Риккетсиозды керато – конъюнктивит.Көбіне мүйізді ірі қара ауырады. Ауру қоздырушысы риккетсилер. Бұл паразит сан алуан тұрпатты, торшаның цитоплазмасында мен ядросында паразиттік тіршілік етеді. Оларды көз жасымен қоректенетін зоофильді шыбындар тарататыны белгілі. Жазда кейбір шаруашылықтардың малдарының 90% - на дейіні риккетсиозды керато – конъюнктивитке шалдығатыны белгілі. Белгілері. Аурулың бірінші сатысында жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Катаральді конъюнктивит дамып, көзден жас ағады. Екінші сатысында қасаң қабық беткейлі зақымдалып, эрозияға ұшырайды. Ол біртіндеп бұлдырланады, тамырланады. Мал жарыққа қарай алмай, көзінен көп мөлшерде жас ағады. Үшінші сатысында да осы клиникалық белгілер сақталады, бірақ баяулайды. Көзден аққан жас мөлшері азаяды. Егер асқынбаса бұл сатының аяғына таман қасаң қабық мөлдірленіп, көз жазылады. Асқынса аурудың төртінші сатысы басталады. Көздің қасаң қабығы іріңді қабынуға ұшырайды. Қасаң қабықта терең өзгерістер болады. Көзден көп мөлшерде іріңді сұйық ағады. Бесінші сатысында қасаң қабықтағы іріңдіктер жарылып, терең іріңді жаралар пайда болады. Қасаң қабықтың жойылған жеріне (демаркация) дәнекер ұлпа өседі. Алтыншы сатысында қабыну біртіндеп басылып, қасаң қабық тыртықтанып жазылады. Көздің көруінің қаншалықты бұзылатыны осы тыртық көлеміне, тереңдігіне тікелей байланысты болады.