Бір ел. Бір тағдыр. Бір Отан. Елордада Елбасының қатысуымен «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының фестивалі өтті.
Осыған орай еліміздің барлық өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің 10 мыңнан астам өкілі Астанаға келді. Салтанатты шараны Нұрсұлтан Назарбаев ашып, жиналғандарға жүрек жарды тілегін жеткізді.
Бүгінде бейбітшілік бесігіне айналып, татулық қазығын қаққан Қазақстанда көп ұлттардың бірлікте күн кешуі өзгеге үлгі, өзімізге бақ. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде республикада 1032 этномәдени бірлестік ашылды.
Мемлекет басшысы қай ұлттың мейрамы болсын, бірге тойлайтынымызды айтып, бес саусақтың саласындай, бір үйдің баласындай күн кешіп, бір шаңырақ астына топтасуымыздың маңыздылығына тоқталды. Бейбітшілік пен келісім орнаған жерде Тәуелсіздік мәңгі орын тебеді. Қазақстанда бұл қағиданың жалғасып келе жатқанына 25 жыл. Осы жылдар ішінде еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Халықтың әл-ауқаты әлденіп, тұрмысы түзелді. Бәрі-бәрі бірліктің арқасы. Бұл ынтымаққа өзге ұлт өкілдерінің қосқан үлесі бар.
Оны бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық фестивалінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.