Бесінші салдары: Бүлікке қатысқан адам абыройын жоғалтады
Бүліктің кері салдарының бірі сондай-ақ егер оған білім иелерінен болған бір адам кірсе, оның абыройы мен құрметінің жоғалатыны болып табылады. Бірақ кім бүліктен құтылса, соның беделі артады және адамдар оның білімінен пайда алады. Ал бұл ғалымның аман қалуы игіліктің ары қарай жалғасатындығын білдіреді, әрі бұл тек Аллаһ Тағаланың қолдауымен ғана іске асады.
Сондықтан да Абдуллаһ ибн Аун былай деп айтатын: “Муслим ибн Ясар, әл-Хасан әл-Басриге қарағанда, адамдардың арасында үлкен құрметке және абыройға ие еді. Алайда бүлік басталған кезде, Муслим оған қарай асығыс ұмтылды, ал әл-Хасан кідіріп, оған қатыспады. Сонда Муслимнің адамдардың көзінше беделі түсті, ал әл-Хасанның беделі артты”. Ибн Абу Шайба 11/128, Ибн Са‘д «әт-Табақат» 7/165, Ибн ‘Асакир «әт-Тарих» 58/146.
‘Абдуллаһ ибн ‘Аун ол туралы осылай деп айтқан Муслим ибн Ясар Ибн әл-Аш‘астың бүлігіне кірді, бірақ осы бүлік өтіп кеткеннен кейін, ол Аллаһты мадақтайтын. Оның Абу Қиләбаның жанында болып былай деп айтқан сөздері жеткізіледі: “Уа, Абу Қиләба! Мен осы бүлікте бірде-бір оқ атпағаным үшін, ешкімді найзамен жарақаттамағаным үшін және қылышпен соқпағаным үшін сенің алдыңда тұрып Аллаһты мадақтаймын!”
Яғни ол осыған қатысқанын және олардың қатарларында болғанын, алайда ешкімге садақпен атпағанын және ешкімді қылышпен ұрмағанын меңзеп тұр.
Абу Қиләба оның осы сөздеріне былай деп жауап берді: “Уа, Абу ‘Абдуллаһ! Ал сені олардың арасында көргендермен не істемекпіз? Сен адамдардың арасында мойындалған ғалым және олардың арасында беделді орынға ие емессің бе? Ал ендеше сені екі қатардың арасында көріп: «Мынау Муслим ибн Ясар ғой! Аллаһпен ант етемін, ол бұл жақты ол ақиқат болғандықтан алды!» - деп айтқандармен не істемекпіз! Сенің екі жақтың біреуінің арасында болуың және оларды қолдауың бүлікті одан сайын өршіткен нәрсе болып табылады!”
Осы сөздерден соң Муслим ибн Ясар жылап жіберді, ал оны сүреттеген Абу Қиләба былай деп айтқан: “Ол менің: «Оған ешнәрсе айтпағаным абзалырақ болар еді», - деп қалауымды білдіргеніме дейін жылай берді және жылай берді!»” Ибн Са‘д «әт-Табакат» 7/187, Халифа «әт-Тарих» 52, Ибн Асакир «әт-Тарих» 58/146.
Міне, Муслим ибн Ясарға оның бүлікте енжарлықпен қатысқаны неге әкеп соққанын ескерткен Абу Қиләбаның сөздері осылайша әсер етті, ал ендеше бүлікте нағыз белсенділікпен қатысып, мұсылмандарды өлтіріп жатқан адамдар туралы не айтуға болады?
Алтыншы салдары: Ақиқат өтірікпен араласып кетеді де, оларды ажырату мүмкін болмай қалады21
Бүліктің тағы бір салдары – оның кезінде көпшілік ақиқатты өтіріктен ажырата алмайтыны. Адам өлтіріледі, ал ол өзінің не үшін өлтірілгенін де білмейді. Тура сол сияқты адам өлтірген де не үшін біреуді өлтіргенін білмейді. Ақиқатында, бұл – адамдардың еліруіне әкеп соғатын, жүректер өзгеретін, қауіп-қатерлерлер ауыр салдарға ие болатын, адамдарды жан-жақтан жауыздық қоршайтын және істерде түсініксіздік пайда болатын лаулаған бүлік. Абу Муса әл-Аш‘ари былай деп айтқан: “Ақиқатында, бүлік басталған кезде, ол күңгірт болады және тек ол біткенннен соң ғана оның мәні ашыла бастайды”. әт-Табари «әт-Тарих» 3/26.
