Абылай ханның Қазақ мемлекеттігінің нығаюы



бет1/4
Дата03.05.2024
өлшемі40,94 Kb.
#201700
  1   2   3   4
Байланысты:
87-Текст статьи-393-1-10-20210627




АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІНІҢ НЫҒАЮЫ


МЕН ТӘУЕЛСІЗ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ


Аңдатпа. Абылай ханның қазіргі күрделі геосаяси жағдайларда біртұтас мемлекет құруға бағытталған ішкі саяси және сыртқы саяси қызметі зерттеушілердің ой-пікірін қайта қарастырады, бұл мақала тақырыбының өзектілігін көрсетеді.
Бұл қазақ халқының басқа халықтармен тең дамуы үшін аянбай күрескен хан еді. Өзінің сыртқы саясатында ол Қазақстанның көпвекторлы саясатының негізін қалаушы бола отырып, көрші Ресей және Қытаймен достық қарым-қатынасты сақтаған.
Мақала қазақ егемендігінің негізін қалаушы бола отырып, Абылай хан өмірінің ерекшеліктерін, қазақ тарихының күрделі кезеңіндегі тарихи тұлғаны талдауға және анықтауға арналған. Ол дарынды дипломат, қажымас мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы болды және бүгінде оның есімі Тәуелсіздіктің символына айналды. Дипломат ретінде ол бірнеше тілде сөйледі, оларға әдеби тұрғыдан ие болды, бұл оған көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар орнатуға және дамытуға мүмкіндік берді. Ерте жастан жоңғар басқыншыларымен соғысқа белсене қатысқан. Ол ұрыс алаңында үлкен батылдық танытқан дарынды әскери жетекші ретінде танылды. Дарынды күйші, Абылай хан қазақ халқына тән жоғары рухани қасиеттерімен ерекшеленді. Домбырашы ретінде 20-дан астам күй жазған.
Көзі тірісінде Абылай ханның аты аңызға айналған есімі тәуелсіздік, бостандық, бірлік, батылдық, азаматтылық және мемлекет сияқты ұғымдармен астасқан.
Тірек сөздер: Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, Орта жүздің сұлтаны, Абылай, Сабалақ, Әбілмансұр, Төле би, Бұқар жырау.
Қанша уақыт өтсе де, қазақ халқының жадына Абылай хан қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келеді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды. Мұхтар Әуезов жазған мына сөздерді дәл қазіргі Тәуелсіздік заманында еске алып отырсақ, артық болмас: «Қазақтың дербес ел болуына, әрі - беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас».
Абылай хан (1711-1781) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз - Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе - жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш - жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш. Уәлихановтың айтуына сүйенсек, Абылайдың 13 жасар кезі болса керек. Абылайдың азан айтып қойылған аты - Әбілмансұр. Ол мұсылманша жақсы білім алады. Шығыстың жеті тілін білді. Домбыраны жақсы тартты. Оның өзі шығарған 20 - дан астам күйі бар: «Ақ толқын», «Шаңды жорық», «Сары бура», «Дүние қалды»... Он бес жасқа толған кезінен бастап жоңғар басқыншыларымен соғысқа белсене қатысты.
Сұлтанның бойы ортадан жоғары болатын. Жауырыны қақпадай, дене күші зор еді. Замандастары оны батылдығы, ержүректігі және әбжілдігі үшін қатты құрметтейтін. Ол өз ғұмырының ең соңғы күндеріне дейін жауынгерлерімен бірге болды. Соғыста қолға түскен барлық олжаны бөлісті. Жаумен шайқастар кезінде бірнеше рет жаралы да болды. Абылай Орта жүздің сұлтаны болады. Ал Әбілмәмбет хан қайтыс болған соң, 1771 жылы 3 жүздің өкілдері қасиетті Түркістанда Абылайды ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Абылай хан дәуірін білу арқылы біз қазіргі заманымыздың ерекшелігін, қадір-қасиетін, мән-маңызын түсінеміз. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Төле бидің тәлімтәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады.
Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтырыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т. б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай жиырма жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың Абылайға «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да 1730 - 33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе - жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қонтажы Қалдан Сереннің жақын туысы Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады. Абылайдың бүкіл ішкі саяси қызметі бір орталықтан басқарылатын әрі ешкімге тәуелсіз мемлекет құруға бағытталды. Абылай өзінің күш-жігерін келесі бағыттарға жұмсады: біріншіден, оның бір орталықтан басқарылатын мемлекет құруының сәті түсті. 1771 жылы ол Түркістан қаласында қазақтың бүкіл үш жүзінің ханы болып жарияланды. Екіншіден, ол сот билігін күшейте түсті. Үшіншіден, Абылай қазақ рулары мен тайпаларының арасындағы өзара қырқыс, алаусыздықтан туындайтын қақтығыстар мен барымта алуды тоқтатты. Ең соңында, ол қазақтардың егіншілікпен, шөп шабумен және балық аулаумен айналасуына қолдау көрсетті. Хан қазақ даласындағы керуен саудасын күшейтуге барынша көп көңіл бөлді. Абылай хан ақын - жырау, әнші - күйшілер мен діни қайраткерлерге қамқорлық жасап отырды. Абылайдың кеңесшісі Бұқар жырау болды. Абылайды жырлауда да сыртқы жауға қарсы күрес, ел ынтымағы, ел бірлігі Бұқар өлеңдерінің негізгі өзегі болып отырды. «Ей, Абылай, Абылай!» деген өлеңінің бір жерінде жырау: Қырық беске келгенде, Жақсы мен жаман демедің. Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің, - дейді.
Абылай туралы өлеңдерінде Бұқар оның жақсылық жақтарын көріп қана қоймайды, кемшіліктерін де айтады. Ол «Ей, Абылай, Абылай!»- деп, азуы алты қарыс ханға өктем сөйлейді. Айтарын бүкпейді, батыл айтады. Өйткені жырауға ел бірлігі, ел тағдыры қымбат. Өз дәуірінің ойлы ақыны Бұқар жырау ханның ісі халық тілегіне қайшы келіп, елдің батырлары мен ханның арасы алшақтап бара жатса, Абылайдың қателіктерін ашық көрсетіп, ел бірлігі үшін олардың арасына дәнекер болып, ханға дұрыс бағыт сілтейді. Бұқар жыраудың көп өлеңдерінің Абылайға арналуының негізгі себебі қазақ елін сол замандағы беделді Абылай ханның айналасына топтастыру еді. Енді бірде «Үш жүздің басын құрадың», - деп, Абылайды Жоңғар қалмақтарына қарсы күресте елге басшылық еттің, оның азаттық жолындағы күресінің ұйымдастырушысы, қолбасшысы болдың деп мадақтайды. Жыраудың бұл жерде де айтайын деген негізгі ойы - қазақ елінің бірлігі. Сол ел бірлігін ұйымдастырудағы, әрі бірлікті ұстай білудегі Абылайдың рөлін көрсету, үш жүздің басын қосып, күшін біріктіріп, сыртқы жаулармен күресті басқара білгендігін дәріптеп, осы жағынан оны басқаларға үлгі ету. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т. б. күйлердің авторы.
Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы қасиетті Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген. Мәңгі риза халық «Ер есімі ел есінде» дегендей, Абылай ханның құрметіне еліміздің көптеген қалаларына ескерткіштер орнатып, оқу орындарына, көше мен даңғылдарына оның есімін беруде. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылы Алматының басты даңғылдарының біріне Абылай есімі беріліп, темір жол вокзалының алдына ат үстіндегі ескерткіші орнатылды. Хан ескерткіші Көкшетау, Жезқазған, Павлодар қалаларында да бар. Қазақстанның 1993 жылғы ең бірінші төл теңгесінде бейнесі бедерленді. 2005 жылы Абылайдың өмір жолына арналған «Көшенділер» фильмі түсірілді. 2008 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен Петропавл қаласында «Абылай хан ордасы» кешені ашылып, алдына ескерткіші орнатылды. Оның есімі Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне берілген.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздері де әрбір азаматқа ой салуға тиіс: «Иә, Абылай – аңызға айналған тұлға. Бірақ, біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін, сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек… Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршіту үшін емес, тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғаның өмірінен тағылым өрбіту үшін қажет. Мен үшін Абылай заманы ғана емес, бүкіл қазақ тарихы ұлт - азаттығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін күрес сияқты көрінеді. Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый болмаған. Ол әрдайым ел қамын жеген ерлердің жанқиярлық, жанпидалық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек» [1].
Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметіне тоқталар болсақ, ол туралы көптеген дастандар, аңыз - әңгімелер, өлең - жырлар, тарихи деректер мен зерттеулер бар. Абылай ханды еске алғанда біз оны батыр, Орта жүздің сұлтаны, сосын Орта жүз және де бүкіл қазақ халқын біріктіріп, қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалып, оның Ұлы ханы болып, өзіне қазақтың барлық хандары мен билерін - сұлтандарын бағындыра алғанын және де саяси қайраткер, ақылды қолбасшы, дарынды мәлімгер, күйші екенін айтқанымыз жөн.
Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқы (қазақ елінің) бостандығы, егемендігі үшін арнады. Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы оларда қазақтың ерлік заманы болып саналады» деп жазған еді. Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. 1711 жылы әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте қауіпті, ауыр кезең еді. Үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ мемлекетінің жойылып кету қаупі төніп тұрды. Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. Ауыр «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22 - де батыр, қолбасшы ретінде танылады [2].
XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. Ең ірі қауіп жоңғарлардың басқыншылығы екендігін түсінді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті. Абылай сұлтан бұл кезде қазақтарды біртіндеп жоңғар шабуылдарынан құтқарып, елдің тыныштығын, халықтың тұтастығын, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуды мақсат еткен. Бұл мақсатты іске асыру барысында ол Ресей империясының 1740 ж. Орынборда (тамыздың 28-і) сұлтан Абылай «верным добрым и послушным … и подданным быть …» деп Ресей империясының өкіметіне, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болды. Тарихшы – ғалым Н. Мұхаметқанұлы «XҮІІІ ғасырдағы Чин патшалығы мен қазақтардың қарым-қатынасы» атты мақаласында былай деп жазады: «1755 ж. Орта жүз ханы Абылай Чин хандығының елшілерін күтіп алған кезде, оларға Чин хандығына бағынышты болу ниетін білдірді: «Ұлы мәртебелі патшаның орталық ойпатты билеп отырғанын бұрыннан естуші едім, арада асқар тау, алып өзендер көп, жер шалғай болғандықтан тарту-таралғы апара алмадық. Міне, бүгін патшаның құдіреті шалғайды шарлап, Ілені сапырып, Лама дінін көркейтті. Қазақтар мен жоңғарларға тыныштық орнатылды деп қуанып отыр. Мен шын ниетіммен мәртебелі патшаға қараймын» [3]. Ал бұл туралы А. Левшин былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды» [4].
Екі ірі мемлекетпен дипломатиялық, сауда қарым–қатынастарын орнатып, кезінде жоңғарлар басып алған Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақ қоныстарын қайтарып алды. Қазақтар жаппай ата-мекендеріне орала бастады. Жоңғарлармен күресте халықтың басын біріктіруде ерекше рөл атқарды. Абылай сұлтан өзінің шебер саясаткерлігінің арқасында Ресей мен Қытай сияқты ірі империяларды өз саясатымен санасуға мәжбүр ете отырып, іс жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалды.
Абылай өткір ойлы, терең білімді шешен адам болған. Бірнеше түрік халықтарының және де парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1741 жылы Абылай сұлтан жоңғарлардың қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Тұтқында болған екі жыл ішінде олардың тілі мен жазуын үйреніп, жоңғар хандығының ішкі саяси жағдайын жіті бақылап, бұл мемлекеттің күштілігі – мықты орталықтанған билікке бағынуында және де халықтың бірлігінде екенін түсінеді. Абылай сұлтан және де бірге болған серіктері, барлығы отыз бес адам қалмақ тұтқынынан 1743 жылдың 5-і қыркүйегінде елге қайтып оралады. Абылайдың тұтқындағы екі жылдай уақыт ішінде өзінің қадыр–қасиетін жоғалтпай жоғары ұстауы, сөз жүйесіндегі тапқырлығы мен батылдығы жауларын таңқалдырған. Қалдан Церен Абылайдың даналағына бас иіп, оған жоғары мәртебелі сый - сыяпат көрсеткен және де «ол (Абылай) заманынан жүз жыл бұрын ерте туды, бүкіл әлемді билеу қолынан келеді» деп тегіннен - тегін айтпаған болар. Осы мәселеге байланысты орыс деректерінде былай жазылған: «Он, Аблай, от зюнгарцев с великим награждением отпущен, а именно: дана ему палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, панцырь и прочее». Жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан – Церен «менің ұлымды өлтірген сен бе?» - дегенде Абылай былай жауап берген екен «… балаңды өлтірген мен емес, халық, менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана». Бұл оқиға туралы Үмбетей жырау «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» атты жырында былай дейді: «Өлтірем деп Қалдан хан Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып, Жауаптастың, қарыстың. Қапияда тұтылдың, Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың …»
ХҮІІІ ғ. 50-шы жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, әлсіреп, ыдырай бастады. Бірақ, Абылай хан ол елді қырып шапқан жоқ. Себебі Қытай империясымен Қазақ елінің арасында буферлік рөл атқарған Жоңғар хандығының мүлдем жойылуы неге әкеліп соғатынын Абылай жақсы түсінген. Сондықтан да ол қалмақ халқының Қытай басқыншыларына қарсы ұлт - азаттық күресін қолдады. Бірақ, қалмақтар ауыз бірліктен айырылды, соның нәтижесінде 1756-1757 жылдары Цин империясы Жоңғар мемлекетін жойып, халқын қырып тынды [5].
XVІІІ ғ. орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел болуын, ата қонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін қалады. Ол елді отырықшылыққа көшіруді, Үш жүздің басын қосуды, туған Отанын жаудан қорғауды мақсат етті. Абылай хандық құрған кезде ханның жанында Кеңес болған. Оған барлық жүздердің өкілдері қатысып, маңызды мәселелерді қарайтын және де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым – қатынас мәселелері қарастырылып отырды.
Ташкент, Ходжент, Сайрам, Шымкент, Созақ, Түркістан қалалары азат болған соң, яғни қазақ хандығына қайтадан қарағаннан кейін, Үш жүздің бірлігінің көрінісі ретінде ежелгі Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болып белгіленді.
Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау үшін, басқыншылардан елін қорғай алатын жауынгерлік қабілеті бар әскери күш жинап, оларды басқаратын тапқыр әскер басшыларын өзінің қасына жинай білген және де өзінің жоғары дәрежедегі қолбасшылық қасиеті бар екенін көрсете алған. Орыс казактары салып жатқан бекініс, қамал–қалалардың маңындағы жайылымды жерлерден айырылып қалмау үшін, орыс мұжықтарынан қазақтарға егіншілікті үйретуге әрекет етті.
Ал сауда - саттық жүргізу ісіне көп көңіл бөлгені де орынды еді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана жүргізілсе, енді 1760-шы жылдары Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа - Қытайға қарай «Абылай жолы» атты сауда жолы салынды. Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда - саттық биік дәрежеге көтерілді. Тарбағатай мен Құлжада жәрмеңкелер ашылып, олар қазақтарға малын, қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға мүмкіншілік тудырды және Ресей мен Орта Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым - қатынасын орнатуға жол ашты.
1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей патшасы Екатерина ІІ Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе, оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртады, алайда Абылай хан ол шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», - деп жауап берген. Шын мәнінде де Абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары санады.
Сондықтан, Цин империясы Жоңғар мемлекетін қырып-жойып, шауып тастағаннан бастап Абылай бірнеше елшілер жіберіп, Қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға тырысты. Қытай империясы бірнеше қайтара шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды. Қытай мемлекетін жеңу оңай емес екенін түсінген Абылай хан онымен бейбіт келісімге келіп, сауда - саттықа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолданған. Қытаймен бейбіт қарым - қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси және экономикалық қатынасты үзбеген. Ресей империясы қазақ жерінің шекарасына бекіністер, қамал - қалалар салып, оларды орыс казактарымен толық жайғастырып жатқанда және де Жайықтың, Ертістің тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар малын жаюына тиім салу жөніндегі жарлықтарын шығарғанда Ресеймен жағдайды шиеленістіруге бармай, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Ресей патшалығының отаршыл, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі тұрғанын сезді.
XVІІІ ғ. 70-шы жылдары Түркістан аймағында тұратын қазақтарды қырғыздар шауып, мал-жандарын айдап әкетіп отырады. Қазақтар Абылайдан өздерін қорлықтан құтқарып, қорғауды талап етеді. 1779 жылы Абылай әскерлері қырғыздарды талқандап, басшысы – Садырбаланы тұтқынға алады. Қырғыздар келісімге келіп, бітім жасауды өтінеді. Сосын, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары босатылады, ал 1781 жылы Ташкентті бағындырады, оны алым-салық төлеп тұруға міндетті етеді. Абылай хан «өзі әулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін Түркістанда қалды. Сонда 1781 жылы дүние салып, мүрдесі Қожахмет Яссауидің мешіті алаңына жерленді», - дейді Ш. Уәлиханов.
Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды. Солай бола тұрса да Абылай хан көзі тірісінде Қазақ елінің мемлекетінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігінен айырыла бастады.
Абылай хан – XVІІІ ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ол туралы орыс ғалымы А. Левшин былай дейді: «Абылай тәжірибесі, ақыл – айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғда ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді».
Бұл жерде Абылай ханның XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі екенін айта кеткен жөн болар. Себебі қазақ қоғамында күйдің алар орны айрықша, ең мол дерек көзі күй тілінде және күй аңыздары түрінде сақталған. Абылай ханның күйлерінің тақырыбы нақтылы өмір құбылыстарына арналған және де ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, А. Затаевич сияқты ғалым - зерттеушілер кезінде жазған. Олар: «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қоржын қақпай», «Жетім торы» т.б. «Бұл күйлердің бәрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді» дейді Ш.Уәлиханов [2].
Абылай ханның алға ұстаған саясаты, мақсаты – қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті қайта бөлшектеніп ыдырай бастады. Ресей империясы қазақ жерін отарлауды қызу қолға алды. Оны іске асыру әр түрлі жолдармен іске асты, яғни әскери шеп бекіністер салу, қазақ жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау және т.б. [6-7].
Абылай кезінде қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсарды. Қазақ халқы бірлікке, тәуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды. Абылай сұлтан болған кезінде ақыл–айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Айтеке би, Қазыбек би, Байдалы би, Сасық билерді, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау сияқты сыншы-жырауларды топтастыра білді. Абылай ел арасында аса зор беделге ие болған. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең дамуы үшін жан аямай арпалысқан хан. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Абылай деген ат тәуелсіздік, бостандық, бірлік, ерлік, азаматтық, мемлекеттік тәрізді ұғымдармен бірге айтылатын болды.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қазақ хандығының нығаюы мен одан әрі дамуындағы Абылай ханның рөлін қайта ойластыру осы баптың өзекті тақырыбы болып табылады, оны дайындауда эмпирикалық әдіс пайдаланылды, онда зерттеу объектісі Қазақстан Республикасы, Ал нысанасы – Абылай ханның Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуына қосқан үлесі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет