Тыныс гигиенасы. Балаларға дұрыс тыныс алуды үйрету. Тыныс алудың дамуына дене еңбегінің әсері және гигиеналық талаптар. Тыныс алу мүшелерінің бәрінің физиологиялық көрсеткіштеріне дене еңбегі мен спорт әсер етеді. Мысалы: Өкпенің тіршілік сыйымдылығы: штангистерде - 4 л, футболистерде - 4,2 л, боксерлерде -4,8л, қайықшыларда - 5,5 л. Тыныс алу жиілігі: спортсмендерде минутына - 6-8 рет, ал жаттықпаган адамдарда -14-20 рет. Спортпен шұғылданатын адамдардың тынысы терең болады, Бұл организмнің үнемді қызмет етуінің белгісі. Мысалы, терең дем шығарғанда олардың сыртқа айдалған ауасының құрамындағы көмірқышқыл газы 2 есе көп болады. Мұндай терең дем алу жүрекке "массаж" жасайды да, оның қоректенуін және физиологиялық қалпын жақсартады. Тыныс алу мүшелерін жаттықтыру, шынықтыру балалар мен жастардың тыныс мүшелері арқылы пайда болатын ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Олай болса, дене шынықтыру мен спорт денсаулықты сақтауға қажетті жағдайлардың бірі.
Баланың дұрыс отыра білуі де маңызды. Бүкірейіп, кеудесін үстелдің немесе партаның шетіне тақап отырғанда кеудеге қысым жасалып, тыныс алу мүшелерінің қызметін төмендетеді, жүрек қан-тамырлардың өсуіне кедергі болу арқылы баланың бойының өсуіне бөгет жасайды. Салқын тию, тыныс мүшелерінің аурулары бала организмінің барлық мүшелерінің өсіп дамуына, қызмет етуіне жағымсыз әсер ететінін естен шығармаған жөн.
Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырғанда есте сақтайтын тағы да бір жағдай — дене еңбегі мен дене шынықтыру және ой еңбегі кезінде балалар тынысын тарылтады, сондықтан оның дұрыс болуын қадағалау қажет. Балаларға дұрыс демалуды жастайынан үйрету керек. Сонымен қатар, ой еңбегі мен дене еңбегін кезектестіру аса маңызды. Сондықтан мектеп жұмысын да сабақ кестесін жасағанда Бұл ерекшеліктерді есте сақтау керек. Сынып бөлмелерін, еңбек сабағының бөлмелерін жиі желдетіп отыру керек. Жоғарғы сынып оқушылары далада таза ауада тәулігіне 3 сағаттан, ал бастауыш сынып оқушылары 4 сағаттан кем болмауы тиіс. Әсіресе ауасы таза бөлмеде ұйықтау аса маңызды, сондықтан балаларды форточкалары ашық бөлмеде ұйықтауға әдеттендіру керек. Баланың киімі де дұрыс дем алу мен дем шығаруға әсер етеді. Сондықтан олардың киімі жеңіл, денесін қыспайтын, қимыл-қозғалысына бөгет етпейтін болғаны жөн.
Осы жазылғандарды қорыта келе, балалардың сабақ оқитын, еңбек ететін үйдегі бөлмелері мен мектептегі сынып бөлмелерінің, балалар бақшасындағы топтардың бөлмелерінің ауасын жиі-жиі желпіндіріп, тазартып отыру аса маңызды екенін айта кеткіміз келеді. Сонымен қатар, баланың далада, таза ауада көбірек ойнауы маңызды.
Ырғақты тыныс гимнастикасы баланың ақылының артуына жағымды әсер етеді. Бастауыш сынып оқушыларына сабақ кезінде 1-2 минуттық демалыс беріп, тыныс гимнастикасын ұйымдастыру қажет: оқушы партада отырып, екі қолын бүйіріне таянып терең дем алып және дем шығарады. Мұндай гимнастика баланың сабаққа ынтасын арттырады.
Адамдардың ұзақ уақыт болатын бөлмелері күні бойғы тіршілік іс-әрекетінің қалдықтарымен, яғни дем алғандағы ішкі ауалар, ішек газдары, тері арқылы бөлінулер, антропотастандылар арқылы ластанып тұрады. Сонымен қатар ауа құрамы тұрмысқа байланысты химиялық бөлінулер (жеке жұмыстарға қолданылған полимерлік материалдар, залалсыздандыру заттары, желдеткіштердің дұрыс болмауы т.с.с.) арқылы ластанады.
Осындай жағдайлардың нәтижесінде ауаның биологиялық қасиеті жедел өзгеріп, тотығуы жоғарылап, бактериямен ластануы өсе түседі. Оның электрлік қасиеті де, иондық құрамы да өзгереді - организмнің функционалдық жүйелеріне қолайсыз әсер ететін ауыр, оң зарядталған бөлшектердің саны өседі. Адамнан бөлінетін жылу, ылғал арқылы бөлме ауасының температурасы мен ылғалдылығы жоғарылайды.
Ауаның ластануы бала организміне өте қолайсыз әсер етеді. Химиялық ластанулар аллергиялық тітіркендіргіш ретінде кейде тіпті улағыш зат ретінде әсер етеді. Аммиак пен ацетон сияқты антропотастандылар тыныс алу функциясына кері әсер етіп, сілекейдегі лизоцимнің азаюына, оның бактерицидтік қасиетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Мұндай жағдайлар орталық жүйке-жүйесінің өзгерістеріне, қызмет қабілетінің төмендеуіне, бас ауруына, әлсіздікке, қатты қажуға әкеліп соғады.
Балалар мекемелерінде балаларды салқын тигеннен сақтандыру үшін, бөлмелердің желдетілуі мен желдеткіштердің жұмысына бақылау жасалады. Терезенің жоғарғы жақтарының, терезе жаппаларының дұрыстығы тексеріледі. Бөлмені екі жақты желдету, балалар жоқ кезде жасалады. Желдету кезінде дәретхана есіктері жабық тұрады.
Мектептерде үзіліс кезінде сыныптар желдетіліп, ал, сабақ кезінде рекреация бөлмелері желдетіледі. Дәретханаларда желдету тек ауа сорғыш каналадар арқылы жасалады.
Желдеткіштердің қызмет етіп тұрғандығын анықтау үшін, оның тесігіне жанып тұрған шырақты немесе жеңіл қағаздың қиығын апарады. Егер желдеткіш дұрыс болса шырақ оты немесе қағаз бір жаққа қарай қозғалады. Ауаның жағдайын анықтау үшін лабораториялық зерттеулер жүргізіледі.