Бақылау сұрақтары:
Қазақстан Респбликасындағы адвокаттың құқықтық жағдайы?
Адвокаттың көмекшілері мен стажерларының құқықтық жағдайы?
Адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия: мәні және тағайындалуы?
Аттестация тәртібі?
Дәріс 5. Тақырыбы: Адвокатура алқасының ұйымдастырушылық – құқықтық мәртебесі, оның органдары
Мақсаты: адвокаттар алқасының ұйымдастырушылық- құқықтық мәртебесін анықтап, оның органдарының функцияларын қарастыру
Түйінді сөздер: адвокаттар алқасы, адвокаттар алқасының мүшесі, жалпы жиналыс, адвокаттар алқасының президиумы, адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы, адвокаттар алқа мүшелерінің тәртіптік жауапкершілігі
Қаралатын сұрақтар:
1.Адвокаттар алқасы туралы ұғым және оның маңызы, мәртебесi, мақсаттары. Адвокаттар алқасының заңдық мәртебесi. Адвокаттар алқасының огандары. Адвокаттық қызметтi ұйымдастыру нысандары.
2.Адвокаттар алқасына қабылдау тәртiбi. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң құқықтық мәртебесi. Адвокаттар алқасына қабылдау, оны тоқтату. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi. Адвокаттар алқасы мүшелерiнiң тәртiптiк жауапкершiлiгi: негіздері, тарту, босату тәртібі.
3.Қазақстан Республикасының Адвокаттар Одағының қызмет және құқықтық мәртебесі. Адвокаттар одағына мүшелік. Одақ органдарының құрылу тәртібі және құзіреті.
4.Адвокаттардың халықаралық Одағы (достастығы). Халықаралық адвокаттар одағына (достастығы) мүшелік. Одақтың басқару органдары және олардың құзіреті, құрылу тәртібі.
Адвокатураның негізгі ұйымды құқықтық нысаны адвокаттар алқасы болып табылады. 1997 жылғы 5-желтоқсандағы ҚР “Адвокаттық қызмет туралы” Заңының 20-бабына сәйкес адвокаттар алқасы жеке және заңды тұлғаларға білікті заң көмегін көрсету үшін, адвокаттардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау үшін, осы Заңда белгіленген өзге де міндеттерді орындау үшін құрылатын адвокаттардың коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі басқаратын және өзін-өзі қаржыландыратын ұйымы болып табылады.
Алқаның кәсібилігі – оның тек адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алған тұлғалардың құратындығында. Алқаға мүшелікке ҚР азаматы болып табылатын, жоғары заң білімі, адвокаттық қызметті жүргізу құқығына лицензиясы бар тұлға қабылданады. Лицензияны тестілеу жолымен біліктілік емтихандары нәтижесі бойынша Аттестациялық комиссия ұсынысы негізінде Әділет министрлігі береді. Жеткіліксіз біліктілік салдарынан адвокат өзінің кәсіби міндеттемесін атқаруы мүмкін емес жағдайда лицензия қайтып алынуы мүмкін. Кәсіби міндеттемесін атқаруы мүмкін еместігін анықтау мақсатында олардың кәсіби білімінің, құқықтық мәдениетінің және адвокаттық әдеп нормаларын сақтаудың деңгейін анықтау үшін адвокаттар алқасы бес жылда бір рет адвокаттарға аттестациялауды жүргізеді. ҚР ҚЖҚ 71-бабында көзделген жағдайда қылмыстық істі жүргізуде қорғаушы ретінде адвокат әрекет етеді, бұл туралы адвокаттар алқасы үшін міндетті қаулы шығарылады.
Өзін-өзі басқарудың мәнісі алқаның ұйымдастырылуы мен қызметіне, оның ішінде мүшелікке қабылдау, сандық құрам, мүшелікті тоқтату, тәртіпті жауапкершілік және мүшеліктен шығару туралы шешімдерге қатысты барлық күнделікті мәселердің шешімін дербес қабылдау құқығында жатыр. Бұл адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы), төралқа және тексеру комиссиясы сияқты басқару органдарының болуынан көрінеді. Өзін-зі қаржыландыру мәнісі адвокаттар алқасы бүкіл қызметінің, әдеттегідей алқа мүшелерінің жеке қаражаты есебінен жүргізілетіндігінде.Ол қаражаттардың құралу көздері мүшелік және кіру жарналары, ерікті мүліктік жарнамалар мен салықтар, демеушілік және қайырымдылық көмегі және заңда тыйым салынбаған өзге де көздер болып табылады.
ҚР адвокаттар алқасы республикалық әкімшілік-аумақтық бөлініске негізделе отыра, аумақтық принцип бойынша құрылады.
Адвокаттар алқасы – бұл Қазақстан азаматтарының жәй ғана ұйымы емес, адвокаттық қызметпен шұғылданатын тұлғалардың нақтылы кәсіби ұйымы. Соңғысы адвокаттық қызметті кез келген тұлға емес, тек жоғары білімі бар және заң мамандығы бойынша тиісті жұмыс өкілі бар маманның жүргізе алатындығына негізделген.
Адвокаттар алқасы заңды тұлға болып табылады, оның қызметі ҚР Конституциясына, ҚР “Адвокаттық қызмет туралы” Заңына, ҚР өзге заң актілеріне, сондай-ақ адвокаттар алқасы Жарғысы мен Жалпы жиналысы (конференциясы) шешімдеріне негізделген.
Адвокаттар алқасының жеке балансы, ұлттық және шетелдік валютадағы банктік есеп шоты, мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атаулары көрсетілген мөр табандары мен банкілері, сондай-ақ үлгілері заңда көзделген тәртіппен бекітілетін және тіркелетін нышандары (рәміздері) бар.
Адвокаттар алқасына жүктелген негізгі міндеттер алқа мүшелеріне олар адвокаттық қызметті жүргізген кезде жәрдемдесу, кәсіби көмек пен қорғау болып табылады. Адвокаттар алқасының міндеті: алқа қызметін материалдық-техникалық және анықтамалық-ақпараттық қамтамасыз ету; адвокаттық қызметтің жүргізілуіне кәсіби бақылауды ұйымдастыру; алдын-ала тергеу мен сот органдарының тағайындауы бойынша тегін заң көмегін көрсетуді(“Адвокаттық қызмет туралы” Заңның 6 бабы)және қоғауды ұйымдастыру; қажетті жағдайларда заң консультацияларын құру.
Адвокаттар алқасының жоғарғы органы алқа мүшелерінің Жалпы жиналысы (конференциясы), оның атқарушы органы – төралқа, бақылаушы органы – тексеру комиссиясы болып табылады. Жарғыда көзделген жағдайларда адвокаттар алқасында алқа мүшелерінің Жалпы жиналысында (конференциясында) қабылданатын ережелер негізінде іс-әрекет ететін өзге де органдар құрылады. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы қызметінің кез келген мәселесін шешуге құқылы. Жалпы жиналыс (конференция) адвокаттар алқасы төралқасының бастамасы бойынша жылына кемінде бір рет шақырылады. Тексеру комиссиясының немесе алқа мүшелері жалпы санының кемінде төрттен бірінің талабы бойынша алқа төралқасы отыз күннің бойында Жалпы жиналысты (конференцияны) шақыруға міндетті. Жалпы жиналыс Алқа қызметінің шұғыл мәселелерін жедел шешу мақсатында адвокаттарды өкілеттеу жолымен конференция нысанында өткізілуі мүмкін.
Жалпы жиналыс (конференция) алқа мүшелері құрамының кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болып саналады. Адвокаттар алқасы мүшелерінің конференциясы адвокаттар алқасының төралқасы белгілеген өкілдік нормасын (әдетте, алқаның 10 мүшесінен бір делегат) ескере отырып шақырылады және оған заң консультацияларын, адвокат кеңселерінен сайланған делегаттар мен өз қызметін заңды тұлғаны құрмай, жеке дара жүргізетін адвокаттардың кемінде үштен екісі қатысқанда, заңды болып саналады. Жалпы жиналыс барлық мәселелерді дауыс беруге қатысқан адвокаттардың жәй көпшілік дауыспен шешеді.
Адвокаттар алқасының қызметіне күнделікті басшылық пен бақылау жасау үшін Жалпы жиналыс адвокаттар алқасының төралқасы мен тексеру комиссиясын сайлайды. Осы органдарды сайлағаннан кейін олардың жұмысына бақылау жасау құқығы Жалпы жиналысқа жүктеледі. Осы мақсатта Жалпы жиналыс адвокаттар алқасы органдарының және адвокаттар алқасы басшылары мен қызметкерлерінің қызметі туралы есепті тыңдайды және бекітеді.
Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттар Жалпы жиналысы арасындағы мерзімге іс әрекет ететін атқарушы орган болып табылады. Төралқаны алқа мүшелерінің саны мен жұмыс көлеміне байланысты Жалпы жиналыста анықталған санда адвокаттар алқасының мүшелері Жалпы жиналыста (конференцияда) жасыры дауыспен төрт жыл мерзімге сайлайды. Дауыс беруге қатысқан адвокаттардың көпшілік дауысын алған кандидаттар төралқа құрамына сайланған болып есептеледі. Төралқа құрамынан оның мүшелерінің бірі шыққан жағдайда адвокаттар Жалпы жиналысында қайта сайлау өткізілуі мүмкін. Адвокаттар алқасының төралқасы сайланғаннан кейін жасырын дауыспен белгіленген құрамнан төраға мен оның орынбасары (орынбасарлары) сайланады. Штаттық лауазымды атқаратын төралқа мүшелері алқа қаражатынан жалақы алады және адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар, олардың жалақысы адвокаттар алқасының мүшелері Жалпы жиналысында анықталған көлемдегі лауазамдық еңбекақыдан және олар көрсеткен заң көмегінен түскен сомалардан тұрады.
Төралқа тұрақты жұмыс істейтін атқарушы орган бола отыра, алқаны басқару үшін өзіне қажетті ауқымды өкілеттіктерді алған. Атап айтқанда, ол алқа қызметінің барлық күнделікті мәселелерін шешеді (жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету бойынша адвокаттар алқасының жұмысын, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегін ұйымдастырады; Жалпы жиналыстың (конференцияның) шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады; Жалпы жиналысты (конференцияны) шақырады; адвокаттар алқасының Жалпы жиналысының (конференцияның) ерекше құзіретіне жатқызылған өкілеттіліктерден басқа адвокаттардың кәсіби және өзге де құқықтарын қорғайды және т.б.).
Адвокаттар алқасының төралқасы сонымен қатар адвокаттарды аттестациялау мен олардың кәсіби біліктілігін көтеру жөніндегі жұмыстарды жүргізеді.
Төралқа адвокаттар алқасының мақсаттары мен міндеттеріне қайшы емес өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асырады.
Адвокаттар алқасының төралқасы өз отырысын мүшелерінің кемінде жартысы болғанда өтеді. Алқаға қабылдау, мүшелікті тоқтата тұру, одан шығару мәселерін (“Адвокаттық қызмет туралы” заңның 31-бабы 1-тармағы 6-тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағада) ол төралқа құрамының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқанда ғана қарауға құқылы. Оның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.
Тексеру комиссиясы – адвокаттар алқасының бақылау-тексеру органы болып табылады. Тексеру комиссиясы, оның төрағасы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысында (конференциясында) жиналыс анықтаған санда құпия дауыспен төрт жыл мерзімге сайланады. Дауыс беруге қатысқан адвокаттардың көпшілік дауысын алған кандидат сайланған болып есептеледі. Тексеру комиссиясы құрамынан оның мүшелерінің бірі шыққан жағдайда кезекті жалпы жиналыста белгіленген тәртіппен қайта сайлау өткізілуі мүмкін.
Тексеру комиссиясына адвокаттар алқасының, заң конститутцияларының, адвокаттық кеңселердің қаржы-шаруашылық қызметін, сондай-ақ жеке дара жұмыс істейтін адвокаттардың қаржылық қызметін тексеру жүктеледі.
Тексеру комиссиясы адвокаттар алқасының төралқасынан, заң консультацияларының меңгерушілерінен, адвокаттар кеңселерінің құрылтайшыларынан, жеке дара жұмыс істейтін адвокаттардан тексеру үшін барлық қажетті құжаттар мен материалдарды беруді талап етуге құқылы.
Адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдау тәртібі мен шарттары ҚР “Адвокаттық қызмет туралы” заңымен анықталады, осы заңға сәйкес адвокаттар алқасына мүшелік міндетті болып табылады.
Лицензия алған және адвокаттық қызметпен айналысқысы келетін адам өз таңдауы бойынша адвокаттар алқасына мүшелікке кіруге және “Адвокаттық қызмет туралы” заңның шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсетуге міндетті.
Алқа мүшелігіне қабылдауды адвокаттар алқасының төралқасы жүзеге асырады. Өтініш адвокаттар алқасының төралқасына оны берген адамның қатысуымен өтініш түскен сәттен бастап бір айды кешіктірмей қаралады (есептеу өтініш түскен сәттен сәттен бастап жүреді).
Адам алқадан шығарылған, алайда адвокаттық қызметпен шұғылдану құқығының лицензиясын сақтаған жағдайда (мысалы, кәсіпкерлік қызметпен айналысқандығына, сондай-ақ өзге ақылы қызметте отырғандығына байланысты, алқа Жарғысында көзделген басқа да жағдайларда және т.б.)ол адвокаттар алқасына шығарылған сәттен бастап алты ай өткен соң қайтадан қабылдануы мүмкін (өз еркі бойынша шыққан жағдайды қоспағанда). Оған осы мерзімде адвокаттық қызметпен айналысуға рұқсат етілмейді.
Жоғарыда көрсетілген талаптардың бұзылуына байланысты қабылдаудан бас тартуға мүдделі адам адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тарту туралы шешімнің көшірмесін алған күннен бастап сотқа бір ай мерзімде шағымдана алады.
Қажетті білімдер мен кәсіби дағдылары бар адамды алқа мүшелігіне қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында дербес, тәуелсіз мекеме болып табылатын Әділет аттестациялық комиссиясы құрылған және жұмыс істейді.
Адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары:
Барлық соттарды, құзіретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және білдіруге;
Барлық мемлекеттік органдардан және мемлекеттік емес ұйымдардан адвокаттық қызметті жүзеге асыруға қажетті мәліметтерді сұрауға;
Заң көмегін көрсету үшін қажетті мәліметтерді дербес жинауға және дәлелдер табыс етуге;
Көмек сұрап өтініш жасаған адамға қатысты матиралдармен, соның ішінде іс жүргізу құжаттарымен, тергеу және сот істерімен танымуға және олардағы ақпаратты заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен белгілеп алуға;
Іске қатысуға жіберілген сәттен бастап жолығулар санын, олардың ұзақтығын шектемей және мұндай жолығулардың құпиялылығын қамтамасыз ететін жағдайларда өзі қорғайтын адаммен оңаша жолығып тұруға;
Заң көмеген көрсетіге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер мен басқа да қызмет салаларында арнайы білімді қажет ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
өтініш жасаған адамдардың құқықтарына және заңдармен қорғалатын мүдделеріне қысым жасайтын өзге де лауазымды адамдардың әрекеттеріне белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
мемлекеттік құпияларды құрайтын ақпаратпен заң актілерінде көзделген тәртіппен танысуға;
заң көмеген керек еткен адамды қорғау кезінде заңда тыйым салынбаған барлық құралдар мен тәсілдер пайдалануға.
Адвокаттар алқасының міндеттері:
Заң талаптарын сақтауға, адвокатураны ұйымдастыру мен оның қызметінің принциптерін басшылыққа алуға, кәсіптік мінез-құлық нормаларының талаптары мен адвокаттық құпияны сақтауға міндетті;
Көмек сұрап өтініш жасаған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға заң көмегін көрсетіп жүрсе немесе бұдан бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, анықтауды жүргізуші немесе куәгер, азаматтық талап қоюшы немесе азаматтық жауапкер ретінде іске қатысқан жағдайларда, сондай-ақ егер істі тергеуге немесе қарауға адвокатпен жақын туыстық қатынастағы лауазымды адам қатысса, ол заң көмеген көрсету туралы тапсырмадан бас тартуға міндетті;
Заң көмегін көрсетуге байланысты өзіне мәлім болған мәліметтерді құпия сақтауға міндетті және көмек сұрап өтініш жасаған адамның келісімінсіз оларды жария етуге құқығы жоқ;
Іс бойынша адвокаттың көмек сұрап өтініш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық позиция ұстануына тыйым салынады;
Адвокаттың қылмыстық іс бойынша қабылданған тапсырмадан бас тартуға құқығы жоқ және ол қорғалатын адамның немесе адвокаттың өзінің көзқарасы бойынша әділетсіз үкім шығарылған жағдайда алған белгіленген тәртіппен шағым жасауға міндетті;
Адвокатқа мемлекеттік қызметте болуға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оқытушылық, ғылыми немесе шығармашылық қызметтен басқа өзге де ақы төленетін қызметпен айналысуға тыйым салынады;
1997 ж. 5 желтоқсандағы ҚР “Адвокаттық қызмет туралы” Заңының, өзге де нормативтік актілердің, алқа Жарғысының және адвокаттар кәсіби әдебі Тәртібінің талаптарын бұзғаны үшін адвокат алқасының мүшесі тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Тәртіптік жазаны адвокаттар алқасының төралқасы теріс әрекетті анықтағаннан кейін, алайда ол жасалған күннен бастап, алты айдан кешіктірмей, адвокаттың ауырған немесе демалыста болған уақытын есептемей тікелей қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |