» [33, 344 б].
Қазіргі көркем прозадағы бейнелеу тәсілдерінің бірі - ішкі монолог (іштей ойлау, кейіпкердің ішінен айтатын сөзі, өзін-өзі іштей саралау, ойлау ағымы) көрінісі жан-жақты қарастыру және оны зерттеу бүгінгі күннің еншісі екені белгілі. Ал, ішкі монологты, жалпы психологиялық талдау өнерін жан-жақты зерттемейінше қазіргі әдеби даму үрдісінің заңдылықтарын түсіну мүмкін емес.
Көркем прозада адам психологиясының ішкі иірімдері, күрделі де терең ойлау жүйесі, сана мен сезімдегі жанды қозғалыстарды ашу арқылы идеялық-эстетикалық ізденістердің жаңа жолдарын ашты.
М.Әуезов «...Орыс жазушыларында анық сүйенетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» [34, 129 б.] – деп, тегін атамаса керек.
Персонаждың сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол - кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден – бір көркемдік амал. Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әдемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.
Ілияс Жансүгіров ішкі монологты да жақсы меңгерген. «Светлана» пароходында келе жатып Мәмбет өмір туралы былай қиялдайды. «Мынау үлкен өзен, күні-түні тоқтаусыз аққан су асығып қайда барады? Су кім үшін ағады! Өзен осы ағысымен неге ұқсайды? Бір аққан су қайтпайды... Әлде адам өмірі осы сияқты ма?
Ал мынау пароход - адамның жасаған өнері. Бұл осынша ауыр жүк, толып жатқан адам, шойын қазан, құймалы темір машиналар - осылады су қалай көтереді? Мынау пароходты боздатып судың судың үстінен жүргізіп қойған өнерге не дауа! Шіркін бәрін оқу табады, өнер табады-ау...» [35, 132б.]. Бұл монолог Мәмбеттің ойын, рухани дәрежесін, мінез ерекшелігін дәл бейнелейді.
Ішкі монолог шығармашылық тұлға бейнесінің философиялық, рухани-эстетикалық, танымдық ізденістерін арқау етеді. Персонаждың оңаша толғаныстары кей арада жеке басының іс-әрекеттерін азаматтық-моральдік тұрғыда таразылауға құрылады.
Персонаждың сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол-кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден – бір көркемдік амал. Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әдемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.
«Біздің үйден хабар болмай кетті-ау, әкем байғұстың келіп қалатын уағы да болды. Ол мені сағынып келмесе де борышы қуып бір күні келіп қалар. Сүлеймен қажы біздің үйді не қылды екен? Әкем байғұсты ауылнайға айдатып алып, балаң байталымды ұрлап кетті деп күйдіріп жатыр ма екен? Бірақ мен Сүлейменнің есігінен шығып кеткеніме шүкіршілік қылам. Мұным жақсы болды. Егерде мен онда осы күнге шейін жүре берсем?...міне, мен бүгін өзге жігіттермен бірге жұмыс істеп жатырмын. Тегі, «талапты ерге нұр жауар» дегенді әкем байғұс аузынан тастамаушы еді. Ендеше мен бұдан былай ылғи талап қылам, өнерге ұмтылам» [36, 187б]. Осы мысал арқылы жазушының ішкі монологқа енгенде кейіпкердің қалай ойлап, қалай топшалай алатындығына көз жеткізе аласыз.
Мұндағы ой толғаныс кейіпкердің сөйлеуі арқылы емес, ішкі түсінігі арқылы жүзеге асып тұр. Жазушының сөз ұстанымы, кейіпкерлерін өмірдің барлық сәтсіздіктері мен қайшылықтарына төзе білетіндей етіп тудыруы, жазушы тілінің бір қыры деп білген жөн.
Ғалым М. Атымов «Монологте көбінесе сөйлеуші адам өз өмірі мен өзінің ішкі жан-дүниесіне тереңдей еніп, өз психологиясынан хабар береді. Жазушы қаһарманның өзімен-өзін сөйлестіру арқылы оның өзінен басқа сездіргісі келмейтін жасырын сырларына дейін оқушыны жетектеп, ертіп апарады» [37, 125б] деп ой тастайды.
Кейіпкер сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол кейіпкердің мінез-құлық, қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік амал.
«Ішкі монологтың персонаждық түріне тоқталар болсақ, негізі ішкі монологтың бәрі кейіпкердің ой – санасы арқылы жүзеге асырылады. Ішкі монолог таза кейіпкердің төл сөзі – ойы болғандықтан ол тегінде жалқы. Бірақ олардың берілу формалары сан алуан, бейнелеу тәсілдері де әрқилы болып келеді» [38, 20б.].
Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әлемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі.
Академик Б.М. Храпченко: «Толстой шығармаларында ішкі монолог ой ағымы түрінде жиі беріліп, ішкі сөздің стихиялы дамуын, ойлаудың ағысын, кейіпкердің қайғы – қасіретін көңіл-күйін, өзіне-өзі, өз эмоциясына, айналаны қоршаған адамдарға берген бағасын білдіреді»[39, 25б.] деп бағамдайды.
I. Жансүгіровтің тұңғыш «Жолдастар» романында да тың бейнелер өте мол. Мұнда жазушы қоғам өмірі мен халық тұрмысының көп саласын қамтымақ болған. Ауыл, қала, завод, темір жол, шахта, пристань, майдан - міне, романның өрісі. Бірінші империалистік соғыс меңдеген кездегі ауыр жағдай, 1916 жыл көтерілісі, 1917 жылғы ақпан революциясы мен Ұлы Октябрь революциясының бір өңірдегі көріністері - міне, романда суреттелетін бағаналы оқиғалар. Шығармада екі-үш жыл ішіндегі ғана өмір, күрес, тартыс суреттеледі. Бірақ көтерген мәселесі орасан көп, қомақты. Осыған орай кітаптың ішінде кездесетін қатысушылар саны да тым көп - толып жатқан таптың, топтың, ұлттың, кәсіптің өкілдері.
Бұл ретте «Жолдастар» романы ірі де іргелі, қанаты кең реалистік романның қасиетін танытады. Осы жерде тағы бір айтатын жай - I. Жансүгіров мұнда өмірдің тіпті тың жатқан, қазақ әдебиетінде бұрын мүлдем көтерілмеген салаларын қозғады. Мысалы, қала өмірі, 1916 жылы майданға алынған қазақтардың қара жұмыстағы хал-жағдайы, өндірісте, кұрылыста, пароходта істеген қазақ еңбекшілерінің күйі бұрын қазақ әдебиетінде тіпті сөз болмаған. Бұл жаңалық қазақ әдебиетінің тақырыптық шеңберін кеңейтті. Образдар галереясын толықтырды.Романның зор аңғарына көп жаңа өмір салаларын енгізгендегі жазушының маңдай алды мақсаты - қазақ еңбекшілерінің ұлы революцияға келіп жету жолының шытырманын көрсету, бостандық аңсаған халықтың күрделі күресінің шындығын айту, осы күресте таптық, саяси сана-сезімі өскен халық адамдарының образын жасау.
Бұл мақсат романда қалай орындалды? Міне, мәселенің түйіні осында. Бұл түйіннің шешімін автор романның прозамен жазылған өлең прологында романтикалы сұрақ, жауап түрінде берген.
Шығарманың өзекті идеясы - халықтың теңдік пен бостандық үшін ұлы күрес жолын бейнелеу. Бұл шығармада халық өкілдерінің образдары жасалған. Жазушы романында бірқатар жас жігіттердің тағдырын түйістіріп, олардың шым-шытырық өмір жолының ұлы революция жолына әкелгенін баяндаған. Сондықтан да роман «Жолдастар» деп аталған.
Революция қарсаңында дүние жүзілік бірінші империалистік соғыстың сұмдық зардабы еңбекші халықтың мойнына түсіп, жоқшылық пен мұқтаждық әбден шегіне жеткен кез болатын. Әлеуметтік қайшылықтар да ұлғайып, қанау, езу, зорлық-зомбылық сықылды қиянаттар қабындап тұрған.
I. Жансүгіров өзінің басты қаһарманы Сатанды, алдымен, осы жағдайда алып көрсетеді. Саудагер Шалматай байдың қойын бағуға алып, ақ вексельге іліккен Сатан көп шатылып, шырмалып, ол бәледен әзер дегенде құтылады. Одан кейін ол Шаяхмет байдың қармағына ілінеді. Романның төрт тарауының бірінші тарауы («Бастау») тұтас Сатанның басына байланысты өмір құбылыстарына бағышталады. Мұнда бала жігіт Сатанның кісі есігінде жүріп қалыптаса бастаған характерінің кейбір қырларын байқап қаламыз.
Еті тірі, пысық, епті, әнші, домбырашы Сатанды Шалматайдың Нәзипа тоқалының сауық кешінде, Досайдың ақ сұр атын алып қашуда, Нәзипаның қорлыққа түскен халін төркініне жеткізуде танығандай боламыз. Бұл тұста Сатанмен қатар оның озбыр қанаушысы Шалматайдың, сүймеген адамына жүрегін ашпаған, ескілікке іштей мойынсұнбаған қайсар, тәкаппар әйел Нәзипаның, ұрлық кәсібіне байлардан кек алу ретінде қол ұрған ер жігіт Тәукенің, шариғат айтып сүзіскен надан молдалардың, күштінің сөзін сөйлеген әділетсіз билердің кескін-келбетін, мінез-құлқын аңғарамыз.
Екінші тараудан бастап («Ағын») Мәмбет пен Марданның және басқа бірқатар қазақ жігіттерінің әңгімесі, іс-әрекеті баяндалады. Бұлар да Сатан сықылды жалшылықта, кісі есігінде жүріп, әр қилы қорлық көріп өскен жарлы-жақыбай жастар. Тұрмыстың толқынымен әр түрлі жағаға барған, ауыр өмірдің ащы зардабын тартқан қажырлы жолдастар. Күн көру үшін олардың істемейтіні жоқ: кез келген жұмыстан, кейде ұрлықтан (байдан өш алу ретінде) тайынбайды. Бірақ, қолдарынан келгенше, намыстарын жібермейді. Бұлардың ішінде үздік мінездерімен көзге түсетіндер: адал, ер көңіл, жолдас үшін жанын беретін жібі түзу жігіт - Мәмбет. Оны автор Шеркес Қали дейді. «Ұрымтал жерде өткір, табандасқан жерде тартысқа белді, Кавказдың қара ала қанжарындай Шеркес Қали жігіттер арасында түлкіден епті, түрымтайдан алғыр» деп сипатталады. Іс жүзінде де ол солай. Көп жігіттің ішінде орыс қызы Катя соны сүйеді. Мәмбеттің жақын жолдасы Мардан да сүйкімді, мінезді жігіт. Ол да өзінің қауымшылдығымен, еңбекте шыныққан ерлігімен, ептілігімен қатар, қорлыққа төзбейтін намысқойлығымен, бұрқ етпе мінезімен танылған. Оның десятник, подрядчиктермен шатақтасып, жұмыстан әлденеше рет шығып қалуы, Сағынтай мен Қалиман, Күлзейне сықылды қыз-келіншектермен көңілдестік тарихы, майданда байдың дүкеніне таласуы, ақыры ауылда Асылбек болысты ұрып, түрмеге тусуі-Мардан характерінің ерекшелігін аңдатарлықтай бар. Бұл екеуінен басқа да көптеген адамдар көз алдыңнан өтеді. Жігіттерден - Нұраділ, Газбекқара, Шалғынбай, Шақтай, халық өкілі Аяпберген, орыс адамдарынан - Гончаров, Орлов, Михайлов, Алексей, Ловкова сықылды большевиктер, Мәмбетті сүйген жұмысшы қыз Катя, дұшпандардан Жексенбай болыс, Асылбек болыс, казақ комитетінің бастығы Омарқан, адвокат Субай және көптеген кездейсоқ, бір көрініп қайтып көрінбейтін адамдар - бұлар әр жерде өздерінің әр түрлі қасиеттерімен көрініс бергендер.
Автор шығармада өмір шындығын көркем бейнелеу міндетін қалай атқарды дегенге келсек, образдар жүйесінің олқылықтары аңғарылады. Ол олқылықтар кебіне-көп романның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысының кемшіліктеріне сабақтас. Шығарманың жеке тарауларын, эпизодтарын қызығып оқисыз, себебі жазушы өзінің әңгімешілдігімен, әдемі, бай, оралымды ақындық тілімен оқушысын бір мезет үйіріп әкетеді. Әйткенмен кітапты тұтас оқып шыққанда алғанәсеріңді шашыратып алғаныңды сезінесің. Оның себебі - сюжеттік желінің әр жерінен үзіліп, композициялық арқаудың тарқатылып кетуінен. Мысалға роман құрылысын еске түсірейік. Бірінші тарауда бас қаһарман ретінде жақсы көріне бастаған Сатан келесі үш тарауда бұл рөлінен айрылып қалады - көріне салып жоқ болып, екінші қатарға сырылып кетеді.
