Адамзат өркениетінің ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері және түрлі халықтардың тарихи даму жолының ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2019 жылғы «__ » ___________
№ ___ бұйрығына 11- қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына 207-қосымша
Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған
«Дүниежүзі тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Жалпы ережелер
Оқу бағдарламасы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығымен бекітілген Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді).
«Дүниежүзі тарихы» оқу пәнінің мақсаты – білім алушылардың бойында тарихи сана, толеранттылық, өз елі және басқа елдердің тарихы мен мәдениетіне құрмет қалыптастыру, ғасырлар бойы қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтарды дарыту және зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту.
«Дүниежүзі тарихы» оқу пәнінің міндеттері:
адамзат өркениетінің ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық дамуының негізгі кезеңдері және түрлі халықтардың тарихи даму жолының ерекшеліктері туралы білімін қалыптастыру;
әлемнің тарихи дамуы барысында қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесі туралы білім беру;
негізгі оқиғалар, құбылыстар мен тарихи даму процестерінің мәні туралы түсінік қалыптастыру;
тарихи оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді және тарихи тұлғалардың қызметін дүниежүзі тарихы контекстінде сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыру мен дамыту;
тарихи деректердің негізінде дәлелді пайымдау дағдыларын дамыту;
тарихи зерттеу жүргізу дағдыларын қалыптастыру мен дамыту (гипотезаларды ұсыну, зерттеу сұрақтарын құрастыру, деректерді талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, нәтижелер мен қорытындыларды шығару, өзінің ұстанымын анықтау);
қазіргі кездегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерде бағдарлану үшін тарихи білімдерін қолдана білу дағдыларын қалыптастыру;
8) коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, соның ішінде, өз ойын ауызша және жазбаша түрде анық білдіру, командада жұмыс істей алу, түрлі деректерден алынған ақпараттарды қоса алғанда, басылымдар мен электронды құралдарды қолдану.