ХАЗІРЕТІ ӘБУ БӘКІРДІҢ МҰСЫЛМАН БОЛУЫ Хазіреті Әбу Бәкір пайғамбарымызбен көп уақыттан бері дос, қашан көрсе, шынайы көңілден шұрқырасатын.
Хазіреті Әбу Бәкірдің сырт көзге бірден байқалатын ерекшелігі – жәһилияның надандықтарынан аулақтығы, рухының күштілігі, асқан ақылдылығы әрі жайдарылығы еді. Ең бастысы, ол мүшріктік салттарға жирене қарайтын… Сауда-саттықта адалдығымен сол өңірде аты шыққан. Онысымен де қарап қалмай, құрайыштың көп мәселелерінде қазылық жасап, дау-дамайдың әділ шешілуіне үлес қосатын. Тағы бір ерекшелігі, құрайыштың түп шежіресін, тарихын, өткен-кеткен жақсылы-жаманды ақиқатты анық білетін.
Расулаллаh әлі де ашық үндеуге кіріспеген-ді. Дегенмен, ұзын құлақ тыныш жатсын ба, азды-көпті болған жайды естіп үлгерген.
Әбу Бәкірдің Йемен сапарынан жаңа келген беті болатын. Әбу Жәһил бастап, Уқба ибн Әби Муайт қостап құрайыштың құзырлы қариялары оған сәлем бермекке келеді. Амандық-саулықтан соң Хазіреті Әбу Бәкір:
“Мен жоқта нендей оқиғалар болды? Ел аман, жұрт тыныш па? Айта отырыңдар”, – деді.
Ақсақалдар:
“Ей, Әбу Бәкір! Ел ішінде бүлік шықты, мұндай сұмдықты кім естіген бұрын-соңды” деп орағытып әкеп “Әлгі Әбу Тәліп ақсақалдың қолында өскен жетімек Мұхаммед деген бар емес пе еді, сол өзін пайғамбармын деп жариялаған көрінеді. Біз ұзын құлақтан естіп жағамызды ұстап, не де болса сенің келуіңді тосайық дедік. Әйтпесе шыдас берерлік оқиға ма осы?! Досыңа өзің барып, мән-жайды анықтап, ақылға шақырмасаң болмас”, - деп жамыраса шуласты.
Хазіреті Әбу Бәкір айтылғандарды мұқият тыңдап алған соң кезек күттірместен Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) үйін бетке алды.
“Уа достым! Пайғамбармын дегенің, қауымыңнан бөлініп, ата-бабаңның дініне қарсы шыққаның рас па? ” – деп сұрады келген бойда.
Ардақты Пайғамбарымыз құлын тайдай тебісіп, кішкентайынан бірге өскен досы Әбу Бәкірдің айтқандарын күлімсірей отырып тыңдады да:
“Ей, Әбу Бәкір! Жаңсақ емес, естігендеріңнің бәрі дәп солай.
Мен саған және жалпы адамзатқа жіберілген Аллаhтың елшісімін. Халқымды бір Аллаhқа сенуге шақырамын.
Сен де куәлік айт, иманға кел!”, – деді.
Хазіреті Әбу Бәкірдің көңілі алабұртып, санасын сан сұраулар шырмап, аласапыран күйге енді. Бұл сөздерді бала күнінен асыр салып бірге өскен, жанындай сүйетін, өмір-жалғанда ойнап та болса шындыққа қайшы сөз айтпаған Мұхаммед Әминнің өз аузынан естіген ол, сол мезетте күмән келтірместен:
“Әшһәду әл-ләә иләәһә иллаллаh уә әшһәду әннә Мұхаммедәр-расулаллаһ” деп кәлимаға тілін келтіріп, мұсылман болды.
Хазіреті Әбу Бәкірді Ислам ақиқаттарына шақырғанда титтей де наразылық көрсетпеуін Расулаллаһ ылғи да былайша еске алған:
“Әбу Бәкірден басқалардың бәрі иманға кел дегенімде сәл де болса, күмән келтіріп кібіртіктеп қалған еді. Ал, ол болса еш ойланбастан менің сөзімді қабыл етті!”
Ардақты досының муминдер қатарынан орын алуы Хазіреті Мұхаммедке қанат бітіргендей. Хазіреті Айша анамыздың бұл жайт турасында былай дегені бар:
“Аллаhтың нәбиін Хазіреті Әбу Бәкірдің мұсылман болуынан артық шаттандырған оқиғаға куә болған емеспін.”
Исламға мойынсұнған Хазіреті Әбу Бәкірдің бұған дейін көрген, әрдайым есінен шықпай жүрген бір түсі де өңіне айналды.
Ол түсінде толықсыған бір айдың Меккеге барынша нұрын төккенін, сосын жайлап бірнеше бөлікке бөлініп үйді-үйге таралғанын, ең соңында қайта жиналып көз шағылыстыратын сәуленің өз үйіне енгенін көрген-ді.
Бұл түсін сол кездегі Тәурат, Інжілден мол хабары бар оқымыстыларға жорытқанда, бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, көптен күтілген соңғы пайғамбардың Меккеден шығатынын, Әбу Бәкірдің Соның ізінен еріп, бақыттылар сапында орын алатынын айтқан.
Хазіреті Әбу Бәкір мұсылмандықты қабылдағанын ашық айтудан да жасқанбады.
Әрине, күтпеген оқиға құрайыштардың қабырғасын қайыстырғандай әсер етті, олар қанша байбалам салғанмен кері қайтар жол жоқ еді. Өйткені, ол құрайыш арасында беделді, сенімді, сертіне берік, баршаға сыйлы болатын.
Хазіреті Әбу Бәкір мұсылмандықты қабылдаған ерікті еркектердің символы іспетті. Оның иманға келуі бұл шеңбердің кеңейе түсуіне, ақ жолды таңдаушылардың артуына себеп болды.
Тек еріктілер ғана емес, құлдар да иман кәусарынан өз үлестерін ала бастады. Солардың бірі әрі бірегейі – басыбайлы құл Хазіреті Біләл Хабаши.
Әрқайсысы әр түрлі топтың өкілдері сынды алғашқы мұсылмандар мыналар:
Әйелдерден – Хадиша;
Балалардан – Әли;
Ерікті ерлерден – Әбу Бәкір;
Құл еркектер арасынан – Біләл Хабаши;
Азат болған құлдардан – Зәйд ибн Хариса.
Хазіреті Әбу Бәкір де мұсылман болған соң Исламға, иманға үндеу жұмыстары жасырын да болса жылдамдады… Исламның ләззатын татып үлгергендер жақын-жуық, туған-туысқандарымен осынау бақытты бөлісуге асықты. Ет жақын, жора-жолдастарын мүшріктіктің азабынан, жәһилияның жиіркенішті ортасынан құтқаруды аңсады…
Бұл мәселеде де Әбу Бәкір алдыңғы сапта. Осы аптал азаматтың ықпалымен күннен күнге мұсылмандар қатары толыға түсті.Олардың кейбіреулері:
Осман ибн Аффан, Зүбәйір ибн Аууам, Абдурахман ибн Ауф, Саад ибн Әби Уаққас, Талха ибн Убайдуллаһ (Аллаh олардан разы болсын)
Осы бесеуі кейіннен жәннаттан жай алған сахабалар арасында аталады.
Тек ерлер ғана емес, мұсылман әйелдер қатары да күн санап көбейе берді… Хазіреті Хадишадан соң іле-шала Ислам нұры нәсіп болғандар қатарында ол кезде әлі иманға келе қоймаған Расулаллаhтың көкесі Аббастың әйелі Үммү Фазыл, Әбу Бәкірдің қызы Әсма және Омардың қарындасы Фатималар бар. (Аллаh олардан разы болсын)
Иман жолына шақыру екі жақты жалғасын тапты. Ерлер ер кісілер арасында, ал әйелдер өз араларында Ислам ақиқаттарын түсіндіруге тырысып бағады. Осы жерде әйелдер қауымының иманға жарыса ұмтылғаны байқалады. Бұл жалпы әйел затының сезімге берілгіш, тез иланғыштығынан болса керек.
Әрине, бір жағынан муминдер батылданды дегенмен, мүшріктер де қол қусырып қарап қалған жоқ. Тура жолды таңдағандарды қорлап, менсінбей, көрінген жерде былапыт сөздермен балағаттады. Бірақ олар қанша қорласа да, әлемді жаратушы күш – Аллаhқа иман келтірген бақытты ғасырдың бақтиярларына бөгет бола алмады. Керісінше сонша әрекеттерінің желге ұшып, мұсылмандарға шыбын шаққан құрлы әсер етпегенін көргенде олар өздерінен өздері онан сайын ызаға булықты.