Алдыңғы шепке кезекпе-кезек шыққан Мәмбет пен Мардан да басты рольді ұстап тұра алмайды. Көптеген оқиға, эпизодтар, толып жатқан қатысушы адамдар арнасын жоғалтқан жайылма су секілді шығарманың өзегін жуып кеткен, құбылыстардың ішкі байланысын басып тастаған. Ал Мәмбет пен Марданның басында кездесетін сүйіспеншілік тарихтары не кездейсоқ эпизод түрінде, не жеңіл ғана уақытша ойнап-күлу түрінде шаң береді де, өшіп қала береді. Осының салдарынан романның төрт тарауында суреттелетін оқиғалар қабындап, бірінен-бірі туындап, өрбіп отырмайды. Шығарманың ішкі бірлігінің нашарлығы бүкіл көркем туындының тұтастығына әсерін тигізген, сол арқылы эстетикалық әсердің бүтіндігін бұзған. Бұл адам характерінің романның өн бойында өрбіп даму арқылы толық ашылуына, әсіресе бас қаһарманның тұлғасы барлық типтік жағдайлардан өтіп сомдалуына зиян жасаған.
Романның «Толқын» деп аталған үшінші тарауындағы келесі оқиға - халықтың 1916 жылғы приемға қарсы қозғалысы. Жазушы бұл козғалыстың стихиялық характерін шыншылдықпен суреттеген. Бірақ осы оқиғаға бас қаһарман қатыспайды. Сондықтан жарқырап көрінетін жерінен қаһарман да тыс қалған, мойны озық басшысыз, қаһармансыз қозғалыс суреті жүдеп шыққан, стихиялық көтерілістің революцияға астасатын перспективасы көрінбей қалған.
Алайда «Жолдастар» романының реалистік, стильдік жетістіктерін сызып тастауға болмайды. Жоғарыда айтқандай, үлкен ақын, жіті суреткер Ілияс Жансүгіров өмірдің көп саласын, көп көрінісін зерттеп, біліп, шыншылдыкпен суреттеп берген. Олардың өз орнында дүниетанытқыштық мәні, дербес эстетикалық әсері жоғалмайды.
Талай сурет, образдарында, мінездемелері мен салыстыруларында, портрет, пейзаж өрнектерінде - қысқасы жалпы бейнелеу күралдарында қалыптасқан реализм стиліне тән растық, дәлдік бар. Адамның, заттың, кұбылыстың характерлі сипат, белгілерін жазушы көп ретте тауып айтады. Сол себепті олар қысқа, жұмыр, тұжырымды болып келеді және қазақ халқының үғымына, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне лайық, қонымды түрде алынады. Мысалы, «бойшаң, тарғыл мысық көзденген, кәмпит мұрын, ақ сур қыз», «Ол үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырын тұтасып, басы ит ба-танып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты» деп берілген суреттемелер сол адамдардың бейнелерін елестетеді, Сатан отқа үйтілген сирақтай істікке жаншылып жүгініске отырды», «жыландай сумаңдап, сұқсырдай сүмеңдеп, сұр атқа таман келе берді», «ұйықтаған аюша бүктеліп жатқан қоңыр таудың бауыры», «аршылған жуадай-ақ мойны жұп-жұмыр екен», «Мәмбет оттан алып лақтырған шаладай далаға шықты», «оның алдына жел жүрісті, жылпың қызметкер әйел ала сиыр көздеңкіріп үш жұмыртқаны кішкене табада шыжылдатып әкеп койды», «жалма-жан жәшікті иыққа салып, қозы алып қашқан бөрідей желіп жөнелген жігіт», «Ыдырыстың көңілін ит тырнағандай болды» деген сықылды теңеу, балау, салыстырулар Ілияс стилінің ұлттық колоритін, оригиналдығын және ешкімді қайталамайтын өзіндік дара өзгешелігін танытады. I. Жансүгіровтің стилінде бұдан бұрын фельетоншы болып танылған жазушының юморы мен сатиралық тәсілдерінің де ізі мол.
I. Жансүгіров реализмінің стильдік ерекшелігінен хабардар болу үшін, енді бір табиғат көрінісінің суреттегенін келтірейік: «Әдемі бір қоңыр кеш. Көнетоз шағи жібек түстеніп, аспанның батыс жағы сар қызыл тартты. Ертіс өзенінің бұлдыраған жойқын беті ... мыс шәугімдей қызарғаннан-қызарып барады. Өзен үңіле қараған көзге, не отты пештің қозы, не қорыған алтын секілденіп, аспанның алтын шапақ сәулесіне араласып кетті. Жер мен көктің мұндай шекарасын ешбір өткір көз ажырата алар емес. Міне, осы шұғылаға аспанды, суды көміп бара жатқан отты күн қып-қызыл болып, шеті суға ілінді. Үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ, атандай ыңыранған пароход өзінің арнасына тартты».
Бұл бейнелеуде қазақ прозасына барлық жағынан жаңалық; біріншіден, бұрын бұл секілді кешкі өзеннің көрінісі суреттелмеген-ді. Екіншіден, «көнетоз шағи жібек түстеніп», «мыс шәугімдей қызарып», «үйдің жанынан жылжытып айдап жіберген ақ атандай ыңыранған пароход» деген образдар қазақ жазушысының өзі тапқан, тек өзіне тән жаңалықтары.
І. Жансүгіровтің «Жолдастар» романының біз көрсеткен кемшіліктері мен табыстарын қатар алып, таразыға салғанда, оның кемшіліктері тек тәжірибенің аздығынан болған кемшіліктер екені байқалады, ал азды-көпті табыстары жазушының мүмкіндіктерін аңғартады. Мұндағы барымтаның, жұттың, молдалар таласының, билер қағысының, жатақтардың, домбыра күйінің суреттемелерінде кейінгі Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы керемет картиналарды еске түсіретін элементтер байқалады.
I. Жансүгіровтің «Жолдастар» романы едәуір кемшілігі бола тұра қазақ әдебиетінде реалистік романның алдағы уақытта тез жетіліп кетуіне кезінде өзінше пайдалы еңбек сіңіріп, үлес қосқан туынды екені даусыз.
Бұл романнан, ең алдымен, тігілген, үйлесімді, жатық, бай тілін атап өтпеске болмайды. Ең алғаш рет ағыл-тегіл көрінгені де сол болар. Үлкен прозада қазақ тілінің ересен қазынасы революция дәуіріндегі қазақ елінің ахуалын мол қамтуды көздеген. Оқиғалар бірде далада, ауылда, екінші ретте қалаларда, өндірісті мекендерде жүріп жатады. Жазушы Сатан және оның тағдырлас серіктерінің тар жол, тайғақ кешулерін кең бейнелеу арқылы қазақ кедейінің өмір, күрес, шынығу, өсу жолын жинақтап айтпақшы болған. Ұнамды қаһармандар проблемасын шешуде «Жолдастардың да» өзіндік үлесі бар. Романдағы Сатан, Мардан, Қалилардың бойынан заманның еті тірі әрекетшіл, намысты адамдарына тән сипаттар ұшырайды. Шығармада Шалматай секілді қазақ байының жыртқыш, тақыс тұлғасы басқалардан анығырақ мүсінделген. Шалматай - кейінгі қазақ романдарындағы Итбай, Құнанбай, Игілік байлар бейнелері секілді сәтті жасалған тұлға. «Жолдастарда» Ілияс Жансүгіровтің керемет талантын танытарлық тамаша эпизодтар, өмірдің жанды, қызғылықты кесектері кездеседі. 1916 жыл оқиғасын елестеткен тұс та тартымды. Қазақ байларының өзара дау - жанжалын өзіне тән ерекшелігімен, салтымен, тілімен беруі де сонылық еді. Қысқасы, бұл романда шығармаға тән кең құлаш, білгір еркіндік, дарын палуандығы сезіліп отырады. Жазушының роман тәжірибесін игеріп болмағандығына және сол кездегі әдеби дамудың шама-шарқынына байланысты олақтықтары атап айтқанда, оқиғалар мен характерлерді өсірудегі шашырандылық «Жолдастардың» көркемдік жинақтаушылық күшін төмендеткен. Сонда да болса, «Жолдастар» бізге қоғамның қыруар құбылыстарын эпопеялық планда көрсетудің алғашқы тәжірибелерінің бірі ретінде де, меруерттей мөлдір тілімен де, жекелеген ғажап көркем бөліктерімен де, қала тіршілігін суреттеуге тұңғыш ұмтылуымен де ұнайды. Мұнда анық зергер көз салмай өтпейтіндей, асылдың сынығындай қымбаттар кездеседі.
Бұл шығарма кезінде қазақ романының елеулі жетістіктерінен саналған. «Жолдастардың» қазіргі әдеби талғамы өскен оқушыны да қызықтырарлық сипаттары жоқ емес. Біріншіден, романның тіл байлығы ерекше көз тартады. Қазақ тілінің ересен қазынасы тұңғыш рет үлкен прозаға осы «Жолдастар» арқылы ағыл-тегіл келгендей.
Екіншіден, «Жолдастарда» Қазақстанның революциядан бұрынғы, 1916 жылғы, төңкеріс, азамат соғысы тұстарындағы ауыл, қала өмірі алғаш рет эпопеялық көлемде көрсетілген. Роман кейіпкерлері бірде сахарада әрекет етсе, екінші жерде қалада, не өзен порттарында күн кешіп жатады. Қала мен даланың байтақ оқиғаларын бір роман көлемінде бейнелеуге ұмтылудың өзі соны құбылыс еді. Мұнда өмірден зайыр байқалған талай-талай тартысты түйіндер бар.Оқиғалар мен характерлерді өзінше алу жағынан да жазушы үлкен мәдениет, талғам байқатады.
Роман алдында қойылған негізгі нысана қазақ еліндегі таптық, әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстардың ақиқат ағысын көрсету, күрес, шайқас үстінде еңбекшілер өкілдерінің шынығу процесін суреттеу, халықтың стихиялық наразылығын Октябрь революциясының жеңісіне ұласу жолдарын суреттеу болып табылады.
«Жолдастар» романында бұқараның алдыңғы қатарлы өкілдерінің тұлғалары жасалған. Объективтік өмірдің үйірімдеріне түсіп, тіршілік қазанында қайнаған, ақырында оңы мен солын танитын дәрежеге жеткен қазақ кедейлерінің легі көрінеді. Олар: Сатан, Мәмет, Мардан, Нұраділ, Черкес Қали т.б. Бұлардың қай-қайсысы да саналы түрде саяси күреске түскендер емес, өмірдің қаттысын, ащысын көре жүріп есейгендер, алдағы қатал сындарға төтеп берерлік боп бекігендер. Мәселен, романда неғұрлым көп көрінетін кейіпкер Сатанның өсу эволюциясы едәуір жүйелі әңгімеленген. О баста Шалматай байдың малшысы болып жалданған, тиісті ақысын да сұрауға батылы бара бермейтін, тап күресі дегеннен түсінігі жоқ, момын жігіт Сатан көп оқиғаны бастан кешіріп, ысылып шығады. Сатанның да, басқа бұқара өкілдерінің де бойынан ұнамды сипаттар табылады.
Жазушының роман көлемінде көрсетсем деген мәселесі тіпті көп. «Жолдастарда» кедейлер мен байлар арасының мәмілеге келмес қайшылығы да, ел шонжарларының өзара қырбайлық күндестіктері де, күштілерден зәбір көріп, сахараны мекендеп, қаршығаға айналған батыр жігіттер жайы да, қазақтардың жұмыс іздеп қалаларға, өзен порттарына барушылығы да, жұмысшылардың таптық санасының өсу жолдары да, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көріністері де, февраль революциясынан кейінгі аласапыран ақуал да орын тепкен. Мұнда үстем тап өкілдерінің қарапайым адамдарды қанау тәсілдері де сыншыл суреттелген. Қазақ әдебиетінде бұрын көп көрсетіле қоймаған (билер соты т.б.) түрлі өмір қатпарларының алынуы да жазушының халық тіршілігін өте терең білгендігін танытады. Осы сипаттарының бәрі қосылып келгенде, «Жолдастардың» ертедегі қазақ болмысының аса маңызды салаларын көтере де, көрсете де алғандығына айғақ.
«Жолдастардың» әрі жүйелі, әрі көркем шыққан бөлегі – бірінші тарау («Бастау»). Мұнда революция алдындағы қазақ аулының бірталай құбылыстары кейіпкер өміріне тікелей байланысты көрсетіледі. Әсіресе, қазақ даласының жыртқыш билеушілерінің салт-санасы, мінез-құлқы кеңінен таныстырылады. Бір елді бір өзі билеп тұрған Шалматай ауылының көп сырлары ашылады. Сатан секілді кедей балаларын қанап үйренген Шалматай бойында қазақ байларына тән ортақ ерекшеліктер жинақталған. Шалматай өзіне терезесі тең емес кедей адамдарды қалай табындыруды үйренген, әділетке емес, күшке сүйенген қараңғы да қатал байлардың бірі. Ол реті келсе, кедейлерді ғана емес, өзінен әлсіздеу байларды да жұтып қойғысы келеді. Бұдан оның Досай дейтіннен барымталап ат алдыруы куә. Ал, осы Шалматай өзінен гөрі көзі қарақты адам кездессе, жүні жығылып қала береді.
Жазушының тағы да бір ескертпек болғаны – алыстағы қараңғы ауылдарға білім сәулесінің түсе бастағанын көрсету. Мәселен, жәдитшіл мұғалім мен молданың білім салыстыру таласынан жаңа, ілгерішіл түсініктер мен зыңдандай надан ескіліктің қақтығысын аңғаруға болады. Ескінің ысырылып қалуы оңай емес. Шалматайлар баяғы көне ғұрыптар қаз-қалпында тұрса деп аңсайды. Бірақ оның «жауы» сырттан да, іштен де көбейе береді. Еткен еңбегіне лайықты ақы сұрау оған ел естімеген бұзақылық болып көрінеді. Өзінің тоқалы – Нәзипа сұлу шын махаббат, жарастықты өмір іздеп алыстай, суи беруі де оған соққы боп тиеді.
Тарау соңында Тәуке бастаған ұрылар өмірін суреттеу де авторлық идеяға байланысты. І.Жансүгіров романының алғашқы кесегінде қазақ аулындағы ескі қадіммен келе жатқан тәртіптер іштей ыдырай бастағандығын, объективтік болмыстың өзі бұған себепші екенін аңғартпақ болған. Автордың бұл мақсаты іске асқанын көреміз. Кейіпкерлерді топтауы, олардың өзара байланыстарын өмірмен де, мінезбен де дәлелдеуі, неғұрлым типтік оқиғаларды іріктеп алуы жағынан романның бірінші тарауы шебер үйлескен. Осының арқасында даланың жебір байы. Шалматайдың да, жас малшы Сатанның да, еркіндік сүйген Нәзипаның да, намысты, айбатты қажы – Мысықтың да, сері, өжет, батыр Тәукенің де мінез қырлары ашылады.
С.Сейфуллиннің Хамиті, Әзімханы, Хасені, Боранбайы мен Ыбырайы, Б.Майлиннің Азамат Азаматычы мен Раушаны, І.Жансүгіровтің Сатаны, Марданы, Мәмбеті – осындай адамдар.
Олардың тағдыры әр түрлі: бірі революцияға жалшылықтан, енді бірі интеллигенциядан келді, бірақ барлығының да жаңа санадағы адамгершілік қасиеттері жоғары. Бұлардың ішінде жаңа өмірді бірден түсіне алмағандары да болады. Мәселен, С.Сейфуллиннің Ниязы, Б.Майлиннің Азамат Азаматычы алғашқы кездері өздерінің жоғары принциптерінен ауытқып жүрді. Өмірдің бұралаң қалтарыстарың, таудай ауыр қиындықтарын бірден жеңу, түсіну оңай емес. Сондықтан оның көлеңкелі жақтарына көбірек аялдап қалу – заңды нәрсе.
Кейіпкерлерді сипаттауда әр жазушының өз ерекшелігі бар, С.Сейфуллин жеңіл штрихтар арқылы-ақ бедерлі де бейнелі суреттер жасай алды. Мұндай ерекшеліктер «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында мол ұшырасады.
Сейфуллин кейіпкерін тәптіштеп суреттеп жатпайды, ол адамды өмірдің ең қиын кезеңінде көрсетуге тырысады. Ал, Майлин «Азамат Азамычта» да, «Раушан коммунисте» де кейіпкердің өмірбаянымен белгілі бір кезеңде ғана таныстырады. Сондықтан Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешудегі» кейіпкерлері Майлин мен Жансүгіров шығармаларындағы кейіпкерлерге қарағанда көтеріңкі рухта, революциялық биік романтикада суреттеліп, тұрмыстың күйкі жайлары шығармадан тыс қалады. Сонымен, біз бұл тарауда жазушының қазақ тарихын, ондағы заман шындығын шығарма тақырыбына арқау еткенін дәлелдеуге тырыстық.
Ішкі монолог арқылы кейіпкер психологиясы ашылып, мінез-құлық ерекшелігі, кейіпкердің өзіне ғана тән сипат белгілері, оның ішкі дүниесінің қыртыс-қабаттары ашылады. Кейіпкер өз ойымен өзі, адам ішіндегі адаммен (человек в человеке), яғни санамен, оймен сырласу арқылы шындыққа жол ашады. Суреткер адамның осындай ойлау үрдісін тек монолог арқылы бере алады.
Ішкі монолог – адамның психологиялық құбылыстарын, ішкі жан дүниесін ашып, образ сомдауда сүбелі үлес қосатын бейнелеу құралы. Адам жанын жегідей жеген жан жарасының аузын, тәңір тек өзіне, адам ішіндегі адамға ғана бар сырын ақтарып, шерін тарқатады. Көркем шығармада ішкі монолог арқылы берілетін мұндай құбылысты Д.М.Урнов былай деп тұжырымдайды: «Одиночество-основное условие «внутренного монолога». Оставшись один или мысленно обращаясь к самому себе, человек «проговаривается». Таково исходное условие всякого, повествовательного самоанализа» [40, 20б].
Ой, ішкі ой – жалғыздықтың таптырмас серігі. Кейіпкер өз ойымен өзі, өзімен-өзі сөйлеуге ғана шешім қабылдайды, оны тек өзі шешеді. Жазушы кейіпкер тіршілігін қадір-қасиетіне, үміт-ынтасына, іс-әрекетіне қарай оқиға бойында бейнелейді. Суреткер өмірдің бұралаң жолындағы адам психологиясын, толқуын, тебіренісін сананың үздіксіз күресін, сезім күйін нәзік шеберлікпен суреттейді. Кейіпкердің аузына сөз сала отырып, образ табиғатын, олардың ой-толғаныстары мен құпия сырларын ашу мақсатында ішкі монологке жүгінеді.
Зерттеуші Еңсебаева Күләш Кенжебекқызы: «Жазушы өзінің суреткерлік шеберлігін кейіпкердің жан дүниесін ашу барысында қолданылған кейіпкер ойлауы, оның өмірге, қоғамға деген көзқарасы арқылы танылады» [41, 67б].
Көркем әдебиетті тілдік, әдебиет тұрғысынан зерттеуші ғалымдар ішкі монологтың ғылыми тұрғыда екі түрін атады.
1. Авторлық ішкі монолог
2. Персонаждық ішкі монолог
Осы екі форманы негізге ала отырып, әдебиеттанушы ғалым Г.Пірәлиева ішкі монологтың мынадай екі типін көрсетті:
«Бірінші тип – шығарманың бейнелеу өрісіне монологқа айналған сана – сезімнің қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ал бұл типтің өзі іштей үш жағдайда көрініс тапты. А) санадан, еркіңнен мүлдем тыс ішкі монолог (безсознательность). Б) жарым, жартылай саналы, кейде санадан тыс сәттегі ішкі монолог, ол көбіне, «ой ағысы» (поток сознание) тәсілі. В) өзін бақылай, қадағалай алатын, жүйелі түрде бағыты айқындалған, шын мәніндегі ойлау үрдісін білдіретін ішкі монолог.
Екінші тип – оқиғаға қатысты кейіпкер монологына автордың қаншалықты дәрежеде қатысы барын айқындауға байланысты. Ішкі монологтың бұл түрі бірінші, екінші, үшінші жақпен баяндаудың түрлерінің қай – қайсысыменде сабақтас»[42, 67б].
Ілияс Жансүгіров әдебиет саласының басқа жанрларындағы тың ізденісі мен жаңашыл әдіске толы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры – фольклористағы еңбегінде де бар. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен жинаған ескі әдеби мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолғабысын тигізеді.
