Тарихи роман және әдет-ғұрып, салт-сана.
Дәріс мазмұны:
1.Тарихи романдарда әдет-ғұрыптың суреттелуі.
2.Тарихи романдарда салт-сананың көрінісі.
3.Тарихи роман және елдік дәстүр.
Халықтың қамын күйттеген үлкен оқиғаларға кірісер алдында елдің тақта отырған, ел бастаған, қол ерткен, сөз ұстаған жақсы-жайсаңдары бас қосып, пәтуа байланысып, ант ішетін рәсімі болған. Тарихи роман өзі суреттеп отырған кезеңнің осындай ғұрпын айнытпай берсе ғана қуатты. М.Мағауиннің «Аласапыранында» Тәуекел хан құрылтайда негізгі мәселелерді шешкен соң, қалға сайлауын өткізеді. Ант ішудің рәсіміне арнап, құрбандыққа мал шалынады. Сонад кейінгі жайды Мағауин: «Бауыздау рәсімі біткен соң, сұлтан, оғлан батыр, би атаулы тегіс, жасының үлкен-кішісіне, жол-жоба ыңғайына қарай, кезектесе келіп, астаудағы буы бұрқыраған қызыл қанға он саусағының ұшын бірдей сыласты, саусағын батырғандары кезектесе келіп, Тәуекелдің қолында тұрған үлкен көк ала сырлы шара аяқтағы қымыздан бір бір ұрттап өте берді. Ең соңында Ораз-Мұхаммед, онан кейін ханның өзі ант ішу рәсімін жасап еді» («Аласапыран», «Жазушы», 1988.19-20-б), - деген жолдарды оқимыз.М.Мағауин ежелгі қоғам жарысын, үрдісін жіті жанарынан қалдырмайтын ықтиятты қаламгер.
Күнәдан екінші біреудің не өзінің ақтығын айғақтап, басындағы бағы, алдындағы малы, кеудесіндегі жанынан безіп ант беретін аса күйзелісті, абырой, данқына сын болған сәтті қазақтың небір марқасқа ұлдары басынан кешірген. «Үркерде» Барақ, Батыр сұлтандар Әбілқайырдың беделін түсіріп, қара есекке теріс мінгізуді көздеп, қара ниетті операция ұйымдастырады. Әбілқайыр Ордасының қонағы Сергей Костюковқа (Сартайлақ) Зердебай зергердің қызы Торғанды зорлап, «абыройын төкті» деп айып тағылады. Әбілқайыр өзі қалап шақыртып алған ақ патша елшілігінің қызметкерлерін «күнаһар» санап, өз қолымен бүлікшіл арам пиғылды топқа ұстап беруге қарсылық көрсетеді. Оны берсе, күллі елшіліктің адамдарын қара ниеттілердің алдауына түскен қараңғы жұрт ауыр жазалауы хақ. Соңғы, байтал түгіл бас қайғыға айналып, күллі халқын ұрынарға қара таппай отырған орыс империясының қанды қылышына байлап беруі мүмкін. Батыр сұлтанның зымиян айла-амалдарынан бейхабар ол, Зердебай үйінен шықпайтын Сартайлақтың күнәлі-күнәсіз екеніне толық көзі жетпеседе оның ақтығына ант беруге белін бекем буады. «Қызыл үйік» - «Дәурен биік» басындағы ата-баба зиратында өзін салмақты ұстап, антында тұрады, «сынақтан» сүрінбей өтеді. Екі анттың шарты бес саусақтын ұшын құрбандыққа шалынған жылқының жасқанына малу, хан қолындағы шарадан қымыз ұрттау, женді білектей ала арқанды басып өткенде оның қозғалмауы – аса ауыр, арты басты жұтатын ауыр қылмыстан сақтануға не ақталуға негізделген. Дала заңы берген антына күмән тудырса, ол хан мейлі, қара мейлі-гүжбан қара, айбұйырын сақтай алмаған қалындығын екі асаудың құйрығына байлатып жібереді. Жаза ауыр, талап тым қатал көрінгенімен, салқын ақылды оқырман осы процестің астарында Әбілхайырға құрылған торды сезіп отырады.
Қазақ тарихы романдарынан тұрмысқа, салтқа қатысты экзотиканы мол ұшыратамыз. «Үркерде» Әбілқайырға тарыққанда ақыл қосып, төңірегіне жұртты үйіретін, көңілін демеп, асқанда алқының бастыратын Мәті биді ұшыратамыз. Заманында қол бастаған батыр, енді дүйім жұртты аузына қаратқан дуалы ауыз, қабырғалы би. Хан, би, батыр да құтты мешітінен дәм татып, жайғасып жатып, шелденіп қайтады. Сол Мәтінің құтты мешітін Әбіш былайша суреттейді: «Әуелден қызылды-жасылды жиһаз жиып, дәулет қуып көрмеген батырдың үйі кейінгі кезде тіпті жұтаң тартыпты. Керегенің, бау-шудың бояуы оңған. Киіздің ішінен ұсталған ши түйте-түйте. Төрге тастай салған қара текемет те аяқасты боп әбден іріп тұр. Оң жақта тас келі мен томар келсап. Сол жақ босағада астындағы жез легенге тырс-тырс көк су тасшылатып қозы қарын сүзбе ілініпті. Үй ішінен күңірсіген сыз иісі, өңез исі шығады» («Үркер». «Жазушы», 1981.25-б.). Бір ішері, үй жабдығы, олардың қай жерде қалай орналасқаны, қазіргі жай-күйі баяндалады.
Көне ғасырлардың этнографиялық колоитін айнытпай беру жағынан І.Есенберлиннің алғырлығы барша қазақ қаламгерлеріне үлгі-өнеге. Ол шығармасына қай ғасырды объекті етсе де онда өмір сүрген адамдардың киім киісін, сол киімдердің қандай материялдардан тігіліп, жергілікті ерекшеліктердің ескерілуі, сәндік белгілерін, кісінің сыртқы бітім тұлғаларына үйлесімін, ақыры сол киімдеріне сай адамның қимыл-әрекет, бет құбылысын суреттеуге келгенде мәті би.
Қазақ ежелден-ақ үрім-бұтағын ешкімнің алажібін аттамауға, қиянат қылмауға тәрбиеленген. Қиянаткерді, ата-баба дәстүрін бұзғанды, басқа тұрмақ, әкесі баласына да көшпеген. Қолын теріс жайып, теріс батасын беруге жүрегі қаймықпаған. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы біреудің айттырған қалындағын аздырып, біреудің қызығын лайлап, жұртты дүрліктіріп, намысын таптағаны үшін Құнанбай немересі Әмірдің «шолжандығын» кешпей, «шіріген жұмыртқасын» өз қолымен буындырып өлтіруден құдай жолын ұстанған қажы қорықпаған. Әмірді өлімнен құтқаруға ара түскен Абайды да Құнанбай қоса қарғағаны мәлім. Ұлы ақын онан тіксініп теқалады. Жаудан, тірліктің бар ауыртпалығынан беті қайтпаған қазақ қарғыстан басын ала қашқан. Тарихи романдарда қарғыс көркем характердің ішкі мазмұны ашу үшін, кейіпкердің мынау күнәһар дүниеде жіберген ең үлкен қатесін, қиянатын сезініп, мойындауға пайдаланатын көркем компанент.
Бақылау сұрақтары:
1. Тарихи романдарда әдет-ғұрыптың суреттелуі.
2.Тарихи романдарда салт-сананың көрінісі.
3.Тарихи роман және елдік дәстүр.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Жанр сипаты. «Ғылым». Алматы, 2000. 125-129 б.
2. Жұмалиев Қ. Стиль-өнер ерекшелігі. «Жазушы» Алматы, 2001. 295-300 б.
3. Затонский Д. Искуство романа и ХХ век. «Художественный литературы». М., 2002. 295-300 б.
4. Историка-литературный процесс (Проблемы и методы изучения). «Наука». Л., 2004. 111-115 б.
5. Исенов А.Х. Мастерство психологического анализа. Алма-Ата, 2005. 214 б.
6. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы (Жанрлық спецификасы. Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер. Тарихилық сипаты. Поэтика) «Ер –Дәулет» басп. Алматы, 1996. 38-42 б.
Дәріс 11-12. Тарихи роман және тілді қолдану ерекшелігі.
Дәріс мазмұны:
1. Тіл – халқымыздың рухани құнары.
2.Тарихи романның тілі.
3.Жазушыларымыздың тілді қолданудағы ізденістері.
4.Тіл – шығарма тарихилығының өлшемі.
Ұлттық тіл байлығы өрнегі, ырғақ-сазы, сөзжасамы, қолданылу мүмкіндігінен жұртымыздың рухани құнарын шамалауға болады. М.Пархоменко: «В размерах богатство и степени гибкости того или иного национального языка, в его способности передавать разнообразные оттенки человеческих чуств, глубину и высокий полет мысли столь же не сомненно сказывается национальный гений, одаренность народа» («Дружба народов», №7, 1957. Стр. 201-202), - деп жазғаны тарихи романдардың көркемдік арсеналына қаратып айтылғандай. Европаның өркениетті елдері баланы шешендік өнеріне баулитын арнаулы мектеп ашып, азапқа түссе, қазақ баласы әріге бармай, отбасынан-ақ сөз өнерін жүрегіне дарытады. Әйтпесе, қандай қиын түйінді де «бауыздап» айтатын Әйтеке, «ұшалап» айтатын Қазыбек, «мүшелеп» берер Төле билер ешбір мектеп, гимназия, лицей, колледж, университет есігін ашпағаны әмбеге аян. Бір қызығы, шешендер, билер сөзі әрі қысқа, әрі нұсқа, қисынды да дәлелдеулі қажетсінбейтін бітімі сом болып келеді. Сондай шеберліктің үлгісін Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романындағы билер сөзінен келтіруге болады. («Үркер». «Жазушы». Алматы., 1981. 83-б). Әбіштің билері - заман көшін бастаған көсемі, елдің ұйтқысы, ұраншысы, идеологі. Жұрт тек солардың аузынан шыққанды құран сөзіндей көрген, ұйыған, отқа, суға бастаса да көз жұмып, тәуекел еткен.
Әр дәуірдің өзіне қатысты сөздік қоры, сөйлеу ерекшелігі болады. Ұлттық кейіпкерлердің бет-пішіні, сыртқы бітімі келіп тұрғанымен, шығарманың колориті, бояуы келіспей жатса, тарихи туындыға үлкен мін.
«Көшпенділер» трилогиясындағы көне сөздер: ірбіз (леопард), ерат (әскер), пандама (ел басқару жөніндегі насихат кітабы), импрам (тобыр), алан (атты әскер құрамы), инал (шешесі хан тұқымы, әкесі қарадан шыққан адам), қорен (әскер бекінісі). «Елім-айдағы» жер аттары: Садыр қамалған бұлақ (Ақбұлақ), Сұмқайтты, Әбілқайыр сайы, Аңырақай т.б. «Жібек жолындағы» тарихи жер атаулары: Інжу үгіз (Сырдария), Жойқындария (Амудария), Харчук (Қаратау), Ақыраш (Балқаш); көне сөздер: отыз оқ (мыңдық сан), уеуршана (тәжіктер мемлекеті), Жаһұт (якуттар). «Үркерде» сөз жасау бұрын пайдаланудан шығып қалған сөздерді тірілту мақсатымен тікелей байланысты болғанын аңғарамыз: кермар (шәлкем-шәліс), миясар (шебер), бүкіржік (көтерем), хлаузы (өтеуі), инау (ру басыларына берілетін атақ), ғұлом (арнайы әскер); «Елең-алаңдағы» көне сөздер: тептерлер (татарлар), бобылдар (қызметшілер), ракрут (жазасына байланысты әскер қатарына тартылғандар), боки (желу, қараң су, топан су), мадиықтанып (іштей риза болып), құлтасы (бүккені) т.б. Мұндай заманына, уақытына қарай қолданылған сөздер мен тіркестер қатары «Қан мен терде» де жиі ұшырасады. Осыларды сараптау үстінде көңілге түйгеніміз, жазушылар халықтың сөз қолдану ерекшеліктеріне нұқсан келтірмеген. Жаңа сөздерді енгізіп, қолданыстан шыққан сөздерді тірілту – тарихи принциптерден айнымай, шығарманы демократияландыра түсу мақсатын көздеуден туған заңды әрекеттер.
С.Мұқановтың «Ботагөзі», М.Мағауин «Аласапыраны», Х.Есенжановтың «Ақ Жайығы», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркері» жазу барысында бұйрық, рапорт, шағым, хабарлама, ресми хаттар, күнделік тәрізді документтерді т.б. осы мақсатта ұтымды пайдаланған. С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», М.Дәулетбаевтың «Қызыл жар», І,Есенберлиннің «Алтын Орда», «Көшпенділер», С.Сматаевтың «Елім-ай», Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», Б.Алдамжаровтың «Ұлы сел», С.Шәкібаевтың «Көтеріліс», Қ.Салғариннің «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы»- тарихи-көркем, дкументті романдар қатарына жатады. Олардың стилі табиғатына лайық. Аталған туындыларда бәрі бар, бірақ көркем туындыға қажетті принциптердің біреуі көп, келесі кемшім түсіп жатуы да мүмкін. Әйтсе де, документті романдардың уақытқа қызмет еткенін естен шығармағаныңыз жөн.
Шындыққа жүгінсек, жекелеген сөздері болмаса, Дүкенбайдың лексиконы негізінен ХІХ ғасырға жақын да, І.Есенберлиннің суреттеп отырған дәуіріне тереңдеп барғанын байқаймыз. Ал, М.Мағауин объектісін «таза қолмен», мол дайындықпен игерген. Әр киіпкердің сөзін оның характерлік болмысына шақтап, мөлшерінен асып, не кем соғып жатпауына бар күшін салған. ХV-ХVІ ғасырдағы аламанды М.Мағауин: «Толқи құбылған құлақты алтын дулығасының ұшына шоқ үкі қадалған, кеудесіне бедерлі шарайна, құрыш көбе, білегіне болат қоллық, аяғына темір тізелік, топсалы бұтырлық киген, омырауы даладай, суық жүз, қыр мұрын, қалың қабақ, қияқ мұртты жас жігіт бастаған аламандар тобы» («Алысапыран». «Жазушы»), -деп сипатталған. Елең еткізері,құрыш, болат, темірмен құрсанған қазақ әскері сол ғасырда-ақ осал болмаған. Кешегі Еуразияны алып жатқан мемлекет алтын ордадан бөлініп шыққан қазақ хандығы қол жасақтауда ешкімнен олқы соқпаған. Қаруға қат металдар-жамбасында... Жергілікті қаңлы, қатаған, дулат, қоңырат тау қопарып, тас уатып, жер тамдар қазып, темір, болат ағызуға көнігіленген. Дала жауынгерлері сатақтар атуға ған емес, атқан оғын нысанаға дәл тигізуді шебер меңгеріп, оқтын не түрін ойлап тауып, жетілдіріп отырған. Ораз – Мұхамет жастайынан аламандыққа қапысыз баулынған, жауынгерлік мектебінен өткен сақа боз бала.
Бақылау сұрақтары:
1. Тіл – халқымыздың рухани құнары.
2.Тарихи романның тілі.
3.Жазушыларымыздың тілді қолданудағы ізденістері.
4.Тіл – шығарма тарихилығының өлшемі.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Жанр сипаты. «Ғылым». Алматы, 2000. 125-129 б.
2. Жұмалиев Қ. Стиль-өнер ерекшелігі. «Жазушы» Алматы, 2001. 295-300 б.
3. Затонский Д. Искуство романа и ХХ век. «Художественный литературы». М., 2002. 295-300 б.
4. Историка-литературный процесс (Проблемы и методы изучения). «Наука». Л., 2004. 111-115 б.
5. Исенов А.Х. Мастерство психологического анализа. Алма-Ата, 2005. 214 б.
6. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы (Жанрлық спецификасы. Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер. Тарихилық сипаты. Поэтика) «Ер –Дәулет» басп. Алматы, 1996. 38-42 б.
Дәріс 13-14. Тарихи романның сөздік қоры.
Дәріс мазмұны:
Әр дәуірдің лайық сөздік қоры болатыны.
Жазушы және сөздік қор, сөздік қордың «алтын сандығы».
Кейіпкер тілін тарихи принципке сәйкес берудің ішкі заңдылықтары.
Тарихи романдарға қатысты компоненттердің ішкі заңдылықтары.
Сөздің дәмін кіргізіп, сюжеттік желіні ширатуға мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі.
Әр дәуірдің өзіне қатысты сөздік қоры, сөйлеу ерекшелігі болады. Ұлттық кейіпкерлердің бет-пішіні, сыртқы бітімі келіп тұрғанымен, шығарманыңколориті, бояуы келіспей жатса, тарихи туындыға үлкен мін. Демек, халықтың өзін ғана тән ұлттық ерекшеліктерін нәзік сезіне түсу үшін тілін уақытына үйлестіре берудің маңызы бар. А.Толстой «Бірінші Петр» романын жазу барысында кейіпкер өмір сүрген көздің тілін меңгеруге қанша тер төккені соның жарқын мысалы. Біздің тарихи романдардан тілдегі осындай ізденіс, зерттеу, көнеге қызығушылық аңғарыла ма?.. Күдіктенушінің қисыны жоқ. І.Есенберлиннің «Алтын Орда», «Көшпенділер», Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», «Жаушы», С.Сматаевтың «Елім-ай», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», М.Мағауиннің «Аласапыран» дүниеге келер кезінде қазақ тіл білімі, әдебиеттану, әдебиет тарихына өріс ашып, бұрынғы бимәлім әлемге барлау басталған-ды. Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері оқылып, Махмұт «Түркі тілінің сөздігі», «Моңғалдың құпия шежіресі», Рашит-ат-диннің «Жылнамалар жинағы», З.Бабырдың «Бабырнамасы», Дулат Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди», Әбілғазының «Түрік шежіресі», Ұлықбектің «Сұлтандар шежіресі», Қадырғали би Қасым-ұлының «Жылнамалар жинағы, Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» т.б. басылыпы шығып, ел игілігіне айнала бастаған. Ғасырлар сеңі сөгіліп, ІХ, ХІІ ғасырларда ғұмыр кешкен бабалар рухымен табыса бастадық. Біраз қаламгерлер бұрынғы СССР көлемінде, Таяу Шығыстағы архивтерді ақтарып, тарихи деректермен бірге тілдік өрнек, көне дәуір эпосы, этнографиясы, этикасын, ономастика, топонимикасына қатысты мол материалдар жинады. Оған мысалдар жетіп-артылады. Мәселене, «Алтын Орда» романындағы кейбір көне сөздер: инақ (бағынышты қызметкерлер), маңғыла (әскердің алғы шегі), құма (шексіз әйел), муллит (дінсіз), найб (ханның орынбасары), ертеле (тыңшы); жер аттары: Танс (Дон), Үзі (Днепр өзені), Либке (Литва), Қоялық, Лабасы (Жетісудың көне аты), Самур (Самар өзені), Іржі(Арыс өзені), Шаңғы Тара (Тюмень қаласы), Есір (Есіл өзені) т.б. «Көшпенділер» трилогиясында көне сөздер: ірбіз (леопард), ерат (әскер), пандама (ел басқару жөніндегі насихат кітабы), импрам (тобыр), алан (атты әскер құрамы), инал (шешесі хан тұқымы, әкесі қарадн шыққан адам), көрен (әскер бекінісі). «Елім-айдағы» жер аттары: Садыр қамалған бұлақ («Ақбұлақ», «Сұмқайтты», «Әбілқайыр сайы», «Аңырақай») т.б. Мұндай жер аттары ескі атауымен барлық тарихи романдарда ұшырасады. Осыларды сараптау үстінде көңілге түйетініміз, жазушылар халықтың сөз қолданы ерекшеліктеріне нұқсан келтірмеген. Жаңа сөздерді енгізіп, қолданыстан шыққан сөздерді тірілтуі – тарихи принциптерден айнымай, шығарманы демократияландыра түсу мақсатын көздеуден туған заңды әрекеттер.
Тарихи романдарда қазақ қаламгерлері әскери-әкімшілік, әскери-техникалық, әскери-теориялық терминдерді де ретімен қолданған. Біраз тарихи романдардағы оқиғалар Қазақстанның орыстар басымырақ қоныстанған аймақтарында өтетіндіктен, әскери-әкімшілік терминдер қазақ тіліне аударылмай, со қалпында орыс тілінің транцкрипциясымен беріледі. Ол сөздерді, терминдерді ұлттық тілге аударса мәтіннің әрі қатып, құлаққа тосын естілуі де мүмкін. «Бөтен сөзді» текстке сіңіріп жіберудің тәжірибесін классик жазушы Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романынын да табуға болады. Ол: іздрасти, шампанский (қымыз), маржа (әйел), мақан (ет), құрсақ прапал, кібитке (үй) сөздерін аудармай, қазақтың дыбысталу ерекшеліктеріне бағындыра сәл өзгертіп, төл сөзге айналдырып жіберген.
Жалпы өткен дәуірлердің белгілі тарихи тұлғалары туралы шығарма жазғанда олардың өміріне қатысты қызықты айғақтар, сол тарихи адамдар жөнінде ел аузында қалған әңгімелер мен аңыздар, документтер жазушыға характер сомдауда, замана сырын ұқтыруды өлшеусіз пайдасын тигізерлері сөзсіз. С.Мұқановтың «Ботагөз», М.Мағауиннің «Аласапыран», Х.Есенжанов «Ақ Жайық», Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркерін» жазу барысында бұйрық, рапорий, шағым, хабарлама, рхаттар, күнделік тәрізді документтерді т.б. осы мақсатқа ұтымды пайдаланған. Тарихи романдар қай заман оқиғасын сипаттаса сол ғасырдағы сөйлеу стилін, сөз қолданысын берік сақтағаны жөн. Сөздік қорындағы сөздерді де ұтымды пайдаланбас, оқиғалардың, кейіпкерлердің реалдылығына нұқсан келтірмек. Шындыққа жүгінсек, жекелеген сөздері болмаса Дүкенбай Досжановтың «Жібек жолы» романының лексиканы негізінен ХІІІ ғасырдан гөрі ХІХ ғасырға жақын да, І.Есенберлиннің суреттеп отыратын дәуіріне тереңдеп барғанын байқаймыз. Ал, М.Мағауиннің «таза қолмен», мол дайындықпен игерген. ӘР кейіпкердің сөзін оның характерлік болмысына шақтап, мөлшерінен асып, не кем соғып жатпауына бар күшін салған. ХV-ХVІ ғасырдағы аламанды М.Мағауин «Толқи құбылған құлақты алтын дұлығасымен ұшына шоқ үкі қадалған, кеудесіне бедерлі шарайна, құрыш көбе, білегіне болат қоллық, аяғына темір тізелік, топсалы бұтарлық киген, омырауы даладай, суық жүз, қыр мұрын, қалың қабақ, қияқ мұртты жас жігіт бастаған аламандар тобы» деп сипаттаған. Елең еткізері құрыш, болат, тімермен құрсанған қазақ әскері сол ғасырда-ақ осал болмаған.
Тарихи романдар халық тарихының терең қабаттарына барлау жасап, өткеннің рухын тірілтетіндіктен, тілдік қорымыздағы ғасырлар көшінде жиналып, қордаланған мақал-мәтел, афаризимдерсіз кең тыныс алуы неғайбыл. Мақал – пікір сіріндісі, мәтел ойды астарлап жеткізудің өткір де ұтымды құралы. Қаламгер неғұрлым мақал-мәтелдерді көп біліп, шығармасын соның нәрімен құнарландырып отырса, өмірді терең зерттеп, халық тілінің байлығын меңгергендігі. Мақал-мәтелдер тарихи романдарда екі түрлі тәсілмен беріледі. Жазушы баяндауында және кейіпкерлер тілінде ұшырасады. Мәселен, «Ботагөзде» С.Мұқановтың баяндау тіліндегі: ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір, иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар: ер мойнында қыл арқан шірімейді: құрғақ қасық ауыз жыртады; қызмет қыл да, міндет қыл; ер шекіспей, беріспейді; алла дегенмен, жан қалмайды; еркек жоқты құрмалдық; найза бойы қан жауса, шыдамайды туысқан; басқа келген пәледен, бастан құлақ садаға т.б. зейініңізді бұрады. АЛ кейіпкерлер тілінен, жақсы әйелдің бала-шешек атқан гүлі (Алексей); кебін кигеннен түңіл, кебешек кигеннен түңілме (Асан); ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені - сынғаны (Асан); жаудың жеріне де бір қос тік (Базархан); берсең аларсың, ексең орарсың; ат мінсе ауынан; тышқанға түк біткен сайын қалтырауық (бәрі бАйтөбеттікі); көсеу ұзын болса, қол күймейді (Ботагөз) т.б. қалқып аламыз. С.Мұқановтың мақал-мәтелдері шығарма тақырыбына, көтерген проблеммаларын, кейіпкерлерінің ой-жүйесіне, пиғылына орайлас. Баланы басынан халық ісіне бейімдеп, тәрбиелеу, адамды атақ-даңқы, байлығына қарап бағаламау, сөзбен іске бейім тұру, кешірімді болу, қызмет қылсаң міндет қылмауды өнеге ретінде ұсынады. Кейіпкер сөзі ішіндегі мақал-мәтелдерден де әлгіндей өсиет-өнеге өріп жүргенімен, кей мақал-мәтелдер сәл өзгеріске түсіп, соны қолданып отырған қаһарманның шыққан табы, ой дүниесі, ақыл-парасаты шамаланып, мінездемелік қызметке ойысып кетеді. Мәселен, күрескер Ботагөз сақтыққа, халық өкілі Асан шыдамдылыққа, қажыр-қайратқа, сөзге беріктікке үндейді,дүние-қоңыз бай Байтөбеттің аузынан өктемдік, алу, байлықты зор тұтатын астамшылық иісі тұрады т.б. Жазушы С.Шәкібаевтың «Көтеріліс» романында да мақалдарының нақты адресі бар. Оның бәрі адамның іс-әрекеті, мінез-құлқы, ниетін, пиғылын, сыртқы әлемді нәзік барлаудың нәтижесінде туындап жатады. Мәселен, шенқұмар, анархист, шовинист, екіжүзді, өркөкірек, дойыр желяевтің арамдық құлқы суреттеле келе, «жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгіледі, жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі» деп тұжырым жасап өтеді. Онысы көптің ойы, аксиомадай қабылданады. «Жақсы жолдас ерттім дегенше, жарты жолдан өттім де» деген мақалы түн қатып, қбағына қан қатып, шыбын жанды шүберекке түйіп жүрген күрес күндерінде туған. Мақал-мәтелдер өмірдің сабағы, адамның саналы ісі, тіршілік заңы мен ағысынан туған тұрмыстық, моральдық, әлеуметтік мәні бар поэтикалық даналық. М.Мағауин көбіне мақалдарды ойдан шығарады. Заман, уақыттың қос-қабағын, мінезін бағып, негізгі мақсат-мүддеге икемделіп, адамдарды тапқа, текке жіктемейді. Қазақтың қамын жегенге мал ортақ, аброй, намыс ортақ, жан ортақ. Сондықтан философиялық мағынасы салмақты, кемелділікті, насихаттап жатады. Ондай тақырыпты ашып, шығарма мазмұнын тереңдете түсетін мақалдар тудыру әркеті басқа тарихи романдарда көп ұшыраса бермейді. Мәселен, ел екеу болса – дау төртеу болады; қараның қыбын табу – ханның парызы, елдің еркіне жығылу - бектің парызы.. Міне тілдегі мұндай ізденістер сйөлемге динамикалық қуат бітіреді.
Бақылау сұрақтары:
Әр дәуірдің лайық сөздік қоры болатыны.
Жазушы және сөздік қор, сөздік қордың «алтын сандығы».
Кейіпкер тілін тарихи принципке сәйкес берудің ішкі заңдылықтары.
Тарихи романдарға қатысты компоненттердің ішкі заңдылықтары.
Сөздің дәмін кіргізіп, сюжеттік желіні ширатуға мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Жанр сипаты. «Ғылым». Алматы, 2000. 125-129 б.
2. Жұмалиев Қ. Стиль-өнер ерекшелігі. «Жазушы» Алматы, 2001. 295-300 б.
3. Затонский Д. Искуство романа и ХХ век. «Художественный литературы». М., 2002. 295-300 б.
4. Историка-литературный процесс (Проблемы и методы изучения). «Наука». Л., 2004. 111-115 б.
5. Исенов А.Х. Мастерство психологического анализа. Алма-Ата, 2005. 214 б.
6. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы (Жанрлық спецификасы. Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер. Тарихилық сипаты. Поэтика) «Ер –Дәулет» басп. Алматы, 1996. 38-42 б.
Дәріс 15-16. Тарихи романдағы география, жаралыстану принциптерінің ескерілуі.
Дәріс мазмұны:
1.Тарихи романда географиялық атаулардың алатын орны.
2.Тарихи романда жаратылыстануға қатысты шындықтың үлес салмағы.
3.Тарихи романда биологиялық танымның көркемдік болмысы.
4.Табиғат тылсымы – даналықтың қайнар көзі.
Қазақтың тарихи романдарында жазушылар өздері объекті етіп алған тарихи кезеңге тән сипаттарды жердің бедерін, рельефін, өсімдіктер дүниесін, жан-жануар әлемін зерттеп, жіті аңғарғанына шәк келтірмейміз. «Елең-алаң» романында қаламгер Жәнібек батырдың жылқысын түстеп-түгендеуімен тымбай, өзі де желқуық жүйрікті құлынынан танып, баптаудың оңайға соқпасын ат сыншысынан кем пайымдамаған. «Жүйрік құлынға қулық биенің сүтін емізеді. Оған әрі таза, әрі шырынды, қысырдыңда сүтін берген, сексен күннен соң ақтаған тарыны сүтке бөріткізіп береді. Он күн тұщы жемнен соң тарыға қосып, қызыл бұрыш жегізген». («Елең-алаң». «Жазуша». 1984), - деп кеңес береді кейіпкері. Бұл-құлын кезіндегі болашақ жел ілеспейтін жүйрікті азықтандырудың рационы. Тай, жабағы, құнан, дөнен, бесті кездеріндегі күтімі қиындай беретіні өз алдына. І.Есенберлиннің «Алтын Орда», «Көшпенділер», М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматаевтың «Елім-ай» романдарында батырлар мінген тұлпарлардың бітімі, ерекше күтімі, есті жануарлардың тағдыры бір иесімен әрекет үстінде қапысыз суреттелетін тұстары жиі ұшырасады. Қобыланның астындағы Киіккетпес, Мұхамет Шайбанидің Ақтанкері, Ораз-Мұхаметтің Азбансұры, Ақсақ Темірдің Күлсарысы, Едігенің Бозойнағы, Тоқтамыстың Кертөбелі, Қарашың батырдың қара арғымағы Бұрындықтың жал-құйрығы жерге төгілген теңбіл көгі, ақ бурасы, Қамбар батырдың қара қасқа, Бөгембай, Қабанбай, Саян, Орақ, Байтабын т.б батырлар мен Кеңесары, Наурызбай сұлтандардың астына мінген қаны асыл, «тоқпақ жал, құшақ құйрық, болат тұяқ, желаяқ» жануарлар «тұлпар түп иесін табады» (Шәкәрім) деген нақылға лайық. Қазақ жігіттері елінің амандығын, жерінің бүтіндігін ат жалында жүріп қорғаса, жалы-қалқан, белі күш, қуса жетіп, қашша құтылған, осы тұлпарына қарыздар. Жау іздеген батырлардың сенімді серігі тұлпарларды әспеттейтін сұлу, сырлы жыр, ертегі-аңыздардағы фольклорлық поэтика тарихи романдарда сол дәстүрді байытпаса, солғындатпаған.
Бір кездегі «бақыршы бала» С.Мұханов, «Ботагөз» романында: «Жалы үкіонің ұлпа қанатындай желпілдеп, күмістей жылтылдаған, сынаптай толқып, ауыздықты сүзіп, ұршықтай үйірілген, оқтаудай жарау көкала ат» - деп сынымен жүріс қимылын келіскен ХХ ғасырдың хас жүйрігі көлденең тартады. Аттың қадыр-қасиетін жер түбінен танитын қазақ тұлпарды «қанды көбе киініп», жауға аттанғанда; желаяқ жүйріктің бағын бәйгеде; жерсоғары сіңірлі, бөтен санды, қабырғалы, жоталы» қазанатты көкпарда сынап; қызық-қуанышта салтанатын асыру үшін тайпалған жорғаға мінген. Күнделікті күйден тірліктің бар шаруасын түгендеп, ыңыршығы шыққан жуан тұғырдан тұлпар, желден жүйрік өршеленген өрге ұмтылатын көкпар перісі шығуы неғайбыл.
Тарихи роман авторлары өздері қазақ сахарасында туып-өсіп, таңғажайып табиғат тамашаларына көздерін суарып жүргендіктен, даланың өсімдіктер әлемін жетіп біледі, даламен жүрегі соғып тұрған қалпында жүздестіреді. Мәселен, «Қаһар» романында І.Есенберлин ақтұмсық құмырсқаның имелеген жерінен құдық қазып, ошаған бүршігінің қалай қарай жантаюының терістік пен күнгейді айыруға болатынын суреттепті. Демек, табиғаттың тылсымы онда күн кешіп, жіті бақылыған жандарға сырмінез Әбіш Кекілбаев табиғат суретін образдарға бөлек, сезімге кестелейді: «Таяқ жеген адамның жалқылдап ісіп кеткен көзінің алдындай болып көкжиекте көкмұнар көлкейдіде тұрады» («Үркер». «Жазушы», 1981); «Көк мұнарға көмілген дөңбек жалдар өкпелеген кісідей дөңкейіп – дөңкейіп теріс қарап кетіпті», «Күн көзі ұясына қонып, балқытқан күміс теңгедей еріп жоғалып барады. Тарғұл бүо\ркіт атымен көзге шалынбады батар күннің шапағы шарпыған қызыл үйік қашып бара жатқан түлкінің жонындай жымын-жымын етеді». (Сонда.425-б).
Табиғат құбылысын әркім әрқалай сезініп, көкірек көзімен көреді. Салған суреттерінің бояуы, бедері, тынысы, бір-біріне ұқсамайды. Өйткені, іздену кімде басым жатса, соның сезімі өткір, тілі құнарлы, картиналарының политрасы бай, философиясы терең, айтары – келісті. Мәселен, «Дауылдан кейін» романында Ғ.Мұстафин: «Бұлтты жара, күн белестен қылтиып келеді. Нұрын шаша алмай, бұлт арасынан сығалаған күн дәл қазір туып келе жатқан қасқа бұзаудың маңдайы сияқты». (Таңдамалы шығ. 5 томдығы. 3-том. «Жазушы», 1982) немесе «Тау жамбасынан аққан мөлдір қасқа бұлақ кездесті»(сонда. 234-б), - деп таза қазақи ұлттық теңеуді дәл қондырып, ұлттық колориттің оқырманға тигізер әсерін ескерген. Сөз жоқ, ұясынан енді шығып келе шатқан күнді қасқа бұзаудың маңдайына ұқсатып, қасқа бұзаудың маңдайын ұқсатып, қасқа бұлақтың таудың сағасы, баурайынан емес, жамбасынан шығуы қаламгердің көкірек көзінің өткірлігі, тілінің оралымындағы, айтқыштығына қатысты.
Тарихи романында шөлді суреттеу қастандықты, әділетсіз соғысты әшкерелеуге тиімді, соғысқұмарлы, зұлым жыртқышты өз қара пиғылымен тілеп алған жазаны табиғат қатыгездігінен тарттырудың эмоциялық қуаты күшті. «Қан мен тер» романындағы генерал Черновтың қызылдардан жеңіліп қашқан кезде Арал бойындағы қызылшақа құмда тартқан азабы, жол басшы Тәңірберген мырзаның «Кербаланың шөлінде» иті қырын жүгіріп, есеңгеріп, көрген қорлығы соның айғағы. Осы драмалы әрі трагедиялы картинаның еш анолоогі жоқ.
Далаға бар ғұмыры, көрер қызығы, күресі мен арман ауаны телулі көшпенділер ол бай болсын, қоңы тесік кедей болсын өзі өмірге келген өлкесінің тау-тасын, қолат-қойнаун, жылтыраған бұлағы, жылжыған құмшағылығ, жапырайған төбе-төскейіне шейін түстеп-таниды, ең ақыры, құс ұшпас қу мединдегі өсімдіктер дүниесін, хайуанаттар әлемін жыр ғып айтып беруге бар.
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» мен Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» табиғат картиналары метофоралық формада жиі көрінеді. Еламан «қалқиған құлағы», «қылқиған мойыны», «желкесінде шұқыршағы көрінген», ақ жем бетінде ілелі қызыл таңдағы бар арестант киімін киген жұлпыны кісіні Шалқар қаласының көшесінде көріп, аяныш сезімі оянады. Құдретті күшті табиғат заңдылығынан айнымайтын ұқсастық тауып, таң-тамаша қалады: «Күз ауып, қарлы қыс тақаған шақта үлкен жолдың көбелегінен сабағын шаң-тозаң басқан нәзік өсімдік кездесетін. Үсітенн талай рет мал да, адам да жүріп өткен. Талай-талай жүргіншінің аяғы астында да тапталған. Талай арба доңғалағы белінен басып өтіп, майып боп сабағы сынып жатса да, қашан қыс түсіп, қарлы боран соққанда жансебелдікпен жуық арада өліп болмайтын өсімдік сияқты, мына пақыр да бірде тырмысып бетіне шығарып, бұл күнге жеткен» («Қан мен тер». «Жазушы», 1976). Мұндағы мал, адам аяғына тапталып, арба доңғалағы «белінен басып» сабағы сынып, майып болса да» жансебілдікпен» өлмей, қатыгез өмір соққысына шыдап, бір күнгі жарық үшін арпалысып, жаралы тәніне қайсар қайратты әл беріп, оңайшылықпен өліп-болмайтын» - революция ісі жолында қаншама «тағдыр тезі, тозақтың өзінен» шықса да мойымай, «күні туған» Петр Дьяковтың «жансебелдігіне» метафора.
Қазақ тарихы романдарында табиғат картиналарындағы символ-образдар әлеуметтік-философиялық жинақтауға дейін көтеріледі. Қайырымдылық пен сәттік, өлім мен өмір категориялары көкейкестіқоғамдық ой-пікір, саны филасофиялық мағынасымен көрінеді. Оларда табиғат суреттері шығарма идеясымен қауышып, кейіпкерлердің көңіл-күйін, жан иірімдерін ашудың негізгі компаненттеріне айналған. Теңіздің сан алуан құбылысы, жұлдыздардың қияқтанып тууа, ауа райының алмасуы, құстардың үні мен қимылы, шеңгелдің гүлдеуі, қамыстардың шулап, көденің сусылдап, кейіпкерлердің эмоциональдық сезімдерін оятар, қайрат-күш бітіретін тылсым күштер. Олар да адаммен бірге күліп, жылап, қайғырып, түлеп, жадырап жататындай. Адамды өмір сүруінің қайнар көзі табиғыттан бөлмей, кең тынысты адами әрекет-амал, құбылыстарды жаратылыс заңдылықтарымен сабақтастары бақылап, қоғамдағы саяси-әлеуметтік катаклизмдерді тереңімен танытуға тырысқан.
Бақылау сұрақтары:
1. Тарихи романда географиялық атаулардың алатын орны.
2.Тарихи романда жаратылыстануға қатысты шындықтың үлес салмағы.
3.Тарихи романда биологиялық танымның көркемдік болмысы.
4.Табиғат тылсымы – даналықтың қайнар көзі.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Жанр сипаты. «Ғылым». Алматы, 2000. 125-129 б.
2. Жұмалиев Қ. Стиль-өнер ерекшелігі. «Жазушы» Алматы, 2001. 295-300 б.
3. Затонский Д. Искуство романа и ХХ век. «Художественный литературы». М., 2002. 295-300 б.
4. Историка-литературный процесс (Проблемы и методы изучения). «Наука». Л., 2004. 111-115 б.
5. Исенов А.Х. Мастерство психологического анализа. Алма-Ата, 2005. 214 б.
6. Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы (Жанрлық спецификасы. Типология. Стиль. Ұлттық кейіпкер. Тарихилық сипаты. Поэтика) «Ер –Дәулет» басп. Алматы, 1996. 38-42 б.
Дәріс 17-18.
Достарыңызбен бөлісу: |