2. Мақсаты: Менеджменттің құрамдас бөліктері және оның мейірбике ісіндегі дамуы ерекшеліктерімен таныстыру
3.Қарастыратын сұрақтар:
- Мейірбике ісіндегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері
Мейірбикелік жұмысты үйлестіру және шешім
қабылдау
4. Үлестірілетін материалдар:
Менеджменттің құрамдас бөліктері және оның мейірбике ісіндегі дамуы
Мейірбике ісіндегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері Мейірбике еңбегін конвейердегі жұмыспен салыстыруға келмейді,әрине. Алайда маман ретінде оның іс-қимылының шығармашылық еркіндігі де жоқ.
Ол еңбек – технологиялық еңбек, сондықтан «мейірбикелік технология» терминін жиі қолданамыз. Мейірбикелік технология стандарттау мен реттеуге келеді. Орындауға қойылатын талаптар нақты реттелген болып келеді. Мейірбике ісі саласындағы қызметкерлердің мүлде еркін (ондайлар да кездеседі) шығармашылық бағытта, яғни
технологиялық реттеуге бағынбай жұмыс жасайтындары сирек. Алайда соңғы жылдары, мейірбикелік үрдістің дамуына орай, дәрігерден бөлек мейірбике дербестігі, мейірбикенің диагноз қоюы, мейірбикенің күтім жасауы және т.б. үздіксіз дамып келе жатыр.
Денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамыту барысын мейірбике ісінсіз елестету мүмкін емес, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту мен әрі қарай сапасын жетілдіру, медициналық тұлғалардың жұмысының санитарлық-гигиеналық жағдайын мейлінше тез қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру мен жұмыс уақытының шығынын мейлінше қысқарту, кәсіби ауруларды алдын-алу шараларын іске асыру.
Еңбек ету медицина қызметкерлеріне моральды тұрғыда қуаныш сыйлау керек.
Еңбек физиологиясы негізгі мәселені – организмнің шаршауын төмендету шараларын қарастырып отырады. Шаршау еңбек ету процесі нәтижесінде, яғни өндірістегі еңбек процесінің дұрыс ұйымдастырылмағандығынан болады.
Шаршаған адамның еңбек ету қабілеттілігі дем алған адаммен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Егер жұмыс ауысымы біткенше жұмысшының шаршаңқылығы басым болса, ол күнделікті және апта бойына, тіпті демалыс күні де тарқамайды, зорығып қажу басталады, бұл кезде медициналық көмек қажет болады.
Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы еңбек процесін ұйымдастыру кезінде шаршау мәселесіне көп көңіл бөлінеді.
Медициналық мекемелердегі еңбекті ұйымдастырудың ұлттық экономикалық маңызы зор. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын көтеру – аурудың саны мен мүгедектіктің азаюын, еңбек өнімділігі мен жұмыс жасау қабілетін арттырады.
Медицина қызметкерлерінің нақты уақытын есептеуді үйрену емдеу шараларына әртүрлі элементтерді қолдану мен өндірістік емес шығындардың азаюына әсерін тигізеді. Медициналық орта буын қызметкерлерінің жұмыс кестесі емдеу бөлімшесінің саласына, ондағы аурулардың санына байланысты болады. Ауруларға көмек көрсету қызметін жеке қызмет көрсету дейгейіне жуықтату керек, яғни әр палатаның өз мейірбикесі болғаны дұрыс.
Мейірбике өз жұмыс орнын ұйымдастыруда ауру мен қызметкер үшін де ыңғайлы жағдайды, санитарлы-гигиеналық талаптарды, норма мен ережені қатаң сақтауы тиіс.
Мейірбикенің жұмыс орнында қажетті барлық нәрселер болуы тиіс.
Жұмыс орны қажетті дәрі-дәрмектер, құралдар, құжаттар және т.б. іздеуге аз уақыт кететіндей етіп жабдықталуы тиіс.
Барлық жерде аурудың шақыруына жылдам келу үшін «ауру-кезекші мейірбике» жүйесі қарастырылған. Телефондық немесе селекторлық байланыс жүйесін ұйымдастыру өнімсіз уақыт шығынын мейлінше азайтуға септігін тигізеді. Мейірбике ісі медициналық постында әр бөлімге арнайы стенд ілінеді, онда әртүрлі ауруды зерттеу кезіндегі
талдау барысында алынатын анализдер мен оған дайындалу ережелері жазылады.