1933 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған мақаласында былай дейді: «Қазақ ел әдебиетінің осы күнге шейін жүзден бірі жиналған жоқ»[43, 73 б.].
Қоғамдық өмірдің ірі қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің творчестволық мұрасын аз сөзбен бағалағанда, ол – халқының мәңгі қадірлеп, ардақтауына, мақтаныш етуіне лайық, кесек прозалық мұра қалдырған ер тұлғалы нағыз азамат қаламгер.
Ілияс өзінің өмірбаянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігін, салт-анасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар жазушы. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды ұлы қаламгердің аты биіктей түседі, даңқы асқақтай береді.
Ілияс Жансүгіров саналы өмірінің творчествосымен айналысқан кезеңінде прозада, сатира жанрынада бір сәтке де қалам суытпағандығына оның жүздеген айшықты шығармалары дәлеле бола алады. Өзінің осы жазып кеткен туындыларына сәйкес әдебиет зерттеушілері мен сыншылары оны қазақтың профессионалды прозасының, сатирасының бастауындағы белгілі қаламгер қатарына жатқызуы тегін емес-ті. Бұл жанрда жазылған туындыларында халық өмірінің талай белестерін тың, жаңашыл бейнеде көрсетуге күш салады.Сондай туындыларының бір саласы қазақ прозасының сатирадағы орны айтарлықтай үлкен
Ал жазба әдебиетіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ сатирасы бұрынғыдан гөрі ажарлана түсті. Өйткені, жоғарыда айтылған әдебиет реформаторларының арасында сатира мен юмордың игі дәстүрлерін жалғастырушы Абай қосылып, бұл жанрдың идеялық-көркемдік аясы ұлғайып, жаңаша жазу, жаңаша ойлау екпіні күшейді. Осы аталған сатира майданындағы тамаша сөз зергерлерінің өмір белестері мен шығармаларына зер сала қараса, олардың бәрі де жас шағында әр нәрседен әсер алып, еліктеп, үйреніп, табиғи дарынын ширықтырып, үнемі даму үстінде болғандығын байқаймыз. Бұл әр адам басында болатын табиғи құбылысты Ілияс та басынан кешірген. Осы кезеңдегі өмір туралы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Біздің Ілияс» атты кітабында Құсайын Шөкенов түрліше фактілер келтіреді. Кітап иесі Ілияспен өзінің жас шағы мен балалық балғын сәттерін бірге өткізген. Олардың әкелері Жансүгір мен Шөкен бір атадан тарайды. Ілиястың жас кезінде-ақ күлкі-әжуаға, қалжың, қағытпаға әуес болғандығы, аяқ астынан кез болған қандай да бір қас қағым сәтті ретіне қарай күлкіге, жеңіл юморға айналдырып әкетуі, сонымен бірге бір жерде естіген қызғылықты оқиғаны дәміне келтіре айтып, айналасын көңілдендіріп отыруы оның әдетіне айналғандығы туралы айтылады. Бұл әдет тіпті есейіп, үлкен жазушы болған сәтте де жас шағындағы «сүйекке сіңген әдетіне басып», көңіл-күйді бір сәтке болса да желпіндіріп отыратын мінезін профессор Бейсенбай Кенжебаев былай деп есіне алады. «Ілияс аз сөйлейтін, бірақ қу тілді болатын. Сөйлегенде сөзді тауып, ақылды, дәлелді, жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп сөйлейтін. Күлдіргі, мысқыл әжуа әңгімелерді әрі көп білетін, әрі келісті қылып жазатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт қарқылдап күліп жатса да, өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын ерекше бір бүлк еткізіп қойып отыра беретін. Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтін десе, академик М.Қаратаев: «Ілияс еш уақытта да шешен сөйлемейтін және ондай талабы сезілмейтін де. Дегенмен, ойлы, дәлелді сөйлеу және арасында жіңішкелеп әзіл-қалжың, қыстырып сөйлеуге шебер еді»[44, 6 б.],- дегендері оның мұндай қасиеті мінезіндегі туа біткен әдеті екендігін дәлелдейді.
Сөзімізді қуаттау үшін «Азамат ақын» кітабындағы бірді-екілі фактісіне жүгінсек: Құсайын Шөкенов Ілияспен ойнап жүріп екеуі оңашада былай деп әңгіме айтып береді: «Ертеде Тұрсын деген қадірлі адамның әйелі өліп, балалары жетім қалғансын, оны халық үйлендірмекші болады. Өзіне ыңғайлы қыз болса, шағын малын құртып жібермей-ақ өзіміз көмектесер едік деген қорытындыға келген жұрт қолдарындағы азды-көпті малын Тұрсынға әкеледі. Болатшы деген кілең шұбар жылқылы байдың әйелі Толпыш бір шұбар байталға қосады. Бікен еліндегі Балабай деген біреудің бой жетіп отырған қызын айттырады. Бірақ Балабай қызын беруге асықпай жатып алады. Оның мәнісі – Тұрсынның замандасы Ахмедиде. Ахмедидің әрі жүйрік, әрі жорға атына Балабай қызығады да, «не сұраса беремін» деп сол жорғаға жабысады екен, ал ол көнбейді. Енді Балабай «сол боз жорғаны Ахмеди берсе ғана қызымды шағарамын Тұрсынға» деген соң, бүкіл ел дал болады. Түптің түбінде досының көңіліне қарап Ахмеди сол боз жорғасын Тұрсын үшін Балабайға қияды. Тұрсын үйленіп, көңілі жайланған соң қалың малға мал қосып бергендердің көңілін табуға кіріседі. Той жасап, жасаудан түскен шашағы жерге сүйретілген түйенің үстіндегі бас кілемді Болатшынң әйелі Толпышқа бөледі. Ал Ахмедидің ауызға ілінбей қалғанын ұнатпаған жұрт арасында күңкіл сөз шығады. Бір той-томалақта ел Ахмедиден ән айтуды қалапты, сонда ол былай деп жырлаған екен:
“Базына замандасқа жарасқан да,
Көмбеге жан ұшара таласқанда.
Озған кім, шабаны кім, қалғаны кім,
Амал не, ажыратпай адасқанға.
Балабай қалап алды жалғыз бозды,
Жалғыз боздан айырылып табан тозды.
Атты, жаяу жалбаңдасып жарысқанда,
Болатшының әйелі Толпыш озды»[45, 56 б.],
-деп Ілияс бала кезінде осы жайтты жиі ауызға алып отырады екен. Сонда Ілиясқа Ахмедидің тоқмейілсіген досы Тұрсынға айтқан жеңіл астар мен күлкі тудырар теңеулері көңіліне ұнағандықтан, ұзақ уақытқа дейін есіне сақтап жүреді. Одан керек болса, ішкі ойды астарлата жеткізуді, досының қателігін мойындату үшін, сонымен қатар, ренжітіп алмауы үшін де қандай сөз пайдалану керектігін үйренеді.
Тағы бірде Құсайын Шөкенов екеуі Сарқанға бірге барғанда Ілиястың тауып айтқан бір сөзні былай есіне алады: «Сарқанда Рахым молданың үйіне келіп, оның тамақ жегендегі «ынсаптығын» көреді. Имам тамақ жегенде екі көзі жұмулы болады екен, шынысын дастарқанға қойып, бір бауырсақты әлденеше рет бөлшек етіп, оған сары май жағып аузына салғанда көзін бір ашып қояды екен де, көзін қайта жұмып түйенің сүтін қатқан қызыл күрең шайды ұрттап отырады. Сонда айналадағы жұрт «ынсапты екен, қасиетіңнен айналайын шариғатты ұстап, нәпсісін тиған ғой» [46,58 б.] деп таңырқасады. Сонда Ілияс имамның бұл мінез-құлқын былай деп келеке-мазақ етіп, Құсайынның құлағына сыбырлайды: « - Әмсе көзін жұмып отыратыны – дүниеге көзім түссе, күнә болады деп сақтанатын шығар?» - дейді, оның үстіне күніне бір семіз қой мен бір тегене қымыз ішетінін еске алып.
Ілияспен бірге өсіп, оқыған Ыбырайым Маманов оның Қарағаштағы «Мамания» мектебінде білім алып жүргендегі бір сәтін былай деп баяндайды: «Қарағаш мешітінің имамы Хасен молда «Мамания» медресесінде оқушыларға дін және құран үйрететін. Хасен молда араб сөзіне тілін орамалмен ұстап тұрып
Сонымен, Ілиястың жас кезінде, қай отырыста болмасын айналасын күлкіге толтырып, кез келген жайды ретіне қарай әзіл-қалжың, келемеж, мазаққа айналдыруы оның әдет-дағдысына айналғанын байқаймыз.
Ел арасында жай айтылған сөзден де күлкілі бір мән-мағына тауып алып, оны боямаламай-ақ қисынын келтіріп айтып, елді күлдіріп отыруы да – мінезіндегі қалыптасқан әдет. Мәселен, жанжалдасып қалған екі адамның біреуі ұл баласы жоқ біреуге «ә, қубас!» десе, екіншісі оның сөзіне шамданып «май бас екенсің ғой?!» деп дырау қамшымен май басын қан жалатып екі тартқан көрінеді. Мұны Ілияс жас кезінде жиі айтып күлдіріп отырады екен.
Ілиястың жас кезінде сатираға жақын болуын оның айтыспен байланыстылығынан да іздеу қажет. Олай деуіміздің себебі – Ілияс бозбала, жігіт шағында айтысқа талай рет түскен жампоз айтыс ақыны болғаны мәлім. Ауылда өтетін той-думандардан қалмай, өз жанынан өлең шығарып, айтысқа әуес талай жігіт, қыздармен сөз таластырады, мұны өзі кейінірек былай деп еске алады: «Хат білген соң өлең оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссасын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі мен болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті», - дейді.
Ілекең, сөз жоқ, талай ақындармен айтысқа түсті ғой, ал қолдағы бар деректерге сенсек, оның бұл өнерде өзіндік қолтаңбасы ерекше көңіл қоярлық екенін айтпасқа болмайды. Айтыс өнеріндегі қазіргі кезде көп мән берілмей жүрген олқылықтар, салқындық, жіңішкелеп әзіл қыстыру, қапысын тауып жер қақтырып мысын басу, қажетіне орай кекесін-мысқыл, сатиралық элементтерді шебер пайдалану қасиеттері Ілияста басым болғанын бірді-екілі көз көрген қариялардың естеліктері жоққа шығармайды.
Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы болған, өнер зерттеушісі Бүркеева Алтын өзінің «Көз көрген», «Ақынның үнін тыңдаған» деген зерттеу мақалаларында 84 жасқа келген Ысқаққызы Айтолықтың 17 жасында Ақсу ауданындағы Жайпақ деген жерде 23 жасар Ілияспен айтысқандығы құнды дерек келтіреді. Онда Ілекең «Шилы өзен қамыс-ай» деген халық әнінің әуенмен айтысқандығы, сөзі өткір, салған мақамы жүрекке тиіп, мейірімді көзқарасы жадында қалып қойғаны туралы айтылады.
Екінші «Ақынның үнін тыңдаған» деген мақалады Ілиясты көрген, тәлімін алған Ақсу ауданы, «Қаракемер» совхозында Қабдолдаев Жұман өз естелігінде 1938 жылдың қыс айында ақынның үйіне келегдігі туралы айтады. Аты шыққан ақынды ауыл құшақ жая қарсы алады. Сол түні және келесі күні Ілияс «Мұңлық-Зарлық», «Еңлік-Кебек жырларын ерекше ырғақпен әндетіп, түрлі әуенге салып жырлайды. Оның күмбірлеген үні, домбыра тартуы өте тартымды шығады. 10-15 шақырым жердегі ауылдардан адамдар тойға жиналады. Үйге ел сыймай кетеді. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – Тойымбала дейтін ұзын бойлы, бота көзді, сұлу келіншек «жас ақынмен айтысамын» деп бірер ауыз өлеңді тастап-тастап жібереді. Айтысудан тайынатын Ілияс па? Екеуі біраз сөз таластырады. Ілияс сол кезде асып-саспай, әр сөздің мән-мағынасы, ішкі құпиясы, түп-төркініне зер сала, ойлап-пішіп, оған дәл жауап қайтарып отырады. Ондағы айтыстың кілт тоқтап қалуының бір себебі – айтыста әзіл-қалжың айта отырып, енді қыз бен жігіт арасындағы бір-біріне тиісу, қағыту, сезімге барардан бұрын, өз-өздерін таныстыра келе, бір рудың елінен екендіктерін білген соң Ілияс «Тойымбала менің қарындасым болып шықты, енді мен айтыспаймын» деген сөзі итермеші болады. Тойымбала да «Ілияс өз ағайым екен, енді мен айтысты доғарамын» деп кейін сырғып отырады.
Құсайын Шөкенов өзінің «Біздің Ілияс» деген кітабында «Ілиястың өз аузынан естіген Борамбектің қызы Әлишамен айтысқандығы туралы бір дерек келтіреді. Онда Ілияс пен Әлиша арасындағы айтыс та қалжың-қағытпаға ұласып, Ілиястың өткір, ащы сөздеріне шыдамаған шешесі екеуінің араларына түсіп «сен жеңдің, жол сенікі» деп Ілиясты арқасынан қағып айтысты тоқтатады.
Бұл деректерді нақтылай көрсетіп отыруымыз – Ілиястың жас кезінде айтысқа түсіп, өзінің бұл жолда да ешкімнен кем түспегендігін, сонымен қатар, бұл өнері болашақта қаламгердің сатира саласындағы қызметіне мол септігін тигізгендігі айтылып отыр.
Айтыс өнеріндегі сатираға тән көптеген компоненттердің өлең жолдарында кездесетіндігі туралы айту қажет. Айтыста сатираны пайдалану дегеніміз - өнер жарысы, сөз сайысы, халықтық эстетика десек те, айтыс ақындары қарсыласының сағын сындыру мақсатымен бірін-бірі сынап, мысын басып, әжуы-келеке етіп, мазаққа айналдыру тәсілдерін көп пайдаланады. Сол арқылы мерейі өсіп, жеңіп шығатындар да аз емес. Бұған дәлел – Біржан мен Сара айтысы. Айтыс үстінде Сараның осал емес екендігін байқаған Арқаның серісі одан мін таппай, қосылар адамы Жиенқұлдың түр сипаты, мінез-құлықындағы «ақаулықты»қызға тели отырып, кекесін, мысқыл, мұқату арқылы Сараның мысын басады. Содан кейін-ақ тасқындаған сөз тартысы қайғы-мұң, налаға қарай көш түзейді. Біржан мұны түсіне қойып, Сараның қор болып бара жатқандығын жырға қосып, өнеріне бас иеді де, оны арашаламақ ниетін сездіреді.
Шөжемен айтысқан ақындар да оның ата-тегіне мін тағып, кемтар соқырлыған көрсетіп «ит соқырсың» деп жеңбек болғанда, дәл табылған қисынды сөз, мысқылға толы мір оғындай тілі арқылы беттерін қайтарғандығы мәлім. Ол өзінің заманында азулы алты қарыс Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тазбала сияқты ақындармен айтысқа түсіп, тілінің ащылығымен, қарымдылығымен көзге түскені әдебиеттен белгілі.
Махамбет Өтемісұлы айтыс ақыны болмаса да, оның өлеңдеріндегі образдылық, алмастай өткірлік, қызу қанды жігерлілік, айбарлы да найзағайдай сұстылық Ілиястың тек поэзиясы ғана емес, сонымен бірге шығармаларының сатиралық қарымтасына да өз әсерін тигізгені анық. Бұл жайында профессор Ханғали Сүйіншәлиев мынадай тамаша пікір айтады: «Махамбет қазақ поэзиясында қоғамдық күресшіл сананы нығайтып, сын-сықақ сарының қалыптастырды. Қазақ сатирасының қоғамдық, әлеуметтік мәнін күшейтті. Сатира жанрының өткір үлгілерін көрсетіп, кейінгі көп ақындарға көп ұстаздық етті» [47, 14 б.]. Бұл сөздері Ілиясқа да қатысты айтылған. Олай деуімізге негіз – Ілияс өзінің балалық шағында әкесі Жансүгірдің Махамбеттің, сонымен қатар Біржан – Сараның, Шөженің, Шернияз, Ақан, Базар, Сүйінбайлардың шығармалары мен жыр-дастандарын, өлеңдерін мұқият жинап, елге насихат етіп жүргендігінің куәсі болып қана қоймай, оларды оқып, кейін кеңес өкіметі тұсінда бірқатарларын жарыққа шағарған адамдардың бірі. Бала кезінде оқыған Махамбеттің өлеңдері әсер еткені сонша, кейін оның туған жеріне арнайы сапарға шығып, көтеріліске қатысты тарихи орындарда болып, ол жерден баға жетпес құнды материалдар жинап әкеледі. Соның негізінде «Исатай - Махамбет» пьесасы мен либретто жазады. Өкінішке орай, бұл туындысын 1937 жылдың дүрбелеңіне қатысты көзінің тірісінде сахнаға шығара алмады.
Жалпы, Ілиястың шығармаларындағы поэтикасына сатира жанры бойынша ерекше әсер етіп, оның біртабан қаламгерлік даму дәрежесін көтерген Абай екендігі талассыз. Оның тұсындағы талай ақын-жазушыларға Абай рухани күш-қуат бергенін әдебиеттану ғалымы жоққа шығармайды. Бұған негіз – ХХ ғасырдың басында дәстүрлі Абай сатирасы күш алып өз алдына отау тігу процесі басталып, оның қатары күннен-күнге көбейе түскен. Бұл процеске білек сыбана қызу кіріскен ақын-жазушылар қатарына С.Торайғыров, С.Көбеев, осы тұста тек сатиралық шығармалар жазып жүрген С.Төлешев, А.Тоқмағамбетов, М.Дәулетбаев, Қ.Тайшықов, Б.Сүлеевтермен бірге Ілияс та Абай дәстүріндегі сатирада қалам тербейді.
Ілияс Абайдың творчествосына, оның ішінде сатиралық мұраларына көп көңіл бөлген. Абай әдебиет ортасына үлкен жаңалық әкелуші реформатор деп жоғарыда айтқанымыздай, ол қазақ сатирасына елдің сиқын кетіріп, жайсыздық тудырып жүрген, эстетикалық талғамнан жұрдай адамдардың толық образдарын жасады. Ілияс сол шығармалардың бірде-біреуін көңілден таса қылмай оқып, оған үлкен мін беріп, өзінің алғашқы сатиралық шығармаларын да сол тұрғыда жазуға талпынды. Бұл жөнінде өзі: «1916-1917 жылдан маған жазуға ынта туды. Оған себеп – сол кездегі қазақ әдебиетінің әсері болды. Абайша бірдемелер (балдырған) жазуға талпынсам да ештеңе шығара алмадым ғой деймін» [48, 89 б.]- дейді.
Ілияс өлеңдерінде адамдардың жат мінездері мен қылықтарын, пысық көрінген өтірікші жылпостарды, надан ұлық пен би-болыстарды Абайша жырлайды. Мәселен, «Көңілдің жүргісі» деген өлеңінде:
«Я мақтамай, я боқтамай,
Бәрін дос деп бекер жүр.
Жақын көріп ақтамай,
Алаңдықпен шекті өмір.
Кейде жылан, кейде шоқ,
Кейде ынжық, кейде жоқ,
Кейде жаяу, кейде атты,
Кейде баяу, кейде отты»[48, 26 б.],
деп Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңіне елктеп, бірде өзінше, бірде Абайша салған өрнек пен нақыштарды қайталайды.
Мырзабек Дүйсенов бұл ойға қатысты мынадай пікір білдіреді: «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңінде Абай өз дәуіріндегі адамдардың, әсіресе қолына азан-аулық билік тие бастаған, соқыр кеуде надан ұлықтардың, сұм-сұрқия қулардың, өтірікші жылпостардың жат мінездерін шеней келіп, «қара қарға сияқты шуласар жұрт», - дейді. Солардың Ілияс та Абайша шенеп отырады». Бұл пікір Ілиястың сатиралық шығармалар жазуды Абайдан үйренді деген ойдың дәлелі болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |