А. Абдуалы Е.Қ. Серікбаев Г. С. Өтепбергенова



Pdf көрінісі
бет1/8
Дата10.11.2019
өлшемі1,69 Mb.
#51501
  1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
history


 
Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрлігі 
М.Х. Дулати атындағы  
Тараз мемлекеттік университеті 
А. Абдуалы 
Е.Қ. Серікбаев 
Г.С. Өтепбергенова 
Р. Тобаджанов 
Әулиеата өңірі киелі 
мекендерінің тарихи 
аңыздары 
Оқу құралы 
«Тараз университеті» 
баспасы 
Тараз, 2018 

 
ӘОЖ 94(574) 
КБЖ 63.3 (5 каз) 
    Ә 88 
Абдуалы А.Б., Серікбаев Е.Қ., Өтепбергенова Г.С., Тобаджанов Р. 
Әулиеата өңірі киелі орындарының тарихи аңыздары: Оқу құралы. – Тараз: 
Тараз университеті, 2018. – 
104 бет.
ISBN 978-9965-37-179-0 
Пікір жазғандар: 
Байтілен С.А. 
– тарих 
ғылымдарының
докторы, 
Тараз 
инновациялық-гуманитарлық  университетінің 
профессоры;
Жүрсінбаев Б.А. 
– тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Тараз
мемлекеттік  педагогикалық  университетінің
«Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі;
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 
«Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласы  аясында 
ұйымдастырылған  М.Х.Дулати  атындағы  Тараз  мемлекеттік  университетінің 
экспедициясы  нәтижесінде  «Әулиеата  өңірі  киелі  орындарының  тарихи 
аңыздары»  атты  бұл  жинақ  құрастырылды.  Бұл    оқу  құралында    Жамбыл 
облысының  барлық  аудандарының  танылмаған  киелі  жерлері  туралы  тарихи 
аңыздар,  елді мекендердегі ескерусіз келе жатқан киелі орындар, олар туралы 
тарихи  деректер  зерделенді,  сонымен  қатар  киелі  жердің  қыр-сырын  білетін  
көнекөз  қариялардың  шежірелері  мен  әңгімелері,  ел  ауызында  сақталған 
жырлары жазып алынды. 
Оқу  құралында  материалдарын  Әулиеата  өңірі  туралы  ғылыми  жобалар 
жазуда, «Өлкетану» курсын оқытуда пайдалануға болады.  
КБЖ 63.3 (5 каз) 
Баспаға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Ғылыми 
кеңесі шешімімен ұсынылған (хаттама №3, 31.05.2018ж.) 
ISBN 978-9965-37-179-0 
© Абдуалы А.Б., Серікбаев Е.Қ.,  
Өтепбергенова Г.С., Тобаджанов Р., 2018 
© М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, 2018 


 
Алғы сөз 
 
Елбасы  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың  «Болашаққа  бағдар:  рухани 
жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласы  ел  дамуының  жарқын  үлгісі  мен  нақты 
қадамдарын  көрсететін  келелі  ой,  салиқалы  пікір,  батыл  шешімдерге  құрылған 
маңызды  құжат  болып  табылады.  Бұл  мақалада  сананы  жаңғырту,  ұлттық 
болмыстан,  ұлттық  кодтан  айырылып  қалмай,  оны  әлемдік  құндылықтармен 
үйлестіріп,  Қазақстанның  игілігіне  жарату  жолындағы  мақсат-мүдделер  туралы 
өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің 
айырықша  маңызды  екі  үдерісі  –  саяси  реформа  мен  экономикалық  жаңғыруды 
қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және 
бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен 
бөліседі. 
Ел  Президенті  аталмыш  тұғырнамасында  білім,  ғылымға  ерекше  басымдық 
беріп  отыр.  «Терең  білім  –  тәуелсіздігіміздің  тірегі»,  –  деген  Н.Ә.Назарбаев 
«Мәңгілік  ел»  болуға  қадам  басқан  тәуелсіз  Қазақстанның  ендігі  жаһандану 
алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, 
бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға 
болуына  маңыз  береді.  Осы  бағдарда  ол  бабалар  ұлағатымен  астасып  жатқан 
зерделі ойы мен парасатты пайымын білдіреді: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу 
болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.  
Жалпыұлттық  патриотизм  ұғымын  кеңейтуге  бағытталған  «Туған  жер» 
бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында жан-жақты түсініктер берген. Бұл 
бағдарламаның  халқымызға  жаңа  рух,  жаңа  серпін  беретіні  анық.  Бұл 
бағдарламаның  аясына  тарихымыз  да,  руханиятымыз  да  кіріп  кетеді.  Соның 
нәтижесінде,  болашақта  елін,  жерін,  халқын  сүюге  қазақша  тәрбиеленген  нағыз 
қазақстандық жаңа буын пайда болады. 
Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты 
бағдарламалық  мақаласындағы  міндеттерді  жүзеге  асыру  бойынша  М.Х.Дулати 
атындағы  Тараз  мемлекеттік  университетінде  2017  жылдың  15-29  маусымы 
аралығында 3 бағытта: 1- бағыт - Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандары; 2-
бағыт  –  Байзақ,  Шу,  Мойынқұм  және  3-бағыт  –  Т.Рысқұлов,  Меркі,  Қордай 
аудандары  бойынша  «Әулие  ата  -  киелі  мекен»  атты  профессор-оқытушылар 
құрамы 
мен 
студенттерден 
құралған 
экспедиция 
ұйымдастырылды. 
Экспедицияның  мақсаты:  «Туған  жер»  бағдарламасы  аясында  Әулиеата  өңірінің 
киелі  жерлерін  және  Жамбыл  облысы  этностарының  тарихын,  мәдениетін,  тілін 
және  салт-дәстүрлерін,  археологиясын,  географиясын  зерттеу,  елге  таныту  және 
насихаттау. 
Экспедицияның  1-  бағыты  -  Жуалы,  Жамбыл,  Талас,  Сарысу  аудандары 
аумағындағы  Әулиебастау  бұлағы,  Шақпақ  әулие  үңгірі,  Батырбек  датқа  сазы, 
Тамды  әулие  бұлағы,  Қотырбұлақ  әулие  бұлағы,  Ақ  көл  және  Қаратау  өңірлері, 
Ақкесене мен Көккесене мазарлары,  «Жолбарыс қамалған», Ісектас, Маятас үңгірі  
туралы аңыздар жазылып алынды.  


 
«Әулие  Ата  –  киелі  мекен»  экспедициясының  екінші  бағыты  Байзақ,  Шу, 
Мойынқұм аудандарын қамтыды. Аталған аудандандарда экспедиция мүшелері өз 
жұмыстарын жүргізді. 
Шөлтөбе  қорғаны,  Аққия  мекенжұрты,  Қостөбе,  Түймекент,  Баласағұн 
қалашықтарында,  Жайсан  ғұрыптық  кешенінде,  Бала  Ақтөбе,  Аяқ  Ақтөбе 
қорғандарында, Биназар батыр, Оңғарбай би кесенелерінде болып және өзге ұлт 
өкілдерімен кездесіп, олардың өңірімізге келу тарихымен танысты.   
Экспедиция  барысында  ел  аузында  жүрген  аңыз-әңгімелер  жазып  алынды. 
Мысалы, Байзақ ауданындағы Шөлтөбе қорғаны туралы, Мойынқұм ауданындағы 
Аймахан шоқысы туралы, Оңғарбай би туралы, Қылышбай ақын туралы және т.б. 
аңыздар.  
Экспедицияның  3-бағыты,  яғни  Т.Рысқұлов,  Меркі,  Қордай  аудандары 
бойынша киелі «Топ ағаш» тоғайы, Әулие Бала есепші, ежелгі Меркі үңгірі, Шарпи 
табиғи  жылысу  гейзері,  Сыпатай,  Өтеген,  Қордай  батырлар  мен  Кенесары  хан 
жөнінде тарихи аңыздар мен әңгімелер жинақталды.  
Экспедиция барысында Жамбыл облысының киелі жерлерінің интерактивтік-
тарихи картасын жасауға қажетті тарихи-танымдық деректерді жиналды, облысқа 
танылмаған  киелі  жерлерді  анықталып,  олардың  орналасқан  жерлерінің 
маршрутының сызбасын жасалды, елді мекендердегі ескерусіз келе жатқан киелі 
жерлерді анықтап, ол туралы тарихи деректер іздестірілді, киелі жердің қыр-сырын 
білетін  көнекөз қариялармен кездесіп, тарихи аңыздар мен ел ауызында сақталған 
әңгімелерді жазып алынды.  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 


 
1. ЖУАЛЫ, САРЫСУ ЖӘНЕ ТАЛАС АУДАНДАРЫ КИЕЛІ 
ЖЕРЛЕРІНІҢ ТАРИХИ АҢЫЗДАРЫ 
 
Жуалы  тарихи-мәдени  ескерткіштерге  бай  өлке: аудан  аумағында  100-
ден  астам    қорған    есепке    алынған,  15  обалар  қорымы,  төрт  бекініс,  
төрт  кизет  мұнарасы,  үш  белгісіз  елді  мекен  орны, жартас  бетіндегі  суретт
ер,  тас  шеңберлер  табылған. Тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында Бауыржан 
Момышұлының  мұражайы  мен  ескерткішін,  Рысбек  батыр  ескерткішін  
атауға  болады. 
Жуалы ауданындағы Теріс  өзенінің алабы  ежелден-ақ Мыңбұлақ аталған. 
Бұл жердің толық сипаттамасын алғаш шамамен 630 жылы осы аймақта болған 
қытай  жиһангері  Сюань-Цзянь  жазып  қалдырыпты.  Жуалы  ауданының 
өлкетанушысы  Д.Байдалиев  Жуалы  ауданынды  орта  ғасырлық  Шабғар, 
Абардадж,  Баркуаб,  Шойбек,  Нанжир  (белгісіз  қалашығы),  Адыраспан  төбе, 
Шақпақ қалашығы (8- 10 ғғ.жататын қалалар) секілді жеті қалашық болғандығын 
айтып, Барқуаб қалашығымен таныстырды. 
Өлкетанушының  айтуы  бойынша  Барқуаб  -  өзеннің  атауы,  қазіргі  Теріс 
өзенінің ежелгі атауы екен, өзен шығысқа қарай ағатын болғандықтан -"Барқуаб" 
сөзі  «кері  ағатын  өзен»  деген  мағынаны  білдіреді.  Баркуаб  қалашығы  Теріс 
өзенінің  оң  жағында  шамамен  500-600  метрдей  жерде  орналасқан.  Бұл 
қалашықта  ХІХғ.  В.В.Бартольд  және  В.А.Каллаур  зерттеу  жұмыстарын 
жүргізген.  Дегенмен,  қалашыққа  арнайы  қазба  жұмыстары  әлі  күнге  дейін 
жүргізілмеген екен.  
Бұл қалашық бірқатар тарихшылардың және саяхатшылардың еңбектерінде 
аталған.  Ә.Байбатша,  Түркібасы  өлкесімен  Теріс  өзенінің  бойына  орналасқан 
қалалар мен бекеттер, Мыңбұлақ (Абарджадж) қорған - қаласы арқылы жүріп, 
Шақпақ белінен асып, Арыс өзенін жағалап, Ұлы Жібек жолының негізгі желісі 
өткен деп жазады. Ұлы Жібек жолының негізгі арнасында орналасқан қалалар 
мен керуен бекеттері туралы алғашқы толық деректі Араб географы Убейдаллах 
ибн Абдаллах ибн Хордадбек 846 - 847 жылдары жазған шығармасында деректер 
келтіреді.  Осы деректерден үзінді келтірейік: «Тамтадждан (Түлкібасы) шыққан 
керуен  Абарджаджға  (Мыңбұлақ)  дейін  4  фарсах  жол  жүрген,  одан  Баркуаб 
(Теріс) бойындағы қалашыққа дейін 6 фарсах» - деп көрсетілген. Осы деректерді 
X ғасырдың басында Бағдад халифінің сарай қызметкері Кудама ибн Жафар да 
кайталайды.  
Аль - Макдисидің 985 жылы жазған шығармасында, Ұлы Жібек жолының 
негізгі арнасынан басқа жаңа тарауларындағы қалалар да аталады. «Тамтадждан 
Абарджаджға дейін екі пошта бекеті, одан Теріс өзеніндегі бекетке дейін күндік 
жол, одан Шауғарға дейін жарты күн, одан Таразға дейін екі пошта бекеті» деп 
жазады. (Ә.Байбатша. Қазақ даласының ежелгі тарихы. Алматы, 2002, 182б)  Бұл 
ортағасырлық қала жұрттары қатар жатқан үш төбешіктерден тұрады.    Бірінші 
төбешіктің жалпы ауданы 160х100м шамасында, қабырғалары құбылаға қараған, 
бұрыштары доғал тік төртбұрыш болып келген. Төбешіктің үстінде биіктігі әр 
түрлі 4 алаң бар. Олардың ең тапалы оңтүстік алаң, биіктігі 2 метр шамасында 
аумағы  солтүстіктен  оңтүстікке  карай  27  метр,  батыстан  шығысқа  қарай  55 
метрді құрайды. 
Өлкетанушы  Д.Байдалиев  мұнан  ары  Шабғар  қалашығының  орнымен 
таныстыра  отырып,  оның  Күркүреу  Су  маңында  орналасқанын,    қазіргі  кезде 


 
жері  жыртылып  кеткен  және  орны  сақталмаған,  екі  гектардай  жерде  топырақ 
үйіндісінің  жатқандығын  көрсетті.  Шабғар  –  араб  тілінен  аударғанда  «қайрақ 
тас»  деген  мағына  береді.  Жібек  жолының  бойында  орналасқан  Шабғар 
қалашығында ерте дәуірлерде диірменнің тасы өндіріліп, жан-жаққа таратылған 
екен.  Кейіннен  осы  маңда  тас  жолы  соғылғанда  адам  сүйектерінің  көптеп 
табылуы  бұл  жердің  көне  жұрт  орны  болғандығының  дәлелі  болса  керек. 
Қалашық орнының айналасындағы төмпешіктер де тегін жатқан жоқ, олардың 
бәрінің  де  бұрынғы  қоныстардың  орны  екендігі  аян.  Алайда,  бұл  жерлер  әлі 
зерттелмеген, өз зерттеушілерін күтіп отыр. Ашаршылық жылдары қазақ халқы 
негізінен  темір  жол  бойын  жағалап,  Ресей  асып,  қайың  сауып  кеткен  болса, 
Жуалы  жұрты  қозықұйрық,  рауағаш,  алғы  деген  өсімдіктерді  қорек  етіп,  жан 
сақтаған екен.  
Жуалының  ежелгі  аты  Қосбөлтек  болған  екен.  Осыған  байланысты 
жергілікті ақын:  
"Атыңнан айналайын атамекен, 
Кім сені Қосбөлтек деп атады екен. 
Батысынды, шығыста Қаратауы, 
Ортасында жасыл мекен жатады екен"-, деп жырлаған екен. Бұдан кейінгі 
атауы Құланбасы болған.   
 
 
 
Сурет 1. Әулиебастау бұлағы 
 
Жуалы жерінде әлі де елге кеңінен танылмай отырған киелі жерлердің бірі 
Әулиебастау бұлағы (№1 сурет). Ол - жоғарыдан қарағандағы пішіні көзге ұқсас, 
жан-жағындағы қамыстар кірпікке ұқсайтын болған. Кезінде бұл жерде балықтар 
мен  өзінің  дәу  жыланы  болған.  Әулиебастау  (Көкбастау)  туралы  аңыз  былай 
дейді:  «Әр  бұлақтың  өз  иесі,  егесі  болады,  дейді  халық  ұғымы.  Біз  айтқалы 
отырған Теріс елді мекенінде орналасқан Көкбастау бұлағы орта ғасырларда сол 
маңда  жасаған  көне  шаһар  Баркубас  қаласын  сумен  қамтыса  керек.  Оған  жер 
астынан табылып жатқан қыш құбырлар дәлел. Ал, бүгінде ел табынатын Әулие 
бастауының біріне айналған  –  Көкбастау  ауылдың  оңтүстік  қыр  жақ  бетіндегі 
жыра  қолтығында  қайнап  жатыр.  Аумағы  шағын  ғана  бұлақ  сырттан  қарап 
тұрған жанға көз секілді көрінеді. Тура адамның көз қарашығы тәрізді – ортасы 
қайнар,  айналасы  ақ  керіш,  жағасы  кірпік  тәрізді  көгеріп  жатыр.  Суы  таза, 


 
мөлдір, бал татиды. Әрі шипалы - асқазан, өт, бауыр, жалпы, ішкі ағзаларға дауа, 
бала көтермеген әйелдер мен жолы болмай жүргендерге септігі тиеді дейді.  
Түркістан өңіріндегі Әулие бастаулармен де байланысы бар деген болжам 
айтылады  ел  ішінде.  Бастау  иесі  жалғыз  көзді,  арқасында  жалы  бар  шолақ 
құйрық айдаһар көрінеді. Ол тек арқалы, Әруақты кісілердің көзіне көрінеді-мыс. 
Ол сондай-ақ, су бетінде әр түсті бейнелер беру арқылы да аян береді екен. Оның 
құдіретін кез келген қарапайым адам да көре алады. Басына барғанда құран оқып, 
мұқият  су  бетіне  зер  сала  қарап  отырса,  түлеп  сыпырылып  түскендей,  жылан 
терісінің  әрбір  бөлігін,  тор  көзін  анық  байқауға  болады.  Ол  жылжып  бұлақ 
аумағын  толық  алып,  көз  алдыңнан  тірі  жыландай  өтіп  жатады.  Сол  көріністі 
көрген адам өзі-ақ тәубаға келе береді.  
Бастауға байланысты аңыз да көп. Соның бірі ел 50 жылдары оның Оңтүстік 
бетінен  су  жүретін  тоған  қазып  жатыпты.  Үлкендер  кетпендерін  құлаштай 
сермеп  топырағын  сыртқа  атып,  жас  балалар  бірін-бірі  қуып  топырақ  үстінде 
мәре-сәре  болып  ойнап  жатқанында  шығыс  беттен  ақ  киімді,  ақ  түйелі  адам 
көрінеді.  Бет  алысы  осы  жақ.  Ол  келе  бұлақ  басына  түседі.  Ел  оның  түскенін 
көрсе де «түйемен қыдырып жүрген біреу болар су ішуге келген» деп аса мән 
бермесе керек. «Ойбай жаңағы түйелі ақ адам жоқ болып кетті, бастауға түсіп 
кетті  ме?»  -  деп  бір  әйел  байбалам  салғанда  ғана  барып  жұрт  елең  етіпті.  Ер 
кісілер  кетпендерін  тастай  салып  бұлақ  басына  жетеді.  Бұлақ  қаннен-қаперсіз 
буырқанып,  бұрқылдап,  құм  атып  қайнап  жатыр.  Маңында  түйелі  адамның 
болғанын айғақтар із, не бір белгі жоқ. Жұрт ойы сан саққа жүгіреді. Не жұмбақ, 
не сыр. Әлде бастау иесі өзінің бар екенін сездіріп қойғысы келді ме? Ертеңіне 
қой  сойылып,  құдайы  таратылады.  Бастау  басына  жан-жақтан  тәубә  етіп 
келушілер көп. Бәрі де Аллаға сиынып, бұлақтан су ішіп денсаулығын жақсарту 
үшін тілек тілеп келеді.  
Шақпақ әулие үңгірі.  Жуалы ауданының Шақпақ елді мекенінің жанындағы 
Шақпақ тау жотасының батысында «Шақпақ әулие» аталатын шағын үңгір бар.   
 
 
 
Сурет 2. Шақпақ әулие үңгірі. 


 
Шақпақ  әулие  үңгірі  түрлі  пішіндегі  жақпар  тастардың  етек  жағында 
орналасқан  аузы  солтүстікке  қараған  шағын  үңгір.  Оның  тереңдігі  6  метр  ал 
биіктігі  2,5  метр  болады.    Шақпақ  әулие  туралы  Ә.Байбатшаның  еңбегінде, 
«Біздің  дәуірімізге  дейінгі  заманның  соңында  өмір  сүрген  Шақпақ  әулие 
(Үйсіннің  12  -  ші  ұрпағы)  мекендеген  жер  Шақпақ  ата  деп  аталады»  -  деген 
мәлімет келтірген.  Бұл үңгірді жұрт әулие санап ауру - сырқаулар мен тумаған 
әйелдер басына түнеп зиярат етіп жатады. Үңгір алдындағы шеттікке ырым етіп 
шүберек байлайды.  Шақпақ әулие үңгірі туралы ел аузында түрлі - түрлі аңыз 
әңгімелер айтылады. Соның бірінде Шақпақ әулие Шақ және Пақ деген егіз кісі 
екен. Осы жерде оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Олардың әруақтары түйе 
болып,  тазы  болып  осы  маңда  жүреді  екен  делінеді.    Шақпақ  әулие  үңгірінде 
шырақшы болып жүрген Дербіш Дүйсенбіұлы үңгір маңындағы тастар туралы: 
«Мына  тастардың  барлығының  өз  аттары  бар,  мысалы:  «Жігіт  пен  қыз», 
«Арыстан  тас»,  «Басын  кескена  адам»,  «Төрт  бура»,  «Екі  басты  айдаһар», 
«Бүркіт  әулие»,  «Құмай  тазы»  т.б.  деп  түсіндіреді.      Шақпақ  әулие  үңгірінің 
төңірегіндегі  тастарда  аппақ,  бір-біріне  ұрғыласа  от  шығатын  шақпақ  тастары 
кездеседі. Бұрынғы кезде осы тастардың ортасына мақта қойып ұрғылау арқылы 
от тұтатқан екен.  
Батырбек  датқа  кесенесі.  Батырбек  датқа  Әулиеата  өңірінің  айтулы 
билерінің бірі болған. Байзақ датқамен замандас, қатар өмір сүрген.   
 
 
 
Сурет 3. Батырбек датқа кесенесі. 
 
Арғы атасы – Сиқым, өз әкесі – Рысбек батыр. Рысбек атыр сиқымның биі 
ретінде ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысындағы ірі оқиғалардың қалың ортасында 
болған.  Төле  би  дүниеден  қайтқаннан  кейін  Ташкент  билігі  Жүніс  қоданың 
қолына  көшеді  де,  қазақтар  жаппай  қудалауға  ұшырайды.  Сонда  қазақтардың 
Жүніс қожаның зорлығына қарсы соғысында Рысбек батыр сиқымдарды бастап 
шығады.  
Батырбек  датқа  өз  елінің  бейбіт  өмірін,  болашағын  Қоқан  хандығымен 
ынтымақтастықтан  іздейді.  Бұл  тұста  елтұтқа  дерлік  ер-азаматтар  алдында 


 
бірнеше таңдау тұрды. Бірнеше мемлекет қазақтарды өзіне қосып алып, оларға 
тыныш  тіршілік,  бейбіт  өмір  рақатын  көрсетуге  иландырғысы  келді.  Ел 
басындағы  азаматтардың  біразы  Ресейге  ауды.,  біразы  қоқандықтарды  жақын 
тұтты,  енді  біразы  бұлардың  екеуніе  де  мойын  бұрмай,  Кенесарыға  қосылды. 
Алайда Ресейдің отаршыл саясаты әскери соғыс ісі арқылы сұрапыл  сипат алды 
да,  қарсы  тұрған  күштің  тоз-тозы  шықты.  Батырбек  датқа  Ресейге  де  бет 
бұрмады, Кенесарыға да қосылмады. Ол еліне тірек болар, қорған болар күшті 
қоқандықтардан іздеді, солардан табуға үміттенді. (№9 сурет). 
Датқаның  сазы.  Күреңбел  елдімекенінен  батысқа  қарай  6  шақырымдай 
жердегі Б.Момышұлы – Қошқарата  асфальт жолының шығысында «Датқаның 
сазы»  -  аталатын  жалпақ  саз  бар.  Бұл  жердің  «Датқаның  сазы»  -  аталу  себебі 
сиқым  руынан  шыққан  Рысбек  батырдың  тұңғыш  ұлы  Батырбек  датқамен 
байланысты. Жуалы жеріндегі XIX - ғасырдағы  билік тұтқасын ұстаған ардақты 
азаматтардың бірі Батырбек датқа болған. Датқа сөзі өзбектердің «дотһа» деген 
сөзінен шығады, мағынасы генерал дәрежесіндегі ел билеуші дегенді білдіреді. 
Бірқатар  тарихи  деректерде  және  ол  ел  аузында  сақталып  қалған  естеліктерге 
сүйенсек,  Батырбек  датқа  кезінде  Жуалы  ауданының,  Оңтүстік  Қазақстан 
облысының  Түлкібас,  Сайрам  аудандарының  аумағына  сондай-ақ  Шымкент 
қаласының  төңірегіне  билік  жүргізген.  1863  жылы  Шоқан  Уәлихановпен 
кездесіп, онымен Оңтүстік өңірді отаршылырдан азат ету жөнінде пікірлескен 
деген  де  деректер  бар.  Халықтың  құрметіне  бөленген  датқаны  кезінде 
Майлықожа,  Мәделі,  Шөже  сынды  ақындар  жырға  қосқан.  Ташкенттегі 
мұрағаттан  табылған  мәліметтерде  1874  жылы  Батырбек,  Қасымбек  датқалар 
Құнанбай, Аңдамас сынды билер өздері қаржы шығарып Меккеден үш қонақ үй 
салдырғаны  туралы  айтылады.  1971  жылы  Жуалыдағы  (Бұрынғы  Чапаев 
атындағы колхоз) Күреңбел ауылының іргесіндегі Датқа сазының маңынан «Бұл 
өлке қасиетті адам жерленген қасиетті өлке» - деп Дінмұхамед Қонаевтың киіз 
үй  тіктіріп  түнеп  шыққанын  бүгінде  осы  өңірдегі  екінің  бірі  біледі.  Кешегі 
Кеңестік  дәуірде    Батырбек  датқаның  күмбезі  құлатылып,  жанындағы  мешіті 
қиратылған  болатын,  оның  орны  қазіргі  кезде  шағын  төбешік  болып  жатыр. 
Батырбек датқа туралы М.Қалдыбаев, Т.Талапұлылар көлемді еңбектер жазған. 
Қорыта айтқанда «Датқаның сазы» елдің елдігін танытып өз  жерінің жалпыға 
ортақ  етіп  көрсеткен,  қайран  елі  үшін  «елімайлап»  өткен,  ел  басқарып  ел 
ақылшысына  айналған  тарихи  тұлға  Батырбек  датқаға  байланысты  қойылған 
атау.           
Талас ауданы бойынша киелі жерлердің аңызы. Жұртқа кеңінен танылмай 
жатқан,  өзіне  тән  тарихы  мен  аңыздық  сырға  толы  нысандардың  бірі  –  Талас 
ауданы,  Қаратау  қаласының  батыс  шетінде  орналасқан  Тамды  әулие  бұлағы. 
Жалпы  осы  маңда  Тамды  атауымен  аталатын  ежелгі  өзен,  ортағасырлық  қала 
және  әулие  бұлақ  бар.  Тамды  қалашығы  Қаратау  қаласының  іргесіндегі 
Мақұлбек ауылының аумағында орналасқан. 
Тамды өзенінің бойын жағалай орналасқан Тамды қалашығы орта ғасырлық 
қалаларға  тән  3  бөліктен  тұрады.  Соңғы  рет  бұл  қалашық  орнында  белгілі 
археолог  Мадияр  Елеуов  өз  магистранттарымен  бірге  қазба  жұмыстарын 
жүргізген. Орта ғасырларда Тараз қаласынан шыққан сауда керуендері Билікөлді 

10 
 
жағалай  отырып,  осы  Тамды  қалашығына  келіп  тоқтайды  екен.  Қалашықтың 
оңтүстік-батыс шетінде Тамды әулие бұлағы ағып жатыр.  
 
 
 
Сурет 4. Тамды қалашығы 
 
Тамды  әулие  бұлағы  туралы  ғылыми  әдебиеттерде  деректер  мүлдем  аз. 
Бұлақтың  тарихы  мен  оның  қасиеті  туралы  аңыз-әңгімелер  елімізге  белгілі 
әдебиет  зерттеушісі  Жанғара  Дәдебаевтың  «Талас  аңыздары»  атты  еңбегінде 
кездеседі. Ғалымның еңбегінде бұлақ туралы бірнеше аңыз келтірілген. Соның 
біріне тоқталсақ:  
«Әулиелер  Қожа  Бағауеддин  мен  Қожа  Ахмет  Иассауи  бір  күні  күш 
сынасып,  дауласып  қалыпты.  Бұл  шақта  Қожа  Бағауеддин  –  Бұхарада,  Қожа 
Ахмет Иассауи Түркістанда екен. Қожа Бағауеддин өзінің құдіретін көрсету үшін 
неше алуан ғажайып істер жасайды. Қожа Ахмет Иассауи оған қарама-қарсы өз 
кереметін көрсетеді.  
 
 
 
Сурет 5. Тамды қалашығының орналасуы. 

11 
 
Қожа  Бағауеддин  күш  сынасып  қоймаған  соң,  Қожа  Ахмет  Иассауи 
Әмударияның  суын  түгелдей  дәсорамалына  құйып  алып,  өз  мекеніне  жүріп 
кетеді. Алыс жолдан ораларда Қожа Ахмет Иассауи Әулие атаның басына келіп 
зиярат етеді екен. Сол  мақсатта ол Түркістанға тоқтамай, Әулие атаның басына 
ұшып келе жатады. Қаратаудың бір биігінде Әмударияның бір тамшы суы жерге 
тамып кетеді. Әулиенің дәсорамалынан Қаратаудың бауырына түскен бір тамшы 
су бұлаққа айналады. Әулиеге қол берген, әрі оған шәкірт болып жүрген бір кісі 
мұны құдіреттің күшімен деп біліп, бұлақ басына келіп тұрады. Бұл кісі де, бұлақ 
та Тамды аталады».  
 
 
 
Сурет 6. Тамды әулие бұлағы. 
 
Әулие  бұлақ  туралы  келесі  аңыз  былай  дейді:  «Тамды  әулиенің  Қызыр 
бабамен емін-еркін сұхбаттасып, әңгімелесе беретін қасиеті болыпты. Олардың 
кездесіп,  әңгіме-дүкен  құратын  жері  Тамды  әулиенің  бұлағының  басы  екен. 
Қызыр бабаның батасын алып, шапағатына бөленгісі келген жұрт оны апталап, 
айлап Тамды әулиенің бұлағының басында күтеді екен. Бір күні бұлақ басына бір 
ана қызы мен ұлын ертіп келіп, бірнеше ай бойы Қызыр бабаны күтіп қалыпты. 
Қызыр  бабаның  құдіретіне  мінажат  етіп,  құдайға  құлшылық  қылып  ана 
балаларымен  бұлақ  басында  тұра  береді.  Күндердің  күнінде  бұлақ  басына  ақ 
шапан киіп, ақ сақалы желбіреп, қайыршы кейпінде Қызыр баба келеді.  
Қызыр  баба  анадан  жөн  сұрайды.  Ана  Қызыр  бабаны  тосып  отырғанын 
айтады. Сонда Қызыр баба анадан:  
- Қызыр бабаны бұрын көріп пе едің, оны танисың ба? – деп сұрайды. Ана 
Қызыр  бабаны  бұрын  көрмегенін,  бірақ  оны  тануға  тиіс  екенін  білдіреді.  Сол 
жерде Қызыр баба дәрет алып, намаз оқымаққа дайындалады. Ананың баласы 
оның дәрет суын дайындап, көмек көрсетеді. Намазын оқып болған соң, Қызыр 
баба бұлақ суына қолын сала беріп, оған екі балық жібереді. Екі балық күн көзіне 
жарқыл  қағып  ойнай  бастайды.  Ана  мен  қызы  мұны  аңғармайды.  Бала  бұлақ 
көзіне  ойнап  жүрген  екі  балықты  көріп,  келген  кісінің  өздері  тосып  отырған 
Қызыр баба екенін сезеді. Бала Қызыр бабаның алдына келіп, тізесін бүгіп, оның 

12 
 
шапының етегінен сүйеді. Қызыр баба сүйексіз саусағымен баланың маңдайынан 
сипап, ғайып болады. Ана келген кісінің кім екенін біліп, баланың Қызыр баба 
сипаған маңдайынан сүйеді. Ана қызына: 
- Қайда  жүрсең  де  ініңнің  тілеуін  тілеп  жүр!  –  деп  өсиет  етіп,  баланың 
маңдайынан оған да сүйгізеді. Содан бері қыз бауырына тілеуші екен. Баланың 
маңдайында  Қызыр  баба  қолының  табы  бар  деп,  елдің  үлкен  кісілері  жас 
балаларының маңдайынан шертпей өсіретін болыпты.  
Тамды әулие бұлағының көзінде Қызыр баба әкеліп салған екі балық қазір 
де бар, оларды көрген адам тілегіне жетеді екен. Балықтарды өзі де, айналасы да 
ақ ниетті таза кісілер ғана көре алады», - дейді аңыз. 
Ал осындағы тұрғын халық арасында тараған аңыз бойынша: Осында ҮІІІ 
ғасырларда  ислам  дінін  таратушы  сахабалардың  бірі  -  Әбу  Мұса  Ашғари  осы 
жерде дәрет алып отырып, қасиетті Мекке жерінен әкелінген қасиетті судың бір 
тамшысы жерге тамып кеткенде, осыған қатты қапаланған Әбу Мұса Ашғариге 
түсінде  аян  келіп,  осы  жерде  дәл  зәмзәм  суындай  суы  бар  бұлақ  көзінің 
ашылатындығы  туралы  аян  берілген  екен.  Содан  бұл  бұлақ  Тамды  бұлағы 
аталып,  маңайындағы  жерлер  де  Тамды  деп  аталып  кеткен  екен.  Жергілікті 
халық  және  ары-бері  өткен  жолаушылар  осында  келіп  тәу  етіп,  қасиетті 
бұлақтың суынан ішуді әдет еткен. Жергілікті тұрғындар судың емдік қасиеттері 
бар,  соның  ішінде  ішкі  құрылыстардың  ауруларына  және  психикалық-
эмоционалдық қиындықтар кезінде бұлақ суы бірден бір ем дейді.   
 
 
 
Сурет 7. Тамды әулие мазары 
 
ТАМДЫ ӘУЛИЕ туралы тағы бір аңғыз былай дейді. Тамды әулиенің қозы 
бағып жүрген бала шағы екен. Бір күні көп қозының ішінен оның өзінің жалғыз 
қозысы жоғалып кетеді. Сұрау салғанда да жоғалған қозының хабары шықпайды. 
Едәуір уақыттан кейін қозыкеш балаға бір егде кісі келіп, жайын айтады. Сөйтсе, 
бұл  кісі  Тамдының  қозысын  ұрлаған  ұрының  өзі  екен.  Ұры  қозының  етін 
әлдеқашан жеп қойған екен, бірақ содан бері іші түйіліп ауырып, күндіз күлкіден, 
түнде  ұйқыдан қалыпты,  тіпті  қатты ауырғанда  шыбын  жаны  көзіне көрінетін 
болыпты.  Енді  сол  қозының  иесінен  кешірім  сұрап,  айыбын  тартпақ  ойы  бар 

13 
 
екен.  Осындай  ойларын  айтып,  ұры  Тамдыдан  жоғалған  қозының  иесінің  кім 
екенін айтуды сұранады. Тамды жоғалған қозының иесі өзі екенін айтады. Ұры 
Тамдының  аяғына  жығылып,  ұрлық  жасағаны  үшін  кешірім  сұрап,  жетектеп 
келген  қозысын  қораға  қосады.  Осыдан  кейін  ғана  ұры  дертінен  жазылады, 
ұрлықты қояды. Осы оқиғадан кейін. Тамдының алдындағы малға ұры түспейтін 
болыпты. 
 ТАМДЫ ӘУЛИЕ туралы тағы бір аңызда жаугершілік кезеңі бейнеленеді. 
Бір  заманда  ел  шетіне  жау  тиіп,  ер-азамат  түгел  ереуіл  атқа  мінеді.  Олардың 
ішінде Тамды әулиенің де жалғыз баласы болады. Соғыс ұзаққа созылады. Ел 
азаматтары  жауды  қуып,  шөл  далаға  айдап  тастайды.  Сол  шайқаста  жарадар 
болған батырлардың көбі шөл далада суға шыдамай, елге қайтып келе жатқанда 
қайтыс болады. Тамды әулиенің батыр ұлы да жеңісті шайқаста жаралы болып, 
елге  қайтып  келе  жатқан  жолда  шөліркеп  өледі.  Тамды  әулие  баласының  өлі 
денесін алдына алып отырып, тірі келген батырлардан болған істің мән-жайына 
қанығады. Баласының ерлігіне көңілі толады. Сөйтіп отырғанда, әулиенің көңілі 
босап,  көзінен  жасы  ағады.  Сонда  әулиенің  көзінің  жасы  аппақ  сақылының 
ұшына  келіп,  бір  тамшы  болып  дірілдеп  тұрған  екен.  Еңкейіп,  баласының 
мындайынан иіскей бергенде, әулиенің сақалының ұшына дірілдеген бір тамшы 
жас  жерге  тамып  кетеді.  Сол  бір  тамшы  жастың  түскен  жерінен  құдайдың 
құдіретімен мөлдіреген бұлақ көзі пайда болады. 
Қотырбұлақ  әулие  бұлағы.  Талас  ауданында  тылсымға  толы  тағы  бір 
қасиетті орын – Қотырбұлақ әулие бұлағы.  
 
 
 
Сурет 8. Қотырбұлақ әулие бұлағының құлпытасы 
 
 
Бұлақтың  географиялық  ерекшелігі  өз  тән  ландшафтылық  көрініс  береді. 
Қаратау қаласынан бірнеше шақырым оңтүстікке қарай бұлақ орналасқан орын 
қу мекиен далада, нақ бір оазистей әсер береді. Айналасы жап-жасыл шөптесін 
өсімдіктер  мен  бұталы  ағаш  –  теректермен  қоршалған.  Бұлақтың  басына 
Қырықбаев Тоқсанбай әулетінің атынан белгі тас қойылған. Ал жоғары тұсында 

14 
 
кезінде  Ислам  дінін  насихаттаған  қасиетті  үш  атаның  мазары  тұр.  Халық  бұл 
маңды «Үш ата» деп те атайды екен. 
Бұлақтың суы мұздай тұнық мөлдір, исі жоқ дәмді. Бұлақ түбінде балықтың 
екі түрі кездеседі: маринка, корель. Қотырбұлақ әулие бұлағы - тері ауруларына 
ем,  ертеректе  тері  ауруына  ұшыраған  мал  мен  адамдар  осы  бұлақтың  суымен 
емделген екен. Бұлақ шырақшысы 90 жастағы Ұлдан ана бұл бұлақтың суына 
келіп 3 рет түсіп, балшығымен емделген адамдар тері ауруларынан құлан-таза 
айығып кеткендігін айтып өтті.  
 
 
 
 
Сурет 9. Қотырбұлақ әулие бұлағы 
 
Қарт ана бұл бұлақтың өзіндік флорасы мен фаунасы бар екендігін, керемет 
жанға жайлы, шипалы жер екендігінен мәлім етті және медицинада жазылмайды 
деген псориаз ауруынан да жазылып кеткендер болыпты. Әртүрлі тері аурулары, 
күйген жерлер, тағы сол сияқты тұстарға бұлақ жағасындағы балшықтан жағып, 
артынша бұлақ суымен шайып жіберсе, бәрін алып түседі екен.  
 
 
 
Сурет 10. Қотырбұлақ әулие бұлағындағы балықтар 

15 
 
Сонымен бірге бастау басында балалы бола алмай жүрген әйелдер тәу етіп, 
бала  сұрайтын  арнайы  орын  бар.  Бір  қызығы  шырақшы  апа  кім  барса  да  сол 
бұлақтан үйіне шелектеп су тасытқызып алады екен. Құстардан жергілікті жерге 
тән құс түрлері мен өз бұлбұл құсы да бар екен. Бұлбұл құс өзіне ұнаған адамдар 
келгенде ғана сайрайтын көрінеді.  
Бұлақ  басына  бүкіл  қазақ  жері,  Ресейден  және  Өзбекстаннан  адамдар 
ағылып келіп жатады екен. Жоғарыда айтқан үш атаға келер болсақ, олар  Кәрім, 
Мысыр, Ықылас есімді әулие кісілер болған. Келген зияратшылар қабір басына 
кіріп, құран бағыштап дұғаларын оқып шығады. Аяқ асты болуға айналған бұл 
қабірді келген зияратшының бірі өз қалтасынан алтын түстес күмбезімен кесене 
тұрғызып беріпті. 
Осындай  қасиетті  орындарды  дүние  жүзіне  танытумен  қатар,  еліміздің 
болашағы жас ұрпаққа да тереңірек таныстырудың  ұлт болашағы үшін маңызы 
зор. 
АҚ  КӨЛ  туралы  аңыз.  Ерте  заманда  Әулие  ата  жерінде  бір  хан  өтіпті. 
Ханның көп ұлдарының ішінде жалғыз қыз бар екен. Қызды Ақ деп атапты. Хан 
қызына арнап бір көлдін жағасынын қала салдарады. Қыз қызметшілерімен сол 
қалада тұрыпты. Ел ұаланы хан қызының атымен Ақтың қаласы деп атапты. Ақ 
көл  маныңда  серуен  құрып,  серіктерімен  мергеншілікке  үйреніп,  зеріккен 
шақтарында ашық далаға аң аулауға шығып тұрады екен. Жаугершілік заманда 
Ақтын  қаласына  хан  қорғаушы  әскер  жіберіп,  қаланы  қорғауды  соларға 
бұйырады.  Қала  қорғанын  басқаруды  Аса  деген  батырға  тапсырады.  Ел  оны 
батырлығы  мен  ерлігі,  ақылы  басқарладан  асып  тұрғандықтан  Аса  батыр  деп 
атаған екен. Аса қаланың жазық далаға қараған бөлігін жеті қабат терең ормен 
қоршап,  оны  сумен  толтырып  қояды.  Қаланың  көлге  тиіп  тұрған  жағынан  да 
бірнеше  биік  соғыс  мұнарасын  орнатып,  оған  қарауыл  қояды.  Қала  осылайша 
судан да, құрлықтан да алынбастай берік қамалға қамалға айналады. Бір күндері 
Шығыстан күшті жау шығып, соғыс басталады. Жау Талас бойындағы елдерді 
қапыда  шауып,  көптеген  қалаларды  тонап,  қиратады.  Жау  Ақтың  қамал-
қаласының  түбінде  қатты  соққыға  ұшырайды.  Ақтың  бірынғай  қыздардан 
тұратын мергендері жауды көп шағынға ұшыратады. Жау әскерінің қолбасысы 
Аққа  хат  жазады.  Хатта  ол  Ақ  пен  өзінің  арасының  жақындығы  туралы  ой 
туатындай етіп жазады. Өзінін мұнда ел шауып, Ақтын қаласын алу үшін емес, 
Аққа  ғашық  болғандықтан  келгендігін,  ал  соғыстың  бастылып  кетуі  оның 
батырларының  білместігінен  болғанын  айтады.  Хатты  Аққа  арнап  жазғанмен, 
оның Аққа жетпей, қолбасы Асаның қолына түсуін ойластырады. Хатты оқыған 
қолбасы Ақтың адалдығыны иә сенерін, иә сенбенесін білмей, дал болады. Аз 
уақыттын  соң  жау  қалбасысы  Аққа  тағы  хат  жолдайды.  Онда  ол  соғысты 
тоңтатыны,  әскерінін  арып-ашқанын,  қолдағы  асыл  заттары  еліне  алып  кетуге 
көлігі  жоқтығын,  сондықтан  оларды  сандыққа  салып,  қырық  түйеге  артып, 
Ақтын қаласының қақпасы алдында қалдыратынын, кейін келіп алып кететінін 
жазады. Ақ бұл хабардыестіп, жаун жеңгендей болып құанады. Қаласында женіс 
тойын бастайды. Жау Ақтын атына тағы бір хат жібереді. Онда қызға тең-тең 
сый жіберетінін, қыздын ол сыйды қабыл алуын, содан соң мерген қыздарды да, 

16 
 
қолбасысын  да  жоюды  сұранады.  Хаттың  Аққа  жетей,  Аса  батырдың  қолына 
түсуін  ойластырады.  Аса  қолбасы  хатын  оқып,  екінші  жағынан,  Ақтын  қала 
ішінде  той  бастаанын  көріп,  қыздың  көңілі  бұзылғанына  көз  жеткізгендей 
болады. Жаудың тен артқан түйелері қала қақапасы түбіне келіп тоқтайды. Ақ 
теңдерді  қақпа  түбіне  түсіріп,  қызметшілірне  жинап  қоюды  бұйырады.  Мұны 
көрген  қолбасы  жасақтарын  жиып,  өзіне  белгілі  болған  жайды  айтады. 
Жауынгерлер  Ақты  өлтіру  қажет  деп  табады.  Аса  оған  келіспейді.  Ол  Аққа 
ғашық екен. Ақ та оны сүйемін дейді екен. Болған іске жаны күйген Аса аладан 
тып-тыныш шығып кетуді дұрыс көреді. Жауынгерлер бұған келіспей, жаумен 
ашық  далада  соғысуға  шығудыталап  етеді.  Сөйтіп,  Аса  батыр  жасақтарымен 
ашық далаға шығады. Күркіру дариясы бойында жауға қарсы шауып, оны ұйқы-
тұйқы  етеді.  Жау  үлкен  шығынға  ұшырайды,  бірақ  аз  уақытта-ақ  есін  жиып, 
күштерін  топтастырап  алады.  Қамалдан  шыққан  аз  жасақ  Күркіреу  дариясы 
бойындағы  қырғын  соғыста  түгелдей  қаза  табады.  Қамал  қақпасы  түбіндегі 
саңдықтардан жау адамдары шығып, қақпаны бұзады. Жау қалаға кіреді. Істің 
мән-жайын кеш ұққан Ақ қолбасы жігітінің өзіне сенбегеніне, қалың жауға қарсы 
шауып,  мерт  болғанына  қатты  қайғырады.  Жау  қалаға  кіргенде,  Ақ  мұнара 
басынан  көлге  құлайды.  Жау  қаланы  қиратып,  өртеп  жоқ  қылады.  Ел  көлді 
Ақтың көлі, Ақ көл деп атап кетеді.  
Көлдің  суы  бұрын  тұшы  болыпты.  Ақтың  жазықсыз  жазықты  болып, 
күйініштен төгелген жасы көл түбіне сіңіп бірге-бірте тұзға айналған екен. Содан 
көлдін суы да кермек тұз татып тұратын болыпты. Адамдардың бір-біріне деген 
мейір-шапағаты әлсіреп, сенімі азайған шақта, онын кермек дәмі күшейіп , суы 
тартылып, азая береді, ал адамдардың бір-біріне деген мейір-шапағаты күшейіп, 
сенімі  артқан  сайын,  оның  кермек  дәмі  азайып,  арнасы  да  толып  суы  молая 
түседі. Ақ дүниеден өткелі бері көлдін суы әдженеше тарылып, әлденеше қайта 
толған деседі. 
ҚАРАТАУ ТУРАЛЫ АҢЫЗ. Қаратау пейіштің ішіндегі тау екен. Басынан 
бұлақ ағып, төсінде неше түрлі ағаш өсіпті, қойны толған асыл қазына, баурайы 
көкмайса болыпты. Неше түрлі құстар мен андар сонда. Адам ата мен Хауа ана 
оның  саясында  демалып,  тамашалайды  екен.  Адам  ата  мен  Хауа  ана  пейіште 
әзәзілдің сөзіне иланып,  Алла тағала тыйым салған жемісті  жеп қояды. Сонда 
олар өздерінің пейіш киімдерінің түсіп қалғанын, жалаңаш екендігін көріп, қатты 
қысылады.  Ұят  қысып,  ұятты  жерлерін  жабу  үшін  пейіштегі  түрлі  жеміс 
ағаштарынан  жапырақ  сұрайды.  Олар  жапырақ  бермейді.  Адам  ата  тауға 
бұрылып, одан төсіндегі сансыз ағаштарының жапырағынан беруді сұрайды. Тау 
Адам ата мен Хауа ананың Алла тағала жеуге тыйым салған жемісті жеп, күнаһар 
болғандарына  қатты  қапа  болып  тұрған  екен.  Сонда  да  Адам  атаның  тілегін 
жерге  тастамай,  төрт  жапырақ  береді.  Адам  ата  мен  Хауа  ана  жапырақтармен 
ұятты  жерлерін  жабады.  Алла  тағала  таудың  Адамға  неге  жапырақ  бергенін 
сұрайды. Сонда тау: “Е, Жаратушым, Адамды өзің жараттың. Періштелер, тау 
мен тас, жүгірген аң, ұшқан құс – бәрін Адамға сәжде еткіздің. Ұлық та бір күнәсі 
үшін  құлын  өлтірмейді.  Сенің  сүйікті  Адамыңның  жалаңаш  тұруын  лайық 
көрмейдім.  Сені  құрмет  тұтқандықтан,  Адамға  жапырақ  бергені  үшін  оны 

17 
 
айыпты санайды. Тауды бар сай-саласымен, аңғарымен Адам атаның игілігі үшін 
Алла  тағала  жерге  түсіреді.  Алла  алдында  Адам  атаның  жасалған  күнасына 
ұялып,  күйінгеннен,  таудың  түсі  қарайып  кетеді.  Халық  тауды  Қаратау  деп 
атапты. 
АҚ КЕСЕНЕ .  Ақ кесене мұнарасы Талас ауданында орналасқан, Қазақстан 
тарихында  осы  күнге  дейін  сақталған  Қыпшақ  дәуірінің  ескерткіші.  
Мұнараны  зерттеу  жұмыстарын  ХІХ  ғасырдың  90  жылдарында  өлкетанушы 
Василлий  Каллаур  жүргізген.  Қолда  бар  деректер  Ақ  кесененің  іргетассыз 
салынғандығын  айғақтайды.  Іргетассыз  мұнараның  ерекше  құрылысы  аталған 
көнекөз  ғимараттың  осы  күнге  дейін  сақталуына  ықпал  еткен.  Яғни,  бекініс 
құрылысына  пайдаланылған  кірпіштің  ерекше  технологиямен  жасалуы,  әрі 
кірпішті  қалаудағы  өзіндік  әдіс  мұнараны  берік  ете  түскен.  Аталған  әдіс 
бойынша кірпіштер арасынан жел қағып, жауын-шашын ерітіп кетпейтіндей етіп 
қаланған.    Әйтсе  де,  Мойынқұмның  шағыл  құмдарының  арасында  орналасқан 
бұл мұнараның тұрғызылуы Тараз билеушісі Қараханның атымен байланысты. 
Ел  аузында  да,  ғылыми  зерттеулерде  де  бұл  мұнараны  қарауыл  қарау  үшін 
тұрғызған  деседі.  Ежелден  келе  жатқан  тағы  бір  аңызда  бұл  мұнараның  осы 
аймақпен  көшетін  көштің  адасып кетпеуі  үшін бағыт  сілтеуші  ретінде  қызмет 
атқарғандығын  көрсетеді.  Осы  аңыз  негізінде  Таласта  (қазіргі  Тараз  қаласы) 
билік құрған Қарахан бір керуен басын өз сарайында қабылдап, соның өтініші 
негізінде  Мойынқұмда  адасқандарға  жол  сілтер  Ақ  кесене,  Көк  кесене  деп 
аталатын  қос  мұнара  тұрғызған  деседі.  Ақ  кесене  мұнарасының  негізгі  кескін 
келбеті сақталып, Көк кесене мұнарасы бүгінде жермен жексен болып кеткен. 
Аталмыш аңызбен қатар зерттеу жүргізген ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл 
мұнаралардың  қызметі  тек  керуен  жолдарға  бағыт  көрсетумен  шектелмеген, 
олар сонымен қатар Арқа жақтан келетін қауіп-қатерден сақтандырып отыратын 
Қарауыл мұнаралардың да қызметін атқарған. 
Ақ кесене мен Көк кесенеге ұқсас мұнаралардың бірі Қаратаудың солтүстік 
беткейінде  қазіргі  Оңтүстік  Қазақстан  облысының  Созақ  ауданына  қарасты 
Ақсүмбе  ауылының  жанындағы  биік  таудың  үстінде  тұрған  Ақсүмбе  немесе 
Ақбикеш мұнарасы. 
Көк  кесене  туралы  аңыз.  Күндердің  күні  болғанда,  Алпамыстың    жастай 
алған  жары  Гүлбаршынның  дүниеден  өтетін  мезгілі  жақындайды,  сонда 
Гүлбаршын денесін Таластың төменгі ағысы бойына қойып, басына Көккесене 
орнатыпты.  Көк  кесене  жоңғар  шапқыншылығы  тұсында  Талас  өлкесі 
батырларының  бас  қосып,  қол  жинаған  орталығы  болған.  Тайлақ,  Саңырық 
батырлар жауға қарсы қол жиып, елді шауып келе жатқан жауға алғаш рет үлкен 
соққы береді. Содан былай қарай Талас өлкесінің бар батыры Көк кесенеде бас 
қосады. Одан едәуір уақыт өткен соң, қазақтың барлық батырлары қол қосып, 
бас біріктіріп, елді жаудан азат етеді.  
Сарысу  ауданы  бойынша  киелі  жерлердің  аңызы.
 
Сарысу  ауданында 
жұртшылыққа кеңінен танылмай отырған нысандардың бірі - Қаражартас әулие 
бұлағы. Бұлақ Жаңаарық ауылдық округы, Ақтоғай ауылынан 2 шақырым жерде, 
таудың төбесінде орналасқан.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет