АҚ «Өрлеу» ОҚО ПҚБАИ ДБО тренері
Шолпан Аблакимовна Оспанкулова \2015 жыл қаңтар\
Диалогтық оқытудың оқушының белсенділігін арттырудағы маңыздылығы
Осы «Бағдарламаның негізгі міндеті –қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Бағдарламаның негізгі қағидаты тәжірибелік қызметті нақты ғылыми зерттеулердің дәлелденген нәтижелерімен кіріктіру болып табылады. \МАН-12бет\. Осылайша бағдарлама негізінде жүргізілетін тәжірибе жұмысымның бастапқы кезеңінде пәнді және сыныпты таңдау үшін мектеп-лицейінің басқару әкімшілігіне жұмысымның негізгі мақсаты және мазмұнымен таныстырдым. Оқушыларды ойлау әрекеттері арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға болады. Осындай сабақтарда мұғалім мен оқушылар арасында тығыз қарам-қатынас орнайды. Мұғалім дайын білімді түсіндірудің, бақылаудың, бағалаудың ұйымдастырушы ұйытқысы.
Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдербұл модульдің ерекшелігі екі әдістемелік бөлімдерге бөлінеді: «Диалог арқылы оқыту» және «Қалай оқу керектігін үйрету». Бұл бөлімдер әлеуметтік-сындарлылық көзқарасымен тығыз байланысты. Диалог білім беру мен білім алуда оқушылардың өзара сұхбаттасуы, мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтың, ой-пікірлерді жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін қарастырады. Адамдарды басқа тірі тіршілік иелерінен ерекшелеп тұратын да осы – адамдардың сөйлеу қабілеті, бір-бірімен қарым-қатынасы, бір-бірінің ойын түсінуі. Диалогтық сөйлеу екі немесе бірнеше адамның арасында өтетін болғандықтан түрлі жағдайларға, түрлі көңіл-күй мен әңгімелесу барысында өрбуі мүмкін. Диалогтың жүргізілу барысында оқушылар жұп болып та, топ болып та, ұжым болып та бір-бірімен қарым-қатынасқа түседі. Білім берудің басты мақсаттарының бірі нақты түсінікке келу және сапалы ойлауды дамыту. Оқушылар барлық сабақта ойланады, талқылау мен диалог барысында оқушы өзінің көзқарасын, түсінігін тереңдетеді. Сыни тұрғыдан ойлау –бақылау, талдау, қорытынды интерпретация жасауға дағдыландырады. Мектеп тәжірибесі кезінде әңгіме барысында мұғалімнің басты міндеті- оқушылардың білімге деген қызығушылығын дамытумен қатар олардың адамгершілік- рухани байлығына да көңіл бөлу қажет, ол үшін мұғалім үнемі өздігінен ізденіп, өз білімін жетілдіріп отыруы қажет,-деген оймен маған көмек беретіндеріне сенім арттым.
Диалогтық сөйлеудің амал-тәсілдері оқушыларды сөйлеуге, өзара пікір алмасуға бағыттайды. Әрбір диалогтық оқыту технологиясы сөйлеу жағдаяттарын туғызып, оқушылардың ауызекі сөйлеуіне, пікірлесуіне әсер етеді. Диалог барысында оқушылар сонымен қатар мұғалімдерде келісілген нәтижеге жету үшін күш жігерін жұмсайтын және Мерсер (2000) сипаттағандай білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Пікір алмасу оқушылармен диалог құру арқылы іске асады, дегенмен оны оқушылар бірлескен зерттеу барысында да анықтай алады.
