Шөлейт және шөлді аймақтарда ылғал өте аз түседі
(100-200 мм). Бұл аймақтарда көбінесе мақта, күріш, көкөніс, жүгері сияқты суарылатын дақылдар өсіріледі. Суармалы егіске қолданылған минералдық тыңайтқыш жоғары нәтиже береді.
Тянь-Шань және Алтай тауларының бөктеріндегі аймақтарда ылғал біршама жеткілікті болады. Тянь-Шань тау бөктерінде жауын-шашынның жылдық жиынтығы – 200-400 мм, ал Алтай аймағының солтүстігінде – 550-650 мм, оңтүстік бөлігінде – 325-480 мм жетеді.
Сонымен республика территориясының табиғи-климат жағдайлары сан-алуан болғандықтан, әрбір аймақта өсірілетін дақылдардың қатаң климатқа төзімділігін білудің маңызы зор.
Енді жоғарыда аталған аймақтарда кездесетін топырақтардың түрлеріне және олардың ерекшеліктеріне қысқаша тоқталайық. Өйткені, топырақ ерекшеліктерін білмейінше, қолданылатын тыңайтқыш мөлшерін дұрыс анықтау мүмкін емес және дақылдардан тиянақты өнім күту қиын.
Далалық аймақтың негізгі топырақтары: орманды-сұр топырақтың қарашірінділі А қабатының қалындығы 18-25 см және онда 3-6% қарашірінді болады. Сілтісізденген қара топырақ бұл аймақта көп кездеседі. Бұл топырақта 6-9% қарашірінді, 0,5-0,6% жалпы азот, 0,25-0,30% шамасында фосфор кездеседі. Далалық аймақтың оңтүстік бөлігінде ең құнарлы топырақ – кәдімгі қара топырақ және карбонатты қара топырақ кездеседі.
Кәдімгі қара топырақта 7-9% мөлшерінде қарашірінді, ал 1 кг-да 137 мг сіңімді азот, 18 мг жылжымалы фосфор және 406 мг алмаспалы калий болады. Сондықтан фосфор тыңайтқышын пайдаланудың маңызы орасан зор. Карбонатты қара топырақтың үстіңгі қабатында 5-7% қарашірінді, 0,3-
0,4% жалпы азот, 0,13-0,15 жалпы фосфор, 3,4-3,5% жалпы калий кездеседі. Құрамында жылжымалы фосфор небәрі 8-14 мг/кг болатындықтан, фосфор тыңайтқышын қолдану маңызды рөл атқарады.
Далалық аймақта бұлардан басқа аз көлемде оңтүстіктің қара топырағы, шалғынды батпақтанған т.б. топырақ түрлері кездеседі.
Қуан далалық аймақта кездесетін оңтүстіктің қарашіріндісі аз топырақ құрамында қара шірінді мөлшері 4-6% шамасында болады. Қара-қоңыр топырақ қуан далалық аймақтың негізгі бөлігін алып жатыр. Оның құрамында 3-4% қарашірінді болады. Табиғи-климат жағдайларының, аналық топырақ түзу жыныстарының ерекшеліктеріне байланысты қара-қоңыр топырақтың кәдімгі, карбонатты, кебірленген түрлері кездеседі. Олар физикалық және агрохимиялық қасиеттері жағынан бір-бірінен едәуір өзгеше болады.
Шөлейт аймақтың ашық қара топырағында қарашірінді мөлшері 1,5-2,5% шамасында. Бұл топырақ калийге аса бай, ал фосфордың жалпы қоры көп болғанымен, оның жылжымалы түрі аз болады.
Шөл аймақта негізінен қызғылт және ашық-қызғылт топырақтар кездеседі. Қоңыр топырақта қарашірінді 1-2%, үстінгі жағы карбонатты болады және тұзы жер бетіне жақын жатады (40-65 см тереңдікте).
Тянь-Шань тауының бөктеріндегі аймақтың топырағы тік белдеулерде орналасады. Аймақта боз және ашық қара- қоңыр топырақ басым. Боз топырақ түрлерінде 0,7-1,5% қарашірінді болады, оның қарашірінді қабатының қалындығы 10-12 см-ден аспайды. Бұл топырақтың механикалық құрамы көбінесе орташа және ауыр саздақты болып келеді. Боз топырақтың агрохимиялық жағынан өзгешелігі – калий элементіне аса бай , ал азот өте аз болады. Сондықтан азот тыңайтқышын көбірек қолдану керек.
Аймақтың ашық қара-қоңыр топырағының түрлерінің үстінгі қабатының бір килограмында 28-35 мг жеңіл
ыдырайтын азот, 15-18 мг жылжымалы фосфор және 285-412 мг аралығында алмаспалы калий болады.
Алтай аймағының тау бөктерінің кәдімгі қара топырағының қарашірінді қабатының қалындығы 60-75 см, оның жыртылатын қабатындағы қарашірінді мөлшері 6% шамасында.
Достарыңызбен бөлісу: |