Барлық жастар саят қызығына қызумен берілсе де, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын анталай тосты. Абай Шұбарға қарап:
—Жоқ, қаршыға емес! Сын болған соң қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным,— деп саспай анық етіп, жарыс өлеңнің жайын айтты.— Қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал айт!—деді.
, Абайға қалта қарап, қиналғандай түңілді.
— Абай аға! Мынауыңыз сын емес, жаза ғой!—деп еді. Дәрмен осы кезде қатар жортып келе жатып, Абайға естірте, оқыс шапшаң өлеңді айта жөнелді. Шұбар өз сөзіне тыңдаушы құлақ таппағансып, әдейі іркілгенсіп үнсіз қалды.
Мына талас — қаршығалар таласынан да төтенше. Барлық жайы еріксіз көңіл аударғандай күйге айналды. Көпшілік қаршығаны қойып, мұндағы шабыт қаршығасының қанат қағысына қадалды. Дәрмен жұрттың тегіс ықылас аударғанын танып, желе-жортып, шапшаң өлеңді соқтырып келеді. Абай ақсия, сүйсіне күлігі, тымағын қолына алып, Дәрменге қарай қисая құлап, тыңдап қапты. Шабытты ақын жосыта жырлап келеді:
Талай да талай шапшаң бар шығарды,
Үлгі етер, шапшаң жырым қаршығамды.
Ақ түтек, ың-шың у-шу аяз түнде
Көрі әже дәл былай деп зар шығарды:
Қорқытпа менің баламды,
Гулей соққан ақ боран!
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған!
Ұйқысынан айырма,
Кезе бер есіз даланды.
Ұйықта, бөпем, оянба,
Әлдилеймін баламды!
«Әлди, бөпем, әлди-ай»—
Деп жырласын кәрі ана!
Ұйқыға барсын сол бала,
Тілесе тағы жырласын
Жүз жыл бойы сол ана…-
Деп, көзін алға қарай тастап жіберіп, сүйсінген жұрттың барлығына естірте, өлеңнің соңын айтады.
Дәрмен енді атына қамшы басып, құйықтыра жөнелді. Абайдың Дәрменге анық сүйсінген жолы осы еді.
— Бәсе! Шіркін, ақын болсаң осындай бол!—деді.