тарау
1926 жыл, Октябрьдің 15-нен артистік қызметке екінші ретте алынды деп есептелсін:
Абдоллаұлы Әбіқай
Әшкейұлы Ләтіп
Жандарбек келіні Зура
Қашаубайұлы Әміре
Жандарбекұлы Құрманбек
Оңғарбайұлы Құсайын
Айлық ақылары 120 сомнан. Жеке шартпен.
4 тарау
1926 жыл, Октябрьдің 15-нен Оспанұлы Жүсіпбек суфлерлік қызметке алынды деп есептелінсін.
Айлық ақысы 100 сом. Жеке шартпен.
5 тарау
1926 жыл, Октябрьдің 15-нен артистік қызметке Дәулетбайұлы Мәжит алынды деп есептелінсін.
Айлық ақысы 100 сом. Жеке шартпен.
6 тарау
1926 жыл, Октябрьдің 15-нен артистік қызметке алынды деп есептелінсін:
Арықұлы
Малабай келіні
Жанбайқызы
Айлық ақылары 90 сомнан. Жеке шартпен.
Ұлт-білім театрының директоры Ж.Шанин (қол қойған).
1926 жыл, 31 ноябрь. Бұйрық.
Қызметке алынсын:
Битөлеұлы
Мырғалиұлы Дүйсенғали – бутафор
Кабанов – костюмер
Мукшин – күзетші, сахна жұмысшысы
Сәрсенбайұлы – билетер
Оңғарбай келіні Тәлила – практикантка (Айлық ақысы 69 сом 30 тиын)
1927 жыл 10 январь
1 тарау
а) Мемлекет театрының санды ойнаушысы Мұқамади Арықұлы маскүнемдік мінездері неше мәртебе ауызша айтылса да, ішкілікті тастамай әрдайым мас болып, артистер арасына көрегенсіздік қатер туғызатын болғандықтан бүгіннен, 11 марттан бастап мемлекет труппасынан шығарылды.
б) Қызмет еткен күніне қарап, демалысы, еңбек ақысын беремін.
2 тарау
Билет тексеруші қызметіндегі Мырзағалиұлы Дүйсенғали әрдайым маскүнем болып, қызметке салқын қарағандықтан, ішкілікті таста деп бірнеше айтылса да, тыңдамай әрдайым масүнемдік жолына салынып келгендіктен 11 марттан бастап қызметтен шығарылсын.
3 тарау
Мемлекет театрының артистері Кабанов, Әміре Қашаубайұлы және Дамолда Битөлеуұлдарының есіне салынады: мұнан былай арақ ішіп, яки біреуге арақ әпер деп, не болмаса, арақ ішкендері сезіліп, театр ойынына келсе, жұмыс орындарынан шығарылады. Бұл күнге дейін көзге түскендерге қатты сөгіс жарияланады. (Ж.Шанин және өздері қол қойған).
1927 жыл, 20 май
Бұйрық 26
Соңғы уақытта Жаңабайқызы Жамалдың репетицияға уақытында келмей тұрғандығы, әсіресе берілген рольдерді жаттамай, міндетті қызметіне салқын қарап жүргендігі сезілді. Мұнан соң репетицияға уақытында келмегендігі, берілген рольдерін жаттамағандығы, жалпы міндетті қызметіне салқын қарағандығы сезілсе, қызметтен шығарылатындығы ескертіледі. Осы жарлықты Жаңабайқызына қол қойдырып ескертемін.
Директор Шанин Ж.
Бұйрық 27
1 тарау
Майдың 1-нен бастап Шанакеліні Жанбике артистік қызметке алынды деп есептелінсін.
2 тарау
Майдың 10-нан бастап Қожамқұл келіні Қадиша, Байзақ келіні Шәрбану артискалық қызметіне үйренуші есебінде алынды деп есептелінсін.
Айлық ақылары 50 сом.
3 тарау
Июльдің 1-нен бастап Жаңабайқызы Жамал шығарылсын.
1927 жыл, 1 октябрь
Бұйрық 1
1 тарау
Бүгіннен бастап Мемлекет театрының қысқы маусымына группа жаңадан құралды деп есептелінсін.
