Бүйректің құрылысы, қызметінің жас ерекшелігі Зәр шығару жүйесіне 2 бүйрек, 2 несепағар, бір куық және бір зәршығару өзегі жатады.
Ыдырау өнімдерін шығарудың негізгі мүшесі - бүйрек. Ағзадан зат алмасу соңғы өнімдерінің 75%-ы бүйрек арқылы шығарады. Бүйрек құрсақ қуысында 1-2- бел омыртқаның екі жағында орналасқан. Ол үрмебұршақ пішінді қызғылт-қоңыр түсті. Оң жақтағы бүйрек сол жақтағы бүйректен сәл төменірек орналасады. Өйткені оң жақ бүйрекке үстіндегі бауырдың салмағы түседі. Бүйректің сыртқы жиегі дөңес, ішкі жиегі ойыс. Ойыс жағы омыртқа жотасына қарай бағытталған. Ойыс жағында бүйрек артерия тамырлары, бүйрек вена тамырлары, жүйке талшықтары мен несепағар жолдары болады. Бүйректің бұл жері бүйрек қақпасы деп аталады.
Әрбір бүйректің салмағы шамамен 150 г. Бүйректің сыртын қалың май қабаты қаптайды. Бүйрек қоңырқай түсті сырты қыртысты және іші бозғылт түсті милы заттан түзілген. Бүйректің ойыс жағында шағын қуысы болады, оны бүйректің астаушасы дейді. Бүйректің құрылысы өте күрделі. Бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі - нефрон (гр. nefron -бүйрек) деп аталады. Әрбір бүйректе 1 миллионнан астам нефрон болады. Нефронның өзі екі бөлімнен тұрады. Сыртынан қоршап жатқан бөлімі — бүйрек денешігі деп аталады, ол қыртысты затта орналасқан. Екінші бөлімі — нефрон өзекшелер, олар бүйректің иір-иір болып шумақталып, боз затқа орналасады. Нефрон өзекшелері иректеліп әрі өзара қосылып жинағыш түтікшелерді құрайды. Олар тікелей пирамидалармен байланысқан.
Бүйректе артерия қантамырлары 2 рет қылтамырлар шумағын құрайды. Адам денесіндегі басқа мүшелерде ұсақ қантамырлар бір-ақ рет қылтамырлар шумағын құрайды.