Ақынның Ақжайықта ізі қалған «САҒындым сені, оралым»



Дата18.07.2017
өлшемі117,34 Kb.
Ақынның Ақжайықта ізі қалған

1.«САҒЫНДЫМ СЕНІ, ОРАЛЫМ»

Қасымның жалынды жүрегі іңкәр жырлар тудырған, алаулы жастық шағының ізі қалған Орал қаласына мамыр айының соңғы онкүндігінде табанымыз тиді. Күн сейсенбі болатын. Сарыарқада киік лағын өр­гізетін құралайдың салқыны түсіп тұрған мезгілде мұнда таң атпай шы­жыған күн шекенің терін шып-шып шығарады.
Іргетасы Алтын Орданың байыр­ғы астанасы Сарайшық қаласының орнында ХҮІ ғасырда қаланған Оралды қазақ жерін отарлауға ұмтылған Ресей империясы өзінің алғашқы бекіністерінің біріне айналдырған. Тұрғындар саны екі жүз мыңнан асып жығылатын, жасыл желекке ма­лынған шаһарда көне және осы заманғы құрылыстар қатар бой түзеп, ерекше көркемдік түзіліс құрады. Отаршылдар ең алдымен сулы, нулы өңірлерді басып алуға тырысқан ғой. Сондай керім өлкенің бірі – осы. Орал тауларынан бастау алып, Еуразия деген алып құрлықты қос материкке бөліп жатқан Жайық өзенінің қос бүйіріне қала тұсынан мол сулы Шаған мен Деркөл келіп құяды екен. Тал-тоғайы сыңсыған көркем алқапқа орналасқан қала көкірегі көрік, ойы орман ақын Қасымның жүрегін қалай жаулап, жастық шағының қызықты, қызулы күндерін неге осында өт­кізгенін:
«Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым менің, Оралым;

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым,

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғанмын», – деген жалынды жырларына арқау еткен жан сырынан түсінгендейміз.



Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының ор­ын­басары Сырымбек Тұяқов күтіп алып, бірден басылым редакциясына тарттық. Ақжайықтың дербес ән мектебін қалыптастырған әй­гілі Мұхит көшесінде орналасқан, еурожөндеуден өткен тап-тұйнақтай төрт қабатты ғимарат көз тартады. Мұнда екі тілде жарық көретін газеттер мен баспахана орналасқан екен. Үшеуі «Жайық Пресс» атауымен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке бірігіпті жеті-сегіз жыл бұрын. Мұндай құрылым, әсіресе, мекеме басшысы журналистік еңбектен аулақ адам болса, шығармашылық ұжымның жұ­мысына айтарлықтай қиындық, тіпті, кедергі келтіруі мүмкін. Өйт­кені, бұлжымайтын қағидаға бағы­натын қатардағы кеңсе шаруасы емес, газет-журнал ісі белгілі бір кө­лемде еркіндікті, дербестікті талап етеді. «Жайық Пресс» ЖШС жур­налистердің сол еркіндігіне қия­нат жасамайтындай сыңайын байқа­дық аз уақыт ішінде. Серіктестік қыз­меткерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселесіне де айрықша көңіл бөледі екен. Облыс әкімшілігі бұқаралық ақпарат құралдарына жыл сайын екі-үш пәтер бөлсе, соның біреуі «Орал өңіріне» тиетін көрінеді. Газет қызметкерлері заманауи техникамен толық жабдықталған. Кондиционер орнатылған, әркімнің жұмыс істеуіне қолайлы жылылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалған кабинеттер жұтынып тұр. Журналистер материалдарын бірден бетке салуға әзірлеп қана қоймайды, сырттан да тек дайын шығармалар алады. Мекеменің қаржылық жағдайы, қыз­меткерлердің жалақысы тапқан та­бысқа тәуелді болғандықтан, штат барынша ықшам, терімші деген жоқ. Қазіргі таңда жігі жазылмай жүріп жататын жиналыстар мен кездесулерге, тілшілердің қолы тимей жатса, корректорлар барып, хабар әзірлейді. Яғни, мұнда қызметкерлердің жан-жақты болуы қарастырылған. Тағы бір ерекшелік, басылым қызмет­керлері іссапарға бригада болып шығады. Яғни, бас редактордың бір орынбасары, экономика және әлеу­­меттік бөлімдер тілшілері бір не­месе қатарлас екі ауданға топтанып барып, түрлі салалардан деректер, ақпараттар жинастырады, суреттер түсіреді. Келесі аптада бас редактордың екінші орынбасары бастаған топ басқа өңірлерге сапар шегеді. Бұлай істеу, екінші жағынан алғанда, қажеттілік: Жайықтың жо­ғарғы бойындағы, негізінен өзге ұлт өкілдері қоныстанған селолық аудандарды есепке алмасақ, Батыс Қазақстан облысының қазақтар орналасқан аудан орталықтарына дейін асфальт төселмеген. Ауылдық округтерге дейін қиыршық тас тө­гілген жол болса, шүкіршілік дейтін көрінесіз. Олармен салыстырғанда қарағандылықтар Сүлеймен патша­ның даңғыл жолында жүргендей екен. Жердің шалғайлығы өз алдына, қарым-қатынастың осыншама қиындығы іссапарға еріксіз анда-санда, үйіліп-төгіліп бір-ақ баруды талап етеді. Жол ауырлығы мерзімді басылымның оқырман қолына мез­гілінде тиюіне, яғни таралымына да кері әсерін тигізетіні хақ. Осы себептерге және Оралда «Жайық үні» атты қалалық газет тұрақты шығып тұрғанына қарамастан, халқы Қарағанды облысы тұрғындарының қырық пайызға жуығын ғана құрайтын өңірден оралдық әріптестеріміз 13595 дана таралым жинап отырғаны қуантты. Бұл – халықты ақпаратпен қамту үшін атқарып жатқан тынымсыз еңбектің нәтижесі.
«Орал өңірі» газетінің қазіргі жағ­дайынан оқырманды жан-жақты хабардар етіп, тоқталып жатқанымыз, әріптес болғандықтан ғана емес, ақын ағамыз еңбек жолын сол кезде «Екпінді құрылыс» аталған басылымда бастағандығынан. «Орталық Қазақстан» кезінде қара шаңырақта қызмет жасаған Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Саттар Ерубаев тәрізді алыптарды қалай құрмет тұтса, «Орал өңірі» үшін Қасымның да орны солай екен. Газет редак­циясы коммунистік қоғамның құр­сауында тұрып-ақ қазақ өлеңіне тү­бегейлі құбылыс жасаған ақынның ғасырлық мерейтойына арнап «Жыр сардары, Жеңіс сарбазы» атты арнайы құрылғы орнатыпты. Онда: «Қасым Аманжолов – поэзия кө­гіндегі жарық жұлдыздардың бірі. Ол «Орал өңірінің» бір ғасырға жуық тарихындағы ең танымал тұлға. Қасым ақынның 1934-35 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет істеуі редакция ұжымы үшін мәңгілік мақтаныш» деп жазылған.
– Қасым тақырыбына біз жыл сайын кем дегенде екі мәрте айналып соғамыз. Ол – дәстүрге айналған. 2008 жылы басылымның тұңғыш саны жарық көргеніне 90 жыл толуына орай, былтыр Жеңіс мерекесінің 65 жылдығына байланысты Қасым және Орал, ақын сүйген арулар, Қасымның Ұлы Отан соғысы жайлы жырлары деген тақырыптарда мақалалар бастық. Әсіресе, Тәрбие Смағұлова, Ұлдай Сариева тәрізді журналист қыздарымыздың еңбектеріне оқыр­мандар қатты қызығушылық танытты (екі автордың да мақаласы алдағы уақытта «Орталыққа» жарияланады. Е.Б.). Ұлы ақынды ұлықтау қашан да абыройлы міндетіміз болып қала береді, – дейді газеттің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Түс ауа Сырымбек пен «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Темір Құсайын ағамыз бастап, Қасым Аманжолов көшесіне бардық. Бұл кеңестік дәуірде Дмитриев аталған, қаланың қақ төріндегі, Теміржол вокзалы маңайынан басталып, аяғы Жайыққа тірелетін әсем де әйдік көше екен. Бір жағында қазақтың қаһарман қызы Мәншүктің, екінші басында орыстың ұлы ақыны Пушкиннің мүсіні тұр. Кезінде ақын:

«Өмірдің алтын кесесін,

Тосқанмын айдың нұрына.

Кешкенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма», – деп жырлаған, бұрынғы Совет, қа­­зіргі Достық даңғылымен қа­тар орналасқан. Қ.Аманжолов кө­ше­­сінің бойында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы, «Қаз­пош­таның» облыстық филиалы, Ұлт­тық банктің бөлімшесі, мем­лекеттік мұрағат, т.б. құзырлы мекемелер мен оқу орындарының сәу­летті ғи­мараттары, көп қабатты, сәнді тұр­ғын үйлер бой түзеген. Даңғылды бойлап жүргенде Қасымның кіндік қаны тамған өңірдің орталығы Қара­ ғандыдан ақынға бұйырған көтерем көшені есіме алып, бетімнен бастым. Абырой болғанда, бұрын-соңды Ар­қаға ат ізін салмаған серіктерім бұл тақырыпқа қадам баспады. Сірә, мұндағы ең керемет даңғылдардың бірі Аманжоловтың атында деп бек сенген болуы керек.
Ақын Айтқали Нәріков «Қасым ақын және Орал» атты мақаласында кейіпкеріміз 1932-33 жылдары А.Ка­рев көшесіндегі №69 үйдің бір бөл­месін жалдап тұрғанын айтады (бұл тұжырымды басқа дерек көздері де растайды). Аталған көше бұрын Мостовая, одан соң С.Киров есімімен аталыпты. Қасым пәтерде тұрған үйдің иесі Абдулла Патеев деген татар екен. Өзі редакция есепшісі бо­лыпты. Ақын қызметтесімен тіл табысқаны түсінікті. Соғыс бас­тал­ғанда майданға алынған Абдулла қаза тапқаннан кейін, үй қарындасы Мұхлисаның меншігіне көшеді. Одан кейін де татар азаматтардың иелігінде болған баспананы 1990 жылы Сүндет Иманов деген май­­дангер қарт сатып алыпты. Қазір онда қарияның қызы мен күйеу баласы тұ­рып жатқан көрінеді. Иелік еткендер дүркін-дүркін жөндеу жұмысын жүргізіп тұрғандықтан, үй жақсы сақталған. Иелері келімді-кетімді кісілерге әбден үйреніп қалса керек, қабақ шытпай қарсы алды. Тіпті, кезінде Қасым тұрған түпкі бөлмеге дейін көрсетіп, бәйек болды. Бұрын ақын кереуеті қойылған терезе алдын оқушы бала сабаққа әзірленетін үстел, жұмыс жасайтын компьютер иеленіпті. Осы өзгерістер, заманға лайық бой түзеп, безендірілгені болмаса, дауылпаз Қаскең дәл қазір үйге кіріп келіп, жыр нөсерін бұрқыратып төгіп-төгіп жіберетіндей әдемі әсерге бөленіп, біраз тұрып қалдық.
Міне, мынау ақын:

«Терезе алды – жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап үйге еніп?..» – деп жырға қосқан теректің түбірі, – деді Сырымбек тың тақырыпқа түрен тартып. «Ертеректе бір барғанымда алып терек жайқала өсіп тұрды. Кейін өзегі шіріген ағаш қисайып кет­кенін көрдім. Бір дауылда құлап, үйді басып қала ма деп қауіптенген иелері бертінде түбірінен қиып тастапты»,– деп Ұлдай әріптесіміздің ескерткенін ойға алдық. Уақыт шіркін бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екенін тағы да бір еске салғандай. Әттеген-айы, қала басшылары үйдің бір шекесіне ке­зінде мұнда қазақтың біртуар ақы­ны Қасым Аманжолов тұрғанын паш ететін тақта ілуді кәперіне де алмапты. Оны құлаққағыс ету орал­дық әріп­тестеріміздің де ойына орал­ма­ған.
Ақын табанының табы қалған тағы бір аулаға бұрылдық. Бұл – Достық даңғылындағы №157 үй. Бұрын осынау көне ғимаратта Ғаб­долла Тоқай атындағы баспахана болыпты. Қасым қызмет еткен жылдары онымен іргелес үйде «Ек­­пінді құрылыс» газетінің редакциясы орналасқан екен. Әбден тоз­ған ол кейінірек құлатылып, орнына жаңа құрылыс салыныпты. Күйдірген қызыл кірпіштен салынған баспахананың жұқанасы әлі тұр. Талай тарихқа, тылсым оқиғаларға куә болған көне ғимаратқа қарай-қарай Шағанға бет түзедік.

– Орал ақ басты Алатаудың бау­райындағы ару Алматыдай сұлу, Арқаның құба жонында бой тү­зеп келе жатқан Астанадай асқақ, өнеркәсібі қаулаған Қарағандыдай кенді шаһар болмаса да өзіндік көркемдігі, адамды тартып тұратын жылылығы бар қала. Қасымды сірә сол ерекшелігі баураған болар. Сон­дықтан, ол Сарыарқада туса да, ақындық құдіреті Оралда қалыптасты деп білеміз, осы өлкенің бір перзенті деп танимыз. Міне, мына өзеннің бойында Қасым достарымен талай сайрандаған, жүрегі алабұртып талай сұлуға ғашық болған. «Шағанның бойы көк шалғын, Шалқамнан жатқам шаңқай түс.


Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс...», – деген алаулы жырлар соның ай­ғағындай, – дейді аға газеттің меншікті тілшісі Темір Құсайын. Ағамыздың сөзінде туған жеріне мақтаныш та, алып ақынға өлең құдіреті Ақ­жайықтың қасиетті топырағынан да­рығанына сенім мәртебесі де бар.


2. «БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҚ»

Қазіргі таңда қара танитын кез-келген адам нақыл ретінде пайдаланатын «Мектеп – кеме, білім – теңіз», «Балалар – біздің болашақ» деген қанатты сөздер ең алғаш рет Қасымның дуалы аузынан шыққанын біреу білсе, біреу білмейді. Жалпы, ақын шығармашылығында білім-ілімнің алатын орны Ұлы Отан соғысы тақырыбындай асып-тасып жатпаса да, соған жете қабыл. Соған орай, Қасым Аманжоловтың атына мектептер берілуі аса әділетті де парасатты да шешім. Әзірше елімізде оның атында (осы жолдардың авторы білетін) үш мектеп бар: Аққора аулындағы негізгі мектеп (халық солай атайды, бірақ, заң жүзінде рәсімделмеген); Қарағанды қаласындағы музыка мек­тебі (ақын мұрасына табынушы ынталы адамдардың бастамасымен ашылған, әлі күнге дейін дербес баспанасы жоқ мекеме); Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының орталығы Переметное кентіндегі жалпы білім беретін қазақ орта мектебі. Ақын бұлардың ешқайсында да оқымаған, дәріс те бермеген. Бәрі де ақынға деген шынайы халық құрметінің бел­гісі. Іссапар барысында осының соң­ғысында болудың сәті түсті.
Мақсатты межемізге таңертең, соңғы қоңырау рәсіміне санаулы минуттар қалғанда жеттік. Орал – Самара күре жолынан сәл ғана бұрыс жатқан, «аяңшыл» автокөлік облыс орталығынан сүт пісірім уақытта апаратын жер екен Переметное. Кенттің батыс бетінде қос пәтерлі үр жаңа үйлер бой түзей қалыпты. Көктемгі су тасқыны кезінде үй-жайы тілсіз жаудың құрбаны болғандар үшін салынып жатқан құрылыстар екен бұл. Жұмыс қарқынды көрінді. Пәтер иелері сары күзге жетпей-ақ қонысмайлар жасайтын сыңайлы.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл мамырдың 25-і, соңғы қоңырау ме­рекесі өткен күн болатын. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, салтанатты шараға қадірлі мейман болып қатысып, мектеп бітіріп жатқан тоғыз түлекке сәт сапар тілеуге мүмкіндік туды (бұл туралы газеттің 2011 жылғы 31 мамырдағы №86 (21078) санында жазылды). Мереке үстінде жаңа таныс табылды. Мектеп бітіруші түлектердің бірінің әкесі, Зеленов аудандық ау­ру­ханасының бас дәрігері Асқар Өте­баев ұзақ жыл Қарағанды мем­лекеттік университетінде дәріс берген тамаша ұстаз, қазақ тіл білімінің жетілуіне үлкен үлес қосқан бірегей ғалым, рухани ағамыз Хайролла Нұрмұханов марқұмның нағашылы-жиенді туысы болып шықты. Қадірі бөлек Хайрекеңнің сағынышқа ай­налған қасиеттерін, тілге жан­ашыр­лығын мұңая еске алып, сыр бөлістік.

Соңғы қоңыраудан кейін мекемемен кеңірек таныстық. Елба­сының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2008 жылдың 4 қаңтарында пайдалануға берілген білім ұясы бірден Қасым Аманжолов атындағы қазақ орта мектебі болып азан шақырылып, ашылыпты. Зеленов негізінен бөтен халықтар қоныстанған орыс тілді аудан болғандықтан, орталықтағы осы білім ұясы қазірдің өзінде өңірдегі бүкіл қазақ мектептері үшін тірек мекемесі міндетін атқаруда.

Аяқталуға жақын қалған оқу жылында үш жүзден астам бала оқыған мектептің ашылғанына санаулы-ақ жылдар өткеніне қарамастан, білім мен тәрбие, спорт пен өнер саласында қол жеткізген табысы айтарлықтай. Мәселен, «Ең үздік мектеп үлескісі», «Ең үздік мектеп ВЕБ сайты» облыстық байқауында былтыр мектеп ұжымы 1 орын ие­леніп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні маманы Н.Дүзбатыров «Ең үздік ауыл мұғалімі» атанса, республикалық «Ақбота» олимпиадасында он оқушы үшінші орынға табан тірепті. Биыл облыс оқушыларының «Жайық ұл­ан­дары – болашақ қырандары» сле­тінде мектептің «Біздің ұйым» командасы үшінші орын, «Жаңа идея­­лар топтамасы» командасы бірінші орынды жеңіп алып, 4-сынып оқушысы Айнара Бекежанова «Үздік көшбасшы» болған. Мектептің 7-8 сынып оқушыларынан жасақталған топ «Жас инспекторлар» сайысында екінші сатыдан көрініпті. Аудандық және аймақтық білім, өнер және спорт жарыстарында «Қасым қырандарының» алдына түсетін мектеп ұжымы санаулы-ақ екен. Әрине, табыстың көбі мекемені алғашқы күнінен басқарып келе жатқан тә­жірибелі басшы, білікті педагог Гүлнәр Байғазиеваның жұмысты оң ұйымдастырып, әр маманды өз орнына қоя білуіне байланысты екені анық.

– Мектеп 444 оқушыға есептеліп, 2007 жылы салынған болатын. Жыл өткен сайын оқушылар саны көбейіп келеді. Алдағы оқу жылында төрт жүздің үстіне шығар деп тұрмыз. Мектептің негізгі ұстанған бағыты – ХХІ ғасыр шәкірттерінің білім алуын, ізденісін, тәрбиесін әлем­дік өркениет талабына сай ұлт­­тық үрдісте ұйымдастыру. Этнопедагогика – заманалар сынынан өткен тәрбие жүйесі ғой. Оған сүйенсек, адаспайтынымыз анық. Оқушыларымыздың сабақ үлгерімі жыл өткен сайын жақсарып келеді. Заман сұранысына сай талап та біртіндеп күшейе түсуде. Соған қа­рамастан, аудан, облыс көлемінде алдыңғы ұйымдар қатарында аталып жүргеніміз, мекемеде оқу-тәрбие үдерісі біршама жолға қойылған болар деп марқаямыз. Әрине, жоспар көп, мақсат – биік. Оның бәрін бірден атқарып тастауға күш жете бермейді, әсіресе, қаржылық жағдай қолбайлау болуда. Мәселен, мектеп жанында дербес интернат жоғы қинайды. Ауылдан келген балаларымыз еріксіз орыс мектебінің интернатында жатады. Ондағы тәрбие мүлде бөлек екені баршаға мәлім. Жеткіншектеріміз ата қанымен, ана сүтімен бойына сіңген табиғи биязылығынан, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын ішкі мәдениетінен айрылып қала ма деп қауіптенеміз – дейді Гүлнәр Рахметоллақызы.

Бұған дейін он жыл аралас мектепте директор болған тәжірибелі басшы ұжымға жай ғана пән мұ­ғалімдерін емес, өз ісіне берілген шы­найы педагогтарды жинауға ден қойыпты. Жұмысқа жас мамандарды тартып, сенім білдіруі ауқымды ойлау пайымының нәтижесі. Г.Байғазиева өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінде ұсақ-түйек болмайтынына ерекше ынталы. Айталық, мектепте былтырдан бері ай сайын жарық көріп келе жатқан «Қоңырау» газетінде жарияланатын материалдарға жіті зер салып, әрбір ой-пікір орынды айтылуын, ұшқарылыққа бой берілмеуін қадағалауы соның айғағы.
Тамаша эстетикалық талғаммен ұйымдастырылған мектеп мұражайы да жақсы әсер қалдырды. Білім ұясы майдангер ақынның есімін иелен­гендіктен, өткен жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына орай жан-жақты дайындық жасалып, тұтас бір қабырға безендіріліпті. Облыс мектептерінің мұражайлары ара­сында үздік бестікке еніп жүр­гендері тегін болмаса керек. Оған жетекшілік жасайтын тарих пәнінің мұғалімі Құралай Аталықова әлі де болса Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылдығына қатысты деректер, ақынның жеке және от­басылық суреттері аз екенін айтады. Мүмкіндігімізше көмектесуімізді өтінді.

– Осы мектеп ғимараты тұрған Мирная көшесін Қасым атына ауыс­тыруға талап қылып жатырмыз. Ұжым болып былтыр жасаған бір өті­нішімізді жергілікті атқарушы билік қаржы жоқ деген сылтаумен аяқсыз қалдырып еді. Ақынның 100 жылдық мерейтойын алдыға тартып биыл да ұсыныс түсірдік. Аудан, облыс басшылары көктемгі су тасқынының шығындарын себеп қылмаса, биыл жөні келіп-ақ тұр, – деп мектеп ди­ректорының тәрбие жөніндегі ор­ын­басары Нұржан Дүзбатыров әң­­гі­меге араласты. Өңірдегі озық мұ­ға­лімдердің бірі, өлеңге, өнерге жаны құмар Нұржан Тоғызбайұлының ар­маны-мұраты ауқымды көрінді – ақша табылса, қоладан құйып, мектеп алдындағы алаңқайға ақынның кеуде мүсінін орнатқысы бар. Батыл ой, оң қадам. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында Қасым Аманжолов атын иеленген мектеп барын осы жі­гіт­­тің «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рияланған мақаласынан хабардар болғанымызды айта кеткеніміз әділдік болмақ.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген аталы сөзді өзімізге қа­ратып айтсақ, орыс тілді ауданның орталығындағы қазақ мектебінен – Қасым Аманжолов атын иеленген білім ұясынан көңіліміз тоғайып қайттық. Әсіресе, қуантқаны: біз бәрін істеп болдық, толдық деп отырған жоқ, әлі де олқылығымыз көп, ізденуіміз, жетілуіміз керек деген талпыныс бар. Жайшылықта "Қасымның кіндік қаны Қарқаралыда тамған, біз дауылпаз ақынның жер­лесіміз",– деп кеудемізге нан піседі, бірақ бүкіл Қарағанды облысында Батыс Қазақстанның Переметное кентіндегідей Қасым атын иеленген, ауыз толтырып айтарлық бір мектеп жоқ екен. Сүйекке таңба болатындай іс.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,"Орталық Қазақстанның" арнаулы тілшісі.

ҚАРАҒАНДЫ – ОРАЛ – ҚАРАҒАНДЫ (Жалғасы бар).


Орталық Қазақстан. - 2011. - 5 шілде (№ 109). - 4 б.
Каталог: Amanzholov K -> Kasym turaly
Kasym turaly -> Ұлттың ұлы ақыны Оған жаңа ұрпақ көзімен қарар кез кеді
Kasym turaly -> «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп басталатын ақынның өлеңі қай тауға арналғанын білесіз бе?!
Kasym turaly -> Жұртымызда үлкен аға, кіші аға дей­тін ұғым бар. Үлкен ағамен аралықта сырластықтан гөрі сыйластық басым да, кейін­гісімен керісінше келетініне өзімнің де көптен бергі тәжірибем көз жеткерді
Kasym turaly -> «Қасым» бәйгеге ат қосты
Kasym turaly -> Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне мың ойланып, жүз толғанам


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет