Абай Құнанбайұлының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі 1889 жылдары жазылған. Өлең әрқайсысы алты тармақтан тұратын бес шумақтан құралған. Бұл өлеңді ақынның өз оқырманымен сыр-сұхбаты деуге келеді
Абай Құнанбайұлының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі 1889 жылдары жазылған. Өлең әрқайсысы алты тармақтан тұратын бес шумақтан құралған. Бұл өлеңді ақынның өз оқырманымен сыр-сұхбаты деуге келеді. «Көкірегі сезімді, тілі орамды жастарға» сөз өнерінің қадыр-қасиетін таныту, «сырын ұғындыру» мақсатынан туған. Мұнда ақын сөз өнерінің құдіретін зерделейді. Өлең «әсіре қызыл», жылтыр сөзбен ғана шырайлы болмайтынын, әділет пен шынайылықты жеріне жеткізе айтқанда, құнарлы ой «сырты алтын, іші күміс сөз жақсысына», «түбі терең» мағынаға айналғанда ғана ел көкейіне қонатынын түсіндіреді. «Сөз айттым «Әзірет Әлі», «Айдаһарсыз», Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз», деп өзінің айналасындағы шығыс үлгісіндегі қисса-дастандарға әуестеніп, тым әсірелеп жырлаған Көкбай, Әріп сияқты ақындарды қағытады, ағалық сынын айтады. Абай ақын шәкірттеріне өлең тілін түсінікті және жинақы қылуды насихат етеді. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деген ақын өлең туралы терең таным мен тың ой-түсінік қалыптастырды, үлгілі өрнек қалдырды.