Бұл жинақ тақырыбы жағынан болсын, онда көтерілген
мәселелері жағынан болсын өте құнды. Оны ақыретті тануға
көмектесетін, қабір өмірінен мәлім ететін, Қиямет белгілерін т.б.
айқындап беретін, сөйтіп, діни саналы адамды болашақ өмірге
дайындайтын «ақиқат білімдер жинағы» деп атауға болады. Діни
білімі бар оқырман да, о дүниеден бейхабар жан да бұл жинақтан
керегін тауып, таза білім бұлағынан сусындай алады. Қоғам
сұранысын өтеуге арналған мұндай ыждаһатты істердің қолға
алынуы құба-құб. Аудармашы-құрастырушылар осы еңбек
арқылы өздерінің риясыз қажырлылығын, мол діни білімдерін
танытқан. Өйткені діни ілімдерді арабшадан аударып, туған
топыраққа санадан орын алатындай сіңісті ету – екінің бірінің
қолынан келе бермейтін жауапты да маңызды іс. Әрі ол рухани
ықыласты, кіршіксіз таза ниетті талап етеді. Бұл реттен келгенде,
құрастырушылар көп тер төгіп, межеден шыға білген. Олар
оқырмандарға дайын рухани азықты заман талабына сай ұсынып
отыр деп білеміз.
Еңбек жеті бөлімнен құралған. Әрбір бөлімнің тақырыбы
толық ашылып, мақсатына дөп жеткен. Құран аяттары мен
хадистер орынды келтіріліп, аудармалары, негізінен, дұрыс
берілген. Еңбектің мазмұнының өзі, негізінен, қасиетті Құранға,
ондағы көрсетілген о дүниенің жай-жапсарына арналған.
Қорыта айтқанда, құрастырушылар баспаға дайындаған
«Ақырет өткелдері» атты жинақты оқырмандар жүрегіне жол
тауып, имандарын берік етуге қосылған үлкен де сәтті үлес деп
бағалаймыз.