Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері Жүректің түріп құлағын, Ойланып тағы қарашы. Кімсің сен, қайда тұрағың, Енді қайда барасың? Омар Һаям Бүгінгі таңда бүкіл елімізде жүріп жатқан ұлттық мемлекетті нығайту жолындағы игі істер, жаңалықтар өте көп. Солардың ішінде ең бастысы əрбір халықтың тарихын, тілі мен əдебиетіне, мəдениетіне, əдет-ғұрпына, жалпы рухани мұрасына зор құрметпен қарау мəселесі болса керек. Міне, осындай қамқорлықтың бір көрінісі 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес дайындаған Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасу тұжырымдамасы болды.Онда отандық тарихты оқытудың басымдықтары, негізгі проблемалары айқындалды. Тəуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанда жаңа əлеуметтік-саяси ахуал қоғамда да, оның азаматтарының санасында да үлкен сілкініс туғызды. Дүниеге, халық пен оның тарихына деген көзқарас та түбегейлі өзгеріске ұшырады. Егеменді ел болып, іргелі дамуға тұғыр болатын ұлттық сананың ұстанымды ерекшеліктерін айқындау қажеттігі туды.