Құндылықтар идеалдарды қабылдау немесе қабылдамау сезімі арқылы айқындалып, ақыл-ой, сана арқылы қабылданады, құрметтеу, қошаметтеу, қабылдау тәрізді ұмтылысты білдіреді. Бұл сезім мен ақыл-ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс-әрекетін белгілейді. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, сана арқылы түсінуге болады.
Соның нәтижесінде тұлға құндылықты игеріп, іс-әрекет етеді. Жалпы адамгершілік құндылықтардың мәні мен мазмұндары көне заманнан бүгінге дейін философия, әлеуметтану, мәдениеттану, этика, эстетика, психология, педагогика ғылымдарында кеңінен қарастырылып, қоғам ерекшеліктері мен сұраныстарына орай талданып, жүйеленіп келеді.
Құндылық бағдары дегеніміз –адамның әлеуметтік ортада мінез-құлқы мен әлеуметтік іс-әрекетін психологиялық реттеуді қамтамасыз ететін тұлғадағы қасиет. Бұл мәселе бойынша зерттеу жұргізген ғалымдар: өткен ғасырдың 60-70 жылдары философиялық әдебиеттерде В.П. Тугаринов, О.Г. Дробницкий және басқалар; шетел әдебиеттерінде құндылық бағдар ұғымы "аттитюд" ұғымымен де түсіндіріледі: З. Фрейд, Э. Фромм, В. Франкл, К. Роджерс және басқалар; кеңестік кезеңде: С.Л. Рубинштейн, В.Д. Ермоленко, Л.И. Божович, Г.М. Андреева, Д.А. Леонтьев, Б.Г. Ананьев, А.И. Донцов, С.С. Бубнов және басқалар болды.
Ғылыми дереккөздерінде «құндылық» сөзі философия, әлеуметтану, педагогика және психология ғылымдарындағы негізгі тұжырымдамалардың бірі. Бірқатар психологиялық еңбектерде құндылықтың пәнаралық сипаты ерекеше атап өтіледі, дегенмен «құндылық» сөзінің нақты анықтамасы жоқ, сондықтан оған бірнеше анықтама беріледі. Осы тұрғыда Д.А. Леонтьев былай деді: «құндылық» сөзінің нақты анықтамасы жоқ»... Әртүрлі авторлар түрліше, бір-біріне тән емес және бір-біріне сәйкес келмейтін мағыналарда пайдаланады. Сондықтан әр ғылымда әр ғалым әртүрлі анықтама берген [1].
«Құндылық» феноменіне қызығушылық сонау антикалық дәуірден бастау алған. Диоген Лаэртский алғаш рет «құндылық» сөзіне анықтама берген, оның анықтамасы бойынша: «Құндылық, біріншіден кез-келген игілікке тән жәрдемдесіп, өмірге бейімделу, екіншіден, табиғатпен сәйкестендіріп, өмірмен бірге әрекет ететін пайда, үшіншіден, тәжірибеде сатушы тағайындайтын тауардың айырбас бағасы». Сонымен антикалық дәуірдегі философтардың ойынша, құндылық табиғатпен сәйкестендірілген тіршілік етуге бейімделуімен сипатталған, игілікке қол жеткізудің құралы болып саналған [2].
Достарыңызбен бөлісу: |