72. Сөздерді дұрыс айтпау
Жүргізуші: Қадірменді тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік!» бағдарламалар циклі. Анар ханым, ендігі сұрағымыз даулы мәселе десек те болады. Көп жағдайда сөздерді дұрыс таңдамай жатамыз. Осы жайында не айтар едіңіз?
Анар ханым: Енді бұл жайлы көп әңгіме қозғауға болады. Қазіргі кезде ауызша сөзімізден құлағымыз жиі-жиі осындай қате қолданыстарды шалып қалып жататын болды. Енді ол біз үшін өкінішті. Бірақ біз осы бағдарлама арқылы сондай бір қателіктердің басын ашсақ, олар азаяды деп ойлаймын. Бұл неден туындайды? Бұл қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын дұрыс білмегеннен туындайды. Сондықтан біздің тіл үйренушілеріміз тыңдармандар арасында болса, оларға қоятын бірінші талабымыз неғұрлым көбірек сөз білсеңіз, сіз соғұрлым осы қателерден өзіңізді сақтандыра аласыз. Енді қателердің дені көбінесе мынау қазақ тіліндегі сөздің төл мағынасын түсінбеуден болады. Мысалы, «барымта» деген бар, «ұрлық» деген бар, «барымташы» деген бар, «ұры» деген бар. Кәдімгідей бір себеппен біреудің малын кінәлі адам болса, ол өтеуін төлемеген кісі болса, біреудің малын, мүлкін алып кеткен адамды оны – барымташы дейді. Осыны бізде көбінесе мынау дайындықты ауызша сөз жүзеге асатын публицистика стиліндегі мәтіндерде журналистеріміз ажырата алмай жатады. Барымташысы да ұры, ұрысы да ұры бәрі ұры болып жатады. Осыған кішкене көңіл аударған дұрыс деп ойлаймыз.
Жүргізуші: Одан кейін кейде жаңағы спорттық жарыстар болып жатқанда, «ақтық мәреге жақындап қалды» деп айтып жатады. Бір түрлі естіледі енді. «Ақтық» деген бір соңғы демі қалды дегендей мағына беретін сияқты.
Анар ханым: Дұрыс, өте дұрыс! Міне, Самат, сіздің қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын білетініңізді осы бір секем алғаныңыздан байқауға болады. Сіз дұрыс секем алдыңыз. Өйткені «ақтық» деген сөз енді, шын айтқан кезде, өлім аузында жатқан адамның соңғы рет орындайтын әрекеттеріне, соңғы рет ішетін асына қарата айтылады. «Ақтық дем» дейді, «ақтық демі таусылғанша» дейді, мысалы, иә, «ақтық асын ішті» дейді. Осындай сөзді апарып мынау спорт жарыстарының соңғы бөлімінде өтетін спорт жарыстарына алып барып қойып, журналистеріміз, мынау деген телерадио жүргізушілеріміз «ақтақ сайыс» болып жатыр деген кезде, «астафиралла» спортшыларымыз аман-есен болса екен» деп отырамыз. Сондықтан бұны дұрыстап қолдану керек. Осыдан бас тарту керек, бұл сөзден. Енді бұны соңғы сайыс деуге де болады. Мысалы, осы сайысты аяқтайтын сайыс дей ме, енді соған балама табуға болады қазақ сөзінде. Бірақ «ақтық сайыс» деп айтуға мүлдем болмайды.
Жүргізуші: Одан кейін соңғы кезде «үй қамақ» деген сөз. Ол бір орыс тілінен тікелей аударылған сияқты.
Анар ханым: Иә, орыс тіліндегі «домашний арест» деген сөзді тура барып тікелей аударған. Ал бұл қамауға алудың бір түрі ғой енді. Көп еркіндік беретін, өзінің үйінде ешқайда шықпауды талап ететін жазаның бір түрі. Бұндай да адамды абақтыға алып бармайды. Ондайды мысалы, қазақтар, «мырза қамақ» дейді. Сондықтан «үй қамақ» дегенді қойып, «мырза қамақ» деп қолданған дұрыс.
Жүргізуші: Ол ер адам емес, әйел адам болып жатса ше?
Анар ханым: Мәселе оның ер адам, әйел адам болуында емес. Бұл жерде «мырза» деген мағына өзіне-өзі әлі қожа деген мағынаны білдіріп тұр. Өзіне-өзі әлі де болса ие. Қамақта отырғанымен, әлі өзіне-өзі мырза деген мәндегі осы мәнге ұқсас қолданады. Бұл жерде қазақ тілінде орыс тіліндегідей род категориясы жоқ. Осы тұрғыда тағы да айта кететін бір дұрыс емес қолданыс бар. Бұл қате сөздерді дұрыс таңдамауға да кіреді. Бұл және грамматикалық қателер туралы айтамыз, алдағы бағдарламамыз да соған да қатысты. Мынау род категориясы деп айтқаннан кейін, айтып кетейік. Мысалы, азамат деп ер адамға айтады да, әйел адамға азаматша дейді. Бұл тіптен күлкілі. Төраға дейді, оны барып төрайым деп қолданып алды.
Жүргізуші: Ол қазір заңды түрде бекітілген сөз ғой «азаматша» деген, біздің төл құжатымызда солай жазылған.
Анар ханым: Жоқ, ол заңды түрде бекітілуі мүмкін емес. Бұл грамматикалық қате. Себебі қазақ тілінде род категориясы жоқ. Ол ер адам болса да «азамат», әйел адам болса да «азамат», ер болса да «төраға», әйел адам болса да «төраға» деп айту керек. Осыдан әбден сақ болу керек.
Жүргізуші: «Төрайым» деген сөз дұрыс емес пе сонда?
Анар ханым: «Төрайым» деген сөз дұрыс емес. Өйткені, «төраға» деген ғана сөз бар, «төрайым» жасанды сөз. Оны жасап алған. Сондықтан осы жағынан өте сақ болу керек.
Жүргізуші: Анар ханым, айтыңызшы осы «контрабандист» деген сөздің қазақша баламасы бар ма?
Анар ханым: Самат, сен өте жақсы сұрақ қойдың. Осыны да мен өзім ойлап жүргенмін. Мынау бүгінгі біздің бағдарламаны пайдаланып айтайын. «Контрабандистік» кейде емес, тіпті көбінде «қарақшы» деп айтып кетеді. «Қарақшы» дегеннің орысшасы енді «пираттар» ғой. Ал енді «контрабанданы» «қарақшылық» дейді. Ал қазақ тілінде осы бір ұғымға қатысты өзі бұрыннан атау бар. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында көп қолданған. Ол «әткешшілік». «Контрабанданы» - «әткешшілік» дейді да, «контрабандисті» «әткешші» дейді. Осыны біз қазақ тілінің он бес томдық түсіндірме сөздігіне енгізген болатынбыз. Сөздіктің авторлар ұжымы. Сондықтан біле жүрген абзал. Енді осындай мысалдарды жалғастыра беруге болады. Күнделікті естіп жүрген мынау, «бүгін ауа райы қандай еді?» деп әуелі мынау орта жастағы, егде жастағы қазақтардың өзі айтатындай. Осы бір қатенің кең таралғаны адамды ойландырады. Өйткені біз білеміз бала кезімізден естіп келе жатқанымыз, қазақтың, мысалы, көркем шығарманы оқып отырсаңыздар, авторлары танымал, беделді жазушылардың шығармаларын оқысаңыз да «күн райы» деп жазады. «Күн райы» деген ол күнделікті өзгеріп отыратын, мынау табиғаттың құбылысы ғой енді. Ал енді белгілі бір аймаққа, өзіне ғана тән бір ерекше табиғи құбылыстарды «ауа райы» дейді. Мысалы, Арқаның ауа райы, Қазақстанның ауа райы. Ал бүгінгі табиғат қандай болады? Бүгінгі күн қандай болады? дегенде – «күн райы» дейді. Сондықтан, мысалы, орыс тіліндегі «погода» ғой енді. Сонда орыс тілінде «погода» деген сөздің орнына «күн райы» деп қолданған абзал болар еді. Ал «климат» деген сөзге «ауа райы» десе әбден біздің тіліміздің жүйесіне жақын, қолайлы болатын еді.
Жүргізуші: Жақсы Анар ханым, түсінікті көп рақмет!
Достарыңызбен бөлісу: |