Яғни адамдардың басына бүлік келіп жеткен кезде, олар оны көрмейді және ол олар үшін күңгірт (бұлынғыр) болады, ал ол кеткен соң адамдарға оның бүлік болғаны айқын болады және олар оның мәнін ұғынады.22
Мутарриф ибн ‘Абдуллаһ ибн әш-Шиххир былай деп айтқан: “Ақиқатында, бүлік адамдарды тура жолға шығару үшін емес, мүмінге дін істерінде зиян тигізу үшін басталады”. Ибн Са‘д «әт-Табақат» 7/142, Абу Ну‘айм «әл-Хилә» 2/204.
Бүліктен одан алдын ала ескертетін және оны тануға болатын сипаттарын түсіндіретін кезде де құтылу мүмкін емес, бұған мысал Дажжалдың бүлігі және азғыруы. Ақиқатында, бұл – ең үлкен азғыру және ең ұлы бүлік, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметіне ол туралы алдын ала ескертіп айтып кеткен еді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең айқын түрде оны тануға болатын және олар арқылы Дажжалды әшкерелеуге болатын сипаттарды түсіндіріп берді, бірақ осыған қарамастан, оның ізінен өте көп адамдар ілесіп кетеді. Әрі Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) насихаты – бүліктен алшақтау. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Дажжал туралы естіген әрбір (адам) одан алшақтасын, өйткені, Аллаһпен ант етемін, адам өзін мүмін деп есептеп оған келеді де, кейін ол таратып жүрген күмәндардың себебінен оған ілесіп кетеді». Ахмад 19968, Абу Дауд 4319, әл-Хаким 4/576. Хадис сахих. Қз.: «Сахих әл-жами’» 6301.
Сондай-ақ қандай да бір іске, егер ол түсініксіз және күмәнді болса, кірісуге тыйым салынады, әсіресе бұл адамдардың өміріне қатысты болса. Муслимның «Сахих» жинағында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны келтіріледі: «Кім бұлыңғыр (соқыр) тудың астында шайқасқан және тайпасы үшін ыза танытқан, немесе ұлтшылдыққа шақырған, немесе тек тайпасына деген махаббатының себебінен көмектескен кезінде өлтірілген болса, сол жахилиет (Исламға дейінгі надандық) өлімімен өлген болады».23 Муслим 1848.
Сондай-ақ осы тақырып бойынша данқты сахаба Са‘д ибн Абу Уакқастың (оған Аллаһ разы болсын) оқиғасын келтіріп, Али ибн Абу Талиб пен Му‘ауияның (оларға Аллаһ разы болсын) арасында орын алған бүлік кезіндегі іс-әрекеттері туралы баяндау орынды болады. Абдур-Раззақ жеткізушілердің сенімді тізбегімен Мухаммад ибн Сириннен мына оқиғаны жеткізеді. Бірде Са’дқа: “Сен не үшін шайқаспайсың? Өйткені сен Кеңесте қатысқандардан (ахл аш-шура) едің ғой, сондықтан да сен басқалардан гөрі көбірек соғысуға міндеттісің!” – деп айтылды. Ол: “Сендер маған кәпірді мүміннен ажырата алатын, екі көзі, тілі және еріндері бар қылыш ұстатпағандарыңа дейін мен соғыспаймын. Мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі мен жихадтың не екенін білемін». Абдур-Раззақ 20736, Абу Ну‘айм «Ма‘рифа әс-сахаба» 1/135.
