5В011700- Қазақ тілі мен әдебиеті, 5В012100- Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарына арналған



бет6/10
Дата05.11.2016
өлшемі1,79 Mb.
#649
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1. Ғали Ормановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы жарыққа шықты?

2. «Шәуілдір» поэмасының тақырыбы не?

3. Ғали Ормановтың тағы қандай поэмалары бар?



Әдебиеттер:

1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.

2 Ғ. Орманов. Төрт томдық шығармалар жинағы. 4т., А., 1984, 146 б..

3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.

4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.

–455бет.


5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»

2002.– 311 бет.

6 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.

7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.

–198бет.
14 ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Қасым Аманжоловтың ақындық, аудармашылық қырларын

таныту.


Дәрістің жоспары:

1. Қасым Аманжоловтың шығармашылық өмірбаяны.

2. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі өлеңдері.

3. Қасым Аманжоловтың аудармалары.

Қазақ поэзияс Қасым Аманжоловтың ындағы санаулы саңлақтардың санатында өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен дараланған ақын Қасым Аманжоловтың соңында қастерлі мұрасы қалды. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, сонеттер, романстар, аудармалар, мақалалар.

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады.

Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, «Қыз Жібек» секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған екен. Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда, «..тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын» –дейді.

Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады.

Көкірегінің сезімі, жүрегінің оты бар баланы ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі сыныпты бірден тәмамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты аты шулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын, құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол «тіл жағынан ұнатпапты».

Туғалы ән-жырға құмар, көкірегі ояу бала осы жылдарда өлең жазуға талаптанып, өз толғаныстарын дәптерге түсіре берген. Осында жүріп жазған бір дәптер өлеңдерінің арқауы–жастық шақ, айналасындағы дос-жарандарына арнаған әзіл-қалжыңдар, сол тұстағы әдебиетте белең алған үгіт-насихаттық ұрандарға еліктеу еді. Бұл дәптері жоғалғанда, «қымбат қазынам еді» деп өкінбейтінін ақынның өзі де кейін ашық айтқан. Сондықтан 1932 жылға дейін жазған жырларынан айтарлықтай мардымды дерек қалмаған.

1924 –26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде мал дәрігерлік техникумында оқиды (1927-30 жж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге құлшынып Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң «Қызыл әскер» газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері «Лениншіл жас», «Пионер», «Қызыл әскер» газетінде жарық көреді. Әрине, оң-солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қатаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.

Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында әртіс болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. шекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бойында буырқанған ақындық дарыны айқын белгі беріп, өлеңдері жұртшылық назарына ілігеді. Сонымен бірге әншілік, әртістік қабілеті де осы кезде танылады. Театр топтарын ұйымдастырып қана қоймай әрі әртіс, әрі көркемдік жетекшісі болған Қасым өзінің өмірлік тәжірибесін де, ақын, өнерпаз ретінде көркемдік тәжірибесін де молайтқан.

Бала кезінен халықтың ән-жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өскен Қасым Амажоловтың хат танығаннан кейін поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, олардың творчествосынан нәр алғаны анық. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы, әсіресе, айқын байқалады. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» (Орал, 1935), Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің ізі көрінеді.

Ақынның әлі толыспаған, жас кезіндегі өлеңдеріндегі еліктеу сипатына, алған бастау, үйренген үрдісіне зер салғанда, ұлттық поэзиядағы, фольклордағы өзінің жанына жақын, жүрегіне жылы тиген сарындарға, тәсілдерге, бейнелік байлыққа, ой мен көңіл-күй әуендеріне бүйрегі бұрғаны айқын аңғарылады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов өлеңдеріндегі ой толғау сыр ақтару сарыны мен машығы сезіледі.

Қ.Аманжолов шығармашылығына айрықша қуатты ықпал еткен - I.Жансүгіров поэзиясы. Мағжан поэзиясы отызыншы жылдарда қатты қысымға ұшырап, Бернияздың жырлары тағы да жарық көрмей, поэзияның көркемдік әлемі жүдеп-жадап қалған кезде Ілиястың сергек серпінді, асау арынды жырлары, психологиялық талдау арқылы кейіпкердің жан дүниесін еркін шарлаған поэмалары дүниеге келді. Ұлттық тілдің орасан байлығын емін-еркін қолдануы, телегей-теңіз қазынасын жарқыратып танытуы сол тұстағы жас Қасымға әсер етпей қалуы, талғампаз жас дарынның оған назар аудармай жүруі мүмкін еместі.

Алайда Қ.Аманжолов ізденістері ырықсыз, соқыр еліктеу емес, саналы түрде дәстүрден үлгі алумен бірге өзінің үнін танытуға, табуға деген ықыласпен басым. Белгілі үлгілермен өзін салыстыра жарысқа салады. Ақынның өз замандастарымен жарысқа түскендей жазған өлеңдері де бар екені белгілі. Соның бір мысалы– Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлтынан» кейін дүниеге келген «Ақша бұлт» атты өлеңі. Ә.Тәжібаевтың «Сырдариясымен» де жарыса өлең жазылған.

Келтірілген мысалдар – ақын нәр алған айтулы мектептердің әр

алуандығының дәлелі. Ұлттық құндылықтардың қайталанбас көркемдік әлемі Қ.Аманжолов поэзиясының тың өріс, жаңа айдынға шығуына зор ықпал жасады.

Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игі ықпал еткен тағы бір өнімді фактор – орыс және басқа да халықтар өкілдерінің поэзиясы.Пушкин, Лермонтов, Маяковский, сондай-ақ отызыншы жылдардан бастап бірге жүрген достарының бірі Ғ.Слановтың айтуынша, ол «Аталған ақындарға қоса Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Осыдан кейін-ақ Қасымның ақындығы күшейіп жүре берді». Сөйтіп, ақындық тәжірибесінің молаюына, өмірді көркемдік тұрғыдан тануына, өзіндік мәнерінің қалыптасуына аударманың да айрықша септігі тиген.

Қ.Аманжолов шығармашылығына тікелей әсер еткен жемісті, игі ықпалдардың бірі – әдеби сын, әдебиеттану.

Қасымның өнерге, өлеңге, өзіне қояр талабының үнемі өрлеп отыруына орыс сынының да, сонымен бірге, төл әдеби сынның да үлесі зор болғаны талассыз. Ақын үнемі іздеп хабарласып, пікірлесіп тұратын белгілі сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың айтуынша: «Соғыстан кейінгі дәуірлерде Қасымның өз бетімен оқуы бір жүйеге түскен болатын. Нақты зерттеп, тереңдей оқыған біркелкі авторлары орыстың революцияшыл-демократтары –Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев және Плеханов шығармаларын оқу үстінде бір күні маған Белинскийдің Гогольге жазған хатының қазақша аудармасын оқып берді. Терең ойға толы, өткір жалынды леппен, күрделі әдебиет тілімен жазылған Белинский шығармасына қазақ тілінің сөз байлығын, сөйлем құрамдарын сондайлық дәл жеткізе пайдаланған Қасымның жазушылық, аудармашылық шеберлігіне қайран қалдым.

Ол Белинскийдің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегін қадағалап оқып, өзіне керекті жерлерін сызып, кейде кітаптың беттеріне жазып отырған» .

Қандайда болсын қаламгердің шығармашылық әлемі, туындыларының эстетикалық сипаты, көркемдік дәрежесі ең алдымен автордың талғамына, өзіне өзі талап қоя білуіне тікелей тәуелді екенін ескерсек, Қасымның өзіне биік талап қоятынын өлеңдері мен поэмаларының, шығармаларының жылдан жылға ширап, көркемдік қуаты кемелдене, концептуалдық әлемінің кеңейе түсуінен көреміз.Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері көңіл күйіне қарай алуан кейіпте көрінеді. Бірде өр, тәкаппар, енді бірде үлбіреген нәзік соншалық сезімтал. Дегенмен арқыраған асау арын, буырқанған бұла күш, дауылды екпін лирикалық кейіпкердің жанына жақын. Өршіген өрттің аспанды шарпыған жалыны, тебіренген телегейдің көк пен жердің арасын шайқағандай жойқын сұрапылы. Қалыптағыдан тыс осындай адуын, асқақ сезім лирикалық кейіпкердің табиғатын да, ақын рухының сыр-сипатын да аңғартады.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1. Қасым Аманжоловтың соғыстан кейінгі жазған қандай өлеңдері бар?

2. Қасым Аманжоловтың қандай аудармалары бар?

3. Қасым Аманжоловтың қандай поэмалары бар?



Әдебиеттер:

1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.

2 Қ. Аманжолов. Шығармаларының толық жинағы. А.,1957ж.

3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.

4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.

–455бет.


5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»

2002.– 311 бет.

6 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.

7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.

–198бет.
15 ДӘРІС ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Қалижан Бекхожиннің поэма жанрындағы шеберлігін таныту.

Дәрістің жоспары:

1. Қалижан Бекхожинның шығармашылық өмірбаяны.

2. Қалижан Бекхожинның поэмалары.

Ақын Қалижан Бекхожин әдебиетке жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары келді. Барлық жанрлары дамуға бет бұрған қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы - поэзиясы үшін XX ғасырдың отызыншы жылдары аса жемісті кезең болды.

Бұл жылдары қазақ поэзиясының керегесін кеңейтуші ақындардың қатары өсті. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов,

А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Т.Жароков сияқты тәжірибелі ақындардың қатарына отызыншы жылдары бір топ дарынды жас ақындар легі келіп қосылды. Бұл жөнінде академик-жазушы С.Мұқанов былай дейді: «Қазақ совет жазушыларының 1934 жылдың көктемінде болып өткен бірінші съезінен кейін әдебиетімізге бір топ жас таланттар келді. Олар– Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Әли Есмамбетов, Қапан Сатыбалдин. Осы толқында келген дарынды жастың бірі – Қалижан Бекхожин еді».

Байқап отырсақ, Қалижан Бекхожинмен қатар әдебиетке келген өзге ақындар да алғашқы шығармаларына жастық шақтың қуанышты да албырт сырларын арқау еткен екен. Ә.Есмамбетовтің, А.Жұмағалиевтің, Қ.Сатыбалдинның, Ж.Саинның, Қ.Аманжоловтың сол тұстағы өлең-жырлары өз замандастарының көңіл күйін білдіретін туындылар екенін байқатады.

Қалижаи Бекхожиннің алғашқы албырт сезімге, өр қиялға, үлкен мақсатқа, от мінезге толы жастық жырларының өзіндік түрлік өзгешелігі де бар. Олардың барлығы дерлік ақынның өз атынан айтылады. «Жас алғысы», «Қуаныштың құйыны», «Өзіңе сен, жас ойшыл», т.б. өлеңдері ақын жүрегінің толғанысы, тебіренісі іспетті.

Қ.Бекхожиннің және поэзияға онымен қатарлас келген өзге ақындардың жастық жырларынан байқалатын тағы бір жай – олардың қазақ поэзиясында ежелден келе жатқан дәстүрлі көркемдік салыстыру әдісін қолдануға жиі баруы. Қарама-қарсы екі түрлі жағдайды, өмір құбылысын, фактісін салыстыра суреттеу-сонау ауыз әдебиетінен бастап, күні бүгінгі поэзияға дейін үзілмей келе жатқан үрдіс. Бұл дағдыға, әсіресе, суырыпсалма ақындар көп барған (Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, т.б.).

Қ.Бекхожиннің алғашқы өлең-жырларынан-ақ байқалатын қадір-қасиеті, оның өз уақытымен, ел өмірімен етене тығыз байланысы. Ақын жырларының дені, көбінесе, өз уақытының лебін білдіретін дәуір шежіресі іспетті әсер қалдырады.

Қалижан Бекхожиннің лирикалық шығармаларынан дәстүрлі поэзияның лебімен қатар, көркемдік жаңашылдықтың сипаты да мол сезіледі. Өйткені, ақын әдебиет табалдырығынан аттасымен-ақ бірден өз заманының, уақыттың ырғағына үн қосып, жаңарған өмірдің тынысымен тыныстады. Өз замандасының сезім, көңіл-күйін, жарқын мақсатын, биік мұратын толғауға ұмтылды. Сонымен қатар, Қ. Бекхожин - әдебиет әлемінің мәңгілік тақырыптарын да (махаббат, табиғат, өнер-білім, т.б.) шабыттана жырлады.

Қ.Бекхожин шығармашылығының үлкен бір саласы- табиғат туралы өлеңдері. Ақын табиғатты жырлағанда ұлттық поэзияның қалыптасқан дәстүрінен қара үзіп, шет кетпейді, қайта сол дәстүрге берік арқа сүйейді.

Бірақ дәстүрді құр қайталаушы да емес. Сол көркемдік дәстүрге ол өз өрнегін,өз оюын қосуға ұмтылады. Ақын табиғатты өзіне шабыт беретін ерекше күш деп түсінеді.Сондықтан да ол табиғаттан өз поэзиясына қуат алады, одан терең сыр тартуға ұмтылады. Оның таңғажайып құбылысынан өзі де, өзгенің де эстетикалық ләззәт алуын қалайды,

Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ поэзиясына Абай Құнанбаев жасап берген болатын. Қалижан–сол дәстүрді жалғастырушы ақындардың бірі. Бұл құр қайталау емес, жаңара, құлпыра, байыта түсу бағытындағы ізденістер. Ақын «Көктем», «Көктем толғанысы» өлеңдерінде жыл мезгілінің ең көрікті кезеңі -көктемді суреттеуде ұлы ұстаздың үлгілі дәстүрін жаңғыртуға ұмтылады. Оның «Дала жазы», «Жаз әуені», т.б. сияқты өлеңдерінде де табиғаттың небір әдемі көріністері бар. Бұларда да табиғат адам өмірімен тығыз бірлікте жырланып отырады. Адам характерін шынайы беруде де жаңашылдық танылады. Жылдың өзге мезгілдері -күз, қыс туралы өлеңдерде де дәуір рухы, уақыт тынысы айқын сезіледі. Абайдың «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «Қыс» сияқты атақты өлеңдерін Қ.Бекхожиннің «Күз», «Жыл келді» сияқты өлеңдерімен салыстырып көрсек, сол жоғарыда айтып отырған тұжырым айғақтана түседі. Табиғат суретін беруде кейде алшақтап, кейде жақындап отырғанмен, обьект ортақ болғандықтан, бірін-бірі қайталау қайткенде де ұшырап қалуы таңданарлық жайт емес Ал сол объектіні жырлау үстінде, өз заманының тынысын сездірудегі ақынның даралығы ап-айқын көрінеді.

Қ.Бекхожиннің тау туралы («Келтемасат», «Шың түлегі», «Бүркітіндей шарықтат, Ерейменім», «Бұл тауда Тұлпарата жылқы баққан», «Алатау баурайында», «Тауды көрсек», «Адымдасам асқарға»), өзен туралы («Ертіске», «Қарап келсем Волгаға», «Ертіспен тілдесу», «Жайық үстінде», «Сол баяғы Ертісім», «Ертіс көктеміне»), теңіз туралы («Теңіз жыры», «Теңіз бен халық», «Түнгі теңізде»,«Теңізге қарап»,«Екі адам тұрды жағада», «Теңіз музыкасы», «Теңіздегі сыр», «Ұнатам толқындардың ұласуын»), көл туралы («Марқакөл жыры», «Көл қызықты») өлең-жырларының қазақтың табиғат лирикасынан елеулі орын алатыны сөзсіз.

Ақын табиғаттың әдемі суретін бере отырып, оған самарқау қарамайды, қайта сол туған өлкенің табиғатына деген өз қатынасын ашық білдіріп отырады. Табиғатты сұлулықтың ғажайып көрінісі, тіршіліктің сарқылмас қайнар бұлағы деп толғайды да, сол өмірдің ерен байлығын игеріп, меңгеріп жатқан адамның алып еңбегін, оның қайрат-күшін бейнелеуді нысана етіп ұстайды. Табиғат байлығын игерген адам еңбегін сүйсіне жыр етеді. Табиғаттың әр алуан суретін берсе де, оның мол байлығын игерген адам еңбегін жырласа да, ақын туындыларының түп қазығы- үлкен идеялық түйінді аңғартып отырады. Ол-өз замандастарының құдіреттілігін әлем алдында паш ету.

Қ.Бекхожин суреткер ақын. Ол көркемдік бояулармен табиғат әлемін өрнектеуде өзінің қалам шеберлігін танытып отырады. Жоғарыда аталған өлеңдерінде оның туған елінің табиғат әлемінің әсем суреттерін беруге едәуір еңбек сіңіргенін көру қиын емес.

Ертіс өзенінің құдыретті бейнесін жырлаған өлеңдерінде ақын табиғаттан өзі алған күш-қуатын, ақындық шабытын тебірене толғайды:

Перзентіңмін, ағысыңа бөлендім,

Көкірегіме сен серпінді күй бердің.

Ырғақтарын ыршымалы өлеңнің

Сенің өршіл толқыныңнан үйрендім,

деп,буырқанған ақындық шабытының түп-төркіні аяулы табиғат әлемінде екендігіне перзенттік махаббатпен бас иеді.

Ақынның жоғарыда аталған тау туралы жырларынан да еліміздегі асқаралы шыңдардың алуан түрлі көркемдік бояулармен берілген әсем суреттерін көреміз. Қазақ поэзиясында Алатауға арналған ақындардың көрікті жырлары көп. Өз замандастарымен қатарласа



Табиғат дегенде, ай, күн, ең алдымен, ауызға түсетіні белгілі. Ал ай, күн, жұлдызды жырламаған ақын поэзия тарихында жоқ десе де болғандай. Қ.Бекхожиннің ай, жұлдыз, аспан, күн туралы өлеңдерінде де («Ай туралы толғау», «Шыққан күнге қуанам») сол ежелден келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы бар. Мәселен, айды сұлулықтың символы ретінде бейнелеу Қ.Бекхожинде көп ұшырайды. «Ай туралы толғау» атты өлеңінде оны кейіптеу арқылы суреттейді, бірақ Абайды қайталамай, өзінше бейнелеуге ұмтылғанын байқаймыз. Абай жерді қалыңдық деп бейнелесе, Қ.Бекхожин жігіт ретінде кейіптеген. Айды сол жер-жігіт ғашық болған сұлу ретінде көрсетеді. Қ.Бекхожин ай, аспанды жырлағанда өз уақытының тынысын білдіріп отырады. Ақын жаңашылдығы осы тұста ерекше көзге түседі.

Қазақ поэзиясындағы табиғат жырын сөз еткенде, ақындардың туған дала туралы туындыларына назар аудармай болмайды. Өйткені өзінің туып-өскен кең жазира даласын жырламаған ақын кемде-кем. Кезінде С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, С. Мұқанов даланы жырлаудың жаңа, идеялық биік өредегі дәстүріне кең жол ашты. Қалижан Бекхожин де алдыңғы буын ағаларының туған даланы жырлауда салып кеткен сара жолын жалғастырып, байыта түсуге едәуір еңбек сіңірді («Үкілі бастар қалғыған», «Мейлің, бөрі, ұли бер...», «Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын», «Жасыл белде», «Несібелі байтағым», т.б.). Оның туындыларында бұрынғыны ширыламай, тың өрнек табуға, жырға соны леп беруге ұмтылыс бар.

Қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Қ Бекхожиннің шығармашылық өмірбаяны үшін 1941-1945 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғыс жаңа кезең болғаны сөзсіз. 30-жылдары поэзия табалдырығьн аттап үлгерген жас ақын қалың оқырман қауымға, негізінен, алғашқы жастық жырларымен танылған болса, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ақын поэзиясы тың идеялық-көркемдік сапаға көшті. Ақын өзінің азаматтық өмірін, шығармашылық қуатын өз отандастарымен бірге басқыншы жауды талқандау ісіне арнады. Ол Отанды, елді, жерді қарумен де, қаламмен де қорғаған жауынгер, ақындар тобының алдыңғы сапында жүрді.

Соғыс жылдары ақын поэзиясының қанаты қатая, беки түсті. Қазақтың ұлттық поэзиясына, соның өкілдерінің бірі Қалижан Бекхожиннің шығармашылығына бұл қаһарлы кезең тың леп, жаңа пафос берді. Ақын шығармашылығының жауынгерлік рухы күшейді, қаһармандық келбеті айқындалды, патриоттық күш-қуаты арта түсті.

Қаһарлы жылдардағы Қ.Бекхожин өлеңдерінде ақындық әсерлеуге көп бармай, жауынгер кескінін өмір шындығының аясында көрсетуге ұмтылыс басым. Сондай өлеңдерге ортақ сипатты білдіретін туындылардың бірі - «Кәдімгі біздің Қошқарбай» өлеңі. Бұнда басқыншы жауды талқандауда өшпес ерлік көрсеткен мыңдаған замандастарымыздың нақты бейнесі берілген. Ол-соғысқа дейін бейбіт еңбекте қажырлылық көрсеткен қарапайым азамат Қошқарбай. Ал, соғыста ол-жауынгер. Ақын қаһарман жауынгердің өз отандастарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жетуін түйіндеп көрсеткен. Қазақ ақындарының шағын өлеңдермен қатар, поэма, дастандарда да отты кезеңдегі жауынгер тұлғасы айқын бейнеленген. Бұл салада бірнеше татымды туындылардың сол қаһарлы жылдары дүниеге келгені баршаға мәлім.

Ұлы Отан соғысының халықтың тарихи жеңісімен сәтті аяқталуын ақын атаулының бәрі де зор қуанышпен төгілте жырлады. Бәрімізге белгілі, біздің әскер жауды өз жерінде қиратты. Біздің жеңімпаз армияның құрамында қызмет еткен қазақ ақындары сол шетелде туған жырларында да туған еліне, халқына деген қасиетті махаббатты, мөлдір сағынышты тың леппен, жаңа тыныс-өрнекпен толғады. Олар өз Отанын мақтан тұтты. Майдангер ақындар

Қ Бекхожиннің «Тым асығып келемін», Д.Әбілевтің «Ресейге қайтқанда», Ж.Молдағалиевтің «Шығыста туған елім бар», «Қайран менің өз елім» сияқты туындыларын сол тұстағы патриоттық жырдың жақсы үлгісі ретінде айтуға болады. Бұларда өз еліне, жеріне, туған Отанына деген сағыныш сезімі де, оған деген ерекше махаббаты да жүректі жарып шыққан шынайы сөзбен айтылған. Ол өлеңдерде әрі қарапайымдылық, әрі көркем шынайылық бар.

Қалижан Бекхожин да – Отанды жырлауға талай-талай шабытты шумақтарын арнады. Оның «Жер», «Гимн туралы жыр», т.б. туындылары өз Отанының құдіреттілігін толғаған ұлттық поэзиядағы патриоттық жырлардың тәуір үлгілерінің қатарынан орын алады. Өзінің идеялық ауқымы,сезім сырлары тұрғысынан алғанда,Қ.Бекхожиннің Отан туралы жырлары өзі тұрғылас қазақ ақындарының осы тақырыпты қозғайтын үлкенді-кішілі шығармаларымен үндес, сарындас екенін көру қиын емес.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихына ойлана көз жіберсек оның өзіндік бір ерекшелігін көру қиын емес. Дүниеге келген үлкенді-кішілі ақын біткеннің өз шама-шарқынша өсиет өлең жазуы-қазақ поэзиясының ерекшелігі. Өсиет өлең шығару-бүкіл шығыс поэзиясына тән құбылыс. Осындай өсиет өлең шығару дәстүрін жалғастыруда да Қалижан Бекхожиннің еңбегі мол. Оның «Әркімде бір қате бар», «Туысыма», «Ақын ініме», «Қайғың болса, жұрт көзінше күрсінбе», «Егер шықсаң асқарға», «Ұмыт бәрін», «Бес ешкіні қудым деп» сияқты туындылары қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің тәуір нұсқаларының қатарына қосылады. Ақын адамгершілік, моральдық сапалардың жақсара, жетіле, асылдана түсуін өз замандастарына, кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде толғайды. Осындай сыпат оның нақыл шумақтарында да мол. Сырттай қарағанда, өсиет пен нақыл өлеңнің табиғатында ұқсастық та бары даусыз. Іштей үңіліп ажырата қарағанда, айырмасы да көзге түседі. Өсиет өлеңге қарағанда, нақыл өлеңнің көлемі шағын келеді. Өмір тәжірибесінің сығынды жиынтығындай философиялық, ғибраттылық ой-пікір нақыл шумақтың өзегі болып отырады. Қ.Бекхожиннің нақыл өлеңдері ой қозғап, ойлантарлық мағыналы болып келеді.

Қ.Бекхожин поэзиясының басты арнасы -оның эпикалық туындылары екені даусыз. Қазақтың эпикалық поэмаларының даму, өркендеу процесінде Қ.Бекхожин шығармашылығының алатын орны елеулі. Ұзақ мерзім бойы алуан тақырыпты қозғайтын бірнеше поэма жазған ол қазақ поэзиясындағы көрнекті эпиктердің қатарына қосылды.

Эпикалық поэзиядағы ақынның көп жылғы шығармашылығына тұтастай көз жіберсек, оның үнемі іздену, шеберлікті жетілдіру үшін талмай еңбектеніп, аянбай тер төккенін көру қиын емес. Іздену жолында ақынның тап болған сәтсіздіктері, өкінішті сәттері де бар. Сонымен қатар, көркемдік жетістіктері де көп. Сол ұзақ жылдар шарқ ұрып іздену сарыла еңбектену нәтижесінде ақын қаламынан идеялық көркемдік дәрежесі биік бірнеше поэма шықты. Олар тек қана оның шығармашылығының жетістігі болып қоймай,бүкіл қазақ поэзиясының абыройын асырған аса ірі жеңістердің қатарына кірді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет