А. Ғ. КӨшім географиялық картографиялау: табиғат карталары оқу құралы Алматы 2014


Карталарды құрастыру және безендіру ерекшеліктері



бет14/33
Дата08.02.2022
өлшемі3,08 Mb.
#123423
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   33
Байланысты:
Экол картографиялау кітап

5. 3 Карталарды құрастыру және безендіру ерекшеліктері

Далалық геоморфологиялық зерттеу материалдарын қорытып графикалық тәсілмен көрсететін құрал – геоморфологиялық карта болып саналады. Ол бедердің уақыт пен кеңістікте даму заңдылықтарын және бедер мен геология құрылысын, бедер мен тектоникалық жағдайын, бедер мен басқа да географиялық ландшафт компоненттерінің арасындағы байланысты анықтайды. Геоморфологиялық карталардың басты ерекшеліктерінің бірі – бедер элементтерінің морфологиясын жасын және қалыптасу тарихын бейнелеу. Сонымен, геоморфологиялық карта - геоморфологиялық зерттеулердің қажетті және маңызды нәтижесі, бедер туралы графикалық түрде жиналып алынған толық мәліметтер мен практикалық қолданылуының негізгісі.


Геоморфология карталары масштабына, мазмұнына және қойылған мақсатына қарай әр түрлі болады.
Геоморфология карталарының деңгейі масштабына байланысты. Масштаб ірі болған сайын, картадағы мәліметтер де толығырақ көрсетіледі. Әдетте геоморфология карталары геология және топографиялық карталар сияқты стандартты масштабта жасалады.
Карталар масштабы бойынша: үлкен аумақтардың (мысалы, бүкіл Қазақстан аумағын) геоморфология құрылысын жалпы көрсетуге арналған ұсақ масштабты (1:1 000 000-нан ұсақ), жеке облыстардың геоморфология құрылысын көрсететін орта масштабты (1:1 000 000-нан 1:200 000 дейін), аймақтық карта және шаруашылық мақсатында игерілетін жеке аудандардың геоморфология және геология жағдайларын көрсететін ірі масштабы (1:200 000 және одан да ірі) болып бөлінеді. Шолу және ұсақ масштабты карталар әдетте өңдеу тәсілімен, орта және ірі масштабты карталар далалық геоморфология зерттеу арқылы жасалады.
Мазмұны бойынша геоморфологиялық карталар жеке және жалпы геоморфологиялық карталарға бөлінеді. Жеке геоморфологиялық карталар тек бедердің морфография, морфометрия, қалыптасу тегі немесе жасы жайлы және жеке көрсеткіштер негізінде кұрастырылады. Ондай карталарға бедердің жазық бағыттағы тілімдену жиілігінің картасы, бедер тілімденуінің жалпы көрсеткіш картасы, жер беті еңістігінің картасы және т.б жатады.
Жалпы геоморфология карталары жеке көрсеткіштердің жиынтығы ретінде бедердің жалпы сипаттамасын, морфографиясын, мофрометриясын, қалыптасу тегін және бедердің жасын бейнелеп береді.
Карталардың мазмұны олардың алдына қойылған мақсатын анықтайды. Жеке геоморфология карталары жеке мәселелерді: практикалық, ғылыми-зерттеу және тағы басқаларды шешу үшін құрастырылады. Мысалы, бедердің тілімдену жиілігінің картасы мен тілімдену тереңділігінің картасы жол салу қажеттігінде кең қолданады. Бұл екі карта да жер бетінің еңістік картасымен қоса, аумақты территорияны ауылшарушылық жағынан ұйымдастырудың қажеттілігі үшін және т.б. қолданылуы мүмкін.
Жалпы геоморфология карталары халық шаруашылығы мен ғылымның әр салаларының әр жақтарынан туындаған қажеттілігін қанағаттандырады. Олардың негізінде кез келген арнайлы геоморфология карталары жасалуы мүмкін.
Осы уақытқа дейін бүкіл әлемде ғана, мысалы, көпшілік қолдаған геология картасы сияқты геоморфология картаның біріңғай шартты белгілері әлі күнге дейін жоқ. Әр түрлі ғылыми зерттеу, өндірістік, геология және география мекемелер тәжірибесіне жалпы геоморфология карталарының шартты белгілерін жасау туралы ұстанымдар жөнінде белгілі пікірлер бар.
Жалпы геоморфология картасында бедердің негізгі сипаттамалары: морфографиясы, морфометриясы, генезисі мен жасы болуы тиіс. Бұл сипаттамаларды бейнелеу үшін сапалы немесе түрлі-түсті фонының әдістері, изосызықтар, штрихтар, түрлі белгілер, индекстер және картографиялық тәсілі фонды бояу қолданылуы мүмкін. Фонды бояу - бедердің ең маңызды сипаттамасы - генезисі боялады. Осылай қағаз бетінде әр генезисті бедер пішіндері әр түрлі түспен боялады.
Дегенмен, бедер генезисін анықтаған кезде едәуір қиындықтар туады. Жоғары айтылып кеткендей, жер бетіндегі бедер пішіндері эндогендік және экзогендік күштердің өзара қарым-қатынас әрекетінен қалыптасқан. Сонда геоморфология картографиялау жүргізу кезінде зерттеуші, бедер түзу үрдісінің қай тобы басымдау екен анықтау керек. Оны анықтау үшін келесіге негізділу керек: топография картаның масштабына және жүргізіліп жатқан геоморфология түсірім масштабына сәйкес картаға арнайы қосымша геоморфология мәліметтер енгізу қажет. Себебі, әр түрлі бедер пішіндер генезисін анықтау кезінде бедердің кең ауқымды қамтып жатқан ірі пішіндері негізінде біркелкі өтетін эндогендік үрдістерге байланысын, ал кішігірім бедер элементтері – экзогендік үрдістер заңдылықтарына байланысын байқауға болады. Сондықтан, геоморфология карталарын құрастыру кезінде алдымен бедер пішіндеріне назар аудару тиіс. Түсірілімді масштабта бедердің экзогендік түрлері жиі кездеседі. Бірақ, кейбір жағдайларда, эндогендік бедердің кішігірім пішіндері кездесуі мүмкін. Мысалы, жанартау немесе лайлы жанартау төбешіктері немесе жер бетінде кертпештер түрінде көрініс беретін терең тектоникалық жаралымдар.
Бедердің морфография мен морфометрия сипаттамаларының нақты көрсететін, топографиялық карталарда горизонталдар болып табылатын - изосызықтар әдісі. Жақсы топография картасында бедер туралы мәліметтер толық береді. Бедердің морфография және морфометрия сипаттамалырының маңыздылығы - бедер пішіндерінің морфологиясынан басқа генетикалық ақпарат, эндогендік және экзогендік үрдістер туралы, олардың карқындылығы жөнінде мәліметтер алуға болады. Шынында, әр табиғат агентінің әрекеті құрған бедер пішіндері немесе пішіндер кешендерінің бейнесінде жүзеге асады. Эндогенді және экзогенді үрдістердің ара қатынасы жердің нақты биіктігінде, тілімдену жиілігі мен теренділігінде көрініс береді. Осы факторлардың барлығы жер бетінің еңістелу бұрышымен жердің қазіргі кездегі экзогенді үрдістері әрекетінің жиынтықтылығын және қарқындылығын анықтайды.
Карта масштабында горизонталь арқылы түспей қалған бедер пішіндерін шартты белгілер арқылы көрсетеді. Ондай шартты белгілердің әрқайсысы суреттелген бейнесімен пішіндердің сыртқы түрін ғана сипаттайды, ал шартты белгілердің түсі-олардың генезисін білдіреді.
Геоморфология картасында бедер жасын белгілеу өте маңызды рөл атқарады. Мысалы, геология карталарында тау жыныстардың жасын көрсету үшін фонды бояу нақты тәсіл болып табылады, ал геоморфология картасында ондай бейнелеу әдісі картаның көрнектілігін жойып, түрін қарапайлығы көрсетеді. Сондықтан геоморфология карталарында бедер жасын басқа тәсілмен бейнелейді: фонның түрлі-түстілігімен, индекстермен, штриховкамен.
Геоморфология карталарында арнайы шартты белгілермен көптеген қазіргі табиғи және антропогенді үрдістерді немесе жазықтық шаю, флювийлі, эрозиялы, эолды және т.б. үрдістерді көрсетуге болады.
Барлық жағдайда геоморфология карталарының шартты белгілер жүйесі кез келген аумақ туралы бедерді сипаттай алатын, оның жасы мен даму тенденциясы мен қалыптасу тарихы туралы мағлұмат бере алатындай болуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет