-шығыс бөлігінде эпипалеозойлық Тұран тақтасының негізін құрайтын континенттік массивтен тұратындығы анықталған. Осы мәліметтерге сәйкес, синеклиза іргетасының батыс және шығыс бөліктері бір-бірінен заттық құрамы және тұрақтану уақыты жағынан айтарлықтай айырмашылықтармен сипатталады деп жорамалданады. Осы тұрғыдан алғанда, синеклиза іргетасының метаморфтанған негізді құрамды таужыныстар кешенін құрайтын батыс бөлігі қатпарланудың карелиялық фазасының туындысы (алғашқы протерозойдың аяғында) деп шамаланса, оның метаморфтық өзгерістерге ұшыраған қышқыл құрамды таужыныстардан тұратын шығыс бөлігінің іргетасы қатпарланудың байкалдық фазасының (соңғы протерозойдың аяғы, яғни венд кезеңі) нәтижесінде қалыптасқан деп есептеледі. Кейбір ғалымдар батыс бөлік беломор қатпарлығының нәтижесі, ал шығыс бөліктің іргетасы карелидтерден тұрады деп есептейтіндігін де ескерген жөн.
Іргетас бетінің орналасу тереңдігіне байланысты синеклиза аумағында бірнеше аймақтық құрылымдар дараланады. Бұлардың ішіндегі ең ірісі – Орталық Каспий маңы депрессиясы. Ол синеклизаның орта тұсында орналасқан, ауданы 240 мың км2 шамасында. Бұл депрессия синеклиза ауқымындағы ең терең ойысым болып табылады, мұнда кристалдық іргетастың беті 18-23 км тереңдіктерде орналасқан. Депрессия аумағында ауқымы жағынан кішірек екі көтерілім, бір ойысым оқшауланған. Бұл көтерілімдер Хобда және Аралсор көтерілімдері деп аталады, олардың аумағында іргетас бетінің тереңдігі 18-20 км-ге дейін азаяды. Ал аталған ойысымның атауы – Көшім ойысымы.
Орталық Каспий маңы депрессиясы жан-жағынан ернеулік құрылымдармен жиектелген, бұл құрылымдар ауқымында іргетас бетінің орналасу тереңдігі айтарлықтай азая отырып, 5-15 км-ге дейін төмендейді. Және де іргетас бетінің тереңдігі ернеулік белдемдерден синеклизаның орталық бөлігіне қарай бірте-бірте артып отырады, сөйтіп синеклиза өзінің кристалдық іргетасының беткі жазықтығының жалпылама көрінісі тұрғысынан байырғы табақшаны еске салады. Іргетасы онша терең емес (515 км) ернеулік құрылымдардың қатарына жататындар: Солтүстік-Батыс ішкі ернеулік белдем, Шығыс-Каспий маңы белдемі; Солтүстік-Каспий маңы көтерілімі; Астрахань дөңес көтерілімі; Ойысымдардың шығыс шеткі белдемі. Бұл құрылымдардың атауларынан-ақ олардың қандай өңірлерде орналасқандығы анық байқалады. Кристалдық іргетастың біршама ірілеу құрылымдары ауқымында бірнеше тіпті шағын, яки жергілікті құрылымдар дараланады, олар – Алға, Иімбек, Ащыкөл, Бөгембай, Тамдыкөл, Ұтыбай, Гурьев, Новобогат, Астрахань шығыңқылары (выступы) және оларды бірбірінен оқшаулайтын жергілікті ойысымдар. Бұл жекелеген шығыңқылар мен ойысымдар әдетте бір-бірінен әр түрлі дәрежедегі жарылымдар арқылы оқшауланған.
Каспий маңы синеклизасының платформалық тысы өзінің көлденең қимасында үш мегакешенге жіктеледі, олар – тұзасты, тұзды және тұзүсті мегакешендері деп аталады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет