Академик ә. Х. МарғҰлан шоқантанудың негізін қалаушы з. Ж. Амирханова



Дата27.02.2020
өлшемі330,59 Kb.
#57445
АКАДЕМИК Ә.Х. МАРҒҰЛАН – ШОҚАНТАНУДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
З.Ж. АМИРХАНОВА

С.Торайғыров ат. ПМУ студенті, Павлодар қ.

Е.К. РАХИМОВ

С.Торайғыров ат. ПМУ доценті, Павлодар қ.


Марғұлан Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – ғалым, археолог, тарихшы, этнограф, әдебиетші, өнертанушы, Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі (1933), филология ғылымының докторы (1946), Қазақ ССР ҒА-нің корреспондент-мүшесі (1946), академигі (1958), профессор (1960), Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961), Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының (1982) және Қазақ ССР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының (1967) лауреаты.

Ә.Марғұлан кең ауқымды ғалым еді. Ол археологиялық ескерткіштердің, сәулет өнерінің тарихын зерттеуге қомақты үлес қосты. Ол тарихшы-өнер зерттеушісі, этнограф, филолог, фольклоршы ретінде қазақтар мен Орта Азия халықтарының тарихын зерттеуге мол еңбек сіңірді.

Анадан ешкім де дана болып тумайды. Бірақ та Әлкей Марғұлан тумысымен, болмысымен, бітімімен, тұлғасымен, содан кейін барып білмімен даналық мәйегінен сусындаған ақылдың кені сияқты. Далада туған даналардың ең соңғы тұяғының бірі – осы Әлекең, академик Әлкей Марғұлан деп білеміз.Оның ойлау жүйесі, пікір пайымдауы, тұжырымдары, жазу және әңгімелеу мәнері мүлдем өзгеше, тосын құбылыс еді. «Бір өзі – бір академия» атанған ұшан-теңіз білім иесінің ғылымға қосқан үлесі өлшеусіз. Қазіргі республикадағы тарау-тарау жолдарымен даралана дамыған ғылым салаларының баршасының бастау бұлақтарының бір көзі - Әлкей Марғұлан [1, 68 б.].

Ә.Х.Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Баянауыл аймағнда, Жасыбай көліне жақын жерде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі-Хақан өз заманының сал-серісі, әнші болған. Әжесі-Әймен атақты күйші Тәттімбеттің туысы болғандықтан, балалары мен немерелерінің бойларына ән өнерінің тамаша қасиеттерін дарыта білген. Әлкей бес жасында хат таныған. Әкесі Хақан ойдан-қырдан іздеп жүріп, қазақтың ескі жырларын, Абайдың алғаш шыққан өлеңдерін, Абылғазының “Түрік шежіресін” әкеліп береді екен. Жас баланың тіліне, зеректігіне қызыққан ауыл адамдары әдейілеп бір төбенің басына жиналып, оған не қилы дастандарды оқытып, тыңдауды әдет қылған. Жас баланың зердесі қандай ғажап –«Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық» - Әлекеңнің балалық шағында жаттап алған жырлары еді. Тағдыр Әлекеңнің маңдайына небір шым-шытырық хикаялы оқиғаларды, небір елден ерек, күрделі тұлғалы адамдармен кездесуді жазыпты. Бала кезінде Мәшһүр Жүсіптің, Жаяу Мұсаның, Имантайдың алдында отырып батасын алған. Әлкей Хақанұлы: «Менің ғалым болып қалыптасуыма өскен ортамдағы адамдар әсер етті, олар:Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Хәкім Иманбеков, Жағыпар Секербаев және Жаяу Мұса», - дейтін.

Алғашқыда ауылдық мектептен бастауыш білім алды. 1915-1919 жылдары Баянауылда ауылдық қоғам ұйымдастырған үш кластық орыс мектебінде оқиды. 1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны 1920 жылы бітіргеннен кейін туған ауылына қайтып оралып, бір дәрежелі 2-Далба мектебінде мұғалім болып істеді. Бірақ ғалымның дүниелік ұғымы мен танымы, жан-жақтылығы ешкімге ұқсамайтынын байқаған Әбікей Сәтбаев Семейдегі педагогикалық техникумға жолдама береді. Семейде оқып жүрген кезінде Әлкей Марғұлан Мұхтар Әуезовпен танысып, сонымен бірге Абай атамыздың туған жеріне барып, баласы Тұрағұлмен жүздеседі. Осы сапарында біраз этнографиялық мәліметтер жинайды.

Семейде Әлкей Хақанұлы «Таң» журналы, «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен тығыз байланыста болып, олардың тапсырмаларын орындап тұрды. 1925 жылы техникумды ойдағыдай бітіріп шығады. Осы жылы М.О.Әуезовтің ақыл-кеңесі бойынша Ленинградтағы Шығыс институтының түркология бөліміне оқуға түседі, сонымен бірге тарих-филология факультеттерінде қатар оқиды. Бұған бірнеше ғұламалардың кеңесі себеп болған еді. 1928 жылдан бастап Ә.Х.Марғұлан Өнер институтына жазылады. Ә.Х.Марғұланның ұстаздарының қатарында көптеген белгілі ғалымдар болды. Оның ішінде әсіресе Орта Азия тарихы мен археологиясы жайында академик В.В.Бартольдтің, Индия фольклоры мен өнері туралы академик С.Ф.Ольденбургтің, араб тарихы әдебиеті туралы И.Ю.Крачковскийдің, тіл білімінің тарихы мен теориясы туралы Н.Я.Маррдың, Орта Азиядағы түркі халықтарының әдебиеті жайында академик А.Н.Самойловичтің лекциялары, сонымен брге академиктер В.В.Струве, Б.Я.Владимирцов, И.И.Мещанинов, В.Л.Щербаның және Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов, Б.М.Эйхенбаум сияқты белгілі ғалымдардың мазмұнды лекциялары Ә.Х.Марғұланның жан-жақты, терең білім алуына көмектесіп, ғылымға деген өлшеусіз құштарлығын оятты. Ол тек студент болып ұстаздардың дәрісін тыңдаумен ғана шектелмей, өзі де ғылыми-зерттеу жұмысына қызу кірісе бастады.

Ленинградта оқып жүрген кезінен бастап, Ә.Х.Марғұлан қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, әдеби және архив деректерін жинаумен айналысты. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында біраз іс тыңдырды. Оның аудармасы бойынша қазақ қауымы орыстың және шетел жазушыларының көркем шығармаларымен танысты.

Ә.Марғұлан ізденгіштігі мен тапқыштығының маңызды айғағы дерлік үлкен бір табысы – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еңбектерін іздестіру, табу, қалпына келтіру, жариялау жолындағы қажырлылық. Ұзақ жылдар бойына талмай іздену нәтижесінеде Марғұлан бастаған Шоқанды зерттеушілер оның бес томдық (200 баспа табақтай) шығармалар жинағын бастырып шығарды. Шоқан шығармаларын жинау, бастыру үстінде Әлкей Марғұлан ол туралы көлемді монография жазды. Қазақтың ұлы ойшыл-демократы Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен творчестволық еңбектерін түгел қамтып, толық танытқан бұл зерттеудің де маңызы ерекше [2, 19 б.].

Кеңес дәуірі кезеңінде 40-жылдарға қарай Шоқан Уәлихановтың шығармашылығы мен биографиясына белсенді зерттеу жұмыстары басталады. Көптеген тарихшылар, әдебиетшілер, географ-ғалымдардың ат салысуымен Шоқан биографиясынан оның қолжазбалары, суреттері, статьялары, аудармалары табылған болатын. Х.М.Әділгиреев, Х.Айдарова, М.О.Ауезов, С.Мұқанов және тағы басқалары Ш.Уәлиханов мұраларын зерттеуге ат салысқан. Осы жұмысқа Ә.Марғұлан белсенді қатыса бастайды.

Әлекең 1955 жылдан бастап Абай мен Шоқан тақырыбына қайта оралды. Марғұланның басқаруымен 1958 жылы Шоқанның таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 1657-1967 жылдарды Ә.Марғұланның басшылығымен Ш.Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы дайындалды. Бұл ұлан-ғайыр еңбекті атқаруда Әлекеңе дем берген Мұхтар мен Қаныш сияқты қазақтың аяулы азаматтары еді. Әлекең бүкіл КСРО-дағы архивтерді ақтара отырып, Шоқанның қаламынан туған 300-дей шығармасын тапты. Оларға ғылыми редакция жасап, бүкіл қара жұмысын атқарды. Ал Шоқан жазбаларының көпшілігі бұрын жарық көрмегенін, жазу тәсілінің қиындығын, ойлау жүйесінің тым еркіндігін, кей жұмысының шала аяқталғанын ескерсек, Әлекең атқарған жұмыс бағасы белгілі болды. Бұл шаруа ондаған жылдарға созылды, соның нәтижесінде ғұлама Шоқан туралы 300 беттен аса өмірбаяндық кітап жазып, қолжазбасын қалдырды. Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына байланысты бес томдық қайта басылғанда, Әлеукең қартайса да, игі істің басында жүрді. Бірақ, Әлекең өзі айтқандай, орыстың әскери ведомстволарында жатқан көптеген қағаздарды қолға түсіру мүмкін болмады. Шоқан мұрасын көпжылдар бойы зерттеудің заңды жалғасы ретінде, Ә.Марғұлан «Шоқан мен Манас» атты қыруар еңбек сіңірді. Бұл жұмыста Әлкей Хақанұлы қырғыз эпосы «Манастың» әртүрлі нұсқаларын салыстыра отырып, зерттеудің нәтижесінде оған ғылыми талдау жасап, Ш.Уәлихановтың «Манасты» зерттеуге қосқан үлесін де анықтап, нақтылай түсті[3, 7-8 бб.].

А.Х.Марғұлан жұмыс стиліне тән ерекшеліктердің бірі – оның бірнеше проблеманы зерттеу ісін қатар жүргізуінде. Ол проблемалардың әрқайсысын орындау үшін ондағы ғалымдар көп жылдарын жұмсаған болар еді. Ә.Х.Марғұлан отанымыздағы көптеген ғылыми мекемелерімен тығыз байланыс жасауға көп көңіл бөлді. Оны Мәскеу, Ленинград, Новосібір, Ташкент, Бишкек және Душанбе қалаларына сан рет диссертациялық жұмыстарға оппоненттікке шақырған. Ол Қазақстандағы тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесіне ат салысып, көптеген пайдалы кеңестер берді, ғылыми табыстарын радио, теледидар хабарлары арқылы уағыздау ісіне де көп көңіл бөлді. Алматы қаласында, қаладан тыс аудандарда да, әр түрлі тыңдаушы қауым алдында лекциялар оқып, баяндамалар жасайды. Әдетте ғалымның мұндай кездесулері өте қызықты және өнегелі сипатта өтеді.

Кеңес дәуірінде қазақ, түркі халықтарының шежіресі, ұлттық мәдениетін зерттей бастаған ғалымдар үнемі қудалауға түсіп, жазаға тартылып отырғаны құпия емес. Осы қасірет Әлекеңді де айналып өткен жоқ. Енді толысып кемелденген шағында бірінш Қазақ ССР тарихын жазуға қатысқаны үшін, ұлттық көне мәдениет мәселелерін терең зерттегені үшін аяусыз сынға түсті. Партияшыл тарихшылар М.Ақынжанов, Ә.Тұрсынбаев оны буржуазиялық пиғылдағы «пантюркист» деп сынаса, Х.Г.Айдарова ұлтшыл деген айдар тағады. Осындай «әділ» сындарының нәтижесінде Ә.Х.Марғұлан бірнеше жыл жұмыссыз да жүрді.

Осындай жағдайда нағыз ғалым, академик Әлкей Марғұлан тарихты зерттеуде тайсалмады. Саясаттан алшақ, білімді және ғұлама ғалым өзіунің зерттеулері Қазақстан тарихы мен оның халқы үшн пайда әкелетінін, өзінің Гулаг пен Қолымаға дейін апаратынын түсінді. Зерттеу негізінде болашақ ұрпаққа ол ата-баба жеріндегі заттай және рухани мәдениетті көрсете және айта алды. Ол өзінің ұлы ісін жасады. Бұл зерттеулері ғылыми еңбектерінде, жарияланған кітаптарында және әлі толықтай зерттелмеген архивтерде жатыр.

Жас кезінде-ақ ғылым жолын таңдаған Әлкей Хақанұлы оған өте беріліп кеткендігі сонша, тіпті демалыс уақытында да өзінің зеттеулерімен айналысты. Ол кешкісін бос уақытында қолына домбыра алып күй ойнайтын, өзінің сүйікті әнін салатын. Осы уақытта көз алдына шексіз сары дала мен ежелгі қалалар өтіп жатқандай болатын еді. Әлкей Хақанұлының қолжазбасын оқығанда көзге даланың бейнесі елестейді. Ғалым өзінің көшпенділер тіршілігіне таңқалысын жасырмайды. «Туған жерге, өз халқына деген ыстық сезім, әдемілікке құштарлық ол үшін - өмір бойына болған бұлақтай болды», - деп ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы еске алады [4, 9-10 бб.].

Кеңестік және Қазақстандық шоқантанушылық 50-жж. соңы мен 60-жж.басында жаңа сатыға көтерілген болатын. Ол Қазақ ССР ҒА-ның академигі А.Х.Марғұлан мен бірқатар ғалымдар ұйымының маңдай тері еңбегінің нәтижесінде Ш.Уәлихановқа қатысты мұрағаты мен ел кітапханалары, құжат материалдарымен танысу арқылы қоғамдық өміріне қатысты біршама жұмыстар жүргізілген. Көпжылдық еңбек жұмысының нәтижесінде Ш.Уәлихановтың 1958 жылғы шығармалар басылымы, ал 1961 – 1972 жж. қазақ ғалымының бес томдық шығармалар жинағы жарияланған болатын. Осыдан кейін ағартушының қоғамдық-саяси көзқарасын анықтау мүмкінжігі ғана қалыптаспай, сонымен қатар орыс және әлемдік шығыстану және Қазақстан, Орта жәе Орталық Азияны зерттеу мүмкіндігі туады. Оның көптеген статьялары, кітаптары санына қарамастан, шығармашылығы мен өмірін зерттеу әлі де болса аздық етті. Зерттеушілер жұмыстарында ол ең алдымен этнограф ретінде көреніді [5, 6-7 б.].

«Ә.Х.Марғұлан өзінің ғылыми ізденістерінде бірталай мәселелерді көпжақты жоспарымен ескере отырып, және оның әр қайсысы ондаған ғалымдардың көпжылдық зерттеуін қажет етер еді», - деп жазады Х.Арғынбаев. [6, 34-35 б.].

Сонымен, өмірінің ең ұтымды сәттерін Әлекең Шоқанның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, ұлы ғұламаның еңбектерін басып шығаруға арнаған болатын. Жүз жыл бұрын өткен адамның әр жерде шашылып жатқан, тіпті кейбір қолды болған еңбектерді жинап, замандастарының өзі оқып шыға алмаған қолжазбаның мағынасын ашу, асқан табандылықты, ерлікті даналықты керек етті. Ал оған санаулы өмірдегі қаншама уақыт кетті десеңші.

Әлекең Шоқан еңбектерін қаз қалпына келтіріп қана қойған жоқ, байыпты зерттеді. Шығу тарихын, ой түйісін көпке ұқтырды. Көп мақалаларына түр, түс, нәр берді. Өскен ортасын сипаттап, барлық пікрлес, мақсаты бір жолдас-жораларына дейін тауып, халық ұлының өшіп бара жатқан ұлы бейнесін жаңғыртып, патриоттық үлкен қызмет атқарды. Кейде біреудің еңбегіне берген түсініктердің өзі де тың жол салумен пара-пар. Ә.Х.Марғұлан сияқты үлкен ғалымның қалтықсыз көңіл, адал ниетін өз әңгімесінен де аңғаруға болады: «Мен өмірімнің ең жеңіс беретін шағын, қайрат-қуаты мол жылдарын Шоқанды әлемге танытуға арнадым. Мүмкін сол себептен кезектегі өзімнің еншімнен қағыс қалған шығармын, көкіректе сайраған талай ойлар бар еді. Бірақ, өкінбеймін. Шоқан көп адамдар ғұмырын арнауға тұратын жан. Ол өте алғыр, көптеген ұшқыр ойдың иесі еді, оның еңбегінің ұрпаққа түгел жеткізбеу обал болатын болды».Шоқанға арнаған жылы сөздерінің көбін біз Әлкей Хақанұлының өзіне қайырар едік, өйткені ол шоқантанудың негізін қалаушы [7, 33 б.].



2010 жылдың күзінде біздің университетке академиктің жеке мұрағаты түскен еді. Сол бай қорды зерттеу үшін оқытушылар мен студенттерден тұратын жұмыс тобы құрылған. Зерттеу барысында қорда жинақталған құжаттардың 80 пайызы Әлкей атамыздың Шоқан мұрасын зерттеуге арналған материалдары болып шықты. Бұл қызықты жұмыс жалғасуда және нәтижелі болатынына сенеміз.
Пайдаланған әдебиет тізімі:


  1. Алдабергенов Қ., АрынЕ.М., БаткееваБ.Т. Бір туар дара тұлғалар. Павлодар: ЭКО, 2003.

  2. Рухнама.26-кітап: «Әлкей Марғұлан». Жалпы ред. басқарған Е.М.Арын.Павлодар: ЭКО, 2003

  3. Марғұлан Ә.Х.Шығармалары. Т.1. Алматы: Алатау, 2007

  4. Құрманқұлов Ж., Манапова Ә.М. Ә.Х.Марғұлан – археология ғылымының негізін салушы //ҚР ҰҒА-ның Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы.-2004.-№ 1.-4-16 бб.

  5. Сүлейменов Р.Б.,Моисеев В.А.Чокан Валиханов – востоковед: к 150-летию со рождения. Алма-Ата:Наука,1985.

  6. ХамитоваМ.А. Алькей Хаканович Маргулан (1904-1985). Портрет человека и ученого. /Материалы научно-практической конференции «История, археология и этнография Павлодарского Прииртышья».Павлодар,2000.-С.34-36

  7. Уәли хан Ш.-А. Ы. Жол үстіндегі жұлдыз //Парасат.-1998.-№5.-32-34б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет