«Абай Құнанбайұлының қара сөздері».
Еліміздің рухани көзі – Абай Құнанбаев. Абай атамыз - күллі Шығыстың шоқтығы биік тұлғасы атанған ұлы ақын. Ол қазақтың классикалық поэзиясының биік шыңы атанды. Қазір ХХІ ғасыр. Мен осы уақыттың білім берушісімін. Осындай дамыған заманда әр халық өз болашақ ұрпағына терең тәрбие бермесе, санасына рухани азық құймаса, келешегі қандай болары беймәлім. Шындығында, терең мағыналы Абай атамыздың қара сөздері - өшпес мұра. Тұспалдап, тұжырымды ой айтып, әр адамға нақ дұрыс жолды көрсеткісі келген Абай атамыздың бұл мұрасы мен үшін үнемі ақылшы кітап. Себебі, мен мұғалімдік жолда кез-келген тәрбиелік мағынадағы қиындықтарға тап болуым ғажап емес немесе алдымда отырған білім алушыларға тәрбие бергенде ақыл-кеңес беруім қажет. Сол уақытта мәтел сөз формасында берілген керекті тұстарын қолданамын. Балаларға реті келген тұста : «Жаман дос – көлеңке» , «егер ісің өнсін десең, ретін тап» немесе « сыртқа қасиет бітпейді» - деп дәйек келтіріп, Абай атамыз солай деп кеңес берген деп айтсам беріле қарап, ұйып тыңдайды. Өзіне ой түйіп, өзінің бойын түзеп, өзгеруге әрекет жасайды. Осындай асыл сөздері бар Абай атамыздың қара сөздері біз үшін нағыз тағылым.
Қара сөздердің мұқият өңделуі, бейнелі тілі, ақынның шын ниетімен ағынан жарылуы, оның адамгершілігі, кемеңгерлігі, «Қара сөзі» адамзат тарихындағы ғаламат әдеби ескерткіштерінің қатарына қойылып отыр.
Адам баласының адал жолмен, ар – ожданын кірлеместен, рухани өркениеті дамыған тұлға ретінде танылуына бірден – бір ықпал жасаған осы қара сөздер.
Мектебімізде әр бейсенбі «Абайдың қара сөздері» атты іс-шара ұйымдастырылып келді. Әр оқушы берілген қара сөзді оқып, түсінгенін көрерменге жеткізіп, сахналық қойылымдармен әрленіп, қазылар алқасымен бағаланып отырды. Үздіктері марапатталды.
Қазіргі қашықтық оқыту кезінде де мұндай іс – шаралар өз жалғасын табуда. Online форматта да әр оқушы шығармашылығын жіті дамытуда. Әр аптада екі қара сөзден талданып, сыныптың чатына жолдануда. Осылайша, бір оқу жылында 45 қара сөз толық талданады. Оны сынып жетекші, оқу ісі жөніндегі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар да бақылап, қазақ тілі бірлестігі мейлінше өз үлесін қосып отырады. Нәтижелер шығарылып, әр білім алушының еңбегі бағалануда, кері байланыстар түзілуде.
Абай Құнанбаевтың қара сөздеріндегі жиі кездесетін көнерген сөздердің мағыналарын оқушылар ашып түсіндіріп, өз ойларына түйіп, өмірмен байланыстырып бейнежазба жасайды. Айтпағым, мұндай шаралардың барлығы білім алушылардың қабілеттерін арттыру мақсатында, Абай атамыздың ұлы мұрасын бала санасына дұрыс ұялату үшін, олардың рухани биік тұлға болуы үшін ұйымдастырылады. Сананы ғибрат (үлгі, өнеге,сабақ) арқылы қалыптастыру үрдісі тоқтаусыз жүргізілуде.
Абай атамызға тәрбиелік мәні зор әрі адамға жан азығы болатын мұндай құнды дүние үшін алғысымыз шексіз, әрине. Діни көзқарастағы бұл туынды ұл-қыздарымыздың жанына иман силары сөзсіз. Ұлы ақынның салған ізі мәңгілік қалары жанды қуантып, келешекке нық сеніммен қаратады.
Шымкент қаласы.
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған № 90 мектеп – гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Исмаилова Айман Бахтияровна
Достарыңызбен бөлісу: |