2 тарау
Артистікке бірінші дәреже қатарында:
Қуанышбайұлы Қалыбек
Қожамқұлұлы Серәлі
Абдоллаұлы Серәлі
Жандарбекұлы Құрманбек
Өмірзақұлы Елубай алынды деп есептелінсін.
Айлық ақылары жалақы кесулі мөлшерінің 11 тарауымен 122 сом 75 тиын, оның үстіне қосымша амортизация есебінде 7 сом, 25 тиын, барлығы 130 сомнан белгіледім.
3 тарау
1 октябрьден екінші дәреже қатарында:
Қаршаубайұлы Әміре - әнші
Байзақұлы Иса – ақын
Әшкейұлы Ләтіп – артист алынды деп есептелінсін.
Айлық ақылары жеке шартпен, 120 сомнан белгіледім.
4 тарау
1 октябрьден бастап Шана келіні Жанбике, Жандарбек келіні Зура артисткалық қызметіне алынды деп есептелінсін. Айлық ақылары жалақы кесу мөлшерінің 14 тарауымен 105 сом 40 тиын белгіледім.
5 тарау
Оспанұлы Жүсіпбек 1 октябрьден бастап сортер қызметіне алынсын. Айлық ақысы – 100 сом.
6 тарау
Үйренуші Балабекұлы Бісмілда 1 октябрьден бастап бутафоршылық қызметіне алынсын.
7 тарау
Дмитрий Иванұлы Ковалевті театрдың ән студиясының музыка сабағын беру қызметіне алынды деп есептелінсін.
Айлық ақысы жеке шартпен – 180 сом.
8 тарау
Шәкірт-үйренуші есебінде 1 октябрьден артисткалық қызметіне:
Байзақкеліні Шәрбану
Қашаубайкеліні Оразке
Қожамқұл келіні Қадиша алынды деп есептелінсін. Айлық ақылары 52 сом 70 тиын.
Сахна шебері қызметіне Константин Гуськов, киім тігуші қызметіне Петр Иванұлы Кабанов алынды деп есептелінсін.
1928 жыл, 20 июнь
Бүгіннен бастап Қазақстан Мемлекет театрының басқармасы мен театры Алматы қаласына келіп орнады деп есептелінсін. Суточный июннің 20 шейін ғана берілсін.
1928 жыл, 15 октябрь
1 тарау
15 октябрьден бастап Манарбек Ержанұлы үйренушілікке алынсын.
2 тарау
1 октябрьден бастап Қапан Бадырұлы суфлерлік қызметке алынсын.
3 тарау
Әнші Әміре Қашаубайұлы октябрьдің 7-нен 12 шейін науқас болып, жұмысқа келмеді деп есептелініп, сол келмеген күндердегі тиісті жалақысы берілмесін.
1928 жыл, 26 ноябрь
Бұйрық 1
26 ноябрьде Қызылордадан Алматыға келіп, жұмысқа кірістім.
Директор Ж.Шанин.
1928 жыл, 22 декабрь
Бұйрық 15
1 тарау
Мемлекет театрының артисі Иса Байзақлы үш жылғы театр өмірінің ішінде өзін-өзі дұрыстап алып жүрмегені туралы бірнеше мәртебе ескертілсе де, маскүнемдігін тастамай, постановка қойғанға шейін ішіп келіп, тәртіпті бұзып, театрға тағы ұят келтіргені үшін ақырғы рет есіне салынып, қатты сөгіс берілсін. Мұнан былай қызметке ішіп келгені сезілсе, қызметтен шығарылсын. (Таныстым деп Иса Байзақұлы қол қойған).
2 тарау
Театрдың барлық артистері театрдың ішкі тәртібі туралы қабырғада ілулі тұрған ережені оқып, есіне сақтауға міндетті. Мұнан былай ішкі тәртіпті оқымай, есіне сақтамай, кімге де болса, бетімен жайылуға рұқсат берілмейді.
3 тарау
Әнші Әміре Қашаубайұлы 20 декабрьдегі сауық күні ешбір дәлелсіз қызметінен бас тартқаны үшін күндік ақысы кемітіліп, бұдан былай мұндай істі істемеске есіне салынсын.
4 тарау
Артистка Зура Жандарбек келіні доктордың қағазынсыз сахнаға шықпаймын деп қызмет уақытында шырқ бұзғаны үшін, екінші мұндай әдетті қоюға есіне салынады.
1928 жыл, 31 декабрь
Артист Иса Байзақұлы туралы 1928 жыл, 29 декабрьдегі Жетісудың “Тілші” газетіндегі (№ 75) жазылған оқшау “Тәңірұлы Темір” және сол номердегі “Өз атын өзі шақырған көкек” деген мақалаларды еске алып, оның үстіне 3 жыл театрда қызметкер болып жүрген күндерінде әрдайым өзін-өзі алып жүре алмай көзге күдіктігі көп түскені туралы, театрдың күнделікті ісіне көңілсіздік туғаны үшін, театр коллективі жиылысқа салып ескертсе де, Иса жолдастың артынан бояулы сөз қалмағаны үшін декабрьдің 13-дегі бұйрықты қолданып, Байзақұлын театр қызметінен шығардым. Шыққан күні 31 декабрьден есептеліп, шығарылғанда берілетін жалпы айлық қаражаты қызмет қылған күндерін есептеп, демалыс ақысы берілсін.
1928 жыл, 29 январь
1 тарау
16 январьдан Қанабек Байсейітұлы артистік қызметке алынсын.
1929 жыл, 1 апрель
Қызметтен шығарылған Иса Байзақұлы 5 март күні Наркомпрос алқасының қаулысы бойынша қызметке қайтадан алынсын.
1929 жыл, 8 апрель
Соңғы кезде репетицияға һәм ән-күй сабағына ілгерінді-кейінді келіп жүрулер бір сезілсе, екінші жағынан жұмыс сағатынан ерте кететін деректер әрдайым сезілгендіктен, барлық театр қызметкерлерінің есіне салып, төмендегі тәртіпке шақырам:
Апрельдің 9-нан бастап ән-күй бөлімінің қызметі таңгертеңгі сағат 9-дан 11.30-ға дейін болып, 11.30-нан түскі 12-ге дейін жарты сағат демалыс беріліп, сағат 12-ден қызмет сағаты біткенше репетиция болады.
Театрдың негізгі ұйтқысына Жұмат дән ырза. Ылғи сайдың тасындай, бірінен-бірі өткен, бірін-бірі толықтырған сан-алуан өнерпаздардың жас шамасы да бір-бірінен алшақ емес. Ішіндегі ең үлкен деген Қалыбектің өзі Жұматтан бір-ақ жасы кіші “Мәтаға, тоқсан екісі не, тоқсан үші не, құрдаспыз ғой” деп қалжыңдасқысы келеді, Қарқаралы атырабындағы қордалы, ұялы өнерпаздар топырағында жаратылған. Он алтыншы жылы окоп жұмысына алынған, Белоруссияда болған екен, Омбы, Керекудің талай заводында істеп, Қажымұқан тобына ілесіп, көрмеген жері, істемеген жұмысы жоқ. Ғазиз әнші, Зәрубай ойыншы, Қара Омар, Майра сырнайшы, Иса ақын – осылармен үзеңгі қағыстырып, Қоянды жәрмеңкесінде ел-жұртты талай қызыққа батырған, өзі жанынан шығарған “Қыз ұзату, Қой күзету”, “Өгіз сату” секілді ойын-спектакльдерде жалғыз өзі біресе қыз, біресе жігіт, біресе кемпір, біресе шал, біресе бөрі, біресе құтпан болып, дауысын, жүріс-тұрысын, қас-қабағын, бет-аузын неше түрлі өзгертіп көрерменнің ішек-сілесін қатырған пері.
Бұрынғы батыр, бағылан, би дегенде Қалыбек қиналмайды, салған жердің рольдің ішіне кіріп кетеді, тіпті режиссер ойламаған жаңалық шығарады, адам мінездерін бейнелеуге беттегенде мұның алдына түсер актер жоқ, болашағы тіпті даңғыл, қандай жүк салсаң, тарта берер нарқоспақ.
Жұмат келгенше, театрға режиссерлік еткен Серке Қостанай жағында туған екен, Қалыбектен үш жас кіші, әкесі ерте өліп, нағашыларының, анасы Айкүннің тәрбиесінде өсіпті. Жақсы жездесінің жәрдемімен Троицкідегі “Уазифа” медіресесінде. Орынбордағы халық ағарту институтында оқыған труппадағы көзі ашық жігіт. Бейімбет Майлин, Әліби Жангельдиндерден үлгі алған. Партия, совет мекемелерінде істеп ысылған, өмір көрген. Бейімбеттің шағын пьесаларында “Еңлік - Кебекте” ойнаған артистік тәжірибесі мол. Сонау жиырма екінші жылғы Орынбордағы Еспембет. Әсіресе күлкілі бейнелерді жарқыратып жібереді, жүріс-тұрыс, сырт пішін, көз, бет, қол, дене, дауыс – артық-кемі жоқ, өмірдің дәл өзіндегі тұлғаны құйып қойғандай шығарады. Жауыздар кейпіне кіргенде иманыңды ұшырады, әсіресе Еспембеті қандай!
Серкеден үш жас кіші Елубай бақсы боп сарнағанда көрген адамның тұла бойы түршігеді. Сахнаға шығарсаң – батыр жігіт, қолына домбыра берсең - әнші, күйші, жүріс-тұрысқа, қимыл-қозғалысқа баққанда, сайтанның алдына түсетіндей жылпос, ым-қабақ өзгерту, бет-жүз құбылтуға жіберсең, бір өзі мың кейіпке түседі. Білімі де әжептәуір, Орынбордағы халық ағарту институтында оқыған, бұл да Бейімбет пьесаларында ойнап ауызданған. Роль таңдап жатқан жоқ, бақсы, диуана, батыр, сері, би, болыс, хан, патша, тіпті еркек, әйел деп бөлмейді, қажет жерінде қыз болып та, кемпір болып та ойнай береді. Сегіз қырлы, бір сырлы дегенің осы.
Елубайдан бес жас кіші Құрманбек қасы-көзі қиылып, тісі маржандай жарқырап, адамның ішіне кіріп, елжіреп тұрған бір перизат. Ташкентте оқыған. Тамаша баритон дауысымен ән шырқағанда, қыз-келіншектер сілекейін жұтады. Дос дегенде қоң етін кесіп беретін жомарт, өнер үшін ғана туған жан. Сырт тұлғасы, дауысы, сөзі, білімі, бекзаттығы, тапқырлығы, әзілі, күлкісі, шыншылдығы, қиялы Құрманбекті Кебек, Сырым, Шернияз бейнелерін жасау үшін арнап тудырғандай. Европа театры сахнасына шығарсаң, ешкімнен ұялмайсың. Бишілігін айт. Жұмат Құрманбекті іштей өзінің жалғасы, нақ сүйер шәкірті, ертеңгі болашағы көріп, кейбір еркелігін кешіріп, алақанына салып ұстайды. “Секірмесең саған серт, секіртпесем маған серт”, - дейді.
Әміре Жұматтан төрт-бес жас үлкен. Ағыл-тегіл, телегей-теңіз ән-құдайы, анау роль, мынау роль, бәрі де әншейін күн көріс қамы ғой, өз алдына бір театр, қайталанбас ән театры. Қойшы-қолаң, кедей-кепшік, бала-шаға роліне, театрдың сағат, минут санаған тәртібіне қайдан шыдасын, кейде шідер үзіп кетіп қалады. Қайран, Әміре, сенің алпыс екі тамырды шымырлатар әніңді ұрпағың сағынар әлі.
Ғасырмен түйдей құрдас Иса қой баққан, кен қазған, Орынбордағы халық ағарту институтында оқыған. Театрда ешкімнен кем емес-ау, бірақ жыр дария Исаға театр, ескі әндерге жаңа сөз жазу қол емес. Ақындық аруағы көтерілгенде, шарап өзеніне де күмп береді. Бетің бар, жүзің бар демей дауылдатып төгеді, өзінің анық жолын таба алмай жүрген есіл дарын.
Құрманбектің құрдасы – Балуан Қамбаровты театрға жұмысқа Жұмат өзі алған. Алматыда жұмысшы-жастар театр үйірмесін ұйымдастырып, тырбанып жүріп, “Арқалық батырды” қойған, өзі Арқалық ролінде ойнаған екен. Екі иығына екі кісі мінгендей, шашы тікірейген, қара сұр жігіттің бұл талабы оны ұлт театрына алып келді.
Балуан айтқанды екі етпейтін тілалғыш, өз ісіне тиянақты, пысық, орысша да жап-жақсы біледі екен, әр түрлі кітаптарды ізденіп оқып қана қоймай, оларды қағазға түсіріп, дәптеріне жазып алады. Репетиция кезінде айтылған ойлар, пікірлер, тұжырымдар өзгелердің құлағында қалса қалды, қалмаса қойды, ал Балуан дәптеріне түсуі анық. Келе-келе Жұматтың өзі де кейбір жәйттерді Балуан дәптерінен табатын болды. Сөйтіп, Балуан театрдың тарихшысына айналып бара жатты, ескі жарнама билет, сурет, куәлік, қағаз жинап сақтайды.
Қанша оқып-тоқығанмен, күндіз-түні тырбанғанмен Балуан пьеса тексін жаттай алмай, азапқа түседі, рольде ойнап тұрып, аяқ астынан сөз тастап кетеді, ұмытып қалып, не істерін білмей алақтайды. Құрдасы Құрманбек “Өй, өгіз! Миың су болып кеткен бе, былай емес пе”, деп сарнатып қоя береді! Бірте-бірте бұл кемшіліктен арыла бастаған Балуан енді Қалыбек, Елубай, Серке, Құрманбек рольдерін мен неге алмаймын деген өкпе айта бастаған. Рас, түрі, тұлғасы, еңбектенуі олардан кем емес, бірақ жүріс-тұрысты, сырт кейіпті келтіргенімен, тұлғаның ішкі болмысына маңайлай алмайды. Құрдасы Құрманбек “Өй, өгіз, ой түйе, дені сау адам былай ойнамас па”, - деп Балуанды мазақтап, біресе Кебек, біресе Арқалық, біресе Исатай, біресе Махамбет, біресе Еркебұлан болып шыға келеді. Спектакльден кейін, талқы кезінде жеген таяқ есесін Балуан әкімшілік, кәсіподақ жиналыстарында қайтарады, жігітшілік, серілік еркеліктерге көп салынатын Әміре, Иса, Құрманбектердің мойнына мінеді, кейінгі кезде “тап тартысы, коллективтендіру, уклон, ұлтшылдық, пролетариат мақсаты” деген сөздерді жиі айтатын болған. Әр түрлі жиналыстарға Жұмат пен қоса Балуанды шақыруды Бақтияр әдетке айналдыра бастаған. Түптің түбінде екі иығына екі кісі мінгендей, шашы тікірейген Балуан – актердің кім болып шығатынына Жұматтың көзі жетпейді. Қай қиырға тартар екен?
Жанбике Қарагөзді ойнамадым деп ақырын өкпе айтады. Зәуремен таласқысы келеді. Өз басынан ауыр махаббатын азабын кешкен, арнаулы театр мектебінен өткен Зәуре кім, Жанбике кім? Әзірге Жанбике – Еңлік тұлғасын шығарса да, аз шаруа емес-ау. Зәуре мен күйеуінің арасында бір нәрсе бар деп те күдіктенетін сыңайы жоқ емес.
Ескі бұйрық қағаздарды қарап отырып. Жұмат труппа артистері туралы әр түрлі ойға батқан. Жанбикені ойлаған.
7
Жанбике оянса, қасында Жұмат жоқ. Қашан тұрып кеткен. Қайда кеткен. Қай кезде жатса да, күйеуінің ерте оянып, тез киініп, далаға шығып кететініне таң қалады. Өйткені Жанбикенің өз басы түнімен көз ілмей жүре беруге бар, ал ерте тұру дегеніңіз құдайдың азабы.
Топ-топ еткен дыбыс естілді. Аттылы біреу қораға кірген секілді.
- Бұл кім-ей?
- Қорқып жатырмысың, мен ғой. Еңкейіп келіп сүйген Жұматтың мұрты ернін қытықтады. Қара шаш, қара мұрт, қара көз.
Ұйқышы, тұр.
Жатайыншы кішкене. Асығыс шаруа жоқ қой.
Жолға шығамыз. Мен аттарды әкеп қойдым.
Қайдағы жол? Аты несі?
Алысқа барамыз. Баянауылға барамыз.
Рас па? Жердің түбі емес пе?
Тұр енді. “Жаман күйеу қайын сақ” деп осы Қарқаралыда отыра берер деп пе едің. Тартамыз ата қоныс – Желтауға. Жасыбайдың көліне шомылдырам. Баянның тауына шығасың.
- Екі қолға бір күрек. Елден не шаруа табылар. Бол, тез, дайындал.
Жанбике орнынан тұра бастады. Қалың, ұзын шашы тобығына түседі.
- Жұмат, қарама дедім ғой. Тесіліп қарамашы. Ел-жұртқа айтпай, дәл осылай Еңлік қызша кете беремін бе? Қылмысым жоқ, ұрлығым жоқ. Некелі күйеуіммен ұрланып кетемін бе?
Күйеуінің жымиып күліп тұрғанын әйелі байқаған жоқ.
- Сондай қысылтаяң жағдай болып қалды. Кету керек. Кейін мәнісін түсіндіре жатармыз.
Жанбике енді қысыла бастады.
- Қарқаралыдан не жамандық көрдің, айтшы кәне? Басыңа бас, малыңа мал қосылды. Әскерден арып-ашып, шаршап-шалдығып келгенде ат басын тіреген жерің емес пе? Кесепат неден болды? Жұмыстан шығарып тастады ма? Ақыры кетеді екенбіз, ел-жұртпен қоштасып, ағайынға – алғыс, дұшпаныңа – қарғыс айтып, күн жарықта, адамша кетпейміз бе?
Жұмат түннен қалған суық етті турап жеп отыр. Тістері аппақ:
- Ақылың көп екен ғой сенің. Сөзіңе болайын. Әзір Баянауылға жол түспей тұр. Қалжыңдап айтам. Шын деп ойлап қалдың ба? Әй, аңқауым-ай, түйе құлындапты десе, сенерсің-ау. “Шайтан көлге” барамыз. Қызық жер деседі ғой.
Жанбике құрысы жазылып, жадырап сала берді.
- Рас екен деп қалсам. Ойыма неше түрлі күдік туды. Әлгі тентек қайным Әкіш бірдеңені бүлдіріп қойған шығар деп ойладым. Әсіресе қызмет бабында есеп-қисаптан шатасып, сенің мойныңа ақша мініп қалды ма, жауапқа тартыла ма деп шошыдым.
- Е, сен мені алды-артын ойламай, қолға түскенді жұта беретін патшаның жайын балық тақылеттес шенеунігі деп пе едің? – Жұмат орнынан тұрды. – Ал, бол, қамдан. Жүрейік.
- Өзің етке тойып алдың. Мен бір-екі шыны шәй ішпесем саған ілесе алмаймын. Анадағы Бүркіттінің сайына барғандай былқ-сылқ етіп, басым ауырып жолда қалам ғой. Сен секілді солдат болып, қатып-піскен кісі емес, біз деген сахараның бос белбеу қызы емеспіз бе.
- Жақсы. Мен аттарды ерттейін. Тамақ ал. Қара шәугімді қанжығағ байлай саламыз, - деп Жұмат сыртқа шығып кетті.
Төсек-орнын жинап болған Жанбике кенет ойға кетті. Осы бір әдетті Жұмат қайдан тауып алды? Қолы қалт етіп босаса, тау-тасқа, өзен-көлге тартады да тұрады. Жолдас-жорасын ертіп өзі кетсе бір сәрі, жанына сепситіп мені қосып алады. Құдды қосшы баламын. Қасынан бір елі қалдырмайды. Шәһардың аты шәһар. Кімнің не істеп жүргенін басқа жұрт біле бермейді. Ал егер қырда, ауылда осы жәйтті біреу сезсе, өсек гу ете түсер еді. Жұмат пен Жанбике таужанды болып кетті деп шу ете қалар еді. Қала деген жақсы екен. Кімді кім біліп жатыр. Оған да тәуба.
Ықшам киінген екі атты Қарқаралы қаласының орталық көшесін кесіп өтіп барады. Тізгінін тартып аяңдай берген Жұмат:
- Артқа із қалдырған қандай жақсы, - деді сәл күрсініп.
- Қандай із, қайдағы із? – деді Жанбике қатарласа беріп.
- Із көп қой, тегінде. Мәселен анау мешітті көрдің бе? Біреу әдейі өртеп жібермесе, қасақана құлатып тастамаса, жүз жылдай жасайды. Адамнан қалған із дегеннің бірі сол.
- Сонда мешіт салу да мұрат па? Елден жиған-терген дәулетке қожа-молда салдырған болар. Өз жанынан бірдеңе шықты деймісің. Өзің айтушы едің ғой, құдай деген жоқ, адамның арғы тегі маймылдан шыққан деп. Бүгін неге мешітшіл бола қалдың? Әлде түсіңе бірдеңе кірді ме?
Алғаш танысқаннан бастап Жұматқа ұнаған мінез – Жанбикенің еркіндігі, біреудің айтқанына сенікі жөн деп құлай кетпей, өз түйгенін өткір, батыл айтатын ашықтығы. Сол қалпын тағы байқап отыр.
- Дұрыс айтасың. Түнде түс көрдім. Есімде қалғанын айтайын. Қалың орманның ішінде жүр екенмін деймін. Олай жүрем, былай жүрем – ашық алаңға шығатын жолды таба алмаймын. Сөйтем де, бір уақытта аяқ-қолымды сермеп-сермеп жібергенде, аспанға ұшып жөнелем. Төменде ағаштар, таулар, бұлттар қалып барады. Анық көрдім – Қарқаралы шыңдарын айналып ұшып жүрмін. Бір кезде бұлттың арасынан біреу шыға келді. Ол да ұшып жүр. Тарамыс қара шал. Бір көзі соқыр ма деп қалдым. Сөйлейді. “Өй, Жұмат! Кешке дейін сырт-сырт еткізіп шот қаққанша, қолыңа балта алып, қарағай шаппаймысың? Бір ай шап, екі ай шап, бір жыл шап. Сонда қанша қарағай құлатасың, ойланшы. Жалтаң көз болып, біреудің есігінде отырғанша, үй салып алмайсың ба?”.
Жанбикенің өңі бұзылыңқырап, дауысы дірілдеп шықты:
- Бұрынғылар “Түс – түлкінің қиы” демеуші ме еді? Бүгін жолға шығатынымызға көрінген ғой.
- Өй, мен несіне қорқайын. Мешіттің ішін әнеукүні түгел аралап көрдім ғой. Қалай салынды, неше жыл салынды, кім салдырды – бәрін естіп білдім. Сонда естігендер түске кірген ғой сандалып. Мұны Құнанбай салдырғанын білемісің.
- Қарқаралыда не көп, бай көп. Қойлыбай, Сиырбай, Жылқыбай, Түйебай, Ешкібайдан басқа, байлар толып жатыр.
- Жанбике, сен олай деме. Құнанбайдың жөні бөлек. Тіршіліктегі өзге істерін айтпағанда, ең алдымен ол – Абайдың әкесі.
- Солай ма? “Айттым сәлем Қаламқас”, “Қараңғы түнде тау қалғыпты” шығарған Абайдың әкесі ме? Сен қолыңнан тастамай оқитын кітапты жазған Абайдың әкесі ме?
- Қазақтың данышпан ақыны Абайдың әкесі.
Біразға дейін үндемей, томсарып келе жатқан Жанбике өзінен өзі жымиды. Жұматқа белгілі нәрсе: шәлкес сөз айтардағы өзгеріс.
Бір мақал есіме түсті: “Түйенің өзі түйе, құмалағы түйе емес”.
Оны неге айттың?
Абайдың өз балалары не болды екен?
Көп ұлдары болған. Бәрі сайдың тасындай. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Ақын да, әнші де, шешен де шыққан. Айтушысы келіссе, олардың өмірі ұзақ хикая.
Жанбике астындағы торы атын жіті аяңдатып:
Сонда Құнанбайдың руы қожа ма? Неге мешіт салдырады?
Қожадан басқа қазақ құрып қалып па? Тобықты деген өнерлі, іргелі, намысты елді білесің ғой. Сол қордалы топырақтың жуан бәйтерегі. Кешегі, он алтыншы жылғы есеп бойынша тобықтыңыз жиырма бес мың болған. Қашқан-пысқан, жасырынған, есепке кірмей қалғандары қаншама? Қызықсың, Жанбике. Мен мешіт сал, молда бол деп келем бе? Із қалдырған, күш қосып үй салған бас қосып қала тұрғызған, кейінгі ұрпаққа мирас тастаған қандай бақыт деймін. Мыңдап жылқы айдаған, кебежелеп тай тұяқ, жамбы жинаған небір есер байлардың артында не қалды? Желдің өтінде, қасқырдың тісінде кетті ен дәулет. Ал, жөнелдік, - деп Жұмат астындағы шұбар атқа қамшыны басып-басып жіберді.
Бір шұбар, бір торы заулап келеді.
- Кәне, жігітім, қорған! – дейді Жанбике қамшымен Жұматтың арқасын сипай соғып.
- А, солай ма?
Жанбикені бірталай жерге дейін оздырып жіберіп, Жұмат аттың басын қоя берді.
Торы ұшқыр екен; әуелі оқтай заулап жөнелсе, енді екпіні бәсеңдей бастады. Шұбар барған сайын еті қызып, аяғын кең тастап шабысын үдетіп келеді.
- Кәне, бойжеткенім, енді сен де қорғанып бақ! – Жұмат сол жақ қапталдан қатарласа беріп, Жанбикені белінен қатты қапсыра құшақтап, сүйіп-сүйіп алды. Демдері араласып, жан-жүйені елжіреткен ыстық толқын соғып өтті.
- Құлаймыз – алдымыз жар! – Жанбикенің дауысы қатты шықты.
Тау-тастың жолына әбден үйренген, әккі, сақа аттар сыр білдірген жоқ, сәл тіксінгендей бір-бір дір ете қалып, киіз үйдің орнындай терең жардан ырғып-ырғып өте шықты.
- Ой, жануарлар-ай! Кішкене тоқтайықшы, - деп Жанбике тізгін тартты.
- Үйден шықпай шаршап қалдың ба? Аяңдат атыңды, аяңдат. Анау биікті Көкнайза дей ме? Солай қарай жүреміз. Осы саймен өрлеп отырсақ, оп-оңай жетеміз. Кеше бақалшыдан тәптіштеп сұрап алғанмын.
Қаладан шығып, Қарқаралы тауларының сілеміне кіре бастағаннан-ақ, жердің бедері өзгеріп сала берді. Шоқ-шоқ қайың, біреу араларын әдейі дәлдеп өлшеп, тап-тұйнақтай етіп отырғызғандай қатар түзеген түп-түзу қарағай көбейе бастады.
Үлкен сайдың өзегін жарып, бұлқына сылдырап жатқан бұлақтың тастан-тасқа секірген еркін ағысы Жұмат назарын тартады. Бостандық, азат өмір жырын шерткен табиғат-ай десеңші. Кіріптарлық, құлдық дегенді білмейді. Анау аспандағы құс, мынау жердегі құмырсқа – бәрі азат.
Неткен көп құмырсқа. Қимылсыз, әрекетсіз босқа тұрған жоқ. Өзінен үлкен үгіндіні домалатып барады. Сәл дөңестеу жерде үгінді қайта төмен түсіп кетті. Екінші бір құмырсқа өзі әкеле жатқан қиыршығын тастай беріп, көмекке келді. Тағы басқасы келді. Анау да бұрылды. Төртеуі төрт жақтан жұлқып, тартып, сүйретіп үгіндіні дөңестен асырып, илеуге алып барады. Быж-быж еткен, ерсілі-қарсылы дамылсыз қозғалған, бірдеңені тістеген, бірдеңені итерген сансыз көп құмырсқа. Әлгі төртеу үгіндіден әлі айрылған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |