Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Азаматтың тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?
Абайдың он сегізінші қара сөзі
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киіну қажет, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі.
Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет - пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас - қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние - ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ.
Мұның бәрі - масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.
Абайдың он тоғызыншы қара сөзі
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.
Достарыңызбен бөлісу: |