448-бап. Кәмелетке толмағандардың вандализмі
Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған вандализм, яғни мемлекет қорғайтын ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді, адамдар жерленген жерлерді жазулармен немесе суреттермен, немесе қоғамдық имандылықты қорлайтын өзге де әрекеттермен қорлауы, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіруі –
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
449-бап. Қоғамдық орындарда тиісу
1. Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру –
жеке тұлғаларға ескерту жасауға не бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, шетелдік не азаматтығы жоқ адам жасаған әрекеттер –
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |