ҮШІНШІ ТАЛҚЫЛАУ: ҚЫРАҒЫ ЖЕРЛЕСТЕР
СССР ҒА тарих институтының пәтуасынан кейін Бекмахановтың алдынан даңғыл жол ашылуы керек еді. Алайда қазақстандық тарихшылар мәскеулік ғалымдардың пікірін місе тұтпады. Сол жылы шілде айының 14-і мен 19-ы аралығында Бекмахановтың аталған кітабы Қазақ ССР ҒА тарих, археология және этнография институтында тағы да бес күн бойы талқыланды.
Осы талқылаудың стенограммасы туралы академик Кеңес Нұрпейіс: «Машинкаға басылған көлемі 550 беттік қолжазба ... осы кітапқа байланысты Е.Бекмахановқа аса ауыр саяси айыптар тағуда ерекше белсенділік көрсеткен саяси «қырағы» айғайшылар жөнінде мәлімет берсе, екінші жағынан, Ерекеңнің басты кітабына әділ баға беріп, оның авторын саяси айыптардан қорғап қалуға атсалысқан, тарихи шындықтарға адал жекелеген тарихшы ғалымдар туралы мәліметтерге толы екен» деп жазды («Қайсарлық және қасірет»//Егемен Қазақстан, 15 ақпан, 2005 ж.).
Ермұқан Бекмаханов ұлдары Ерік пен Серікті құшақтап отыр. Алматы, 1952 жыл
Алматыда өткен талқылауда Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, М. Ақынжановтардың Мәскеудегі пікірлері сол күйі қайталанды, оған С.Толыбеков, А. Нұрқанов, Ф.Жизиевский, Б.Сүлейменовтер (соңғысы қуғын-сүргінге ұшырап, Е.Бекмахановтан кейін 25 жылға сотталды – автор.) қосылып, кітапты іске алғысыз етті. «Кенесарының патшалық Ресеймен күресін қазақтың буржуазияшыл ұлтшылдары Қазақстанда хан билігін қайта орнатуға пайдаланбақ болды; буржуазияшыл ұлтшылдарды большевикше әшкерелеудің орнына Бекмаханов олардың еңбектеріндегі ой-пікірлерді сол күйі қайталады; буржуазияшыл-ұлтшыл «Алаш» партиясының жетекшісі Ә.Бөкейхановты дәріптеді» (Ермухан Бекмаханов: «Казахстан в 20-40 годы ХІХ века», стенограмма, 14-б., А., 2005.) деген сарындағы толып жатқан айыптауларға А.Нүсіпбеков бастаған ғалымдар тойтарыс беруге тырысты.
Достарыңызбен бөлісу: |