Ақын ұлттың жүрегі, шешен көптің тірегі



Дата03.03.2023
өлшемі13,08 Kb.
#170885
Байланысты:
Е.Ерназаров мектебі Шешендік өнер эссе


Ақын – ұлттың жүрегі, шешен – көптің тірегі
Қазақ – өнерге де, өлеңге де бай халық. Өлеңнің жайы түсінікті, ақын жазады, оқырман оқиды, жаттайды. Ал өнер дегенді замандастарым ән мен би деп түсінсе, мен дәл осы жерде шешендік өнерді меңзеп отырмын. Әдебиет пәнінен халық ауыз әдебиеті тақырыбын өткенде, сондай-ақ Қазақстан тарихы пәнінен де естіп, оқып, мазмұндап келген осы бір тапқырлық пен даналықты, шыншылдық пен ой жүйріктігін талап ететін жанр жайында не білемін? Би деген кім? Иә, «Не?» емес, «Кім?» . Өйткені жазарым өздері өлсе де, сөздері өлмеген тұлғалар хақында болмақ.
Би - дау-дамайда төрелігін айтар, тыңдаушы сөзге тоқтап, райынан қайтар әділ шешім шығарушы, қазіргі тілмен айтқанда, өзі заңгер, өзі әкім, өзі төреші дер едім. Өткеніне бей-жай қарамайтын, тарихы мен тілін жоғары бағалайтын, «естінің есті сөздерін ескеріп жүргендердің» бірі қалмай танитын, есімдері тақпақша тақылдап таңдайда тұратын үш би бар: Қаз дауысты Қазыбек, Төле би мен Әйтеке. Тарихтан жеткен ақпарат бойынша, үшеуі де XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген. Жұрт арасында билік етіп қана қоймай, ел басына күн туған шақтарда елшілік қызметін қоса атқарған.
Елдіктің басында бірлік, бірліктен соң тірлік, ал тірлік қылу үшін еңбекорлық пен соны бағалай білетін әділдік болуы шарт десек, бұлардың барлығы -билердің айтып кеткен шешендік шығармаларының басты тақырыптары.
Төле би:
Жаңбыр жаумаса, жер – жетім,
Басшысы болмаса, ел – жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз – жетім, -десе, Қаз дауысты Қазыбек ең қымбатты деп келесілерді айтқан екен:
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың - әкең қымбат.
Мейірімді апаң қымбат,
Туып-өскен елің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат.
Бүгінде біз мақал-мақал деп жаттап жүрген «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» немесе «Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме» сынды жолдар Қазыбек биге тиесілі екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз-ау. Тәуелсіздік тұғырының мықты болуы үшін, тіліміздің келешегі үшін кемеңгер билердің өнерін дәріптеп, асыл қасиеттерін бойымызға сіңіріп жүргеніміз жөн.
Үш би туралы ойымнан келтірген үзіндімнің соңында билердей билік айту маңдайымызға бітпесе де, билердің айтқандарына құлақ асу – қолдан келер іс десем, келісер ме едіңіз, құрметті замандас оқырман?

Е.Ерназаров атындағы жалпы орта мектебі


7 сынып оқушысы Текеев Құбылайхан

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет