1-тарау. КӨРКЕМ БЕЙНЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
1.1. Әдебеттегі бейнелеу (образ).
Бейнелеу (образ) – шын жаратылыс дүниенің көркем қиял, түйсік, зердемен тіл арқылы сурет бейнесіне көшірілуі. Әдебиеттің жұмысының өзі осы. Яғни, образ ұғымын қазақша бейнелеу, сөзбен сурет салу, перделеу (перде сыртынан жасырып айту) деп айта берсе болады.
А. Байтұрсынов: «Қара сөзді әдебиетте пікір сүлде түрінде айтылады. Дарынды сөзде пікір сурет түрінде шығады. Яғни, сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпат, тұлға түс бітіп, тірі нәрсе болып шығады» – деген.
Осы А. Байтұрсыновтың «тірі нәрсе» деп отырғаны – образ. Яғни, өзі бар тірі нәрсені тілмен майын тамызып бейнеге түсіру. Яки, шын өмірді қағазға көшіру һәм жаратылысқа еліктеп, оның сырын ұғуға тырбану. Өйткені адамның өзінің жаратылысында бірдеңені білгісі келіп тұратын қызығушылық қасиеті бар, анау не, мынау не деп. Сол ой адамның тынышын кетіріп, оны әрекеттерге көшіреді. Әдебиет ол ой, қиял әрекеті, ми әрекеті, жүрек әрекеті, жан әрекеті. Оның соңы қағаз бетіне әріп белгілер боп түсумен бітеді. Соны біз шығарма дейміз. Яғни, адамның ішінен шыққан нәрсе.
Академик Қажым Жұмалиев образ туралы былай ой толғайды: «Образ деген сөз әдебиетте негізінде екі түрлі қолданылады. Бірінші, көркем сөз мағынасында, екінші, адам образы – тип мағынасында.
Көркем сөз ұғымында – образға теңеу де, эпитет те, троп, фигуралардың түрлері де жатады. Кейде сөз образы немесе бейнелеу деп те айтамыз.
Екінші адам образы – тип мағынасында қолданамыз. Бұрын образ (адам образы) деп ұнамды қаһармандарды ғана атап, ұнамсыз қаһармандарды тип дейтін. Ал соңғы кездерде көбіне образ бен типтің арасына ондай шек қойылмайды. Қазақша образды – типті – кейіпкер, ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер деп те жазып жүрміз.
Бұл кітапта біз адам образы – тип (қазақша: кейіпкер) деген сөздерді бір мағынада қолданамыз.
Көркем шығармаларда адамның өмірі, олардың өзара қарым-қатынастары, наным-сенімдері, ой-сезімдері, мінез-құлықтары суреттелінеді дедік. Бірақ жазушы шығармасында өзіне белгілі бір адамның ғана сипатын көрсетіп қоймайды, сол адамның өмір сүрген кезіне, өскен ортасына дәл келетін көп адамдарға тән іс-әрекет, мінез-құлық, наным-сенімдердің ең керекті, екшенділерін теріп алып, бір адамға тән сипат етіп көрсетеді және солай болуы мүмкін екендігіне оқушыларын сендіреді. Міне, адам образы – тип – деп осыны атаймыз».
Қ. Жұмалиев образ ұғымына жақсы шолу жасайды.
Образдың төмендегідей түрлері бар:
Эпикалық образ – даралық және типтік ерекшеліктері айқын көрініп, әбден пісіп-жетілген бейне. Мысалы: «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай, «Ақиқат пен аңыз» роман – диалогіндегі Бауыржан бейнелері сияқты.
Лирикалық образ – лирикалық жанрларға тән, адам жан дүниесіндегі бір қалыптық толғаныс сәттерді көрсететін бейне. Бұндай шығармалар барлық ақындарда бар, әсіресе Мағжанда, Қасымда, Мұқағалида көп. Мағжанның «Мені де өлім әлдиле», Мұқағалидың «Фаризаға» өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкерлер осындай бейнелер.
Драмалық образ ерекшелігі – жартылай қағазда қалам күшімен, жартылай сахнада әртістің күшімен жасалатындығы
Достарыңызбен бөлісу: |