“Сендер маған кәпірді мүміннен ажырата алатын, екі көзі, тілі және еріндері бар қылыш ұстатпағандарыңа дейін мен соғыспаймын» деген сөздердің мағынасы: маған мүмінді кәпірден ажарата алатын және мен онымен мұсылманды ұрғанда, ол шетке ыршып кететін, ал мен онымен кәпірді ұрғанда, оны өлтіретін қылыш беріңдер. Ал “Мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі мен жихадтың не екенін білемін», - деген сөздер «мен Аллаһтың жолында шайқасқанмын, әрі жихадтың дәл қандай болатынын білемін. Ал мұсылмандар бірін-бірі өлтіріп жатқан және олардың бастары ұшып жатқан шайқасқа мен кірмеймін, тек егер сендер маған мен суреттеген қылышты бермесеңдер ғана» дегенді білдіреді.
Кейін Са’д керемет мысал келтіріп, былай деді: “Сіз бен бізді айқын жолмен жүріп бара жатып, өршеленген қатты дауылға тап болған және соның себебінен олар жолды көру мүмкіндігін жоғалтып жолдан тайған адамдармен салыстыруға болады. Сонда олардың кейбіреулері: «Жол оң жақта!» деді. Олар айтқан жағына қарай жүріп, адасты және жолдан ауытқып кетті. Басқалары: «Жол сол жақта!» - деп айтты да, сол жаққа бет алып, кейіннен адасып, жолдан тайды. Ал қалғандары: «Дауыл өршеле бастаған кезде біз тура жолда болатынбыз, сондықтан да біз тоқтап, осы жерде күтеміз», - деді. Таң ертең дауыл тынышталды, ал жол тағы да анық күйге келді. Соңғы (орнында қалған) топ, міне солар – «Біз Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кездестірмегенімізше оның бізге қалдырып кеткенін ұстануымыз қажет, әрі біз бүлікпен байланысты қандай да бір нәрселерге кіріспейміз!» - деп айтатын «әл-жама‘а»”. Ибн әл-А’раби «әл-Му’жам» 713, әл-Хатаби «әл-‘Узлә» 72, Ибн Асакир «Тарих ад-Димашқ» 39/496.
Са’д ибн Абу Уакқас, Абдуллаһ ибн Умар және сахабалардан құралған топ Му’ауия мен ‘Алидің арасында орын алғанға қатысты «қылыш - мәселені шешуші» деп есептемеген. Олар мәселенің шешімі деп татуласуды, істердегі парасаттылықты т.с.с. есептеген.24
‘Алидің бұл мәселеде өз ижтихады болды, Му’ауияның да бұл мәселеде өз ижтихады болды. Ал кім бар күш-жігерін ақиқатты және дұрыс шешімді іздеу үшін жұмсаған болса, сол өзінің тырысуы мен дұрыс шешімі үшін сауапқа ие болады. Ал егер де ол қателессе, оның қатесі кешіріледі де, шешім қабылдаудағы күш-жігер жұмсағаны үшін сауап жазылады. Бұл туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Егер сот (шешім шығарушы) ыждағаттылық (ижтихад) көрсетіп шешім шығарса әрі оның шешімі дұрыс болса, оған екі сауап тиісті болады, ал егер ол ыждағаттылық танытып шешім шығарса және қателессе, онда оған бір сауап тиісті болады». әл-Бухари 7352, Муслим 1716.
Жетінші салдары: Жастардың азуы (бұзылуы)
Бүліктің салдарының тағы бірі – оның жастардың оған тартылуына, олардың бұзылуына және адасуына себеп болуы. Ол жастарды салдары қатерлі және соңы қайғылы жолмен жүргізеді. Осы себепті жастар игі болып көрінетін шақыруларға, дүрліктіретін ұрандарға және көркемделген үндеулерге алданбауға міндетті. Керісінше, егер біреулер бір нәрселерге шақырып жатса, осы мәселе бойынша беделді ғалымдарға жүгіну керек. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Игілік сендердің үлкендеріңмен бірге».25 Ибн Хиббан 559, әт-Табарани «әл-Аусат» 8991, әл-Хаким 1/131. Хадис сахих. Қз.: «әс-Силсилә әс-сахиха» 1778.
