ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ХAЗІPETІ ӘЛИГЕ ҚАМҚОРЛЫҒЫ Екі дүниенің сұлтаны отыз алты жаста… Біздің эрамыздың 607 – жылы…
Меккені адам төзгісіз қуаңшылық жайлаған. Көптеген отбасылар ішіп-жемнен тарығып, бала-шағаның халі күннен-күнге мүшкілдене түскен.
Жұттан жабығып, азық-түлікке мұқтаж болғандар арасында Хазіреті Мұхаммедтің көкесі Әбу Тәліптің отбасы да бар.
Бүкіл болмыстың сұлтаны Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) тағы бір мейірімділігін айтып өтпеу мүмкін емес… Ол ешқашан зәредей де болса көрген жақсылығын ұмытпайтын-ды. Шамасы келсе, еселеп қайтаруға әзір, қайырымдылықта алдына жан салмайтын. Бұл мәселеде оған теңесер жан баласы жоқ!
Бір кездері жетімдіктің тақсіретін тартқан тұста барын аямай, балаларының аузынан жырып берген аяулы адам – Әбу Тәліптің күнкөрісі күннен-күнге қиындап бара жатқанын көре тұрып көз жұму сірә мүмкін бе?!
Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) қолынан келген жәрдемін аямауға ұмтылды. Алдымен асқан байлығы болмаса да, орташа ауқатты екінші көкесі Хазіреті Аббасқа барып, Әбу Тәліптің жай-күйінен хабардар етті. Ағайын адамға қиыншылықта қол созу қажеттігін ескертті.
Аббас бауырының айтқандарын ден қоя тыңдап, ең болмаса балаларынан біреуін қамқорлығына алуды, сөйтіп ағасының жанын жегідей жеген шиеттей бала-шағаның қамын сәл де болса жеңілдетуді ойлады. Осы оймен Мұхаммед (с.а.у.) екеуі Әбу Тәліптің үйіне барды. Мақсаттарын ашып айтқанда Әбу Тәліптің көзінде күлкі ойнап, бауырларының тілегін құптап, риза көңілмен арқаларынан қақты.
Сөйтіп Мұхаммед (с.а.у.) туылғанда атын өзі қойған Әлиді, ал Аббас болса, Жағфарды қамқорлықтарына алып, олардың нәпақасын тауып беруге міндеттенді.
Ол кезде Әли төрт-бес жасар бала. “Мен әсем мінез-құлықты тәмамдау үшін жіберілдім”,-деген асқақ қасиетті жанның панасына алынуы Әли үшін тағдырдың тамаша сыйы еді. Ол кішкентайынан пайғамбар тәрбиесін көріп, иман атты тылсымнан тиесілі үлесін алады. Тоғыз-он жасында мұсылмандықты мойындап тұңғыш бала мұсылман құрметіне ие болды.
ҚАҒБАНЫ ЖӨНДЕУ Пайғамбарымыз отыз бес жаста.
Осы тұста құрайыштар Қағбаның құлағалы тұрған қабырғасын қайта қалау, жөндеуден өткізу керек деп шешті. Өйткені, ұзақ жылдардан бергі жауын-шашын, т. б. сыртқы әсерлерден қасиетті қара шаңырақтың қабырғалары ескіріп, тоз-тозы шығып мүжілген-ді. Шатырсыз ғимараттың төбесінен аққан су іргетасына дейін жетіп, қабырғаларының әр жер-әр жері құлап та қалған.
Құрайыштар өзара кеңесіп, құрылысқа қажетті материалдарды қайдан табарларын білмей дал болып отырады.
Осы кезде Мысырдан Жиддаға қарай бет алған Византияның кемесі Жидда қаласына жақындағанда құрғаққа шығып қалғаны туралы хабар жетеді. Мұны ести сала құрайыштар оқиға орнына мән-жайды анықтау үшін бір топ адамын жібереді. Кемеге тиелген жүк – жұмсақ ақ тас, тақтай, темір бағана, яғни құрайыштарға қат дүниелер болып шығады.
Келген хабаршылар кеме иелерімен келісіп, құрылысқа қажетті тақтайларды сатып алатын болады. Кеменің иесі – саудагерге Меккеге еркін кіруге, салықсыз сауда жасауға рұқсат беріледі. Меккеліктер өз жерінде сауда жасауға келгендерден белгілі мөлшерде салық алатын.
Кемеде Бакум есімді византиялық сәулеткер де бар еді. Құрайыштар онымен де танысып, Қағба құрылысына көмектесетін болып келісіледі.
Келісім бойынша Қағбаның сәулет істерін византиялық Бакум, бас ұсталығын меккелік Қыбти есімді шебер қолға алады.
Қызды-қыздымен іс бастап, Қағба қабырғаларын өруге келгенде меккеліктер ру-ру боп таласып қалады. Қалыптасқан әдет бойынша тағы да жеребе тасталып, ол бойынша:
Әбдіманап пен Зухра руына-Қағбаның қақпасы мен алдыңғы жағы;
Абдуддар, Әсет және Ади руына – Шам жаққа қараған тұсы;
Шәхм, Жәхм және Амир руына – Йемен жақ бұрышы мен Хажарул әсуад (қара тас) қойылған бұрыштың арасы;
Махзум мен Тәйім руына – Сафа төбесі жағындағы Йемен тұсы тиесілі болды.
Әр рудың адамдары өздеріне тиесілі жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Қабырғалар бұзылып, Хазіреті Ибраһим пайғамбар өз қолымен құйған іргетасқа дейінгі аралық түгелдей қопарылып алынды. Төменгі жағынан бір-біріне кіріктіріле өрілген жасыл тастар көріне бастады.
Құрылысшылар қыза-қыза ол тастарды да аршып, араларынан біреуі күректі бар күшімен әлгі тастардың түбіне сұғып қалғанда… Мекке жері оқыстан сілкініп кеп қалды. Барша жұрт әуелгіде не болғанын біле алмай аңтарылып қалды да, мәселені ұққан соң үрейленіп бір-біріне қарасты. Мұның тектен текке болған құбылыс емес екенін аңдаған олар, қара тастың атам заманғы іргетасын сол күйі қалдырды.
Қағбаның айналасы құжынаған халық. Үлкені-кішісі мықшыңдап тас тасып, қолынан келгенінше еңбектеніп жатыр. Қабырғалар әп-сәтте бой көтерді, көз-қорқақ, қол – батыр деген. Ғимараттың ең төбесіне, ұшар басына қасиетті саналатын қара тас қойылуға тиіс еді. Осыған келгенде рулар арасында тағы да талас шықты. Мәселе, қасиетті тасты орналастыруға кім лайық дегенге келіп тірелді. Әр ру өзіне тартып соңы ит-ырқылжың таласқа, төбелеске айналар түрі бар. Ұрыс-керіс өршіп барады, бұл бетімен кете берсе, бірін-бірі өлтіруден тайынбас. Ал шайқаса қалса, мол шығын шығары да белгілі.
Тайталас төрт-бес күнге созылды. Жұмыс тоқтаған. Құрайыштар ары ойланып, бері ойланып, ақсақалдары кеңесіп Харам мешітінде бас қосты. Бағзылары халықтың арасына кіріп, татуластырмақ та болды.
Құрметке әрқайсысы өздерін лайық көріп, бірінің етін бірі жеуден тайынбастай түр көрсеткен жерлестерінің алдына шығып сөз сөйлеген қарт Әбу Умаййаның ұсынысы былай болды:
“Уа, ағайындар!
Төбелес те, қырғын да абырой әпермейді. Құр таластан түк шықпайды. Менің мынадай ұсынысым бар: анау қақпадан (Бәни Шәйба қақпасын көрсетіп) кім бірінші боп енер болса, сол адамнан ақыл сұрайық. Алғаш кірген адамның үкіміне бәріміз разы болайық, әйтпесе бұл керістің түбі жақсылыққа апармайды”.
Умаййа ақсақалдың ұсынысына тараптардан наразылық білдірген ешкім болмады.