Фация қарапайым бірлік. В.Б.Сочава бойынша фациялардың жіктелуі. Мекен-жай типтеріне байланысты фациялардың бөлінуі. Элювиальды. Супераквальды және субаквальды фациялар.
Фация морфологиялық қатардағы ең төменгі, жіктелмейтін бірлік. Оның тұтастығы белгілі территория шеңберінде қалыптасатын қарапайым үрдістер мен олардың тұтастығымен анықталады. Үрдістердің бірдей болуы – фацияның жер бедерінің бір элементінде немесе пішінінде қалыптасуының нәтижесі. Ол ылғал мен жылудың, жарықтың бірдей таралуының, борпылдақ және байырғы тау жыныстарының литологиялық құрамы бірдей болғанда жүзеге асады. Фацияның бүкіл шеңберінде осындай жағдайлардың үйлесімділігінің нәтижесінде бір топырақ түрі пайда болады, ол генетикалық горизонттардың және үрдістердің жиынтығымен сипатталады.
Топырақтың ұқсастық көрсеткіші - өсімдік жамылғысы. Фация шекарасындағы фитоценоздардың түрлік құрамы бірдей, ал өсімдік топтарындағы тығыздық пен кейбір түрлердің басым кездесуі топырақ құрамы мен жер бедері пішінінде орналасуына тәуелді.
Бірдей климаттық, геологиялық, геоморфологиялық және биогеографиялық зоналық пен азональдық жағдайда дамитын ландшафттың жіктелуіндегі негізгі фактор олардың жер бедері пішінінде орналасуы. Жер бедері элементі ландшафттың көршілес территориядан салыстырмалы биіктігі, беткей экспозициясы, беткей формасы мен еңкіштігі т.б. көрсеткіштері арқылы ерекшеленуі. Жазық территорияларда кешеннің орны микрорельеф формасымен, табиғи дренаж шекарасынан алыс-жақындығына тәуелді.
Көтеріңкі жер бедері формасының өзі ауа массаларының ағынына, желдің бағыты мен жылдамдығына, атмосфералық ылғалдың таралуына әсер етеді. Жел жақ беткейлерге қарағанда ық беткейлерге ылғал мол түседі. Әсіресе қардың таралуында едәуір айырмашылық байқалады: төбешік пен жел жақ беткейден қар ұшып ойыстарға жиналады да жоғарғы бөлікпен салыстырғанда 2-3 апта көп жатады. Беткей еңкіштігіне байланысты атмосфераның жергілікті циркуляциясы пайда болады; түнде суыған ауа төменге соғып температура инверциясын тудырады.
Күннің тура радиациясының жыл мезгілдері бойынша таралуы да беткей экспозициясына тікелей бағынышты. Жер бедері формасы мен еңкіштігі су ағынының қарқындылығына, еріген зат шығынына, аналық тау жыныстарының шайылуына осының салдарынан борпылдақ тау жыныстарының құрамына, топырақтың механикалық ерекшелігіне ықпал етеді.
Сонымен, әртүрлі мекен-жайлар бір-бірінен жылу мен ылғал режимінің, минералдық заттардың кірісі мен шығынының қарым-қатынасы арқылы ерекшеленеді. Сондықтан бір ландшафт шекарасында біртекті субстраттағы мекен-жайларға бірдей экологиялық жағдай немесе экотоп, бір биоценоз тән. Сөйтіп, біртекті мекен-жайдағы өсімдік пен жануар түрлері органикалық емес орта компоненттерімен қарапайым географиялық кешен - фацияны қалыптастырады.
Тірі организмдердегі клетка іспеттес фация ландшафттың алғашқы энергия көзі мен геохимиялық ұясы, яғни фация шеңберінде зат пен энерия айналымын, айналымның тасымалдану бағытын, сондай-ақ тірі организмдердің биогеохимиялық “жұмысын” зерттеу басталады. Бірақ, фацияны зат пен энергия айналымы тұйық автономды жүйе деп қарастырмау керек. Фация жер бедері қимасында бір-бірін заңдылықты алмастырып отыратын фация қатарын құрайды.
Фациялардың әр алуандығы оларды белгілі бір жүйеге келтіруді талап етеді. Бір ландшафт шеңберінде фацияларды жүйелеу үшін В.Б.Сочава мен А.А.Крауклис фациялық қатардың факторлы-динамикалық принциптерін дамытты. Факторлы-динамикалық қатардың негізгі маңызы ландшафттардың зоналық, секторлық және биіктік ерекшеліктеріне байланысты әрбір жекелеген ландшафттағы фондық “норманы”, яғни фацияларды анықтау. Мұндай “норма” немесе эталон құрғақ, құмайтты топырақ жамылғысында орналасқан байырғы плакорлық фациялар бола алады. Көптеген физгеографиялық үрдістердің ықпалында дамитындықтан, яғни нормалық деңгейден ауытқитындықтан, қалған фациялар әртүрлі фактор бойынша қатарларға топталады. Көпшілік жағдайда, мысалы, субстраттың, ылғалдану процесінің ерекшелігіне байланысты қатарларға топталады. Дегенмен, әртүрлі қатарлар бір-бірін жауып отыруы мүмкін, өйткені фациялардың қасиеттері тек бір фактормен анықталмайды.
Фациялар классификациясын құрастырғанда оның дамуында айқындаушы маңызы бар көрсеткіштер алыну қажет. Олар фациялардың тұрақты белгісі болып, барлық болмаса да көптеген ландшафттарда қолданылуы тиіс. Бұл шартқа орографиялық қиманың элементі ретінде – оның орналасқан орны сәйкес келеді. Сондықтан жекелеген, нақтылы ландшафттарға сәйкес келетін фация типтерін анықтау үшін олардың мекен-жай типтерін анықтауда Г.В.Высоцкий 1906 жылы орографиялық қиманың төрт типін ажыратуды ұсынған: а) жер асты сулары тереңде орналасқан су айрықтар мен беткейлер (плакорлар); б) су айрықтық қолаттар; в) жер асты сулары жер бетіне жақын орналасқан беткейлердің төменгі бөлігі; г) жер асты сулары шығып жатқан ойпаңдар.
Кейіннен ландшафттар геохимиясы туралы идеяны дамыта отырып Б.Б.Полынов табиғи компоненттердегі химиялық элементтердің миграциясын зерттеп қарапайым ландшафттардың үш қатарын ажыратты: элювиальды, супераквальды және субаквальды.
Элювиальды фациялар көтеріңкі су айрықтық мекен-жайларда орналасады да жер асты сулары өте тереңде жатқандықтан өсімдік жамылғысы мен топырақ түзілу үрдісіне әсерін тигізбейді. Мұндай фацияларға керекті заттар тек жауын-шашынмен, шаң-тозаңмен, яғни ауа қабаты арқылы жеткізіледі, ал шығын төменгі топырақ қабатына сіңетін су ағыны арқылы жүзеге асады. Олай болса шығын мөлшері оның кірісінен артық болуы тиіс. Сондықтан, топырақ жамылғысының жоғарғы қабаты сілтісіздендіріледі де біршама тереңдікте иллювиальды горизонт пайда болады. Жоғарғы топырақ қабатының үздіксіз шайылуы нәтижесінде топырақ түзілу үрдісі біртіндеп төменгі қабаттарға ауысады.
Супераквальды фациялар жер асты сулары жер бетіне жақын орналасқан мекен-жайларда қалыптасады, буланудың нәтижесінде еріген қоспалар жоғарғы қабатқа жиналады. Осының салдарынан топырақтың беткі қабаты қосымша элементтермен толығады.
Субаквальды фациялар суаттардың түпкі қабатында қалыптасады. Әртүрлі элементтер ағын су арқылы жиналады. Бұл мекен-жайлар құрлықтағы мекен-жайлардың органикалық қалдықтарының минералдық құрамы арқылы ерекшеленеді; қара шіріндінің орнына мұнда сапропелдер пайда болады.
Ландшафттардағы фациялардың алуан түрлілігі гидротермикалық жағдайдың ауысуымен, топырақ пен тау жыныстарының физикалық және химиялық қасиеттерінің өзгеруімен, экзогенді үрдістердің қарқындылығымен және адамның шаруашылық әрекетімен байланысты. Топырақ пен тау жыныстарының ылғалдылығы мен температуралық режимі төсеніш бетке жақын ауа массаларының температурасы мен ылғалдылығына, жер бедерінің пішініне, беткейдің абсолюттік биіктігіне, экспозициясына, топырақ пен аналық жыныстардың механикалық құрамына, жер асты суларының тереңдігіне, су көздері мен су қоймаларының алыс-жақындығына да байланысты болады. Әртүрлі мекен-жайлардың арасындағы абсолюттік биіктік айырмашылығы неғұрлым үлкен болса, температура мен ылғалданудағы айырмашылық соғұрлым көп болады. Бірдей жылу мен ылғал түсетін беткейдің тау жыныстары мен топырақтары да су және жылу режимі бойынша бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Топырақ қабатының ылғал сыйымдылығы мен жылу режимі бір-біріне тәуелді: ылғалы мол топырақтың жылуына қажет жылу да көп. Сол себепті бір беткейдегі саздар, саздақтар мен құмдардың жылу мен ылғал сыйымдылық көрсеткіштері әрқалай: саздар саздақтарға, саздақтар құмдарға қарағанда суық.
Тау жыныстарының литологиялық құрамы тек қана олардың су, жылу қасиеттеріне әсер етіп қоймай, фациялардағы зат ағыны мен осы айналымның химиялық құрамына да әсер етеді. Жыныстардың құрамы химиялық элементтердің миграциясы өтетін геохимиялық жағдайдың типін анықтайды (қышқылды ма, сілтілі ме). Химиялық элеметтер қышқылды немесе сілтілі ортада миграцияға ұшырайды. Бір жағдайда олар жылдамырақ қозғалып, тез шайылса, екінші бір жағдайда шоғырланады да аномальды аймақтарға айналады.