Осы себепті (біреулер) қандай да бір іске және жолға шықырып жатса, үлкендерге – мығым білімге ие, пәтуа шығаруында және қандай да бір мәселені түсіндіріп беруде сақтығымен және абай болуымен танылған, насихат беруде парасаттылығымен және даналығымен елге белгілі ірі ғалымдарға қайту керек.
Бірақ бүліктердің кезінде (бүлікшілер) жастарды арбап опат етуші істерге тастайды, ал олар содан соң одан шығатын жол таба алмайды. Жастарды, яғни болашақта бүлікті тұтандырушыларды тарту, болмашы және әдетті болып көрінетін істерден басталады, мысалы, бір топ адамдар жинайды да, Аллаһқа, Оның періштелеріне иман келтіруде, намаз оқуда, зекет беруде т.с.с. нәрселерде бірігетіні туралы өзара келіседі. Бірақ осыған олар кейіннен жас адамға белгілі міндеттемелерді жүктейтін тағы да басқа кейбір шарттарды қосады. Сөйтіп ол партиядан (хизб) немесе сектадан бір-ақ шығады немесе біреулерге ант берген болып шығады және т.с.с. Ол кейіннен ойланып, кеткісі келуі де мүмкін, бірақ енді мұны істеу қиынға соғады, өйткені бұл жолда көп уақыт өткізген және опат етуші істерге белшесінен батқан болады. Осындай нәрселер ежелден бері жалғасып келуде. Мысалы, атақты таби‘ий – Мутарриф ибн ‘Абдуллаһ әш-Шиххир (оған Аллаһ разы болсын) өзінің жас кезінде орын алған оқиғаны баяндап береді. Ол былай деп баяндайтын: “Біз жиі-жиі Зайд ибн Суханға келіп тұратынбыз әрі ол: «Уа, Аллаһтың құлдары! Кең пейілді болыңдар және ең жақсы түрде амал жасаңдар! Ақиқатында, пенделердің Аллаһқа апарар жолы екі нәрседе: тақуалықта және ыждағаттылықта!» - деп айтатын. Ол уағызшы болатын, адамдарға насихат пен ескерту жасайтын, оларға Аллаһтан қорқуды сіңдіретін және оларды Аллаһқа мойынсұнуға және құлшылық жасауға жігерлендіріп ынталандыратын. Бірде мен оның жанына келгенімде, адамдардың қолдарында шамамен «Раббымыз – Аллаһ, Пайғамбарымыз – Мухаммад, ал Құран – жетекшіміз! Және біз бізді қолдайтынмен бірге боламыз, ал кім бізге қарсы болса, оның төбесінде біздің қолымыз тұрады!» - деген мәтіні бар жазуларды көрдім».
Сөйтіп, олар сырт көзбен қарағанда адамдардың басым бөлігі үшін ешқандай қиындық туғызбайтын нәрсе жазған еді.
Мутарриф былай деп жалғастырды: “Кейін Зайд (қатысып отырғандардың) әрбіріне осы жазуды алып келіп, одан: «Уа, пәленше, сен осымен келісесің бе?» - деп сұрай бастады. Ал (олардың) әрбірі: «Иә, келісемін!» - деп жауап берді. Ол маған келгенше және: «Уа, бала, сен осымен келісесің бе?» - деп сұрағанша осылай жалғасты. Мен: «Жоқ, мен келіспеймін», - деп жауап бердім. Сонда ол: «Бұл баламен асықпаңдар! Ал сен не деп айтасың?» - деді. Мен: «Аллаһ менен Өзінің Кітабында келісім-шарт алды, әрі мен Аллаһ Өзінің Кітабында менен алған келісім-шарттан өзге ешқандай келісім-шарт жасаспаймын. Осыдан кейін олардың барлығы түгелімен өз шешімдерінен бас тартты және қатысып отырғандардан ешкім, ал олар отыз адамдай болатын, ол жазған нәрсені бекітпеді». Абу Ну’айм “әл-Хилә” 2/204, Ибн ‘Асакир “Тарих әд-Димашқ” 58/313.
Қорытынды: Бүлік көптеген жастарды түрлі ұйымдар мен партияларға алдап тартады және оларды салдары кесірлі болған әртүрлі анттармен және сол сияқты нәрселермен міндеттейді.
Сегізінші салдары: Діни бауырластық қатынастардың әлсіреуі
Бүліктердің опат ететін салдарына сондай-ақ қоғамның бөлінуі, бауырластықтың және діни байланыстың әлсіреуі, адамдардың арасында ашу-ызаның, өшпенділіктің және қастасудың таралуы да жатады.
Хузайфа былай деп баяндаған: «Әдетте адамдар Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылық (игілік) туралы сұрақтар қоятын еді, ал мен жамандық туралы сұрайтынмын, өйткені ол (жамандық) менің басыма түседі деп қауіптенетінмін. (Бірде) мен: «Уа, Аллаһтың елшісі! Надандық кезінде біз ең нашар хәлде едік; кейін Аллаһ бізді осы игілікке жеткізді, ал осы игіліктен кейін жамандық қайта оралып келеді ме?» - деп сұрадым. Ол: «Иә», - деп жауап берді. Мен: «Ал сол жамандықтан кейін игілік қайта оралып келеді ме?» - деп сұрадым. Ол: «Иә, бірақ оған жауыздық та араласады», - деп жауап берді. әл-Бухари 3606, Муслим 1847.
Хадистің басқа бір риуаятында: «…бірақ адамдардың жүректері алдында болған жағдайына қайта келмейді», - деп айтылады. Ахмад 23282, Абу Дауд 4246. Хадис сахих. Қз.: “әс-Силсилә әс-сахиха” 2739.
Әрі осындай мағынадағы хадистер өте көп.
Сөйтіп, бүліктер от алған кезде, жүректер ауытқиды және иманға негізделген бауырластық қатынастар жоғалады. Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Шын мәнінде мүміндер бауырлар ғой. Сондықтан бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Аллаһтан қорқыңдар. Мүмкін рахым етілерсіңдер». (әл-Хужурат 49:10)
Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Бауыр болыңдар, уа, Аллаһтың құлдары! Өйткені мұсылман мұсылманға бауыр, әрі сондықтан да мұсылмандардан ешкім өзгелерін жәбірлемеуі, оған жеккөрушілікпен қарамауы, оны көмексіз қалдырмауы керек, ал тақуалық мына жерде жасырулы!» - деп, қолымен үш рет көкірегіне нұсқады да, сосын: «Исламдағы өз бауырын жек көрген адамға бұл зиян ретінде жетіп асады», - деді.26 Муслим 2564.
Және осы тақырыпқа қатысты хадистер өте көп.
Тоғызыншы салдары: Адам өлтіру мен қан төгу мәселелерін елемеу
Бүліктің тағы бір қатерлі жемісіне мұсылмандардың қанының құны мен қол сұғылмаушылықтарының жоғалуы да жатады. Адамдар бір-бірінің қанын төгуді рұқсат етеді де, адам өлтіруге батылдары барады. Абдуллаһ ибн Умардың (оған және оның әкесіне Аллаһ разы болсын) былай деп айтатыны жеткізіледі: “Бүлік кезінде адам өлтіру сендер үшін түкке тұрғысыз болады”. Ахмад 4871.
Ол қантөгіске, өзгенің мал-мүлкін иемденуге және ар-намысына қастандық жасауға өте қатаң түрде тыйым салатын. Бірде бір адам оған: «Маған білім туралы баяндап берші...», - деп хат жазған болатын. Оған Ибн Умар (оған және оның әкесіне Аллаһ разы болсын) біз жаттап алуымызға және соларға сәйкес амал етуімізге тиісті болған мына сөздерді жазып жіберді: “Уа, менің бауырымның ұлы, ақиқатында, білім – ауқымды, бірақ сен Аллаһтың алдына мұсылмандардың қанымен былғанбай, олардың мал-мүлкін (иемденуге) қатыссыз, тіліңді олардың ар-намысына тиюінен сақтап, олардың жамағатына байланған күйде бара алсаң, онда осыларды істе!” Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 31/170, әз-Захаби «әс-Сияр» 3/222.
Ақиқатында, бұл – өзіне барлық білімді және барлық игілікті қамтыған ұлы өсиет!27
Оныншы салдары: Қауіпсіздіктің жоғалуы
Бүліктің тағы бір кесірлі салдары қалыптасқан тәртіптің және қауіпсіздіктің бұзылуы болып табылады. Өйткені қауіпсіздік – Аллаһ Тағаланың мүміндерге сый еткен ең ұлы нығметтерінің бірі, бұл туралы Құранда былай деп айтылғандай: «Ол оларды аштықтан тамақтандырып, қауіп-қатерден аман қылған». (Қурайш 106: 4).
Қауіпсіздік – ұлы нығмет! Өз өміріңнің, мал-мүлкіңнің, ар-намысыңның амандығы, адамды мазалайтын тағы да басқа нәрселеріңнің аман болғандығына тыныш және қауіпсіз болу, мұның барлығы Аллаһтың ең ұлы нығметтерінен болып табылады.
Алайда іс тәртіпсіздікке шалдыққанда және бүліктер қызған кезде, қантөгіс басталып, мал-мүліктер жойылады, балалар жетім, ал әйелдер жесір қалады, әрі салдары мақтауға келмейтін басқа да қасіреттер орын алады.28
Он бірінші салдары: Адасушылардың өз адасушылықтарын таратудағы белсенділігінің артуы
Бүліктің салдарының тағы біреуі – оның адамдарға адасушылықтардың есіктерін ашып беруі, мейлі олар сенімдегі адасушылықтар болсын, мейлі мінез-құлық мәселелеріндегі болсын. Әрі адасқан адамдар бүлікті пайдаланып, өз адасушылықтарын және бұзықылық таратуға кіріседі. Өйткені осы кезде ақиқатты жақтаушылар өздерінің бар уақытын алып қойған және оларды (Аллаһқа) шақыру мен пайда келтіруден кері бұрған бүлікке оранып үлгереді. Осындай жағдайды пайдаланып, жауыздық пен бұзақылықтың жақтаушылары қауіптенбестен өз адасушылықтарын белсенді түрде таратады, жауыздыққа, өздерінің жалған сенімдеріне және кесірлі ілімдеріне шақырады.
Бүліктердің осындай салдары әрбір мұсылманды бүліктерге кіріп кетуден ең бекем түрде ұстауы қажет және оны одан сақтануға міндеттеуі қажет!
Он екінші салдары: Дұшпандардың үстем болуы
Бүліктердің тағы бір салдарынан – олардың Ислам дұшпандарына мұсылмандарды басып алуына және оларға үстемдік етуіне мүмкіндік беруі. Ақиқаттың жақтаушылары келіспеушілікте жүрген кезде, олардың арасында адам өлтірулер, тынышсыздықтар, бүліктер таралады, ал дұшпандар мұны пайдаланып, мүміндердің үстінен билікті тартып алады да, кейіннен оларды барынша жәбірлей бастайды29. Аса Құдіретті Аллаһ Тағала былай деп айтқан: «Аллаһқа әрі Елшісіне бой ұсыныңдар және өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе рухтарың түсіп, қуаттарың кетеді». (әл-Әнфәл 8: 46).
Мүміндерге ерекше сақтық таныту және бүліктер мен оны өршітетін нәрселердің барлығынан абай болу міндетті болып табылады. Олар Аллаһ Тағалаға ықыласты түрде жүгінулері керек және Одан ашық және жасырын бүліктерден құтқаруын жалбарынып сұраулары қажет. Олар Одан өздерінің жағдайын түзетуін және ақиқат пен тура жолда біріктіруін тілеулері қажет.
Біз Ұлы Аршының Раббысы – Аллаһ Тағаладан Оның көркем Есімдері және ең жоғары сипаттары арқылы бізді ашық және жасырын бүліктерден құтқаруын әрі бізді Өзінің қоғауына алуын сұраймыз. Өйткені Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты шынайы құдай жоқ, Ол Өзінің рахымымен және білімімен бар болмысты қамтиды! Ақиқатында, Ол – Естуші және дұғаларға жауап Беруші!
Әрі Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |