Мейірбикелік жұмысты үйлестіру және шешім қабылдау Медициналық ұйымның жұмысы шұғыл медициналық көмек көрсету барысында ұзақ кезеңді қамтитын диагностикалау және емдеумен,пациенттің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету қажеттігімен ерекшеленеді.
Осы факторлар мекеменің күнделікті басқару технологиясына қойылатын талаптарды күшейтеді және осы бағытта қамтамасыз етілуі тиіс бірсыпыра мәселелер туындайды:
- медициналық ұйымның үздіксіз әрі тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету;
- мекеме қызметінің сапасын бағалайтын саналуан көрсеткіштердің икемділігін қамтамасыз ету;
- мекемеде бар қолданыстағы ақпараттық жүйелер мен жеке бағдарламалардан алынған ақпараттар негізінде технологиялар жасақтау;
- технологияны дамыту, оны талдау мен түзеу мүмкіндігінің болуы.
Мейірбикенің жұмысы туралы шешім қабылдаушы негізгі тұлға – ол бас мейірбике.
Басқару қызметін бағалауда сыңаржақтылыққа жол бермеу үшін және медициналық ұйым қызметіндегі қалыптасқан жағдайды бақылаудың тиімді стратегиясын жасап шығару мақсатында «Бас мейірбике» деп аталатын Жедел бақылаудың автоматтандырылған
ақпараттық жүйесі – ААЖ –ұсынылып отыр.
«Бас мейірбике» ААЖ-ң басты міндеті – бас мейірбикеге емдеу мекемесінде қалыптасқан жағдай туралы ақпарат беру, жиналған көрсеткіштер негізінде басқару шешімінің бірнеше нұсқасын ұсыну,көрсеткіштер негізінде мейірбикелердің қызметін бағалау.
Ақпарат ақпараттық-аналитикалық қосалқы жүйесінде «мәліметтерді синхронизациялау жүйесіне» жиналып, одан соң алдын-ала өңдеуден өткізіліп, ақпараттық сақтау орнында қалыптасады.
Ақпаратты сақтау орны – мұрағаттық ақпараттар сақтай алатын және жылдам қатынау мүмкіндігі бар дерекқор сервері.
Негізгі қызмет орындарын медициналық мекеме басшылығы анықтайды және ол орындар бас дәрігерде, оның орынбасарлары мен негізгі қызмет басшыларында орнатылуы мүмкін.
Жүйені енгізудің оң нәтижесі мынада:
- бас мейірбикеге жеке-жеке ақпарат жиыны келіп түсіп отырады, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі артады;
- медициналық ұйымды кез-келген бөлімше бойынша немесе кез-келген көрсеткіштер бойынша талдау мен басқару мүмкіндігі пайда болады;
- медициналық ұйымның белгілі бір бөлімшесі бойынша немесе көрсетілген қызмет түрлері бойынша, кезеңіне қарай және т.б.
көрсеткіштерге аналитикалық талдау жасай алады;
- дәріхана мен қоймадағы дәрі-дәрмек санын қарауға мүмкіндік туады;
- диспетчерлік қызметтің жаңа сапасы пайда болады (медициналық
мекемелердің қызметін бақылаудың тәуліктік шұғыл штабы);
- кереует қорының шұғыл мониторингін жасау мүмкіндігі пайда болады;
- қызметкерлердің жұмыс технологиясы өзгеріссіз қалады;
- қолданыстағы бағдарламалық қамсыздандырулар өзгермейді және жойылмайды.
Жүйенің жұмыс істеу нәтижесін бағамдай отырып мынадай қорытынды шығаруға болады: басқарушылық шешімдер дегеніміз басқару жұмысының барысында пайда болған түйткілдерді жоюға бағытталған шығармашылық акт. Денсаулық сақтау саласындағы кез-келген
басқарушылық шешім 3 кезеңнен тұрады:
1. Мәселені шешу:
- ақпарат жинау;
- алынған ақпараттарды талдау;
- өзектілігін түсініп алу.
-шешілетін мәселенің шартын түсініп алу.
2. Шешім жсопарын жасау:
- шешімнің балама нұсқасын әзірлеу;
-бар ресурстар негізінде жасалған шешімнің балама нұсқаларын салыстыру;
- әлеуметтік сала бойынша баламалы нұсқаларды бағалау;
- балама нұсқаларды экономикалық тиімділігіне қарай бағалау;
- балама нұсқаларды экологиялық тиімділігі бойынша бағалау;
- шешімнің бағдарламасын құрастыру;
- шешімнің егжей-тегжейлі жоспарын өңдеу мен құрастыру.
3. Шешімді орындау:
- шешімдерді нақты орындаушыларға дейін жеткізу;
- марапаттау мен жазалау шараларын әзірлеу;
- шешімдердің орындалуын бақылау.
Басқарушылық шешімдерді қабылдау әдістері мәселені шешуге бағытталған нақты тәсілдер жиынынан тұрады.
Басқару шешімдерін қабылдаудың негізгі әдістері:
- декомпозиция – күрделі сұрақтарды қарапайым сұрақтардың жиынтығы есебінде қарастыру;
- диагностика – бірінші кезекте мәселенің неғұрлым маңызды бөлшектерін іздеу. Бұл әдіс ресурстар көлемі шектеулі болған жағдайда қолданылады;
- эксперттік бақылау, ұсынылған қайсыбір идеялар салыстырыла бағаланады;
- Дельфи әдісі. Бір-бірін білмейтін сарапшыларға мәселені шешуге байланысты сұрақтар қойылады да, сарапшылардың азының пікірі – көбіне жеткізіледі.
Көпшілік бұл шешімімен келіседі немесе жоққа шығаруға тиіс. Егер көпшілік келіспесе, онда олардың уәждері азшылыққа беріліп, сонда талданады. Бұл процесс сарапшылар ортақ бір пікірге келмейінше қайталана береді, егер олар ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда, өз пікіріне берік сарапшылар тобы бөлініп шығады. Бұл әдіс тиімділікке қол
жеткізу үшін пайдаланылады:
- Маман еместің әдісі. Сұрақты бұрын-соңды айналыспаған аралас саладағы сарапшылар шешеді;
- Сызықтық бағдарлау;
- Имитациялық үлгіге салу;
- Ықтималдық теориясының әдісі;
- Ойын теориясының әдісі, мәселе мүлдем белгісіздік жағдайында шешіледі;
- Ұқсастық әдісі, мәселені нысанның өзге басқару нысандарымен байланысы арқылы шешу.
Шешім қабылдау - басқару процесінің маңызды құрамдас бөлігінің бірі болып табылады. Басқару процесі күрделілігі мен маңыздылығы, ұзақтығы мен сипатына қарай қабылданатын шешімдердің үздіксіз тізбегін құрайды.
Әр салада, оның ішінде денсаулық саласында да басқару шешімдері жетіп артылады. Денсаулық сақтау саласын басқаруда шешімдер хронологиялық бірізділік қағидасына орай, қайталану ырғақтылығына қарай жіктеледі.
Басқару шешімдерінің тиімділігін арттыру мақсатында басқарушылық шешімдерді қабылдауды оңтайландыру үшін басқару процесін үйлестіру талап етіледі. Классикалық басқару мектебі, мысалы күрделі үрдісті талдауда ондағы бар ресурстарды пайдалана отырып, үрдісті құрамдас бөлшектерге бөліп тастауды талап етеді.
Көптеген қарапайым да күрделі операцияларды бөлшектеу арнайы мамандануды енгізуге мүмкіндік береді. Арнайы маман, әмбебаппен маманмен салыстырғанда, тиісті жерде жұмысты нақты, тиімді орындайды; сонымен қатар, оның жұмысын бақылау да, табу да оңай.
Медициналық көмекті үрдістерге бөлу, техника мен компьютерді қолдана тырып, механикаландыру мен автоматтандыру ісінің жүгін жеңілдетеді.
Бұл ретте, басқару мазмұны тұрғысынан алып қарағанда, үрдісмазмұнының өзі де айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Медициналық көмек көрсетудің барлық қатысушыларының қызметін үйлестіру қажеттігі туындайды.
Медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету мүмкіндігі арнайы мамандануда көрсетілетін медициналық көмектің көлемін толық қамту есебінен жүзеге асырылады. ДДҰ мәліметтері бойынша, мыңдаған арнайы мамандандырылған медициналық қызметкерлер бар. Егер әмбебап мамандардан тұратын медициналық қызмет субъектісі осындай көлем мен сапада көмек көрсетсе, қанша ресурс, қанша білікті мамандар
жұмылдырылған болар еді.
Сондықтан арнайы мамандандырылған мамандар әмбебап мамандармен салыстырғанда тиімді пайдаланылады. Олар үнемі өз білімі мен дағдыларын іс жүзінде қолданып, шыңдап отырады. Оны қайта даярлау да оңай. Оның жұмысын түрлі әдістемелермен және қажетті аппаратурамен қамтамасыз ету де әлдеқайда жеңілірек.
Объективті мүмкіндіктер – бұл медициналық көмек көрсетуде ресурстарды тиімді пайдалану, яғни дәрігерлердің іске мамандануы нәтижесінде сапалы медициналық қызмет көрсете отырып, көрсетілетін қызмет көлемін де арттыру үрдісін қолдану. Кейбір елдерде бұл үрдіске шектеу қою талпыныстары сәтсіз аяқталған екен: қағаз жүзінде болмағанымен, мамандану үрдісі іс жүзінде бар көрінеді. Күрделі жүйеде
пайда болатын кез-келген құбылыс, дами келе, пісіп жетілер шағы жақындағанда өзіне-өзі тұсау болатын алғышарттарды туғыза бастайды.
Бұл дегеніміз диалектикалық даму заңдылығы, оған таң қалуға болмайды.
Бөлшектену нәтижесі неғұрлым күрделі болған сайын, ол бөлшектерді синтездеу де соғұрлым қиын болмақ. Егер жұмыс барысы қарапайым операцияларға бөлініп тасталған болса, ол операциялардың басын біріктіріп, өзара үйлестірудің де машақаты көп болады.
Алдын-ала барлық алғышарттарды есепке алған күнде де, нақты жағдайдың қалай қалыптасатынын толық болжай алмаймыз. Арнайы мамандандырылған жүйенің, әмбебаппен жүйемен салыстырғанда, жаңа жағдайға икемделуі қиын. Мамандандырылған жүйе жаңадан қалыптасқан жағдайда қиналмай жұмыс істеп кетуі үшін арнайы басқару жүйесін құру керек болады. Ондай басқару жүйесі қосымша шығын шығаруды талап
етеді. Ақырында, арнайы мамандандырудан ұтқан ұтысымызды, уақыт өте келе, маманданған жүйенің өзін басқаруға жұмсалған шығындар шайып әкетеді. Дәрігердің уақытының жартысы ауруды емдеуге кетсе, қалған уақыты басқару процесін жүргізуге (аурудың тарихын толтыру, әріптестермен өзара байланыс орнату және т.б.) кетіп қалады. Әрине,терең мамандану медициналық қызмет көрсетудің сапасына оң әсерін тигізетінін жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, тар шеңберлі арнайы мамандар аурудың патологиясын жақсы түсіндіргенімен, көп жағдайда ауруды асқындырып алатын көрінеді. Мәселен, АҚШ-та аурулардың асқынып кетуінің 30% сол арнайы мамандандырылған мамандар жұмысының кері әсерінің салдарынан болады екен.
Аурухана, бөлімше арнайы мамандандырылған болса, медициналық қызмет көрсету сапасы соғұрлым жақсы болады, көмектің көлемі, дәрігер уақытының пайдаланылу тиімділігі, дәрігердің науқасты қарау саны және т.б.көрсеткіштер жоғары болады. Алайда мұндай жүйені басқарудың өзі өте қиын. Ең бастысы, ауру адамның қажетті маманның қарамағына дер уақытында өту процесі қиындай түседі. Мамандану аясы тар мамандар
тарапынан жіберілетін қателіктер саны өсе түскен сайын, құрбандық саны да арта береді. Сондықтан мамандандырылған ауруханалар мен бөлімдердің медициналық қызметін өзгелермен үйлестіру қажеттігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.