Ай қанатты арғымақ



бет1/19
Дата25.12.2016
өлшемі4,1 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


Ай қанатты арғымақ

(Роман)


Не болып кетті өзі? Жиырма тоғызыншы жылдың соңғы бір-екі күні Жұматтың тұнығын лайлап, берекесін алды ғой.

Ұсталып жатыр дейді. Әр жерде ұсталған: Алматыда, Ташкентте, Москвада, басқа қалаларда. Өзін ұстап алса қайтеді? Ұстаса ұстасын. Аналардан жаны тәтті ме, дарыны артық па, ұлттық классикалық шығарма жазып па – сондай дүниелер тудырған алыптарды қамап жатса, қатардағы көгенкөзге не шара, кете барады жылап-сықтап.


2
Дәл бүгін Бақтияр не айтса да көнем, дауласпаймын, сөзін жықпаймын деп іштей өзіне-өзі серт беріп келген Жұмат қалың қою қара мұртын саусақтарымен басып қойып, үлкен көздері боталап, креслода қушиыңқырап, ұзын шашы желкесіне түсіп, төменшік күйде отыр еді. Хатшы қыз келіп:

- Бақтияр аға, Сізді үлкен кісі шақырады, - деді.

Бөлмеде жалғыз қалған Жұмат бәрібір орнынан қозғалған жоқ. Қайта келгенде сөйлей кірген Бақтияр:

- Мен саған айттым ғой, бағыттың не екенін. Қазір коллективтендіруден үлкен, одан зор міндет-мақсат жоқ. Бәрі осы тілекке жұмсалады, - деп жұдырықпен столды бөкселікті көтермейді. Әр минут қымбат. Таз таранғанша той тарқайды, сондықтан асығу керек, асығу.

Жұмат міз бақпай тағы айтатын қандай сөзің қалды деген кекесінді пішінде қарап қояды.

- Әй, Шанин жолдас, - деді Бақтияр. – Сонымен “Қызыл қырманды” сахнаға қашан шығарасың?



  • Білмеймін, Дәулетов жолдас.

  • Сен білмегенде кім біледі. Бес жыл өтті, енді театрдың репертуарын өзгертетін уақыт жеткен шығар.

- Сен білмегенде кім біледі? Әр сөзін қырмызыдай сызылтып, жібектей талдап, би болудан Қалыбегің, ескі ауылдың теріс азу қыңыры болудан Серкең, сал-серіліктен Құрманбегің жалықпады ма? Бақсы-дуанадан, батыр-палуаннан Елубай тойған жоқ па?

Жұмат шыдай алмай бара жатқанын сезді:

- Өздерінен сұрасаңшы.

- Сонда, бізде басқа жұмыс қалмай, артистерді тергеп отырамыз ба? Сені несіне режиссер қойдық. Не үшін халық артисі атағын бердік? Не үшін? “Қызыл қырманды” екі айдың ішінде сахнаға шығарасың ба? жоқ па?

- Ал шығарайын. Сонда не болады?


  • Тапсырма осындай.

Жұмат креслодан тұрып, терезеге қарай барды.

- Текстін оқып шықтық. Көк жасық бірдеңе. Бас-аяғы бірікпеген шикі нәрсе. Мінез, бейне, адам жоқ. Артистерге қалай зорлық жасаймын? “Мынаның сөзін жаттағанша, кебек шайнағаным артық”, - деп Қалыбек жұртты күлдірді. Әлі де ойланайық. Мүмкін Мұхтардың жаңа пьесасын қоярмыз.

Бақтияр жалт қарады.


  • Ескі заман шығар?

  • Жоқ, Мұхтар совет өмірінен күрделі драма жазып жатыр.

  • Ол қашан бітеді?

  • Күзге қарай бітірер.

  • Жоқ. Оны күте алмаймыз. Қоясың “Қызыл қырманды”.

Әуелі медреседе оқыған, семинария бітірген, кейін Москвада жоғары білім алған Бақтияр Дәулетов отызыншы жылдардағы қазақтан шыққан санаулы интеллигенттің бірі болатын. Жұмат екеуі бір елдің адамдары екенін сырттай естігенмен, балалық шақтарын бірге өткізгенін көп жұрт біле бермейді. Бұрын Ташкент жағында істеген, көп нәрсені білетін, орыс тіліне жүйрік, шығыс тарихының маманы, бірбеткей, өткір тілді Бақтияр Алматыға келгелі көзге оңай түсіп, қызмет бабында тез көтерілді. Қазір мәдениет, өнер, әдебиетке басшылық ететін республикалық үлкен мекеменің бір бөлімін меңгереді. Ұзақ жылдардан соң, шұрқырасып табысқан Жұмат екеуі әуелі бірін-бірі күнде көрмесе тұра алмай, шайды бөліп ішіп, бала-шаға, ыдыс-аяқтарына дейін араласып кеткен. Артынан суына бастады. Әсіресе дүниені сезіммен, жүрекпен қабылдайтын Жұматты Бақтияр мінезіндегі кіділік, тарпаңдық, қаталдық шошытайын деген. Сөйтіп, ағайындық қарым-қатынас азайып, рәсіми, салқын, қызмет бабындағы қалыпты арна пайда болып еді.

Әдебиетті көп оқыған, театр тарихына қанық Бақтияр өзін өнердің мықты білгірі санайды, - мұның үстіне қызмет бабындағы мансабының буы қосылып, соңғы кездерде Жұматтың ішкі шаруаларына қол сұға бастаған. Сол мінезді бүгін тағы көрсетті.

Бақтиярдың ауылдағы үй-ішіне қарасты жаманат хабар естіп келіп отырған Жұмат “Қызыл қырманға” байланысты сөзді көп созбады.

Біраз тұнжырап, үнсіз отырған соң:

- Айтпасқа шамам жоқ. Бойыңды бекіт, Бақтияр. “Көңіл көрген жерде” деген. Көкең мен ағаңның артын берсін. Топырағы торқа болсын. Жазмыштан озбақ жоқ, - деп Жұмат күрсінді.

Қанша қиын түскенмен, көңіл айтпаудың жөнін келтіре алмады. Бақтиярдың үлкен әкесі сексендегі Дәулет қажы, өз әкесі алпыстағы Несіпбай колхозға бірігуден бас тартып, шоқпар көтеріп, мылтық атып шыққан топқа қосылып, шекарадан өтіп кетпек болып қашып бара жатқанда, шайқас үстінде өлгендерін елден келген сенімді кісілерден естіген. Ескі дәстүрде бұдан артық қаза, бұдан ауыр қайғы жоқ. Ал енді бүгінгі көзбен қарап көр, салт-сана, идеология жөніндегі белгілі қызметкер әкелерінің тағдыры мынадай. Ел бетіне қалай қарайды.

Бақтияр әуелі түк естімегендей мелшиіп, қанын ішіне тартып, безеріп алды. Өзіне-өзі келген соң:


  • Немене, сен де табаламақсың ба? – деді.

  • Өй, о не дегенің? Мені кім деп тұрсың? – Жұмат қапелімде жауап таба алмай, тосылып ойланып қалды.

Екі көзі шатынап кетердей көрінген Бақтияр:

- Иман? Қайдағы иман оларға. Топырақ? Бұйырған жоқ топырақ оларға. Әкесі үшін баласы күймейді. Ұқтың ба?! Россиядан эмиграцияға қанша интеллигент кетіп қалғанын сен білесің бе өзің? Әкесі кетіп, баласы қалды. Баласы кетіп, әкесі қалды. Соның біреуіне тиісіп отырған ешкім жоқ. Бірін-бірі түрткілеп, шұқылап көрсетіп шыға келетін біздің әдет. Сен де көңіл айту үшін емес, мені қорқытқалы келгенсің ғой. Ол бопсаңнан ештеңе шықпас, - деп қалшылдап қоя берді.

- Өй, Бақтияр-ау, қайда лағып барасың? Ғұмыры осылай аяқталғанмен, көкең мен ағаң заманында ортанқолдай-ақ адамдар еді. Кезең сырын түсінбеді-ау бейшаралар. – Жұмат тағы күрсінді.

- Ылғи ұранға құрылған “Қызыл қырман” емес, осылардың тағдырын шығарса сахнаға.

- Мүмкін мені де жазарсың! Қажының немересі, бір кездегі медіресе шәкірті. Партия қатарындағы он жыл мүлтіксіз қызмет еткенімді жасыра алмассың, бірақ!?

Жұмат шыдамады:

- Саған не болған? Өзіңе-өзің кел. Содан кейін сөйлесейік.

Хатшы қыз көрінді:

- Бақтияр аға, мен сұрап білдім. Ат шабыс ертең екен. Қаскелеңнің жазығында өтеді, - деді.

Бақтияр орнынан тұрды, екі көзінің құйрығы қызарып кетіпті, аяғындағы қара етігі жалт-жұлт етеді:

- Ертеңгі ат шабысқа барасың ба? – деді дауысы дірілдеп.

- Мен, сірә, бара алмаспын.

Көшеге шыққанда Жұматтың көз алдынан қара етік, құлағынан “ат шабыс ертең” деген сөз кетпей қойды.
3
- Ал, кеттік!

Ауылдан шыға бере екі бала құнандарының басын қоя беріп, тақымдарын қысып-қысып қалды. Бақтиярдың іздеп тапқаны қандай жақсы болды деп ойлады Жұмат. Басқасын айтпағанда, соңғы кезде қол арба сүйреуден зықысы шығып, шаршап, зерігіп, іштей мүжіліп жүр еді. Тастыға көшіп келісімен мойнына қамыт түсті. Қолдарындағы тәттілерін бала көрсе бере салатын қауғасақал орыстар, жан-жақтан жиналған жеті атаңа дейін тергеп сұрайтын жатақ қазақтар бәрінде де бала бар. Ауылдағыдан өзгешелігі кен орнының кішкентайлары әжетке жараса болды, жұмысқа жегіледі екен. Еркек, әйел, бала демей, түгел тырбанып жүргені. Жалғыз аяқты қол арбамен көн тасуға кірген күннің ертеңіне Жұмат орнынан әрең сүйретіліп тұрды. Екі қолы, белі көтертпей қалыпты. Бір жұмаға дейін өзге балалардың артында қалып, мазаққа ұшырап жүрді. Тас шамадан көп салынса керек, әрең қозғап келе жатқан қол арбасына ие бола алмай қалды. Жұмысты басқарушы Борсықбай деген қазақ жігіті қасына жетіп келіп: “Иттің күшігі, көзіңе қарамайсың ба? Ақшаны әке-шешең санап алғанда сондай шебер. Ал қол арба сынса кім төлейді? Сен төлейсің. Көзіңе қара, шошқа!” – деп желкесінен бір түйіп жіберген. Жұмат ернін тістеп, көзіне келіп қалған жасқа әрең ие болды. Қорланып, намыстанды. Кейін пісіп-қатып алды ғой. Қол арбаны ұршықша үйіреді. Жайнап тұрған жаз айында таңертеңнен кешке дейін шиқ-шиқ еткізіп арба сүйреу әбден мезі қылған еді.

Сол азаптан дәл бүгін құтылам деп ойлаған жоқ.

Ауылға келіп, бірер күн мауқын басқан соң, Бақтияр кішкентай кездерінен құлын-тайдай тебісіп, қатар өскен достарын іздей бастаған. Әсіресе сағынғаны – Жұмат. Алдынан арсалаңдап шыға келер деп ойлаған. Олардың басқа жаққа көшіп кеткенін енді ғана естіді.

- Адам деген тұрмыстың құлы емес пе. Несібең қайда шашылса, тауық секілденіп, қуа жөнелесің. Ырзығын біреу ойдан, біреу қырдан тауып жейді. Шана тұқымының ішіп-жемі қазір тас қазудан табылып тұр ғой, қарағым, - деген әжесі.

- Тас қазғаны несі?

Шынашақтай сары кемпір самардай қақсап отыр:

- Мен соны барып көріп келді деймісің, құлыным-ау! Қазір қауға сақал орыстар тау-тасты кезетін әдет шығарып алды ғой. Сайтаным біле ме, не іздейтіндерін? Сірә, көкейлерін тесіп жүрген алтын шығар. Көп ақша береді деп кәсіп іздеген еркек атаулы соларға ілесіп кетіп жатыр. Сен сағынып, қайта-қайта сұрау салып отырған Жұматтың үйі де Тастыға көшіп кеткен.

Сөздің аяғын жүре тыңдаған Бақтияр:

- Ой, апа-ай, тақ еткізіп айта салатын нәрсені сағызша созып жібердіңіз. Тасты деген таяқ тастам, тиіп тұрған жер емес пе, өзім-ақ тауып алам, - деп далаға шыққан бойда әкесін іздеді.

Дәулет қажы немересінің алды Бақтиярды өз бауырына салып алған, бірі – “көке”, екіншісі – “балам” деп сөйлейді.

- Балам, неге ерте ояндың, жата бермей, - деді қажы.

- Көке, көк құнаным қайда? – деді Бақтияр жауап орнына сұрақ беріп. Қажы мырс етіп күлді:

- Тағы қандай малдарың бар еді?

- Бәйге торым, Ақбақай жорғам...

- Алды-арты жоқ, даңғой, әңгүдік Несіпбайға қарағанда малсақ екенсің ғой сен. Оқыған қағазынан басқаны білмей ме десем.

Әкесі Несіпбай екенін Бақтиярға үш-төрт жасында-ақ, ойнап жүріп балалар ұқтырған, құлаққа әбден құйған. Көкесі мен апасы әдейі Несіпбайды жамандап, жауықтырып, өшіктіріп отыратынына үйренген. Сондықтан көкесінің сөзін тірілткендей болып:

- Әліпті таяқ деп білмейтін қас надандарды молда балаңызбен салыстырғаныңыз қалай? – дегенде көкесі:

- Ақылыңнан айналайын, жаным, - деп кеңк-кеңк күлді.

Қасына ешкімді ертпей, жалғыз өзі Тастыға барам дегеніне қажы әрі қуанды, әрі ренжіді. Кедейліктен сіңірі шығып, күн көріс үшін жер қазып, тас қашап жүрген Шана тұқымымен немересінің жақын жүргенін ұнатқан жоқ; бір көш жерге өз бетімен қорықпай, қаймықпай аттанам дегеніне қуанып, “Түбі сенен өжет жігіт шығар-ау”, - деп үміт етті. Баласы үйге кіріп кеткенде жылқышының бірін шақырып алып:

- Бақтиярдың көк құнанын дұрыстап ертте. Шешесіне айт, қоржынына жолазық салып берсін. Өзің көзіне көрінбей оқ бойы жерде артынан бағыт отыр. Тастыға жеткен соң қайтып ораларсың, - деді.

Бақтияр салып ұрып Тастыға оп-оңай жетіп барды. Бір-біріне ұйлыға орналасқан аласа, итиген үйлерден көз сүрінеді екен. Әр жерде шошайтып үйіп тастаған қызыл бояуы айқын тас-топырақ дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Бірінші кездескен мосқал қазақтан жөн сұрап алған. Іздегенін оп-оңай тапты. Есік алдындағы қазан ошақта қоңырсытып ас қамдап жатқан Жұматтың шешесі Қалия:

- Ойбай-ау, құлыным-ау, Бақтиярмысың?! Көктен түстің бе, жерден шықтың ба? – деп анадай жерден құшағын жая жүгірді. – Бойың серейіп, үлкен азамат болып кетіпсің. Сені Семейде оқуда деп еді ғой. Демалысқа келдің бе? Ауылды сағынған шығарсың? Қайда бара жатырсың? Біздің бұл қуыста отырғанымызды қалай білдің?

- Апа, әдейі іздеп келдім. Жұматты сағындым, - деп Бақтияр келте қайырғанмен, Қалия тағы айналып-толғанып жөнелді:

- Өркенің өссін, шырағым. Тәтті, бала күндердің елесін әлі ұмытпай жүр екенсің ғой. Сен молда болайын деп оқып жатырсың. Біздің ұл табаны тесіліп, қара жұмыста жүр. Солай кәсіп қылмасақ, күн көре алатын түрымыз жоқ. Ойбай, мен беталды сөйлеп кетіппін ғой. Кәне, жүр үйге. Қымыз болмаса да, айран-шалап табылады.

Бақтияр сөздің аяғын қабақ шытып тыңдады:

- Кімнен көресіздер оны? Ел ішінде отырған қазақтар аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Тас қазғанды кәсіп қылып, бастарыңызға не көрінді?

- Айналайын, ақылыңнан, - деді Қалия. – Бәріміз де осыны айттық қой. Әлгі біздің үйдегінің мінезі белгілі емес пе, бір қисайған жағынан тұрмайды.

Бақтияр сөзді бөліп:

- Жұмыс орындары қайда? – деді. – Мен өзім тауып алайын.

Айналасы бұйрат-бұйрат болып кететін осы атыраптың шошайып тұрған үлкен биігін “Тасты” дейді. Өзге жерден өзгешелігі тастарының бояуы, түсі әр түрлі. Кең шатқа қарай көк құнанын аяңдатын келе жатқан Бақтиярдың арқасына кенет лақтырылған тас тиді. Артқа жалт қарады, ешкім көрінбейді. Тағы тас лақтырылды. Көк құнан ытып-ытып кетті.

- Ә, солай ма екен? – қалқа тастың арасынан сып етіп бір бала шыға келді. Жұмат қой мынау?!

- Сен қайдан жүрсің?

- Әдейі іздеп келдім.

- Алыстан таныдым. Өзіңді бір қорқытайын деп лақтырып едім.

- Ә, Қарақайыс, баяғыны әлі қоймаған екенсің ғой, мен саған көрсетейін, - деп Бақтияр құнанынан түсе салып ұмтылды.

- Келсең кел, Сармысық, - деп Жұмат та дүрсе қоя берді.

“Аман-саулықтан бұрын екеуінің күш сынасқаны қызық болды ғой. Ендеше ұрит-соқ, ұрит-соқ. Бірің өл де, бірің қал. Қай жеңгенің менікі. Мыналар жұлқысып біткенше шөп тістей тұрайын” дегендей болған көк құнан үлкен көздерін төңкере қара қояды. Екеуі бірін-бірі жұлқып, тартып, икемдеп ұстауға әлі мүмкіндік бермей жүр. Әзірге күрескеннен гөрі сөзбен жасқау жағы басым:

- Сармысық, оқуға барды ма десем, кешке дейін ет жеп, қорылдап ұйқтап, былшиып семіріп алыпсың ғой. Зілдей ауырын қарашы.

- Қарақайыс, тас қазып, топырақ тасып, қолдарың көсеу болып кетіпті ғой. Бір қырым етің жоқ, тері-тарамысың ғана қалыпты. Қу шандыр, қу сүйек!

- Шаптан тіреме, Сармысық! Қимылда, Қарақайыс!

Қанша жанталасқанмен, бірін-бірі ала алмай, әбден шаршап, терге малшынып, ақыры екі иықтарынан ентіге дем алып, бір-біріне қарап ыржиып күліп тұр.

- Өй, Сармысық!

- Өй, Қарақайыс!

Көк құнан өзімен өзі сөйлесіп кеткен: “Екі батыр жұлқыса берсін, онда қандай шарам бар менің, тұяқтарым құйған қорғасындай, сауырым төңкерілген астаудай болса, жүйрік шығар едім-ау. Айым оңымнан туса, жұлдызым солымнан туса, бәйгіден келсем заулап”.

Тайталасты тастап, Бақтияр мен Жұмат мойындарынан құшақтасып алыпты, мәз болып, даурығып келеді.

- Тас қазатын үңгірлердің, аты немене еді, шахта дедің бе? Терең бе, іші жарық па?

Жұмат танауы делдиіп, көзі жұмылып күледі.

- Басыңа сөз қонбай ма сенің? Молданың оқуын қалай оқып жүрсің? Неше рет қайталаймын, саппас. Шахта дедім ғой, шахта. Әрине терең. Баяғы өзіміздің қыстаудың жанындағы шыңырау құдықты білесің ғой. Салмақтарың жеңіл деп, жіп байлап түсіріп, көзін тазалатушы еді ғой. Сол секілді төрт-бес шыңырауды елестетіп көр. Түбіне жеткен соң бүйірлей қазған қуыстар кетеді, - деп Жұмат самбырлап келеді.

- Әй, Қарақайыс, сонда үңгірлеп қазғанда төбеден жер опырылып түсіп кетпей ме?

- Әр жерге тіреу салады, тіреу секілді діңгектер қалдырады. Бірақ тас құлап адамдар жер астында қалатын кездер де болады екен. Құдай одан сақтасын деген тілеумен жүреді жұмысшылар.

- Сенің өзің шахтаға түсіп көрдің бе?

- Әй, не деп келесің? Біз секілді балаларды жұмысқа ала береді.

- Қойсаңшы, мақтанбай. Қарақайыс-Мәт аға-ау!

- Сенбесең көрсетейін.

Ауыл балаларының бір-біріне жамайтын аты кейде өмір бақи кісінің азан айтып қойған есімімен қатар жарысып өмір сүретіні бар. Тілі кемдеу, кішкентай бауырлары “Мәт аға” деген Жұмат тіпті азамат болғанда да Мәт аға атанды.

Төбені асып түскен соң, қараң-құраң көп адам көрінді. Тау-тау үйілген қиыршық тасты нұсқаған Жұмат:

- Мына үйіліп жатқан алтын, - деді.

- Қойсаңшы, мені алдай бермей.

- Рас айтам. Осы жатқанның ішінде алтыны жоқ бөлігін порода, ал ішінде алтыны бар бөлігін руда дейді.

Расында өздері қатарлас, балалар дөңгелекті қол арбамен жер астынан үлкендер қазып шығарған топырақты тасып жүр екен.

- Кәні, мен байқап көрейінші, - деп Бақтияр тас салған қол арбаны қолынан қозғай бастады, - ойбай-ау, мына пәлең зіл батпан ауыр ғой. Күніне неше рет тасисыңдар?

Жұмат бәрін білетін үлкен кісінің кейпіне түсті.

- Неше рет дейсің бе? Неғұрлым көп тасысаң, солғұрлым табысың мол. Әне, келе жатыр Борсықбай деген ағаң. Жұмысшылардың барлық еңбегін қағазға түсіретін сол, одан кейінгі мықты Зотов деген, бәрінің қожасы Штейгер деген орақ тұмсық. Асылбек деген қазақ жігіті жұмысшылардың басшысы. Екі ұдай болып тартысып, айқайласып жатады. Бір жағы жұмысты көп істетіп, ақыны аз бермек, екінші жағы адал ақы, маңдай терін даулайды. Анда-санда, әбден ерегескен тұстарда кеншілер тырп етпей жатып алады, - деді Жұмат. – Мен Борсықбай есепшіден сұранып келейін. Алыстан сағынып, іздеп келгеніңде тас лақтырып қарсы алдым. Енді кінәмді жуып, ат-шапан айбымызды тартайық.

Қалия шешелерінің турамшы көжесін ішіп, терлеп-тепшіген Бақтияр ыдыс-ақ жинала бастаған кезде:

- Менің бір бұйымтайым бар еді, - деді.

- Е, айт, шырағым, неге тартынасың. Осы өзің көріп отырған жеркепенің ішіндегі таңдаған, қалағаныңды ал. Қолыңды қақпаймын. Құлынымды әдейі іздеп келген осы сапарыңды өле-өлгенше ұмытармын ба? Бала сен түгіл бірге туған, аталастарының өзі жер қазып, тас шұқып кеттіңдер деп, ат құйрығын кескен жоқ па. Ескі жұртта қаңғырып қалған ақсақ қой да бір, біз де бір болдық. Аяқтарыңды апыл-тапыл басқаннан күні кешеге дейін қатар ойнап жүріп едіңдер. Дәм жазып, алла қосса, өмірбақи дос құшақтарың айрыла көрмесін. Жұматымнан сені кем көрмейін, Бақтияр, - деп Қалия жыламсырағандай болды.

- Пәлі, тәтем қызық, - деді Жұмат. – Қит етсе көз жасы дайын тұрады. Не сұрасаң да берем деп айттың ғой, ана төркіннен келген бетіне күміс жапқан сандығын қалашы, қайтер екен?

- Мені өйтіп ерегістермеңдер. Бермесем біреудің жылтырағанын өзіне жамағысы келіп тұратын ауыл арасының сұғанақ, көрсе-қызар қатындарына бермейтін шығармын, ал Бақтияр ұлым шындап сұраса, осы үйдегі сілкі алар тәуірді, көз тартатын жақсыны қазір тиеп жіберем. Тіпті мына үстінен бір отар қой айдап өтсең былқ етпейтін жаман әкелерің Тұрғынбайды да салып жіберем, - деді Қалия. Маңдайынан сорғалаған терді анда-санда сұқ саусағымен сыпырып тастап, шәйді ұзақ ішіп отырған Тұрғынбайдың салқын жүзі осы тұста бір жібіді:

- Ақырын, бәйбіше, - деді. – Сен қыза-қыза шабысыңды үдетіп барасың ғой. Бақтияр балаңның қанжығасына Тастының тауын бөктеріп беріп жүрме.

Сөздің аяғы қалжыңға айналып бара жатқанын аңғарған Бақтияр:

- Менің расында бұйымтайым бар еді. Сіздер будыратып-судыратып бермейсіздер-ау, ақыры, - дегенде Қалия мен Тұрғынбайдың сөзі бірге шықты:

- Ойбай, балам. Ал, ал!

- Алсам, Жұматты қолқалай келдім. Қояндының жәрмеңкесіне барамыз.

- Зекет кетейін, сенен Бақтияржан. Бірге сейіл құрмақ болған ғой. Барыңдар.

- Жұмысты қайтер екен? – дей берген Тұрғынбай сөзін Қалия бұзды:

- Осыған мал тапсын, бізді асырасын деген адам жоқ. Қоярда-қоймай Жұматтың өзі емес пе, бұл қамытты киген. Бала болмаса қу топырақ тасылмай қалар деймісің? Айт ана Борсықбайға, ол былжыраса үлкен бастықтарына барайын. Баламның жанын сатып алған жоқ қой.

- Жә, - деді Тұрғынбай. – Биылғы жәрмеңке енді ашылған шығар. Үй-іштеріңнен о жаққа кімдер барады? Ә, үлкендер сендерге бас-көз болар. Дегенмен, Ұрым мен Қырымнан, Хиуа мен Қытайдан, дүниенің төрт бұрышынан неше түрлі жандар ағылып келер. Байқаңдар. Қазір жүресіңдер ме? Сен Жұмат Жирен құнанды мінесің ғой. Ал, жеңіл барып, ауыр қайтыңдар. Олжалы келіңдер. Мен жұмысқа барайын, - деп Тұрғынбай орнынан тұра бастады.

Осы кезде күйеуіне шаншыла қараған Қалияның шаңқ ете түскен дауысы шықты:

- Әй, Үндемес. Тоқты сойып, тоқтымқағар жасамасаң да, балаларды жолға шығарып салмайсың ба? Бәрібір құдай жаратқан тау-тасты сендер қанша обынғанмен, қазып бітіре алмайсыңдар бұл жалғанда.

Әйелінің ащы дауысын шыбын шаққан ғұрлы көрмеген Тұрғынбай балалардың бетіне күлімсірей қарап:

- Мына шешелерің мені сөге бастады ғой. Кәне, өздерің айтыңдаршы, не істейін? Жирен құнан есік алдында үйездеп тұрған. Соны әкелейін бе? Әлде өздерің әкелемісіңдер? Ертоқым әне. Сыртқа шығарып берейін бе. Өздерің шығарамысыңдар. Ерттеуді білесіңдер. Қолтықтап атқа қондыратын жас әлі алыс. Беттеріңнен сүйетін бала емес, он бір-он екідегі бозбаласыңдар. Сонда деймін, Қалия-ау, маған тікірейетін не ретің бар, кәне айтшы? – деді.

Енді бәсеңдеген, түсі жылыған Қалия тез өзгерді:

- Қайдан білейін, ылғи осы ғой мінезің. Жұмат бір үлкен жігіт болып кеткендей, тізгінді өзіне беріп қоя береді. Әке болып, жөн-жосық үйретіп, олай қыл, былай қыл деуші еді. Жоқ, бұл бар шаруаны Жұматқа істетеді. Онда да тілмен айтып, сөзбен қайыру жоқ, ылғи екеуі мылқау кісі секілді қас, қабақ, ыммен түсінісіп отырады. Менікі қате болса, Бақтияр шырағым, сен айтшы төрелігін.

Жолға шығуға асыға бастаған Бақтияр Жұматтың біресе әкесіне, біресе шешесіне ынта қойып қарағанына, екеуінің сөздерін жаттап отырған адам секілді көрінгеніне таңырқады.

Зілсіз қалжың аяқталып, Жұмат жолға тез дайындала бастады:

- Қояндыға әркім бірдеңе өткізу үшін, не сатып алу үшін барады ғой. Бізде үйір-үйір жылқы, қора-қора қой жоқ екенін білесің. Екі қоржынымды қымбат асылға толтырып барсам ба екен.

- Қандай асыл? – деді Бақтияр.

- Бағана көрсеттім ғой. Біз үшін қызыл тас, көк тас, жасыл тас болғанмен, орыстар үшін қымбат руда. Зауытқа жіберіп, елеп, екшеп, қорытып, алтын айырып шығарады. Ешкікөз, тайтұяқ, жамбы, ат басы деген сом-сом алтын құймалар анау Тастының сайында үйіліп жатқан, арба-арба болып Керекуге жөнелтілетін тастан шығады. Не де болса, Қоянды базарына ала кетейін, - деді Жұмат.

Жол азық қамдап біткен Қалия:

- Қарағым, Бақтияр, мына Жұматты әуелі құдай, екінші өзіңе тапсырдым. Сен болған соң ғана, шыдап жіберіп отырмын. Әйтпесе жәрмеңке біздің не теңіміз, әйтеуір шаһар көрген, медреседе оқып жатқан көзі ашық боласың. Саған тапсырдым енді, Жұматқа екі ауыз сөздің басын қосатын, әу деп ән салатын адамның бәрі таң, соларды көрсе өзге дүниені ұмытады. Ал, құлындарым, жолдарың болсын, - деп шығарып салды.

Төбе басына зырлап шыға келген екі бала артқа қараса, есік алдында қол бұлғап Қалия шешелері әлі тұр екен.

- Ал, кеттік!

Көк құнан, жирен құнан қос садақтан қатар атылған қос жебедей заулай жөнелді. Маңдай алдынан екпінді жел тұрды. Бақтияр қамшы салуы мұң екен, көк атылып алға шықты. Жұмат тақымын қысқаны болмаса, жиренді қинаған жоқ. Еркімен көсіліп шапсын деп ойлады.

Екі қапталда көгала дала дөңгеленіп, көкжиектегі бұйрат-бұйрат төбелер қалқып тұрғандай көрінеді. Шапқан сайын құнандардың тынысы кеңіп, бауыры жазылып, тұяқ дүрсілі бір ырғаққа түсті.

Бақтиярдың көгі жарты шақырымдай озып кетті. Көк пен жирен – бір жылғы төл. Жеген шөбі, ішкен суы бір. Неге екі түрлі шабады? Әр биенің құлыны түгіл, бір биенің құлынының өзі ала-құла. Онысы несі екен?

Жоқ, бағанадай емес, жирен ширады. Жануар Жұматтың ойын сезгендей, көкпен қатарласа бергенде, тың күш біткендей болып тегеурінмен алға ытқыды. Шыққан бетте бошалаң қозғалған жиреннің егеске түсіп, еті қызған кезде заулай зымырауы Жұматты қуантты. Ауыл арасындағы балалармен жарысқанда бір-екі белден асқан соң бәрібір қалдым ғой деп, тізгін тартатын.

Мынадай бауыры жазылып, шаба келе тынысы кеңитінін кім білген. Жирен сырын әбден ұққысы келді ме, оза бастағанның желігі ме, қамшыны басып-басып жібергенін Жұмат өзі де аңғармай қалды.

Енесі жүйрік, қайтсе бәйге желаяқ болар деген дәмемен жүрген көк құнанның алғашқы екпіні, ұшқырлығы құр дыз етпе бір нәрсе ме деп Бақтияр қауіп ойлай бастайды. Қыстай қаладан шықпай, бұйығыланып, үй-күшік боп кеткен халінен атқа мінгенде құтылдым деп ойлаған. Бір сенгені, қызығын көргісі келгені – осы өзіне арнап ен салынған, құлын күнінен мінген көкесі атын қойған “Көкторғай” еді. Мұның сиқы мынадай. Рас, талмай шауып келе жатыр. Бірақ алғашқыда артта қалған Жұматтың жирені бірте-бірте үдей түсіп, әуелі қатарласты, одан кейін озды, енді мүлде қарасын көрсетпеуге айналып барады. Сонда мың жылқының ішінен бір жүйрік тумай, бұт артар үш-төртеудің ортасынан сәйгүлік шыққаны ма? Әділет қайда? Көз ұшында кетіп бара жатқан жиренді жел көтеріп бара ма, немене? Өзіне қойылған ат бар ма екен? “Желжирен” қойса қайтер еді?

Осы уақытқа дейін жиреннің сырын білмей келгеніне Жұмат іштей өкіне бастады. “Тобан аяқ, сал бөксе, мимыртсың”, - деп талай ыза болған. Озып келген балалар қуанып, жер-көкке сыймай, бейнебір Тайбурыл мініп жүрген Қобыланды батыр болып кеткендей мақтанады. Екі-үш рет артта қалған соң, бетінен басып, жарыс десе, Жұмат кейін қарай шегіне беретін. Сөйтсе жиреннің обалына өзі қалыпты ғой. Сай мен сайдың, төбе мен төбенің арасы емес, кең жазық екен ғой жануардың аңсап жүргені, тізгінді тартпай, ұзаққа, алыс жолға қоя беру керек екенін қалай білмей келген.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу