15.1 Ұлттық- мәдени деңгейдің құрастырушы бөліктері 15.2 Ұлттық -мәдени деңгейді танытуда ым, қимыл, ишараның алатын орны Дәріс 15-16 Ұлттық мәдени деңгейді танытуда ым, қимыл, ишараның орны Адамдар бірімен бірі сөйлескенде өз ойларын, көңіл-күйлерін тілдесім әрекеті арқылы беруде сөзбен ғана қарым-қатынас жасап қоймай, сол сөздеріне демеу болатын көмекші құралдарды да пайдаланады. Ондай көмекші құралдар қатарына ым, қимыл, ишаралар жатады. Зерттеуші ғалымдардың пікіріне қарағанда, сұхбаттық тілдесім кезінде сөзбен қарым-қатынас жасаудан гөрі ыммен, қимылмен, ишарамен өз ойын беру басымдылыққа ие көрінеді. Тағы бір қызық нәрсе дыбысты сөзден бұрын ым пайда болған. Адамды сөйлеуге жас кезінен, бала шағынан бастап үйретеді. Ал ым мен қимылға ешкім үйретпейді. Оның мағынасын ешкім ашып түсіндірмесе де, әрбір адам оны дұрыс түсінеді және өз сөзінде ретімен пайдалана да алады. Мұның мәнісі - ым, қимыл, ишаралардың адамдардың сұхбаттаса тілдесімі барысында елеулі орны бар көмекші құралдар екендігі. Олар сөзбен жасалған қарым-қатынасты демеп отырады, кейде тіпті оны нақтылайды да.
Ал осы көмекші құралдардың зерттелу тарихына үңілсек, оларды оқып үйренуге ден қою тек ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан ғана басталады. Бұл мәселені арнайы зерттеу нысанына айналдырғанға дейін ым тілі туралы Чарльз Дарвиннің «Выражение эмоций животными и человеком» атты еңбегінде айтылғанын көптеген ғалымдар пікірі растайды. Зерттеушілер миллионға жуық ым мен ишаралық белгілерді анықтаған. Ым, қимыл, ишара тілі айтушыға өз сезімін толық беруге мүмкіндік туғызады. Сұхбаттастардың тілдесім кезінде пайдаланған көмекші құралдарына (ым, қимыл, ишара) қарап, олардың ішкі жан дүниесінен хабардар болуға, сұхбаттас-серіктестердің бір біріне қарым-қатынасын көруге болады. Айтушы сезімінің негізгі көрсеткіші - оның беті, бет әлпеті арқылы көрсететін ишарасы.
Л.А.Введенская, Л.Г.Павлова, Е.Ю.Кашаевалар өздерінің «Русский язык и культура речи» деген еңбектерінде Н.Кошанский атты ғалымның мына пікірін келтіреді: «Нигде столько не отражаются чувства души, как в чертах лица и взорах, благороднейшей части нашего тела. Никакая наука не дает огня очам и живого румянца ланитам, если холодная душа дремлет в ораторе... . Телодвижения оратора всегда бывают в тайном согласии с чувством души, стремлением воли, с выражением голоса»,- деп жазды.
Сұхбаттық тілдесім үстінде қолданылатын ым, қимыл, ишараларды жүйелі әрі кешенді зерттеген еңбектер көп-ақ. Оны әр ұлттың тіліне қатысты айтуға болады. Мысалы, Т.М.Николаева, Г.В. Колшанский, А.А.Акишина, Т.Е.Акишина, Н.И,Смирнова, С.С.Татубаев, Т.Т. Железанова, А.В.Филиппов орыс тіліндегі ым, қимыл, ишараларды қарастырған. Қазақ тіл білімінде де ым, қимыл, ишара сияқты көмекші құралдарды зерттеген ғалымдар бар. Мысалы, С.С.Татубаев қимылды өнердің құрамдас бөлігі деп қарастырса, Б.Момынова, С.Бейсембаева атты ғалымдар ым мен ишараның қазақша-орысша түсіндірме сөздігін жасады.
Ым, қимыл, ишаралардың сұхбаттық тілдесімге оқытудағы орны туралы Т.М.Николаева өзінің «Невербальные средства человеческой коммуникации и их место в преподавании языка» атты еңбегінде: «Прежде всего необходимы точные и единообразные системы описания невербальных средств коммуникации разных национальных культур»,-деп жазды.
Сұхбаттық тілдесім кезінде адамның сөзін демеп отыратын көмекші құралдардың түрлерінің әрқайсысының адамның сөйлеу тіліне өзіндік ықпалы мен көмегі бар. Орыс ғалымдары Л.А.Введенская, Л.Г.Павлова және Е.Ю.Кашаева: «Язык мимики и жестов позволяет говорящему полнее выразить свои чувства, показывает, насколько участники диалога владеют собой, как они в действительности относятся друг к другу»,-деп жазса [45, 201-б], қазақ лингвист-ғалымдары Б.Момынова мен С.Бейсембаева: «Сөйлеу тілі- ақпарат берудің, ақпарат жеткізудің сан түрін, атап айтқанда, тілдік және тілдік емес, тілден тыс өзге де каналдарын, олардың әрқайсысына тән өзіндік ольфакторлық, тактильдік, көзбен көруге болатын,құлақпен еститін, т.б. амалдары мен тәсілдерін іс жүзінде пайдалануға болатындығымен ерекшеленетін күрделі құбылыс»-деп жазады.
Шынында да, ым, ишара бізге өз серіктесімізді жақсы түсінуге, оның сезім иірімдеріне үңілуге көмектеседі. Алайда тілдесім үстінде адамдар сөзінің тыңдаушысына түсінікті болуы үшін сөзбен бірге дене мүшелерін де қатар пайдаланатынына өздері де көп жағдайда жете мән бере бермейді. Ғылымда да, әсіресе қазақ тіл білімінде бұл сала аз зерттелген құбылыстар қатарынан саналады. Мысалы, қасты көтеру, көзді бақырайту, еріннің салбырауы, ауыздың ашылуы таңғалуды білдірсе, қастың төмен түсуі, маңдайға әжімнің жиналуы, тістену, еріннің жымырылуы, реніштің, ашулана бастаудың белгілері көрінеді. Әңгімеге қатысушы сұхбаттастар ең әуелі бірі екіншісінің бет әлпетіндегі құбылысты түсініп, ажырата білуі тиіс. Бұл үшін өзі де ым, қимыл элементтерін жақсы білуі керек.
Осыған орай әр адам өзінің бет бейнесіндегі өзгерістерді жіті қадағалап, қандай жағдайда қасы қозғалады, қандай жағдайда ернін жымырады не төмен түсіріп, я көтереді, қайткенде маңдайы жиырылатынын білуі қажет. Егер сіз үнемі қабағыңызды түйіп, маңдайыңызды жиырып, әжім жинап жүретін болсаңыз, онда қабағыңызды ашып, маңдайыңызды жазып жүруге әдеттенген абзал. Өзіңіздің жасаған ым-ишараларыңыздың анық, дәл беріліп, сөйлеген сөзіңізбен астасып жатуы үшін айнаның алдында адамның көңіл күйінің әртүрлі сәттерін беретін (қайғылы, көңілді, күлкілі, жек көрушілік, жабыраңқы, мейірімді т.б.) белгілерді жасап үйрену артықтық етпес еді.
Ерте кездегі атақты шешен Демосфен: «Жақсы шешен болу үшін не керек?»-деген сұраққа: «Қимыл, қимыл және қимыл»,- деп жауап берген екен.
Қимыл – тілдесім кезіндегі ең жиі пайдаланылатын көмекші құралдарының бірі. Олар дыбыс арқылы айтылған сөзді нақтылап, оған көмекшілік қызмет үстемелейді, айтушының сөзіне айшықтылық қосып, тыңдаушысына өзінің көңіл-күйінен де мәлімет береді. Қимыл элементтері кейде сөзді алмастырады: мысалы, бас изеу – келісімді, басты оң мен солға бұру келіспеушілікті, қол бұлғау қоштасуды білдіреді.