Ауруларды күту кезіндегі екісатылы жүйе көрсетілетін күтімді жақсартып, кіші және орта буын медициналық қызметкерлердің жұмыс сапасын жақсартады. Кіші буындағы мейірбикелердің жұмысын механикаландыру олардың да еңбегін жеңілдетеді.
Учаскелік мейірбикелердің өндірістік тыс еңбек шығынын азайту үшін оны, біліктілікті қажет етпейтін, учаскеге шығу алдындағы дайындық жұмысынан арылту қажет. Мейірбикелер мөлшерлі ғана тапсырмалар алады: аурудың мекенжайы көрсетілген арнайы стандартқа сай бланкка толтырылған дәрігерлік тағайындау, қажетті мөлшердегі таза шприцтер мен өзге де материалдарды алады. Ал дайындау жұмыстарын арнайы жүктелген адамдар бір орталықтан жүзеге асырып отырады.
Мейірбикелерді стерильді материалдармен, құралдармен емхананың орталықтандырылған лабораториясы қамтамасыз етеді. Ал қызмет бабында қоғамдық көлікті пайдаланған жағдайда арнайы жеңілдіктер қарастырылуы тиіс және емхананың өзі көлікпен қамтамасыз етуі тиіс.
Өйткені, терапия мен бала емдеу бөлімдерінің мейірбикелері үйдегі ауруларды күтуге жұмыс уақытының 38,8%, ал учаскеде жүруге де осындай мөлшердегі уақытын кетіреді. Учаскедегі жұмыстың жауапкершілігі көбірек, эмоциялық салмақ тағы бар және жоғары мамани біліктілікті талап ететіндіктен, қазіргі уақытта осындай күрделі жағдайда
жұмыс жасайтын мейірбикелерге моральды және материалды тұрғыда ынталандыру мәселелері шешілуде. Аға мейірбикелердің жұмысын оңтайландыру барысында олардың жазуға кететін уақытын қысқарту үшін арнайы стандартпен басылған бланктер, материалдар алуға сұраныстар, табельдер, графиктер, есеп жүргізуді қысқарту, дәрі-дәрмек алуды, инвентарь, материалдар алуды орталықтандыру амалдары жүргізілуде.
Көптеген емханаларда кезекші фельдшер, мейірбике постылары мен диспетчерлік пункттер бар. Бұл пункттердің жұмысы нәтижесінде аурудың дәрігер қабылдауына кіруге жұмсалатын күту уақыты қысқарады және терапевтің біліктілігін қажет етпейтін қабылдаулар санын азайтып, учаскелік дәрігердің күнделікті қабылдау уақыты 5 – 10% үнемделеді.
Еңбекті ұйымдастыру барысында стационардағы мейірбикелердің медициналық құжат жазуға көп уақыттары кететіндігі анықталды, яғни медициналық білімді қажет етпейтін, физикалық күш жұмсайтын жұмыстарды орындау олардың еңбегінің тиімділігін төмендетеді.
Мейірбикелер еңбегін оңтайландыру шараларын дәрігердің жұмысынан бөліп қарауға болмайды. Дәрігер мен мейірбикенің барлық дәрігерлік тәжірибесі, олар деонтология қағидасын бұзбаған жағдайда ғана тиімділігін береді. Медициналық қызметкердің еңбегін ұйымдастыру мен мәдениетін қалыптастыру, оның аурумен арадағы қарым-қатынасы – бұл біртұтас процесс, бір жүйе.
Еңбек кооперациясы мен еңбекті бөлу формалары аталған медициналық мекеменің нақты талаптарына сәйкес болса, уақытты үнемдеп, материалдық шығындарды азайтып, еңбек тиімділігін арттырады. Тәжірибе көрсеткендей, еңбек кооперациясы мен оны ұтымды
бөлістіру еңбектің маңыздылығын арттырып, медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен шығармашылық белсенділік деңгейін көтереді;
сыңаржақтылық жойылып, жалықтырып, шаршататын жұмыс көлемі азаяды. Еңбекті ұйымдастыру барысындағы басты мәселе – медицина қызметкерінің жұмыс орны мен жағдайын жақсарту болып табылады.
Мейірбикенің лауазымдық нұсқаулығында мейірбикенің «мейірбике ісі» мамандығы бойынша арнайы медициналық білімі болуы керектігі айтылған. Мейірбике медициналық мекеме басшысының бұйрығы негізінде жұмысқа қабылданатын арнайы мамандар санатына жатады.
Мейірбике қызметіне медициналық білімі бар, жұмыс тәжірибесі қажет етілмейтін тұлға алынады. Ал II санаттағы білікті мейірбике қызметіне арнайы білімі бар, мамандығы бойынша кемінде 3жылдық өтілі бар адам алынады. I санаттағы білікті мейірбике қызметіне арнайы білімі бар, II санаттағы біліктілік бойынша кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар адам алынады. Жоғарғы санаттағы білікті мейірбике қызметіне I санаттағы
біліктілік бойынша кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар адам алынады.
Өз қызметінде мейірбике мыналарды басшылыққа алады:
- тиісті мәселелерді реттейтін заңнамалық және нормативтік құжаттарды;
- өз қызметіне қатысты мәселелерді қамтитын әдістемелік материалдарды; мекеме жарғысын;
- мекеме басшысының бұйрықтарын (тікелей басшысының); еңбек гигиенасының ережелері мен нормаларын, еңбек тәртібі ережелерін.;
Мейірбике мыналарды білуге тиісті:
- денсаулық сақтау мәселелері бойынша жоғары тұрған органдардың нормативтік-құқықтық актілері мен басқа да жетекші материалдарды;
- емдеу-диагностикалау барысында аурудың алдын-алу шараларын білу, салауатты өмір салтын насихаттау, мейірбикенің рөлі менміндеттерін білу;
- денсаулық сақтау мекемелерінің ұйымдық құрылымын ;
- еңбек заңнамасының негіздерін;
- еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларын білу.
Мейірбике болмай қалған жағдайда, оның міндеттерін толық орындауға жауапты орынбасар атқарады.
Мейірбике мына қызметтерді атқаруы тиіс:
- науқас адамдарды күтіп-бағуды жүзеге асыру;
- дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету;
- талдау жасау мақсатында материалдарды зерттеуге алу;
- науқас адамдарды күтіп-бағуды жүзеге асыру мақсатында құрал-саймандар мен таңу құралдарын зарарсыздандыру;
- дәрілердің жұмсалуын бақылау, олардың сақталуы мен қолданылуын есепке алу.
Өзіне жүктелген қызметтерді орындау барысында мейірбике міндетті:
- ЕАМ және үйде науқастарға күтім жасау;
- дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге, санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуге, лабораториялық зерттеуге қажетті материалдарды алып, жай талдау жүргізуге, науқас адамдарды күтіп-бағуды жүзеге асыру мақсатында құрал-саймандар мен таңу құралдарын зарарсыздандыруға;
- бөлімшедегі дәрілік заттар мен этил спиртінің дәрігерлік мақсатта дұрыс жұмсалуына, есебін жүргізуге, сақтау мен пайдалануға жауапты.
Мейірбике өз қызметінде ҚР Президентінің жарлықтарын және ҚР Конституциясы мен заңдарын, денсаулық сақтау, қалалық, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, ҚР Үкіметінің шешімдері мен қалалық емхананың еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және өрттен қорғау ережелері мен нормаларына, сондай-ақ Жарғыға және өзге құқықтық
актілермен (оның ішінде ішкі тәртіп қағидасы) және ЕАМ басшыларының өкімдерін басшылыққа алады.
Халыққа медициналық көмек көрсету жүйесіндегі аяққа тұсау болып отырған бір мәселе - мейірбике жұмысын ұйымдастырудың жалпы қағидаттары мен тәсілдерінің болмауы.
Бүгінгі таңда барлық деңгейдегі мейірбике ісін бірыңғай басқару жүйесінің жоқтығы мейірбике жұмысының тиімділігі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр.
Мейірбике жұмысын тиімді ұйымдастыру мен сапасын жетілдіру мақсатында денсаулық сақтау мекемелерін компъютерлендіру және ақпараттық-талдау жүйесін құру қажет.
Барлық ұйымдық нысандардағы мейірбикелерге тән кәсіби қызметтің негізі - әдепті мінез-құлық нормалары мен мейірбике ісінің мәдениетін, пациенттің құқығын құрметтеуде.