Несепағар - қабырғасы қалың бұлшықетті түтікше пішінді жұп мүше. Ересек адамдар да оның диаметрі 6-8 мм, үзындығы 25-30 см. Несепағар бүйректі қуықпен жалғастырады.
Қуықтың құрылысы
Қуық - жамбас шоңқимасының (малый таз) қуысындағы тік ішектің алдыңғы жағында орналасқан бұлшықетті мүше. Қуықта зәр уақытша жиналады. Ол ересек адамда кабырғасы қалың бұлшықеттен түзілген. Несепағардың да, қуықтың да кабырғасындағы бұлшықет талшықтары бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан тұрады. Қуықтың бұлшықеті жиырылғанда жиналған зәр зәр-шығару өзегі арқылы сыртқа шығарылады. Ересек адамда қуықтың сыйымдылығы шамамен 500 мл. Қуық бос тұрғанда ішкі сілемейлі кабығы қатпарлы болады. Зәрге (несепке) толғанда қатпарлары жазылып тегістеледі. Қуықтың қабырғасындағы бұлшықет талшықтары үш түрлі бағытта орналаскан.
Зәршығару өзегінің құрылысы ер адамдар мен әйел адамдарда бірдей емес. Әйелдердің зәршығару өзегінің ұзындығы 3-3,5 см. Зәршығару өзегінің сыртқа ашылатын тесігі қынаптың алдыңғы тұсында қатарласа орналасады. Зәршығару өзегінің ішкі сілемейлі қабығы ұзын қатпарлы болады. Үрпі жолы зәршығару тесігімен аяқталады.
Ер адамның зәршығару өзегінің пішіні түтікше тәрізді, ұзындығы шамамен 18 см. Ол қуықтан басталып, жыныс мүшесінің ұшына дейін созылып жатады. Ер адамдардың зәршығару өзегі 2 түрлі қызмет атқарады: зәр және жыныс жасушалары (спермалар) сыртқа шығарылады.
Несептің түзілуі– организмнен зат алмасудың соңғы өнімдерін, Na, K, Ca, Mg-дың, тағы басқа артық қалған тұздарын, су және бөгде заттарды шығаруды қамтамасыз ететін бүйректе өтетін процесс. Бұл организмнің ішкі ортасының, яғни клетканың сыртқы бөлігінің сұйықтық көлемін және оның рН деңгейінің тұрақты құрамын реттеп тұратын факторлардың бірі. Несептің түзілуіне: фильтрация (бүйрек шумақтарында не түтікшелерінде қан плазмасының сүзілуі), реабсорбция (сүзіндідегі заттардың бір бөлігінің қанға қайта сорылуы) және секреция (түтікшелердегі бөліну) жатады. Адамның бүйрегінде минутына 125 мл сүзінді түзіліп, 1200 мл қан ағыны өтеді. Реабсорбцияның қарқыны организмнің ішкі жағдайына байланысты. Мысалы, судың мөлшері көп болса, реабсорбция жай жүреді де, мин-на 20 мл несеп бөлінеді. Бірақ Na-дың белсенді реабсорбциясы сақталып, тіпті күшейеді. Соның нәтижесінде организм артық сұйықтықтан құтылады. Организмнің сусыздануы кезінде Na-дың сіңуі өзгермейді не төмендейді. Соның нәтижесінде организмде сұйықтықтың көлемі сақталады. Бүйрек түтікшелерінің клеткалары қанға сүзіндідегі заттарды қайтарып қана қоймай, бөгде заттарды бөліп шығарады. Сүзгіштік қысым белгілі бір деңгейден төмендесе, сүзілу тоқтайды. Бұл Несептің түзілуі процесінің аяқталғанын көрсетеді.
Адам организмінде бүйрек безінің де орны ерекше. Ол бірнеше гармондар түзеді. Олар углевод, белок, май алмасуын бақылап белоктың углеводқа айналуына себепші болады, тұз бен судың алмасуын реттейді.