Қазақтың көрнекті ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері– Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылғы 5қыркүйектe Қостанай облысының Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Ахмет Байтұрсынұлының мемлекет қайраткері ретінде, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,ағартушы ретінде елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт ардақтысының есімі жарты ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстан тарихынан лайықты орын ала алмады. Оның ардақты есімі тек 1988 жылы ғана ақталды.
Ахмет Байтұрсынұлы –қазақ әліпбиінің алғашқы авторы. Ол «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар» атты еңбектер мен бірнеше хрестоматия жазған. Бұл әдістемелік құралдар әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласында қолданылады.
1913 жылы А.Байтұрсынұлы Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауымен Орынборда жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. «Қазақ» газетіхалықты өнер мен білімді игеруге үндейтін, ұлттық қоғамдық-саяси және ғылыми-әдеби басылымдардың біріне айналды.
«Ұлт ұстазы», «тіл білімінің атасы» атанған кемеңгер ғалым араб, парсы, жапон, орыс тілдерінжетік меңгеріп,көркем аударма саласына да өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол орыс классиктерінің шығармаларын, атап айтқанда, И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. И.И. Хемницердің «Атпен есек», А.С. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Туған халқына қызмет етуге бар ғұмырын арнаған ойшыл ақын өз дәуірінің сәулелі жұлдызына айналды. Ұлы тұлғаның халыққа сіңірген еңбегін бағалап, мол мұрасын зерделеу – бүгінгі ұрпақтыңқасиетті парызы.
Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтіледі.