Менің анам — әлемдегі ең асыл жан. Анам екеуіміздің арамызда бір құдіретті күш бар. Ол «мейірім» деп аталады. Мен гүл болсам, анам - сәулесін төккен күн. Мен сол сәуледен жылу аламын. Мен тамшы болсам, ол - теңiз. Мен сол теңiзде тербелемін. Мен құрақ болсам, ол - мөлдір бұлақ. Мен сол бұлақтан нәр аламын. Біз анам екеуіміз кез келген мәселе жөнінде пікірлесеміз. Ол өте сезімтал. Анам менің адам болғанымды тілейді. Анамнан өнеге аламын. Демалысымызды ақылдасып, бірге жоспарлаймыз. Бұл маған үлкен жауапкершілік артады.
1.Мәтінге тақырып қой.
2.Мәтін бойынша жоспар құра.
2-тапсырма.Өлеңді мәнерлеп оқы. Өлеңге қандай тақырып қояр едің?
Ана!
Сен бақыттысың,
Жыламағың!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың!
Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасындамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,
Байырғы берекеңді қашырмағың.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…
М.Мақатаев
3-тапсырма. Берілген сурет бойынша мәтін құрастыр.Оқып бер.
4-тапсырма.Мақалдарды оқы.Төмендегі сұрақтарға жауап бер.
Ақ жаулығы ананың,
Ақ көрпесі баланың.
Ағайын-алтау,
Ана-біреу
Ана алақанының аясы-
Ақ шынардың саясы.
Ана сүтін ақтамағанды ешкім жақтамайды.
Халық даналығы ана туралы не дейді?
«Ана» деген сөзді бір сөзбен сипатта.
Сен өз анаңа қамқорлық көрсетесің бе?
5-тапсырма.Мәтінді оқы. Мәтінге тақырып қой
Ана — әлемдегі ең ардақты да, аяулы жан. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жүрегінің астында жатқан нәрестесінен барын да, нарын да аямайтын ананың адам өміріндегі орны ерекше. Гүлдің жайқалып өсуі үшін су мен ауа қаншалықты қажет болса, баланың дұрыс жетілуі үшін де ата-ананың қажеттігі басым.
Бізге жарық дүние сыйлаған анаға не сыйласа да аздық етеді. Меккеге жеті рет арқалап апарғанның өзінде қарызын өтей алмассың. Себебі ана сияқты бақытыңды ойлап, табаныңа кірген тікенді маңдайына кіргенін қалайтын адам жоқ. Шын бақытыңды ойлап, жанын құрбан етуге даяр жалғыз адам ол — ана. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген біз – алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалайықшы. Себебі адам өмірде «адам» болғысы келсе, алдымен ананы қастерлей білуі керек емес?!
Достарыңызбен бөлісу: |