«Қалай оқу керектігін үйрету» немесе метасана оқушыларға оқуды өз бетінше жалғастыра алатын білім жинау жауапкершілігін түсінуге және оны өз мойнына алуға қалай көмектесуге болатынын көрсетеді. Оқушы топпен жұмыс істегенде білімді оқулықтардан, достарынан және мұғалімінен алады, терең түсіну қабілеттері дамиды деп айта аламыз. Оқушылар топпен жұмыста рөлдерге бөлінуде көшбасшы болуға ұмтылады. Оқушылар білімдері мен сенімдері туралы ойлануға , сұрақтар қоюға , жаңа білім алуға , өз түсінігін тереңдетуге сыни тұрғыдан ойлауға үйренеді. Осыдан туындайтын нарсе топтың көшбасшы оқушылары қабілеті төмен оқушыларды Выготскийдің ЖАДА ілімі негізінде оқытып, басқа топтардан артта қалып қоймас үшін барынша әрекеттенді. Осы тұста оқытуды басқара алатын көшбасшы оқушылар алға озып көріне алды.
«Диалог арқылы оқыту» мен «Қалай оқу керектігін үйрету» әлеуметтік-сыңдарлылық көзқарасымен тығыз байланысты. Оқушыларды сабақтарда диалог арқылы оқытсақ, олар өз ойларын еркін жеткізуге, көпшілік ортада өздерін еркін ұстап, өз пікірлерін шешен тілімен жеткізуге үйренеді. Мұғалім мен оқушылар арасында диалогтік өзара әрекеттестік арқылы сыни тұрғыдан ойлайды. Балалар өз құрбыларымен және мұғалімімен сұхбаттасуда өз көзқарасын айтады, әрі қорғайды. Ойы шыңдалады. Оқушылар берілген тақырып бойынша өз пікірлерін, құрбыластарының пікірлерін тыңдап, саралап қажеттісін алуға үйренеді, яғни диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауы дамиды. Біз диалог әдісін сұрақ қою арқылы іске асатынын білеміз. Сұрақ дұрыс, нақты қойылғанда ғана сабақ берудің тиімді құралына айналады.Ғылыми зерттеу нәтижелері сабақта диалогтің маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді. Зерттеулерде ересектермен интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыстың балалардың оқуына және когнитивті дамуына әсер ететіндігі айтылған.Біздер оқып үйреніп жатқан бағдарлама бойынша топтастырып оқыту мен диалогтық оқыту тәсілдеріне ерекше маңыз берілуде. Топтарға бөлуде мұғалім көптеген әдіс-тәсілдерді қолдана алады.
Выготскийдің оқытудағы сөздің, сөйлеудің негізгі рөлі туралы пікірі эмпириялық зерттеуде қолдау тапқан. Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда ғана емес, вербалды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті. Кейінірек Мерсер және Ходжкинсон (2008) зерттеулері Барнстың ертеректегі жұмысына негізделе құрылып, оқыту барысындағы диалог атқаратын негізгі рөлге назар аударуды мақсат етеді.
Бүгін тәуелсіз, демократиялық Қазақстанның білім беру жүйесінің алдында басты проблеманың бірі ретінде : «Ел азаматын қалай тәрбиелеу керек?» деген сұрақ тұрды. Неге? Проблема өзектілігі неде? Біз азаматтық қоғамда сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын тіршілік етудің табысты негізі деп анықтаймыз, сондықтан құқықтық мемлекетте нарықтық қатынас жағдайында, мына сан құбылып тұрған әлемде сол себепті азаматтарды нақ осы аспектіде тәрбиелеуге тоқталамыз. Әсіресе, Қазақстан Республикасындағы білімнің мақсаттары мен міндеттерін анықтауда соңғы ғылыми-теориялық, методологиялық құжаттардың талдауы бойынша, «адамды ойлауға үйрету үшін» өсіп келе жатқан ұрпақтың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту-қазіргі кезде білім беру ісінде басты қажеттіліктердің бірі болып табылады. /З.У.Имжарова «Сын тұрғысынан ойлау білім үрдісінде» ОӘҚ 2012ж.3-4 бет/. Білімнің қажеттілігіне көңіл бөлемізде, ал қалай оқыту қажеттілігі назардан тыс қалып жатады. Қазіргі коғам өз іс-әрекетіне өзі басшылық жасап, шұғыл шешім қабылдай алатын,тұлғаны қажет етеді. Ондай тұлға оқытудың жаңа технологиясының нәтижесінде қалыптасатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Мұғалім тек ақпарат жеткізуші ғана емес, ол- оқушының білім алу кезеңідегі өмір жолын анықтаудағы сенімді серігі. Қазіргі оқыту үдерісі оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастыққа, түсіністікке, сыйластыққа негізделіп, оқушының ізденушілігін дамытуға бағытталуы тиіс. Дайын білім беруге негізделген «дәстүрлі» стиль арқылы алынған білім оқушылардың жинақтаған өзге білімдерімен тиімді сіңісе алмайды, сондықтан механикалық есте сақтау, үстірт білім алу жағдайлары орын алады. Дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады, бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту немесе емтихан аяқталған соң керексіз болып қалады және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана алмайды. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.\МАН 6-бет\.
Диалогтық оқыту оқушылардың ойлана жауап беруіне, білімін арттыруға, қызығушылығын оятуға үлкен септігін тигізетіні байқалды. Бірақ сұраққа жауап бергенде тек жаттанды турде айтуына жол бермей мән мағынасын түсінуге уйрету ұстаздың басты жұмысы. Балаға сұрақты қарапайым түрде қойып, өткен сабақтағы тапсырмаларды естеріне салып отыру, оны ортада талқылап, мысал келтіру аркылы жеткізіп отыруды үнемі назарда ұстау керек. Осылайша сұрақ жауап әдісі бойынша өткен сабақтан тек үлгерімі жоғары оқушы ғана емес, үлгерімі төмен оқушының да сабаққа қатысып отыруына, қызығушылығының арттыруына алып келді. Диалог барысында оқушылар пікір алмасу арқылы, ойлау қабілеттерін білімдерін дамыта алады. Топтасып, жұптасып әдістері бойынша өтілген сабақтардан барлық оқушылардың ашыла, көріне бастағанын байқайсын. Сондықтан да әр баланын үлгеріміне қарай оларды мақтап отырып, еркін сөйлеуге уйрету, әр бір өткен сабақты терең түсінгендеріне көз жеткізу ұстаздың міндеті.
Оқушылардың бір-біріне сұрақ қоюы кезінде,олар тек дайын жауапты ғана қажет ететін «жабық» сұрақтар қоюмен шектеледі. «Ашық» сұрақтар қойған кезде өздерінің жауаптарының дұрыс, не дұрыс еместігі жөнінде көбірек ойланып, сенімсіздік танытады өз ойларын ашық айтудан мүдірген сәттері де кездеседі. Міне, осы проблемаларды шешу барысында «Нұсқаулықты» басшылыққа ала отырып жұмыс жасауға болады. Выготский балалардың когнитивті даму әрекеттері әлеуметтік қарым-қатынас үдерісінде қалыптасатынын көрсеткен еді. Сондықтан өз пікірін ашық айта алмаған, тек «жабық» сұрақтармен шектелетін оқушылар әлеуметтік қолдауды керек етеді, оқушыларды топқа бөлу кезінде олардың жақсы тіл табыса алатын, жақын арадағы даму аймағымен , достарымен жұмыс істесе, диалогтың тиімді болатынына сенімдімін. Мен осы курсты оқып біліп, оны терең ұғынып білгенімді бөлісер болсам, үйрену мен үйретуді қоса алып жүрсем нәтижеге жетемін деп ойлаймын. Оқыған стратегиялар ішінен сыни тұрғысынан ойлауға уйрету модулінің диалогтық оқу үшін алатын орны ерекше. Бұл модульдің әр бір стратегиясы оқушының ой өрісін , тілдік қорының дамуына тигізер пайдасы көп. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп айтылған. Сыни тұрғыдан ойлау –бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты, ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім. \МАН,49-б.\ . Дәстүрлі оқытуда мұғалім басшылық ролін, оқушы тыңдаушы ролін атқаратын. Кембридждік оқыту тәсілімен алсақ оқуды мұғалім мен оқушы тең дәрежеде бірдей басқарады. Жұптасып, топтасып жұмыс жасауда, бір-бірін тыңдап, ынта-жігермен талқылап бір қорытынды шешімге келуді үйренеді. Дәстүрлі сабақтарда мұғалім баланың у-шуынан қорқады, өйткені сабақты шуламай тыныш отырып, қозғалмай тыңдаса онда сабақ сәтті болды деп есептейміз. Бірінші үй тапсырмасын сұраймыз, сонан соң жаңа сабақты бастаймыз бәрі өз ретімен болатын. Мұғалім барлық ақпаратты өзі сөйлеп, өзі түсіндіріп, өзі орындап беретін, осылайша 45 минуты бітетін.Бірақ сабақ өз мақсатына жетті ме,жоқ жете алмады ма ол 2- ші мәселе болып қала беретін, және де көп жағдайда мақсаты орындалмай қалатын.
Ал қазір болса жаңа тақырыпқа кіріспес бұрын оқушылардың өздеріне ой тастап, проблемалық сұрақтар қоя отырып, қызығушылығын ояту арқылы, топтық жұмыста өздері ізденіп, жауабын тауып дәлелдеп шығуына ықпал ету арқылы, жаңа сабаққа мақсат қоямыз.
Диалогтік оқытудың тағы да бір маңызы рольдік ойындар кезінде көрінді. Рөлдік ойындарда балалардың өз көзқарасын қалыптастыруға, ойлауға, пікір алмасуғы ықпал етеді екен. Бүрын мен ойлайтынмын сабақ үдерісіне осындай әдістер керек емес олар тек сәтсіздікке әкеледі деген көзқарас балатын. Менің сабақты жоспарлаудағы мен оқушыларға деген көзқарасым өзгерді. «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулі бойынша оқушыларға сұрақ қоюда төмен және жоғары дәрежелі сұрақтарға аса көңіл бөлінбеген. Біз екі сұрақты да сабақ процесінде қолданғанбыз, бірақ ашық немесе жабық сұрақтар деп бөлмегеміз. Сонымен қатар оқушылардың мүмкіндіктеріне қарай әр-түрлі сұрақ қою техникаларына да бөлінеді түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау. Оқушы дұрыс жауап бермесе, «отыр, дұрыс айтпадың ...» демей, басқа оқушыларға түрткі сұрақтар бере отырып, баланың көңіліне тимей, дұрыс жауабын тыңдатуға болады екен. Болашақта осындай жағдайларды тренерлік жұмысымда болдырмауға тырысамын. Біз осы жаттанды, механикалық түрден ауыспай, шеңберден шықпай, оқулықтан ауытқымай жүргеніміз біз үшін дұрыс болып келген. Сабаққа деген қызығушылық өте аз болатын. Енді сындарлы оқытуда баланың ойын білдіруде шектеулер қойылмайды, өздерін еркін ұстайды, барлығының идеяларын дұрыс деп қабылдаймыз.
Сыныптағы диалогтік әңгімені дамытуда әңгімелесудің үш түрі сабақ өткізуде өзара тығыз байланыста болды. Көптеген талқылаулар, әдетте, әртүрлі әңгіме түрлерінен құралады. Мерсердің айтуынша, ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жеткізу аясындағы табысты талқылауларда әңгімелесудің зерттеушілік түрі басымдыққа ие болады.\МАН 40-бет\. Осылайша зерттеушілік әңгіме барысында топара болып жарысып, бір-бірінің ойларын талқылап, өзара баға берумен сабақ қорытындыланды. Осындай сценарий бойынша оқушылар бір-бірін тыңдап, өз жауаптарын талдады. Бұлай жұмыс істеген оқушылардың дәлелдері пікір алмасудың нәтижесі болып шығады. Алайда, бұл әңгіме олар үшін қалыптағы дүние емес, сол себепті де мұғалімдер бірігіп істеген жұмыстың құндылығын түсінулеріне көмектесу керек. \МАН 41-бет\ Сондықтанда сабақ жоспарлауда оқушылардың қабілеттеріне, ерекшеліктеріне көңіл аудару қажет екен. Оқушының дамуы үшін белсенді іс әрекеті болуы керек. Сондықтан сабақта жағымды, ынтымақтастық атмосфераны орнатып отырдым.
Мұғалім мен оқушы арасындағы диалог, оқушылардың өзара сұхбаттасуы, баланың өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін түсіндім. Мен алған білімімді тәжірибе барысында жеті модуль мен әдіс тәсілдерді қолдана отырып, ақпараттық технологияны жетік меңгерген, осы өмірдің ағымына ылайықты өсуге тиісті оқушыларға білім бере отырып, тәрбиелеу керек екеніне көзім жетті. Нәтижесінде бір бірінің пікірін тыңдап сабақты кең көлемде түсінуге жол ашылады деп ойлаймын. Жаңа әдістермен танысып, әрбір оқушы өз бойындағы қабілеттерін аша алады. Ертеңгі еліміздің болашақ ұрпақтарына білімдерін жетілдіріп, талантты дарынды оқушылар көбейіп, еліміздің дамуына үлестерін қоса алатынына сенімдімін.
Қорыта айтарым, оқушылардың білетіндігін және білмейтіндігін анықтау үшін жақсы дамыған коммуникативтік дағдылар және түсіністікпен қарау талап етіледі. Оқушылар қысқа ғана жауап беретін мұғалімнің сұрағымен салыстырғанда диалогтік сұхбаттасу мұғалімдер де, оқушылар да білім алуға қомақты үлес қосатын өзара іс-қимылдың шын мәніндегі тиімді түрі болып табылады\МАН 43-бет\. Осы нәтижелерді қорыта келе мектеп тәжірибесінде сабақты жоспарлауда нені ескеруіміз қажет:
А. Сабақты оқушылардың қажеттіліктеріне қарай жоспарлау;
Ә. Мұғалімдерге арналған нұсқаулыққа сүйене отырып жоспарлау;
Б. Ынтымақтастық атмосферасын құра отырып жоспарлау;
В. Белсенділігі мен қызығушылығын арттыруға жағдай жасай отырып жоспарлау;
Г. Оқушылардың ой-пікірлерімен келісе отырып, оны дәлелдеуге мүмкіндік беру;
Д. Рефлексия, кері байланысты үнемі қолдану;
Е. Бағалаудың түрлі әдістерін қолданып отырып жоспарлау;
Осы жағдайларды ескере отырып оқушылардың өз бетінше ізденуіне, сабаққа деген қызығушылығын арттыруға, өзіндік ой-пікірін өмірмен байланыстыруға, басқа адамдардың пікіріне сыни көзбен қарауға, адами қарым-қатынас жасай білуді үйретуде, білімді, жігерлі, саналы, парасатты Қазақстан азаматтарын тәрбиелеу болып табылады. Өз ойларымды қорыта келе, диологтық оқыту жүйесін сабақта қолданғанда оқушылардың ой – пікірлерін білуге, олардың көзқарастарының алуан түрлілігі мен өзара ынтымақтасуға әкелетініне сөзсіз сенемін. Сұрақ қоя отырып, оқушылар бір-бірімен түрлі ой алмаса отырып, білімдерін тереңдете алуға мүмкіндік алады. Сабақтардың мазмұнды, сапалы өткізілуіне барлық күш-жігерді, білімді, біліктілікті болашақ ұрпақ үшін жұмсау ол барлық педагогтың міндеті деп ойлаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |